Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының ұлттық ойындары ІІ

2860
#Түрік әлемі: қазақ халқының ұлттық ойындары ІІ - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған. Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.
«Жұлдыз санау» ойыны ашық түндерде ойналады. Ойын басқарушы сыртқа шығып: «Кім жұлдыз санайды?» - дейді. Одан соң «ол кандай ойын екен» деп таңырқағандарды үйден алып шығып, басына шапанды жауып шапанның қолтығына бетін туралап, жеңді көтеріп ұшын ашып: «Жұлдызды көрдің бе? Көрсең, сана», - деп аспанға каратып қояды. Осы кезде жұлдыз көрсетуші қасында дайындалып тұрған серігіне қарап: «Араны-ай, көтерші кара шараны-ай», - дегенде, жең аузынан жұлдыз санаушының басына бір шара суды құйып жібереді. Бұл ойын жұлдыз санаудың осындай ойын екендігін білмейтін аңқауларды қызықтау үшін ойналады. 


«Тыққан бидайді иіскеп табу» - қазақтың күлдіргі ұлттық ойыны. Бидайды иіскеп табу ойынын кешкілікте үйде ойнайды. Ойын басқарушы бір тал бидайды үйде отырғандардың біреуіне береді де, бір-екеуін ертіп үйден шығып кетеді. Үйдегілер берілген бидайды қайсысы тықса да, ерікті болғандықтан біреуі тығып: «Бидайды тығып болдық», - деп дауыстайды. Осы кезде сырттағылар он саусақтарын күйеге, сияға малып келіп, отырғандарды шетінен иіскелеп, әрі сипалап іздей бастайды. Сөйтіп, бидай тығушылардың бірі – кара каска, бірі - қызыл қасқа болып шығады да, көрермендер ду күледі. Мұндағы ескеретін жайт, ойнаушылар шамданбауы кажет, қолдағы күйе мен сияны киімге жакпаулары шарт. 

«Кел, пышақ» - кешкіліктерде жиналып, үйде ойналатын ойын. «Кел, пышақты» ойнау үшін ойынға қатысушылар түгел есікке қарап отырады да, бір пышақ босағаға мықты шаншылады. Пышақты екі адам шақырады. Ойын басқарушы пышақ шақырушылардың біріне таза орамал, шыт, қолғап (ескі) берсе, енді біреуіне күйеленген орамал, шыт, қолғап береді де: «Ал пышақты шақырыңдар», - деп бұйырады. Екеуі бірдей: «Кер пышақ, кер пышақ, шақырғанда кел, пышақ», - деп орамал немесе қолғаппен беттерін сипап шақыра бастайды. Нәтижеде шақырушылардың бірінің беті - таза, бірінің бет-ауызы күйелеш болып шығады да, тамашашылар күлкіге қарық болады. 

«Бақанға жіпсіз байлау»
Бұл ойын да қазақ арасында жиі ойналған ойын түрі болса керек. Ол - жаз күндері қора шетіне, көгалға құрбы-құрдас, замандас жігіттер бірін-бірі байлап кететін күлдіргі ойын.
Бақанды (өре бақан) бір адам тік ұстап тұрады да, бір адам сол бақанды екі аяғының ортасына келтіріп мініп тұрып, екі аяғын айқастырып, сыртынан келген аяқтың желкесін бақаннан орап өткізіп, малдасын құрып отыра кетеді. Екі қолы бос болғанымен қаншалықты тұрып кетемін деп карманса да, босанып кете алмайды. Оның байланғаны - осы. Егер бақанды ептеп суырып алмаса немесе біреу көмек көрсетпесе, малдасын құрып отырған адам жіпсіз байланып отыра береді.
«Қыз-ойнақ» - қазақтың ұлттық ойын-сауығы. Бұл думанды бойжеткен қыздар ата-анасы мен ауыл ақсақалдарынан рұқсат алып өткізеді. «Қыз-ойнақ» көбіне ши тарту, жүн сабау, киіз басу асарында «абыройлы жеңгенің отауында», «беделді қыздың өз үйінде» жасалады. 

