«Қазақстан», «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» т.б. ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының тұрақты авторы, меншікті тілшісі болған жорналшы. Рухты қаламымен елін оятып, жұртының намысын жаныған.
«Қазақша ең жаңа әлфба», «Қазақша оқу кітабы», «Иман һәм намаз иәки мұсылманлық» деген кітаптарды жазған әдіскер, ағартушы.
Мұстақым Малдыбай өзінің публицистикалық еңбектерін «М.М», «Азамат Қорықпасов», «Мұстақым», «Ризабек Сәулеев», деген бүркеншік аттармен бастырған. Оқырман назарына Алаш зиялысының қанатты сөздерін ұсындық.
2020 жылы Мұстақым Малдыбайұлының туғанына мерейлі – 140 жыл. Осындай атаулы дата аясында алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай тұлғаның әдеби мұрасын жинастырып, алғашқы шығармалар жинағын шығарды.
Мұстақым Малдыбайұлының қанатты сөздері
· Жәрдем беріп, шәкірт оқытудан қайырлы бір іс болуы мүмкін емес. Әсіресе, осындай көңіл көр, көкірегіміз шер болып тұрған заманда надандықтан құтқаратын, тілегімізге жеткізетін, көңілімізге сәуле енгізетін адамдар осы – оқушыларымыз.
· Қазақтың өзге жұрттардан кем болып отырғаны Құдай кем жаратқаннан емес, өнер, білімнен құр алақан қалғандығынан.
· Осы күнгі оқушы қазақ баласының оны бай баласы емес. Қолы қысқалықтан қандай зерек, өткір жігіттеріміз ілгері барып, оқи алмай, шалақұмар болып қалып жүр. Бұлардың оқи алмаулары өздерінен бетер жұртқа зияндырақ.
· Бір миллеттің дүниеде уа ақыретте бақытты шат уа рахатта тіршілік етуі кем, қор, жарлы, жалқау болып жоғалмауына себеп нәрсе бар болса, әуелде ғылым, ғылымда тәртіпті мектептер ашып, заманға лайық әдіспен оқытумен болады.
· Қалың қараңғы тұман ішінде адасқан уақытта қызмет еткен мырзаларымыз қадірі білінбесе де келешекте қадір-қызметке жолығады, тарих беттерінде есімдері қалады.
· Жұртың бақытты болуы үшін ол жұрттың адамдары сау-саламат болуы керек.
· Жүрегінде иманы, тамырында ата-бабасының адал қаны бар әр мұсылман ынтымақтан шықпас деп сенеміз.
· Бала-шағасының қамын ойлап, қарғысына қалмайын деген мұсылман бұл сайлауға салақтық қылмас.
· Мен алдыңғы күнде адам қатарлы болуды үміт еткен қазақ балаларының өз тілінде мектеп кітаптары болуын шын көңіліммен тілеймін.
· Мектеп кітаптары, әсіресе, бастапқы төрт жылғы оқу балалардың ана тілінде болу керегі бүтін дүние ғұлама педагогтарының тарапынан тастиқ етілген мәселе.
· Бір мезгілде жұрттың ағасы, халықтың көз нұры ғазиз балаларымызға дін исламның ең керекті қағидаларын бек жеңіл үйлесімді айтып үйрету оқушылардың бірінші мақсаты болуы керек.
· Қазақ балалары, мырзалары, жастары, аз нәрсе үшін халықтың көп ісін тоқтатпаңыздар. Қалам білген қазақ жастары күн шығыс пен күн батысындағы қазақтарды бір-біріменен таныстырар деп үміт етеміз.
Дайындаған Елдос ТОҚТАРБАЙ,
алаштанушы