Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балуандар тарихы – ел тарихы

2081
Балуандар тарихы – ел тарихы - e-history.kz

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл материалдың шын ақы иесі – Петр Матущак есімді адам. 1947 жылдан бастап грек-рим күресінен Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 1948 жылы Қазақстан мен Кіндік Азия республикалар спартакиадасының күміс жүлдегері, кейін Қазақстан Республикасы кұрамасының бас бапкері болған бұл тұлғаны біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Қазақ күресінің отымен кіріп күлімен шыққан осы тұлғаның елімізден шыққан әйгілі палуандар жайлы мына жазбасын оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Қазақ халқының тарихы бай. Бірақ Кеңес одағы тұсында көп халықтың тарихына көпе-көрнеу киянат жасалды. Соның кесірінен көп дүние хатқа түспей, із-түзсіз жоғалды. Әйтсе де халық жадынан қасиетті тұлғалардың есімдерін біржола өшіру мүмкін емес еді. Кеңес одағы саясатшылары мың жерден әрекеттенгенімен, қазақтың батырлық тарихы кейінгі ұрпаққа жетті. Туған жері үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың найзагерлігі, мергендігі, қылышты шебер меңгеруі, ат құлағында ойнауы бәрі-бәрі тегін нәрсе емес. Бір ғана найзагерлікті шебер меңгеру үшін жанкешті әзірлік керек, машық керек. Әйтпесе құйындай ұшқан ат үстіңде жауына найза шаншу оңай емес. Қылыштасу да өнер. Қазақтың баяғы батырлары жекпе-жек өнерінің барлық қырын жетік меңгерген. Жұдырықтасу, балуан күрес... Мұндай қасиетті өнер адамға жайдан-жай қона салмайды. Мұндай өнер атадан балаға мұра болып, ұрпақ алмасқан сайын үздіксіз жетіліп, ұшталып отырады. Бұл дегеніңіз - бүтін бір халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған жекпе-жек мектебі. Жекпе-жектің ішінде балуандық өнердің жөні бөлек. Қазақтың ойын-тойлары балуан күрессіз өтпеген. Қазақ күресі ғасырлар бойы жетіліп, өзіне тән әдіс-тәсілі, ерекшелігі мол күрестің қатарына қосылды.


Matusak_003.jpg


Қазақ күресі небір мықтылардың тұсауын кесті. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ күресінің атағын әлемге жайды. Қажымұқан французша күрестен (қазіргі грек-рим күресі) әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанды. Қажымұқан боз кілемде ғана бақ сынап қоймай, циркте, ел алдыңда ғаламатөнерімен дараланды. Қажымұқан қырық шелек су құйылған бөшкені иығына салып көтеріп, жұртты таң қалдырды. Қазақ алыбы үшін түйе, жылқы көтеріп ел алдына шығу аса қиынға соқпаған. Қажекең үшін білектей темірді белдік қылып тағу немесе мойнына орау, шынжыр үзу, үстінен мәшине өткізу, екі басына 25 адам мінген рельсті иығына салып, көтеріп, шыр айналдыру, кеудесіне 20 пұт тас сындырту қалыпты, машықты тірлікке айналған. Кажымұқаннан кейін қазақтың грек-рим күресі шеберлері биік белестерге иек артты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстаңда грек-рим күресі қанат жая бастады. Мен Қазақстан күресін өркендетуге өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. 1947 жылдан бастап грек-рим күресінен Қазақстанның үш дүркін чемпионы атандым. 1948 жылы Қазақстан мен Кіндік Азия республикаларының спартакиадасында күміс жүлдеге қол жеткіздім. Ұзамай мені республика құрамасына бас бапкер етіп тағайындады. Бұған дейін денешынықтыру институтында күрес бөлімін ашып, елде күрестің кең тарауына өз үлесімді қостым. Себебі денешынықтыру институты күрес мамандарын тәрбиелейтін бірден-бір орталық болды. Біздер тәрбиелеген жас мамандар қазақ елінің қиыр-қиырында мыңдаған жастарды боз кілемге тартты.