«Қыз-ойнақта» ұлттық ойындардың көптеген түрлерімен бірге кемпір мен шал, бүркіт пен қоян, қасқыр мен түлкі тәрізді халықтың сахналық ойындары ойналады. 


«Кыз-ойнақ» екі-үш күнге, кейде әр қыздың ауылында кезек ойнау арқылы бір айға дейін созылады. Ауыл ағалары думанның тәртіпті, көнілді өтуін қадағалайтын болады. Қыздың ұзатылар алдында ауыл жастарымен қоштасуы ретінде өткізілетін сауық кеші де «Қызойнақ» деп аталады. 

hello_html_6408eab.png


«Қынаменде» - қазақтың ұлттық ойын-сауығы. Күйеу жігіттің қалыңдық отауына немесе қыз жеңгесінің үйіне жолдастарымен алғаш келуін қарсы алу кеші. «Қынамендеге» қатынасушы қыз-келіншектер қызыл-жасыл киініп, тырнақтарын бояйтын болған. Бұл сөз арабтың «хна» (қызыл-жасыл) деген сөзінен шыққан болса керек. Шығыс халықтарында «Қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білу үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңінде де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен, қынаменде жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Сауықта қазақтың ұлттық ойындарының бәрі де ойналады.
«Қызқашар» - қазақтың ұлттық ойыны. Атастырылған күйеу мен қалыңдықты жақындастыру мақсатында ойналады. Жастар қол ұстаса шеңбер жасап, ішіне - қалыңдықты сыртына күйеу жолдасты қалдырады да, қыз қашып, жігіт куады. Шеңбер жасаушылар не қызға, не жігітке жанашырлық көрсетіп, не шеңберден өткізіп, не ұстап қалу арқылы ойынды қыздыра түседі. Егер күйеу жолдас қалыңдықты ұстаса, оны күйеуге апарып табыс етеді. 


«Кыз кәде»
Кей жерлерде бұл ойын «Қыз жасырынбақ», «қол асар», «бала ұялтар» деп те аталады. Ұрын келген күйеу мен қалыңдықты ең алғаш қонаққа шақырып, «қыз кәдесін» алған үй өткізеді. Ойынға күйеу жолдас пен күйеу, құрбы қыздар мен жеңгелер, апа-сіңілілері мен қалыңдық және ауыл жастары қатысады. Алдымен күйеудің қасына балдыздары мен қайын бикелерін, соңынан күйеу жолдастың өлеңмен сұрауы бойынша қалындыктын өзін отырғызады. Тойбастар өлеңі айтылып, әртүрлі ойындар ойналады. 

«Қыз кәде» қыста – үй ішінде, жазда киіз үй мен жайлауда өтеді. «Орамал тастау», «Хан жақсы ма?», «Алтын қабақ ату», «Теңге табу», жүмба шешу, жаңылтпаш айтумен басталған думан жаздык аn шығып «Қызқашар», «Қарақұлақ» («қыз бөрі» деп те атайды) «қол ұстасар» сияқты ойындармен аяқталады. 


«Қыз-бөрі» - жаз күндерінде ел орынға отыра қыз-бозбала жиналып ойналатын ойын. Кыздар «қой» болып бір аланға топталып отырады. Оларды екі-үш жігіт күзетеді. Өзге жігіттер «бөрі» болып «қойға» тиіп, қолға түскен кызды жетектей қашады. Күзетшінің міндеті – қызды «бөріден» айырып алу. Кей жерде бұл ойын «серек құлақ» деп те аталады. 


«Күзем алу думаны» - қазақтың ұлттық ойын-сауығы. Мереке күзем алу маусымында өткізіледі. Күзем алу, киіз басу, сырмақ сыру сияқты кезендік істермен ұласады. Мал иесі асаршыларға қонақасы беріп, сауық кешін ұйымдастырады. «Күзем алу думанында» алтыбақан, ақсүйек, айгөлек, серек құлақ, қара бие тәрізді көңілді ойындар ойналып, әншілік, айтыс, би, домбырашылық өнері, жұмбақ шешу, түрлі спорттық ойындар кеңінен пайдаланылады. 


