Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы

2712
Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы  - e-history.kz

Қазіргі Қазақстан тарихында орын алған аса маңызды оқиға 2020 жылғы 16 желтоқсанда республикамыздың тәуелсіздігіне жиырма тоғыз жыл толуын мерекелеу болса, ал сол айдың басында қазақстандықтар жыл сайын - Тұңғыш Президент күнін салтанатпен атап өтуде. Бұл екі мереке өзара тығыз байланысты, өйткені «Тәуелсіздік» және «Назарбаев» ұғымдары синоним сөздерге айналып, бір-бірінен ажыра­мастай болып кеткен.

Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы ретін­дегі ерен еңбектері жайында айтқанда, біз оларды республикамыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық салаларындағы нақты қол жеткен жетістіктерімізбен ұштастыра баян­даймыз.

Елбасының басшылығымен Қазақстанда нарықтық қатынастарға негізделген және әлемде «Назарбаевтың үлгісі» деген атаумен танылған, қазіргі заманға сай табысты экономика құрылды. Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа саяси жүйе қалыптасты.   Оның жаңа астанасы – әсем Нұр-Сұлтан қаласы салынды.

Қазақстандық төзімділік күшейіп, көпэтностық және көпконфес­сиялық халықтың бірлігіне – Қазақстанның алға басқан қозғалысының кері айналмайтындығының баға жетпес кепіліне қол жетті.

Қазақстанның осы және басқа көптеген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның стратегиялық таланты, көрегендігі және алға қойған мақсаттарға жету жолындағы табандылығы қазақстандық мемлекеттілік қалыптасуының және елдің табысты дамуының басты өзегіне айналды.

Тәуелсіздіктің қарсаңында, 1990-1991 жылдарда, Н.Ә.Назарбаевтың егемендікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, халықаралық алаңда Қазақстанның беделін нығайту бойынша қажырлы еңбегі елдің шынайы іс-қимылдар бостандығын алуына негіз салып, қолайлы жағдайлар туғызған-ды. Осы жолда өзіндік нышан-белгіге айналған атаулы оқиғалар: 1991 жылы тамыздың 29-ында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылы қазанның 2-сінде алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы және 1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақстан Президентінің бірінші жалпыхалықтық сайлауы өтіп, соның нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың басым көпшілік дауыспен ел Президенті болып сайлануы.

Тұңғыш Президенттің өз лауазымына кірісуіне арналған салтанатты жиында, 1991 жылы желтоқсанның 10-ында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев «осыншалықты орасан зор тарихи өзгерістерге куәгер болу, қатысу әр ұрпаққа бұйыра бермейтінін» айта келіп, жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі маңызды міндеттердің бір тобын атап шыққан болатын.

Жеке тұлғаның тарихтағы рөлі, сірә, тарих пен саясат ғылымындағы ең бір қызықты және сонымен бірге күрделі тақырыптардың бірі шығар. Соңғы онжылдықтарда, бұрынғы КСРО аумағында жаңа мемлекеттердің дамуы кезеңінде, ұлт көшбасшысына айналудың өзгеше құбылысы жайында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиі айтатын болды. Шын мәнінде, бұл – жаңа тәуелсіз мемлекеттердің зияткерлігі мен саяси мәдениеті үшін саяси көшбасшылықтың мүлдем жаңа тұрпаты. Сондықтан ұлт көшбасшылығының өзгеше құбылысының маңызын саясат тұрғысында ғана емес, сонымен қатар тарихи тұрғыдан да айқын анықтап алу қажет.

«Ұлт» тарихи термині әдебиетте АҚШ құрылған соң, XVIII ғасырдағы Ұлы француз революциясынан, Наполеонның револю­циялық соғыстарынан кейін таралды. Ал саясаттанушылар бұл ұғымды XIX ғасырда қазіргі мемлекеттер мен ұлттар қалыптасқан соң барып түпкілікті пайдалана бастады. 1920 жылы Ұлттар Лигасы – мақсатына бейбітшілікті сақтау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту кірген алғашқы бүкіләлемдік ұйым құрылды. 1930 жылдан осы уақытқа дейін негізгі халықаралық құжаттарда, атап айтқанда, БҰҰ қарарларында, «ұлт» терминінің «азаматтық мемлекеттік қоғамдастық» мағынасындағы саяси түсінігі бекіді. Ұлт көптеген ұлттар өкілдерін (ұлыстарды деуге болады) біріктіре алады. Бірақ олардың барлықтары өздерін, мысалы, америкалықтар, британдықтар, ресейліктер немесе қазақстандықтар деп, яғни белгілі бір елдің және қоғамдастықтың қай ұлтқа емес, қайсыбір мемлекетке жататынымен біріккен өкілдері ретінде теңестіріп, сәйкестендіреді.

