Айтыс - қазақ халқы үшін бүгінгі күні ұлттық құндылыққа айналып үлгерген өнер түрі. Оны қазақтың төл өнері десек, оның шығу, даму тарихын аса білмегендіктен айтуымыз мүмкін. Сол себепті қадірлі оқырман назарына айтыс тарихы, көрінісі, бұрынғы мен қазіргі айырмашылығы туралы жазған мақаламызды ұсынып отырмыз...
Сөз басы
Айтыс - ықылым заманнан бері сайын даланы мекен еткен қазақ атты халықтың айнымас серігі, ақылшысы, сарапшысы, өткір құралы еді. Сөз өнері ғана емес, тапқырлық пен ұшқыр ой, көсемдік пен шешендік ұштасқан тіл, діл, ұлт мектебі, өткірлік баспалдағы деп бағаланып келгенін көзі қарақты жұртшылықтың бәрі біледі. Осы қасиеттің барлығын бойында сақтап, ғасырдан ғасырға, заманнан заманға өзгермей өту мүмкін емес, əрине. Уақыт табы, қоғам көзқарасының бедері айтысқа сіңіп, көрініс тауып отырады. Сондықтан да бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыстың айырмашылығы Жер мен Көктей десек, қателеспеген болар едік. Уақытында халық ерекше деп бағаланған Жамбыл мен Құлмамбеттен, Біржан мен Сарадан, Кемпірбай мен Шөжеден қалған үздік айтыс үлгілері бүгінде ескерткішке айналған. Біржанның мəрттігі, Сараның сөзге тоқтаған тектілігі секілді қасиеттер сол ескерткіште тұр. Оны көкірегінің көзі, санасының саңылауы барлар ғана аңғаратын, арнайы бұрылып іздегендер ғана табарлықтай болып қалған. Оның бергі жағында зобалаң жылдарда елмен бірге қуғын-сүргін көріп, жойылып кете жаздап барып, қайта оралды айтыс. Бірақ, өзінің бұрынғы қара қылды қақ жарып айтып салатын өткірлігінен, тура жолдан таймайтын дала демократиясына, яғни, халыққа арқа сүйейтін сенімінен айрылып оралды. Жалтақтау, жасықтау болып оралды. Бірақ, қазақ, сол баяғы айтыс өнеріне өлердей ғашық қазақ айтысты қайта өсірді. Қалтқысыз құрметпен, ардақтаумен, айтыс ақындарын əлпештеумен өсірді. Бірі Оразалы Досбосынов, бірі Бекарыс Шойбеков, бірі Еркін Ілиясұлы(бұл тізімді басқа да дүлдүл ақындармен толықтыруға болар еді) деп төбелеріне көтерді. Солар «не айтады?» деп ауыздарына қарады. Ақындар да ақ пейілді көрерменнің сеніміне қарай өнерге қызмет етті. Ел аңсаған ізгілік, мəрттік биігінен тіл қатты. Сол жылдардағы айтыстарда оралман ақынға атамекеннен тəбəрікке домбырасын сыйлап жіберу немесе ат мінгізу сияқты іс-әрекеттерді санамағанда, аталы сөзге тоқтау, жолын беру секілді мейірім шуақты көріністер жиі қайталанатын. Айтыс сөз мектебі ғана емес, ұлттық мінез брендіне тəн сипатта болатын. Адалдық,табиғилық иісі аңқып тұратын. Жанкүйер көрермен айтыстың шаршы алаңында қара терге түскен ақын үшін тақым қысып, бірге күйіп-пісетін. Қыз-келіншектен иба, жігіттерден ірілік пен өрелілік көріп тəнті болатын, анайы, дөкір сөз айтып қалған ақынды сол мезетте-ақ үнсіз ғана қабағымен жасқап жіберетін патша көңілді көрермен. Солайша бір-бірін тəрбиелейтін, бір бірліктен табылып, біте қайнасып, ұлы өнерді бірге дамытатын...