«Хан жақсы ма?» (1) - қазақтың ұлттық ойын-сауығы. Шілдехана, қыз ұзату, келін түсіру сияқты думанды кештерде ойналады. Ойын ережесі бойынша думаншылар арасынан хан мен уәзір сайланады. Хан уәзіріне: «Халқымнан «хан жақсы ма» деп сұра!» - деген бұйрық береді. Уәзір ойыншыларды жағалай жүріп біртіндеп сұрап шығады. Бұған «хан жақсы», «мәз емес», «жаман» деген секілді сөзбен немесе «хан былай» деп ұрғыштап, келемеж етіп жауап беруге де болады. Ойыншылардың қайтарған жауабы мен қимыл-әрекетін уәзір бұлжытпастан ханның өзіне жасап көрсетеді. Өз кезегі келгенде, хан өзін мақтағандарға «жаза» бұйырады. 


Екінші ойын айналымында хан: «Халқымның кімнен қорлық, кімнен зорлық көргенін сұра», - деп тапсырады. Уәзір ойыншыларға жекелеп сұрақты қайталайды. Ойынға қатысушылар думанды қызықтырақ ете беру үшін жігіт - Қыздан, қыз жігіттен көрген «қорлық-зорлығын» айтып шағынады. Шағымшылардың сөз саптасына орай «хан әмірін» беріп, бітімге келтіреді. Мысалы, жігіт: «Сәуле екі алмамды ұрлап алды, соны өзіме қайтарсын немесе өзінікі екендігін дәлелдесін», - деген секілді шағым айтады. Хан даушыларса: «Өзара келіссін, айыбын төлесін», - әмір береді. Жаза колданады. Әмір мен жаза күлкі тудыру мақсатымен түрліше үкімге орайластырады. 

kazoyin.jpg


«Хан жақсы ма?» (2) - кешкіліктерде қыз, бозбалалар бір үйге жиналып ойнайтын ұлттық ойынның біз көріп жүрген бір түрі. «Хан жақсы ма?» ойынын ойнау үшін айнала отырып ішінен хан және уәзір сайлайды. Хан сайланып, таққа отырған соң уәзір ортаға шығып, ойыншыларға: «Хан сайланып, таққа мінді, уәзір сайланып атқа мінді, ханға қандай талаптарыныз бар?» - дейді. Ойыншылар: «Біз ерігіп-зерігіп калдык. ханымыз бізге көңіл көтеретін бір ойын тауып берсін», - дейді. Осыдан кейін уәзір ханның алдына барып:
- Хан-еке, дат! - дейді. - Датың болса, айт!
- Еліңіз ерігіп-зерігіп қалдық, хан бізге бір ойын тауып берсе, - дейді. Хан ойланып отырып:
- Жарайды! Онда «Хан жақсы ма?» деген бір ойын бар. Халқым ерігіп-зерігіп қалса, соны ойнасын, - дейді.
Уәзір ойыншыларға: «Біздің ханымыз сіздерге «хан жақсы ма» деген ойын бар, соны ойнасын» - деді. Өзі ханның оң жағынан бастап:
- Хан жақсы ма? - Хан жақсы. - Хан қандай кісі? - Хан мынадай кісі, – деп бас бармағын көрсетеді.
Уәзір ханға барып: «Хан жақсы кісі, мынадай деді», - деп бас бармағын көрсетіп тағы келіп жалғастырып:
- Хан жақсы ма? Хан қандай кісі? - дейді.
- Хан жақсы, хан мынандай кісі, - деп уәзірдің құлағын созып көрсетеді.
Уәзір ханға:
- Хан жақсы, мынадай кісі деді, - деп ханның құлағын созады.
Уәзір ханға ойыншылар өзіне нені айтып, нені істесе де бұлжытпай соны айтып, соны істейді (шымшыса - шымшиды, тырнаса - тырнайды, мұрнын созса, созады, сипаса - сипайды). Уәзір бір айналып ханның өзіне келгенде:
- Мен уәзір болғалы, сіз хан болғалы, кімнен қорлық, кімнен зорлық көрдіңіз, – деп сұрайды.
Сонда хан:
- Мен хан болғалы сен уәзір болғалы, елім мені қорғады. Мен қорлықты тек мынадан көрдім, – деп өзі хан сайлағысы келген қалаған біреуін немесе қолы батып кеткен біреуді ұстайды да, хан сайлап, өзі уәзір болып алдыға шығады. Егер уәзір ойыншылардың айтқан сөзін айтпаса, істегенін артығымен істеп қолын батырса, онда хан: «Елімнен қорлық зорлық көрмедім, қорлықты тап сенен көрдім» - деп, уәзірдің өзін сайлайды. Кімде-кім хан болса, әуелгі ханның орнына отырады да, хан уәзір болып ойынды жалғастырады. 