Грек-рим күресі бойынша қазақ жастарының ішінен алғаш көзге түскен Бақи Елқондиев болды десем, артық айтқандық емес. Бақи 1948 жылы Қазақстан мен Кіндік Азия республикаларының спартакиадасында 79 килограм салмақта жүлдегер атанды. Бақи нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болды. Суға жүзуден Қазақстандағы мықтылардың қатарынан орын тепсе, су добына да өте бейім еді. Бақидың студент кезінде циркке барып күресіп, түскен ақшаны курстастарына шай-пұлға бөліп беретін мәрттігін де айта кету керек. КСРО бойынша мықтылардың қатарына қосылған Төлеу Бекбаев 57 килограмдық салмақта күресті. Бекбаев 1965 жылы КСРО чемпионатыңда төртінші орынға табан тіреді. Қазақстан бойынша ешкімді алдына салған жоқ. Жамбыл Тасименов 1968 жылғы КСРО чемпионатында небір мықтыларды артқа тастап, алтыншы орынға ие болды. Қазақтың тағы бір күшті балуаны Әділжан Ханкелдиев 1969-1970 жылдары КСРО чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. 57 килограмдық салмақта белдескен Әділжан 1971 жылы КСРО халықтары спартакиадасында да осы нәтижені қайталады. Әділжанның бұл бәсекелерде жүлдеге жетуге мүмкіндігі болды. Бірақ Мәскеудің қабағын баққан төрешілер кей тұста қазақ балуанының жолын кескенін айта кету керек. Әділжан көп жыл Қажымұқан атындағы училищеде жасөспірімдерді күреске баулумен айналысты. Елік Сұлтанғалиевтің боз кілемдегі тағдыры Әділжанға өте ұқсас болды. Елік 48 килограм салмақ бойынша КСРО халықтары спартакиадасында (1971 жылы) және чемпионатында (1972 жылы) төртінші орын алды. Жетпісінші жылдардың басында әлемдік күрес көшіне Жақсылық Үшкемпіров қосылды. Қайсар қазақ 1972 жылғы КСРО чемпионатында төртінші орынды қанағат тұтса, бұдан кейін алты рет жүлдегер, екі рет КСРО чемпионы атанды. 1980 жылға дейін Жақсылықтың бағы жанған жоқ. Бірақ жаратылысы еменнің иір бұтағындай Жақсылық жасымады. 1980 жылы бүкіл күрес дүниесін аузына қаратып, әуелі КСРО чемпионы, ұзамай Олимпиада жеңімпазы атанды. Жақсылық Олимпиада да жеңімпаз атағына 29 жасында, әлем чемпиондығына 30 жасында (1981 жылы) жетті.


Matusak_002.jpg


Күрес көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ еткен алматылық Шәміл Серіков айналасы үш жылда (1978-1980 жылдары) бүкіл әлемді таңдай қақтырды. Шәмілдің боз кілемдегі жүріс-тұрысы, қимылы ерекше еді. Дүние жүзінің ең айтулы бапкерлері Шәмілге сұқтана қараушы еді. Бірақ сол кездегі кеңестің бюрократтық басқару жүйесі мен өзіміздің күрестің басы-қасындағы кісілер біртуар балуанның қадіріне жете алған жоқ. Жиырма төрт жасында спорттың шыңына табан тіреген азамат КСРО кұрамасынан әділетсіздікпен куылды. Алып империяның намысын жыртатын тұста Мәскеу бастап Шәмілді хан көтерді. Ал сол Шәміл боз кілемнен кетерде басшы орындағы бір адамнан жылы сөз естіген жоқ. Бұған Мәскеу ғана емес, өзіміздің спорт басшылары да кінәлі. Ұзақ жыл жанкешті жаттығудан, толассыз жарыстардан, ұзақ-ұзақ сапарлардан әбден қажыған Шәміл Мәскеу олимпиадасынан кейін біраз уақыт алаңсыз демалуға тиіс еді. Өкінішке орай, олай болмады. Содан КСРО құрамасынан шеттетілген қазақ балуаны ендігі жерде спорт басшыларының теріс қабағына ұшырады. Қияға қанат сермеп үйренген қыран Шәмілдің ендігі тірлігі оның жанын жадырата алмады. Шәміл боз кілемнен несібесін толық алған жоқ еді. Осындай күйде жүрген адамға күнделікті күйбең тіршіліктің көлеңкесі, пендешілік тым ауыр соқты. Шәміл отыз үш жасыңда жалған дүниемен қош айтысты. Жақсылық пен Шәмілден кейін қазаққа тұлға болған балуан – Дәулет Тұрлықанов. Кешегі Кеңес одағы бойынша грек-рим күресінен жеті дүркін чемпион болған жалғыз балуан.Дәулеттің осы рекорды Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуге әбден лайық. Олимпиаданың үш дүркін чемпионы ресейлік Александр Карелин «Дәулеттің кілемдегі қимылы - тұнып тұрған классика, мен осы жігіттің күресіне қатты қызығамын», деді. Бұл сөзді тарқатып жату артық. Еркін күрестен Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, КСРО құрамасының бас бапкері Иван Ярыгин Сеул олимпиадасынан кейін «Дәулет Тұрлықанов еркін және классикалык (грек-рим) күрестен Олимпиаданың талассыз чемпионы болатын ғажап дарын», деп жүрекжарды сөзін бүкпесіз айтты. Дәулет - балуан, Дәулет - депутат, Дәулет - бизнесмен, Дәулет - баспагер. Дәулеттің «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігін құрып, соның нәтижесінде «Қазақ балуандарының» жарыққа шығуының өзі түсінген адамға үлкен тарих. Дәулеттің жігіттері жинақтап құрастырған бұл еңбектің қазақтың спорттық тарихында өз орны болатыны дау тудырмайды. Қазақ күресінің 1986-1996 жылдар аралығындағы он жылдық кезеңінде Дәулет Тұрлықановтың орны оқшау. Бір ғана мысал.1995 жылы Парламент мүшесі, бас бапкер әрі балуан Дәулет Тұлықанов бастаған қазақ балуандары Азия чемпионатында командалық бас бәйгені жеңіп алды. Дәулеттің өзі 90 килограм салмақта топ жарды. Осы жылдың күзінде Дәулет баптаған балуандарымыз әлем чемпионатында 55 мемлекеттің ішінен алтыншы орынға табан тіреді. Қазақ балуандары командалық есепте үшінші орын алған Польша құрамасынан бір-ақ ұпай кем жинады. Төртінші, бесінші орын алған Украина, АҚШ құрамаларымен бірдей ұпай жинаған қазақ балуандары бүкіл әлемді мойындатты. 1993-1996 жылдар аралығында қазақ құрамасының бар ауыртпалығы Дәулеттің иығына түсті. Нарық тұсында қаржы тапшылығы, осының салдарынан оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырудағы қиыншылықтар, бапкерлер мен спортшылардың басына түскен ауыртпашылық, тәртіп, бәрі-бәрі Дәулеттің ақыл-парасаты, абырой-беделі, іскерлігі арқасында шешімін тауып отырды. Осы бір өтпелі кезеңде Дәулет қазақ күресіне адал, нағыз жанашыр екенін ісімен дәлелдеп берді. Қазақ елінде қанат жайып отырған спорт түрлерінің білікті мамандары мен белді спортшылары Тұрлықанов бастаған грек-рим күресі шеберлеріне қызыға қарайтынын көріп, біліп жүрміз. Дәулет Тұрлықановтың өзінің үшінші Олимпиадасына қатысып, төртінші орынға табан тіреуінің өзі ерлік. Бүкіл Қазақстан бойынша үш Олимпиада да бақ сынаған тұңғыш спортшы болудың өзі - бақыт! Қалың жанкүйер Дәулет туралы айтқанда, осы жәйді ескерсе дейміз. Ал Дәулеттің өзі Бішкектен шақырып, баптаған Юрий Мельниченконың Олимпиада жеңімпазы болуы ғажап оқиға емес пе. Юрийдің бұл жеңісінде Дәулеттің еңбегі зор.