Бүгінгі айтыс
Ал «бүгінгі айтыс» ше? Бүгінгі айтыс - жаңа заманның жаңаша айтысы. Мінезі де, тілі де, талғамы да басқаша. Екпіні-дауыл, күші-жойқын, шабыты-тасқын, ғарыштық жылдамдықпен төгетін «дарындар» өсіп шықты. Естіп отырғандарын қорытып, сіңіруге үлгірмей өң мен түстің арасында отырғандай күй кешеді тыңдаған жұрт. Шоуға айналған айтыстың ішкі-сыртқы келбеті өзгеріп, басқа арнамен кетіп барады, бірақ тірі əйтеуір. «Шоуға айналған» деуіміз де негізсіз емес. Оған дәлел қайбір жылдары өткен «Жұлдыздар айтысады» шоу-айтысы. Отандық телеарналардан берілген әншілермен, әзілкештермен, айтыскерлермен болған сол бір шоу-айтысты айтыссүйер қауымның елегізіп отырып, көргені анық. «Айтыс ұлтты тәрбиелейді, қоғамға сүбелі ой салады» дейміз, бірақ, сол кездердегі(мысалы, сол бір 2014, 2016 жылдардағы шоу-айтыстың бейнетаспалары ғаламторда әлі бар) айтысты көрсеңіз, айтыс па, әзілкештердің бағдарламасы ма, не көріп отырғаныңызды аңғара алмай қалатын дел-сал күйде боласыз. Жарайды, айтыс ойын-сауыққа құрылған, онда астарлап әзіл айтса да болады, шындықтың өзін ирония түрінде, сатира түрінде айтуға болады делік. Тіпті, айтыс тарихын зерттеген жазушы Мұхтар Әуезовтың айтысқа берген анықтамасында: «Басқа жұртта өлең болса, мұншалықты мол болып етек алып жайылған емес. Анда-санда кездесетін шашыраған өлеңдер сияқты көрінеді. Мысалы: ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырып салма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондарда сондай, жанынан шұғылдан шығарылған ауызша өлеңдер. Айтысатын сөздері де кейде қазақ айтысында кездесетін білім талас сияқты, жұмбақ пен ой тартысы болады. Мәселен, кейбір тенсондар "адам қауымында әйелдің қандай бағасы бар" деген жайға арналған. Француз әдебиетінен басқа, ескі араб әдебиетінде "Мұғалла хат" деген өлеңдер болған, бірақ бұл нағыз айтыс емес, көбінесе өлең жарысы сияқты. Бұрынғы замандағы жәрмеңкедей ұлы жиында көп ақынның бір тақырыпқа айтқан жарысы, өлеңдері көптің сынына түсіп, соның ішіндегі ең жақсы жәрмеңкенің ең жиын, ең қызулы жеріне жібекке жазылып, ілініп қойылатын. Сондықтан "Мұғалла хат" деп – ілулі өлеңдер аталған.