«Жүзік тастау» - ептілікке, шеберлікке, тездікке дағдыландыратын ұлттық ойындардың бірі. Ол - кешкілікте үйде отырып ойнайтын ойын. «Жүзік тастауды» ойнау үшін айналып, жақын-жақын отырады да, ойын бастаушы жүзік немес түймені алып, екі қолын беттестіріп, алақанына салып (ойнаушылар да алақандарын беттестіріп қолдарын алдыға созып отырады), оңнан солға қарай жүзік тастауды бастайды. Жүзік тастаушы қолын ойнаушылардың екі алақанының ортасынан жоғарыдан төмен қарай өткізіп отырады да, қалаған біреуіне тастап кетеді. Түгел айналып, өз орнына келгенде: «Әмір тұт», - дейді де, екі алақанын ашады. Сонда жүзік қолында қалған ойыншы өте тездікпен орнынан ұшып тұруы керек. Егер орнынан тұрып кете алмаса, оң жағында аңдып отырған ойыншы ұстай алмаса, онда ұтылған болып, өлең айтып, би билейді (бұрын шампу алынатын). Орнынан тұрып кеткен ойыншы жүзік тастаушы болады. Орнынан тұра алмай ұсталып қалса, ұтылған болып, өнер көрсетіп барып, одан соң жүзігін тастайды. 


Көңіл бөлетін істер: жүзік тастаушы жүзiктi кiмге тастағанын сездірмей, шеберлікпен тез тастауы керек. Сездіріп алса, өзі ұтылған болып есептелініп өнер көрсетеді. «Жүзік тастау» ойынында оң жақтағы бала сол жақтағыны андып отырады. «Әмір тұт» деуден бұрын ұстауға немесе тұрып кеткеннен кейін ұстауға болмайды. 


«Тақия тастау» - қазақ жастарының қызығып ойнайтын ұлттық ойыны. «Тақия тастау» ойынын ойнау үшін ойнаушылар тік тізерлеп бір-біріне жақын отырады (бул тізе құшактап отыру деп те аталады). Ойын бастаушы бір тақияны емесе орамалды қолына алып, тақия табушыны ортаға шығарып, такияны қалаған бір балаға тастайды. Ол тақияны қолына алып білдірмей тақымының астымен жүргізеді. Ойыншылар түгел қолдарын екі тақымының астына тығып отырады да, тақия тасталғаннан бастап, қолында тақия болса да, болмаса да бір-біріне тақия өткізген болып қолды жүргізеді. Тақия аялсыз жүріп отыруы, зәуде біреуде тұрып қалса да, құр қолдарды жүргізіп отыруы шарт. Тақия табушы аңдып тұрып, тақия кімге барса, соны ұстап алып шығуы керек. Егер ұстағанынан такия шықпаса, өзі ұтылған болып өнер көрсетеді. Ал андыған адамнан шығып қалса, онда ұсталған ойыншы өнер көрсетіп, тақия табушы болады. Егер тақия ұсталмай, ойыншыларды айналып төрешінің (әуелгі тақия тастаушы) қолына қайтып келсе, төрешілік сипатымен бұйрық беріп тақия табушыға өнер көрсеттіріп, кезекті тақия табуға үкім шығарады. Тақия табу үшін қырағылық және әрекетте тездік керек. 