Міне, сондықтан еуропалық азаматтық санада «мемлекет-ұлт» және «ұлт көшбасшысы» ұғымдары бір-бірінің табиғи жалғасы болып кеткен. Өткен XX ғасырда ғана «ұлт», «жеке тұлға» деген екі іргелі ұғым бір мағынаға – «ұлт көшбасшысы» немесе «ұлттық көшбасшы» деген түсінікке бірікті. Сөз жоқ, мемлекеттің кез келген басшысы тарихта сондай болып қала алмайды. Ұлттық көшбасшылықтың мәні ұлтқа ел дамуының болашағы зор және нық сенімді бағытын ұсына білу қабілетінде жатыр.

XX ғасыр тарихында ұлттың танылған көшбасшыларының көптеген мысалдары қалған. Олардың: Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатма Ганди, Шарль де Голль, Дэн Сяопин, Франклин Рузвельт, Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад деген есімдері мектеп қабырғасынан-ақ есімізде сақталған. Олар өз елдерінің мәртебесі мен ғаламат рөлін көтеріп қана қоймай, сонымен бірге экономикасы мен саясатында және мәдениетінде стратегиялық өрлеуді де қамтамасыз еткен. Ерекше маңыздысы – олар дамудың күрделі кезеңінде қоғамға дұрыс жолды көрсете алып, өз ұлтының көпшілікке жақын және түсінікті жарқын идеялар айналасына бірігіп, топтасуына қол жеткізді. Нәтижесінде, олар өз халықтарының есінде мәңгі сақталып қалды.

Барлық тарихи ұлт көшбасшыларына тән ортақ қасиеттер болған. Атап айтқанда, бұл – бастапқы қиын-қыстау жағдайлар, тарихтың өзгеше ауыр, күрт өзгерісті кезеңінде өз елін дұрыс жолға қоя білу. Мәселен, АҚШ-та Франклин Рузвельттің тұсында – Ұлы дағдарыс, Қытайда Дэн Сяопин билігі кезінде – «мәдени революция» салдарларын еңсеру, Сингапурда Ли Куан Ю елді басқарған уақытта отарлау езгісінен құтылу оқиғалары орын алған.

Екінші ортақ фактор – құрылған мемлекеттілікті жаңғырту немесе жаңа мемлекеттілік құру қажеттігі. Мысалы, Сингапурда тәуелсіздікке қол жеткен соң, ең басты мәселені шешу – мемлекетті қатаң, тиімді және кәсіби басқару қажет болды. Көбінесе осындай кезеңдерде өте күрделі, бұрын белгісіз шешімдер қабылдауға тура келеді. АҚШ-та Джордж Вашингтон билігі тұсында – тәуелсіздік үшін күрес, Үндістанда елді Махатма Ганди басқарған кезде – отарлауға қарсы күрес, Францияда Шарль де Голль басшылығы уақытында фашистік басқыншылықтың зардаптарын еңсеру үдерісі жүргізілген-ді.

Ұлт көшбасшыларына ортақ үшінші қасиет – оларды ел азаматтарының басым көпшілігінің қолдауы. Мәселен, халық қолдауына ие болған. Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түркияның алғашқы президенті болып сайланып, 1927, 1931 және 1935 жылдары қайтадан сайланып отырды. Махатхир Мохаммад 1981 жылдан Малайзияның ауыспаған басшысы болып қала берген. Ли Куан Ю – Сингапурдың 1959 жылдан 1990 жылға дейінгі премьер-министрі болған. Егерде елдегі басқару режимі қатал, ал ерік білдірудің демократиялық ұстанымдары туралы айту қиын болса, онда ел басқарушыны ұлт көшбасшысы деп атау-атамауды бұл жерде тарих көрсетеді. Қырық жыл өткен соң, Қытайда халық Дэн Сяопинді елге дамудың үдемелі нарықтық жолын қамтамасыз еткен ұлы экономика реформаторы ретінде еске алады.

Біздің Тұңғыш Президентіміз елді қиын-қыстау кезде басқарды. Қазақстанның тәуелсіздігі оның қызметімен тығыз байланысты. Елбасы ұсынған ұзақмерзімдік «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысында еліміз экономика жағынан тиімді және, оған қоса, әлеуметтік жағынан жайлы мемлекет құрып, өңірдің көптеген елдері үшін үлгіге айналды.