20191029_175044_0.jpg


Балуандардың кейінгі толқынына көз жүгіртсек, Бақтияр Байсейітовты алдымен ауызға аламыз. Руслан Жұмабеков, Жоламан Дәуренбеков, Марат Мәлтікбаев, Нұрым Дүйсенов секілді жігіттер талай ірі сында жанкүйер сенімін ақтай білді. Марат Мәлтікбаев 1993 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Жоламан Дәуренбеков болса, КСРО-ның 1991 жылғы чемпионы. Осы жігіттердің ізін басқан жастардың аяқ алысы әзірге жаман емес. Ең ауыры, заманның қиындығы облыс орталықтары мен ауылдардағы көптеген спорт мектептерінің жабылуына әкеп соқтырды. Ендігі жерде ізбасарлар даярлау жағы бұрынғыдай болмай ма деген қауіп те бар. Дегенмен, заман бұлай тұра бермейтін шығар. Өркенді елдердің қатарына қосылсақ, спорт көші де өз арнасын табатыны анық. Балуанның бабы көбіне-көп бапкеріне байланысты. Қазақ күресінің отымен кіріп, күлімен шыққан жаттықтырушыларды да ардақтай білгеніміз абзал. Вадим Псарев, Болат Тұрлықанұлы, Анатолий Жарков, Александр Лебедев, Виктор Ермаков, Сейітхан Тілешов, Владимир Угренинов, Бауыржан Жидебаев, Ром Илматов, Марат Қошаев, Жәкен Махметов, Таңат Сағындықов, Бақыт Өтегенов, Әділжан Ханкелдиев, Қазбек Қарамулин. Жаттықтырушылар қауымының елге тірек болар азаматтар тәрбиелеудегі еңбегін ақшамен бағалау еш мүмкін емес.Мен ат жалын тартып мінген кезден бастап қазақ күресінің басы-қасында келе жатқан адаммын. Қазақтың балуан халық екеніне көзім әбден жетті. Алаш балуандарының ХХ ғасырдағы жетістіктері әлемдік күрес тарихының бір тармағы екені даусыз...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?