419899_4.jpeg

«Көз байлау» Ойнаушылар қатар тізіліп айналып тұрады. Ойын басталудан бұрын ойын басқарушы жасырын түрде біразына ойын «бастаушы», «майдақоңыр», «тырмауыш», «шымшуыр», «Тоқпақ», т.б. деп ат қояды да, бір адамды ортаға шығарып, көзін мықтап байлап тұрғызып қояды. Одан соң ойын басқарушы: 

- Е-е, ойын бастаушы кел! Ойын бастаушы келіп: - Сіз жақсымысыз? Ойын бастаймыз! Көзі байланушы: - Жақсы, ойынды бастаңыздар! Ойын басталады. Басқарушы:
- Майдақоңыр келші, сипап өтші, - дейді. - Мен кіммін? - деп маңдайынан сипайды.
Көзі байлаулы адам сипаушының атын атауы керек.
 Атын таба алмаса, тағы жалғасады. «Тырмауышым, тырнап алшы» дегенде: «Мен кіммін?» - деп келіп тырнап алады.
Тағы атын атайды. Тапса - ұтады, таба алмаса, ұтылған есепте әрі қарай жалғасады.
- Шымшуырым, шымшып алшы, - дейді.
- Мен кіммін? - деп келіп, шымшып алады.
- Түйгішім, түйіп кетші, - дегенде:
- Мен кіммін? – деп түйіп кетеді.
Сөйтіп, адамның атын тапқанша, ойын жалғаса береді. Егер де таба алмаса, көзін ашып: «Ал енді кім екенін айт», - деп рұқсат береді. Осы кезде атын тауып кетсе, аты табылған адам ортаға шығып өнер көрсетіп болған соң көзі байланып ойын жүргізіледі. Таба алмаса, көзі байланған адам алдымен өнер көрсетіп беріп, тағы көзі байланып ортаға тұрғызылады. Осы арқылы адамдардың сезгірлігі мен тапқырлығын арттырып, есте сақтау қабілетін күшейтуге болады. | 


Шарт: ойнаушылар анайылық жасап, қатты тырнап, шымшып алуға немесе ұруға болмайды.
Ойын көрушілер ортаға шыққандардың атын айтпауы керек. Айтып қойса, сол адамның көзі байланып, ортаға шығарылуы тиіс. Көзі байлаулы адам сол аралыкта адамдардың атын тауып кетсе, ойын сол жерде кідіріс жасап, қайта жалғастырылады. 


«Қол соқпақ» - қыз-бозбаланың жиын-той кезінде үйде отырып қызықтайтын ойыны. Ойынға бірнеше адам қатыса алады. Ойын бастаушы қолына ширатылған орамал алып, дөңгелене алқа-қотан отырысқан жастардың ортасына шығады да, күтпеген жерден бір ойыншыға: «Қолыңды тос!» - деп бұйырған кезде, ол дереу алақанын тосады. Сонда ойын жүргізуші: «Орамал қайда?» - деп алақанға орамалмен тартып жібереді. Жазаланған ойыншы бір ауыз өлең айтып не күй тартып беріп: «Орамал ана отырған түгеншеде», -деп, өзі қалаған ойыншыны көрсетеді. Бұл шартты тез орындай алмаса, алақанға тағы да бірнеше рет ұрып жібереді. Ойын осылайша жалғаса береді. 


«Қонақкәде» (1) - қонаққа өлең айтқызатын, домбыра тарттыратын кәде. Үйіне қонақ келіп, кішігірім сауық кешінде үй иесі ауылдың «алты ауызын» айтып, қонақтарға жол береді. Өлең айтқызып, домбыра тарттырады. 


(2) Жатар алдындағы үзіліс кезінде жасалатын кәде. 


Ас-тамақ ішіп тойған, ұзақ отырып шаршаған меймандар «төсек салатын, ұйықтайтын уақыт болды-ау» деген сыңай білдіріп: «Қонақ кәдесін жасайық», - деп тысқа шығады.
Қонақ кәдесін жасаған кезде үй иесі төсек салып, демалыс орнын реттейді. 