ҚР Тұңғыш Президенті – көптеген мңызды халықаралық бастамалар­дың авторы. Бүгінгі күні елімізде ірі халықаралық форумдар шақырылады, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО және ҰҚШҰ саммиттері, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алты съезі біздің еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда (бұрынғы Астанада) өтті. Қазір бұл халықаралық құрылымдар кең танымал және үлкен құрметке ие. Ол ұйымдардың Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және белсенді қатысуымен құрылғаны – есімізге түсіруге тұрарлық оқиға. Қазақстан Республикасының 2010 жылы – ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам конфе­ренциясы ұйымына төрағалық етуі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуы – осының бәрі жалпыұлттық көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қалыптасатын қазақстандық сыртқы саясаттың нақты жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың даусыз мойындауының басты себептері.

Ақырында, ең бастысы – қазақстандық ұлт көшбасшысы біздің барша тарихымыз барысында күллі қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор болған және солай болып қала береді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінен және Қазақстанның даму­ынан біз сол басты бағыттарды – елдің және оның барша халқының болашақта өркендеуі үшін маңызы бар кешенді стратегиялық: дара экономикалық та, саяси, әлеуметтік және мәдени-адамгершілік те міндеттердің шешімін көреміз.

Бұл жерде тағы бір факт көрнекі көрінеді. Егер қазақстандық қоғамның шығу тарихын, өз көшбасшысының тұлғасына деген көзқарасы дамуын жіті қарасақ, онда 1980 жылдардың соңында және тәуелсіздік таңы атқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасы, негізінен, реформатордың, Тұңғыш Президенттің, жас тәуелсіз мемлекет басшысының бейнесімен теңестірілген-ді. Қазір енді 29 жыл өткен соң, еліміз басынан кешкен көптеген сынақтар мен даму кезеңдері биігінен қарасақ, жұртшылықтың Н.А.Назарбаевқа беретін бағасы сапалы өзгерген және күшейе түскен.

Оның бірегей қабілетінің мәні, демек, елді өркендетудің басты бағытын айқындап қана қою еместігінде жатыр. Ең бастысы – ол жариялаған қарапайым және табиғи құндылықтар жыл өткен сайын дербес құндылықтарға және қазақстандық қоғамның басым міндеттеріне, қазақстандық сәйкестіктің факторларына айналған. Олар қоғамдық идеологияның, оның рухани жаңғыруының іргетасына айналған. Назарбаевтың бірегей қабілеті – ол тұрақты даму, этносаралық және конфессияаралық келісім, ұлттық бірлік. Қоғам осы құндылықтарды өзіне сіңірген және солармен бірге өмір сүреді. Осы негізгі құндылықтарға бейімділік қазақстандық қоғамның біріктіруші факторына айналған.

Сондықтан бүгінгі таңда Назарбаев Қазақстан үшін – бәрінен бұрын, өзінің халқына оны біріктіруші бастау ретінде қажет көшбасшы. Тұңғыш Президенттің осындай қоғамдық мәртебесіне, сірә, ешқандай күмән келтіруге болмас, бірақ оның айналасында көптеген басқа сұрақтар туып жатады. Қазақстанда ұлт көшбасшысының қызметіне негізделіп құрылған басқару үлгісі қалыптасқан деп айтуға бола ма? Немесе елімізде ұлт көшін бастап жүрудің бірегей қабілеті Назарбаевтың адам және саясаткер ретіндегі ерекше қабілетіне ғана байланысты ма? Қазақстан қоғамы дамуының ұзақмерзімдік болжам­дарын оған Назарбаевтың тигізген ықпалын есепке ала отырып құруға бола ма немесе ол саясаттан қол үзген жағдайда бәрі өзгеруі мүмкін бе? Бұл сұрақтарға қандай жауаптар беруді ойлау, біздің көзқарасымыз бойынша, тарихшылар немесе саясаттанушылар үшін емес, ең алды­мен қазақстандықтардың өздері үшін маңызды.

Мақаламды қорытындылай отырып, Елбасының қызметі мен тарихтан алатын орны туралы қазіргі Мемлекет Басшысы Қ.-Ж.Тоқаевтың 2019 жылғы 20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтқан мына сөздерін келтіруді жөн көрдім: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүниежүзілік тарихтан қазіргі заманның көрнекті реформаторы ретінде лайықты орын алып отыр. Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен, Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді. Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды... Елбасы өзінің еңбек жолын биік мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға болып саналады».

Т.М. Әминов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?