«Доп соқты» - жастардың кешкілікті отырыстарда ойнайтын көңіл ашу ойындарының бір түрі. Бұл ойынды ойнау үшін ойынға қатынасушыларға бір жақ шеттен бастап 1. 2. 3... деген нөмір қойылады. Сол нөмір бойынша бір адам бір доп яғни пәленінші нөмірлі доп болып есептелінеді. Ойын тәртібі бойынша бір доп екінші бір допты соғады. Мысалы, бірінші адам: «Бірінші доп оныншы допты соқты», - десе, оныншы доп тағы бір допты осы тәртіп бойынша соғуы керек. Сонда Осы реттен жаңылған немесе мүдірген адам жеңілген болып өнер көрсетеді. Бұған қойылатын талап: адамдар ойнаған кезде рет санды жеделдете тез айтуы керек. Өйтпегенде ойын бұзылады. Сонымен бірге әр адам өзінің нешінші доп екенін естен шығармауы керек. Көп жағдайда адам өзінің нешінші доп екенін есінен шығарып қояды да, кездейсоқ келіп, өзіне тиген допқа дер кезінде жауап бере алмай, содан барып жаңылыс туады. 


«Жамбас сипар» Бұл да кешкілікті отырыстарда ойналатын көңіл ашу ойындарына жатады. «Жамбас сипар» - қазіргі күнде көбірек ойналып жүрген ойындардың бір түрі. Бұл ойынды ойнау үшін қатар отырғандар алдымен бір шеттен бастап 1, 2, 3... деп санауы керек. Санау реті жетінші адамға келгенде (кейде ойынға қатынасқан адамның аз-көптігіне қарай белгіленеді) ол адам жеті деп санамастан, үнсіз ғана жамбасын сипай ұрып қояды. Егер жамбасын сипамай 7 санын айтып қойса немесе мүдіріп қалса, онда жаңылған болып есептеліп өнер көрсетуге борышты болады.
Екінші реткі ойын тәртібі жаңылып өнер көрсеткен осы адамнан 1, 2, 3... деп басталып, тағы бір жетінші адамға барғанда жоғарыда айтылған тәртіп бойынша үндемей жамбас сипайды. Ойын осы тәртіп бойынша жалғаса береді. Ойынға қойылатын талап: санағанда сапта тұрған әскер сияқты сан анық әрі тез айтылуы керек. Әсіресе орында жетінші отырған адам сан ағынымен жетінші орынға келгенде өзін «жеті» деп санап қалудан қатты сақтануы қажет. 


Өтпегенде оңай жанылыс туады. Жетінші орыннан баска орындағылар алдын ала секем алып, кол шошайтатын немесе жамбас сипайтын болса, ол да жаңылысқа кіреді. 

17102017113059_555.jpg

«Үлкен дарбыз бен кішкене дарбыз» - кешкілікті отырыстарда ойналатын жаңылтпаштардың бір түрі. Бұл ойын бір шетінен бастап рет тәртібі бойынша ойналады. Ойын бастайтын адам: «Үлкен дарбыз», – деп қолымен үлкен дарбыздың формасын көрсеткенде, ойынға қатынасушы адам мұның керісіне көшіп: «Кішкене дарбыз», - деп қолымен кішкене дарбыздың формасын көрсетуі шарт. Егер ойын бастаушы: «Кішкене дарбыз», – деп соның белгісін білдірсе, ойынға қатынасушылар: «Үлкен дарбыз», - деп мұның керісін істеуі керек. Дарбыздар осы жолмен алма-кезек ауыстырылып отырғанда кейбіреулер байқаусызда ойын бастаушыға еліктеп, «үлкен» дегенде - «үлкен», «кішкене» дегенде «кішкене» деп қалуы мүмкін. Осылайша, жаңылған адам топ ортасында өнер көрсетуге борышты болады. Келесі жолғы ойынды борышын өтеген осы адам бастайды. Ойын осы тәртіп бойынша жалғасып отырады. Мұнда да «үлкен», «кішкене» деген сөздер тез айтылып, ал ойынға қатынасушылар оған дер кезінде тез сәйкес жауап беруі талап етіледі. 


«Бір тал ши» - кешкіліктердегі отырыста, жастардың бас қосқан жерлерінде өнер көрсетіп, қызықтайтын ойынның бір түрі. Бұл ойынды ойнаушылар тегіс отырады да, барлығына ортақ үкім жүргізетін бір адамды сайлап ортаға шығарады. Ол адам ортаға отырып бір тал шиді алып шаншып қойып, басын жағады (бұрын шиді қоламтаға көсеп алып, от жағып шаншып қоятын, қазір әр жолы бір тал сіріңке шиі жағылса да, болады). Ши жанып болған соң өшкен шидің жанған жеріндегі шоғы күлге айналып, сол күл бір жағына қарай қисайып барып жығылады. Осы шидің басы ойынға қатынасушылардың ішінде кімге қарай жығылса, сол адам домбыра шертеді, ән айтады, би билейді, қалайда бір өнер көрсетеді. Егер ши басқарушының өзіне қарай жығылса, өзі бас болып ойын көрсетеді. 


«Шыт жүгірту» ойыны. Бұл да - отырыстарда ойналып жүрген ұлттық ойындардың бір түрі. Ойынды ойнау үшін алдымен бір ойын басқарушы, бір дабылшы сайланады. Ойын баскарушы бір орамал шытты түйiп катар отырғандарға «жүгіртуге» береді. Олар тоқтатпастан, біріне-бірі лақтырмастан, тездетіп катары бойынша «жүгіртіп» отырады. Ал дабылшы колына бір сақпы, бір тарелка алып, отырған адамдардың қатарынан шығып, көпшілікке қарамай (төмен қарайды немесе теріс қарап отырады) үзбей дабыл соғады. Осы аралықта белгілі үзіліс жасауы керек, үзіліс жасаған кезде шыт кімнің қолына келіп тоқтаса, сол адам өнер көрсетуге борышты болады. Ойын тәртібі осылай жалғаса береді. 

Айгөлек (1) - қазақтың ұлттық ойыны. Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Қаз-қатар қол ұстасып, құлаштарын керіп тұрады. 

Бір топтың ойын бастаушысы: Айгөлек-ау, айгөлек, айдың жүзі дөңгелек...», - деп өлең айтып, екінші топтың бір адамының атын атап шақырады. Ол адам пәрменімен жүгіріп келіп, шақырған топтың тізбегін үзіп өтуге тиіс. Егер ол үзіп өтсе, осы топтың бір адамын алып кетеді, үзе алмаса, өзі осында қалады. Ойын екі топтың біреуінің адамы таусылғанда аяқталады. Адамы таусылған топ жеңілген болып есептеледі. 


(2) Қазақтың кең таралған халық биі. Кейде ол «қарақұлақ» деп те аталады. Мал күзету әрекетін бейнелейтін «Айгөлек» биі «Айгөлек» әнінің ырғағымен жеке немесе көп қыздар қол ұстасып дөңгелене (толған ай келбеті тәрізді) билейді. 


«Ортеке» - қазақ сахарасына кең таралған, ертеден келе жатқан қызықты ұлттық ойын. «Ортеке» ойыны кешкілікте үйде ойналады. 


Әуелі шебер жігіттер ағаштан жонып текенің мүсінін жасайды да, үкінің, болмаса қара құстардың тегеуірін тұяғынан екі мүйіз дайындап, оған мықтап орнатады. Төрт аяқты жасап, жіппен тесіп байлап, текенің үстін орғылдап (тау текенің түсіне ұқсатып) бояп, кішкене құйрық жасайды да, жауырынның үстінен тесіп, жіңішке қара жіп өткізеді. «Ортекені» ойнатар кезде, домбырашы биік арыстан (бөренеден) шеге қағып, бір жіпті іліп, ұшындағы ілмекті ортан қолынан өткізіп алып, «Қара жорға» биін шертеді. Осы кезде ортеке алуан түрлі биге басады. Домбырашының қол қағуына ілесіп билеп келіп, алдыңғы екі аяғын көтеріп немесе тіреп, артқы екі аяғын бүгіп ойын көрушілердің біреуіне қарап билейді (домбырашы әдейі қол қағуын өзгертпей, ортекенің бағытын бузбайды). Осы кезде ортекенің төне «қарап» билеген адамы ортаға шығып, өнерін көрсетеді. Ойын осылай жалғаса береді. 


Келесі жолы ұлтымыздың спорттық ойындарына тоқталатын боламыз.
   

 Пайдаланылған әдебиет: Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?