Міне, өзге жұрттың әдебиетінде айтыс өлеңдердің осы сияқты түрлері болғаны рас. Бірақ мұның бірде-бірі қазақ айтысындай көпке тарап, көп жұрттың барлығын бірдей ермек қылатындай болған жоқ. Қазақтікі сияқты әдебиет тарихының бөлімі болуға жарайтындай болып етек алып тараған емес. Қазақтың кәрі, жасындай айтысты қызық көріп қызуланып, тегіс өнер қылып, жалпақ ел ұстанған емес. Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған» -деп жазылған(М. Әуезов «Айтыс өлеңдер»). Яғни, «айтыстың» өзі тек қазақ ұлтында ғана емес, негізгі мазмұны мен шарты сақталған өлең жарысы күйінде франнцуздарда да, араб әдебиетінде де кездесетіні жөнінде дерек келтірілген. Бірақ бәрінен бұрын қай өнерді болмасын сақтап тұрған оның аудиториясы екені мәлім. Сол себепті, айтысты қазақтікі етіп тұрған оның көрермендері екені де анық. Осы жерден кілт тоқтап, мына бір жайтқа мән беруді жөн көрдік. Көбіне айтыссүйер қауымның кез келген өкіліне айтыс туралы сыни пікіріңізді айта қалсаңыз, «оны халықтың бәрі көреді, халыққа сын айтпақшысың ба?» дегендей жаңсақ жауап қайтарып жататыны жасырын емес. Әрине, «халық дегеніміз – қандай да бір аумақта тұрақты дамыған немесе бүкіл жер шарын жайлаған адамдар жиынтығы» делінген анықтамалық сөздікте. «Біздің халық» деген сөз айтылса, оның құрамына Қазақстанда тұратын адамдар жатады. Ал «халықтың барлығы(басым көпшілігі) дерлік айтыс көреді» дей аламыз ба? Бұл жерде «халық» деуден гөрі «аудитория», «публика» сөздерін қолданған ұтымдырақ. Яғни, айтыс тыңдайтын, көретін, еститін, қабылдайтын белгілі бір топ. Демек айтыстың жалпы, қоғамнан бұрын оның тұрақты тыңдармандарына әсер ететіні белгілі. Әлемдік өлшеммен қарасақ, біздегі өнер түрлері(мүсін өнері, ән өнері, проза не поэзия, т.б) өзге елдермен бәсекеге түсуге қабілетті болуы мүмкін. Былайша айтқанда, түздегі қазақ баласы шынайы өнерімен, еңбегімен әлем жұртшылығын аузына қаратып, өз елімізді өзге елге таныта алады делік. Ал айтыстың(түркі халықтарына ортақ бола тұра) әлемдік көште орны бар ма? Егер айтысты «сала» ретінде қарасақ, журналистиканың балама саласына айналып кеткен жоқ па? Кез келген өнерді ұстап тұратын оның «аудиториясы» дедік.Тағы да күмәнді сұрақ... Айтысты тұрақты көретін аудиторияның сауаты қаншалықты деңгейде? Бүгінгі айтыс тек тұрмыстық шындық пен тұрмыстық проблемаларды сөз қылумен күн көріп жүрген жоқ па, көркемдік шындығынан айырылып қалған жоқ па? Міне, осы секілді сауалдар бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.
Бүгінгі мен бұрынғы айтыстағы айырма
Хош, сөзіміз нақты, сауалымыз орынды болуы үшін бүгінгі мен бұрынғы айтыстардан бір-бір ақыннан бірер мысалдарды да келтіруді жөн көрдік. Әрине, барлық айтыскерлерді сөге жамандаудан, дәлірек айтқанда, сынаудан аулақпыз. Айтыс аламанынан көзі қарақты көрермендерге үлгі боларлықтай абыройы бар Рүстем Қайыртайұлы, Ержанат Байқабайұлы, Мұхтар Ниязов секілді айтыскерлер де кезіктіруге болады. Дегенмен 2018 жылғы жетінші «Алтын домбыра» байқауында бас жүлдеге ие болған Жансая Мусинаның( Мақсат Ахановпен болған айтыс) айтыстағы сөзіне зер салып көрейікші. Мысалы, біз киелі санайтын «айтыс» өнерінде мынадай шумақтар айтылады:
Жүкеңе өкпеміз жоқ, қайта біздің,
Қайтадан әзіліміз жаңғырмай ма?
Ол түгіл қарапайым адамдар да,
Өзінің кайфын ойлап, қам қылмай ма?
Ауырын жұмысының күндіз жасап,
Тәуірін түн ішіне қалдырмай ма?
-дейді де:
Еее-ей, Мақош,
Желкенді жан емеспін бүргізетін,
Қашанда адал қылдым жыр күзетін.
Әкімім қос бөлмелі пәтер берсе,
Ақынын шалқып өмір сүргізетін.
Еркек жоқ, бірақ үйде, шын айтасың,
Махаббат айдынында бір жүзетін.
Өмірде түрлі жайлар болады ғой,
Бұл саған әзіл емес күлгізетін.
Көшкенде көп қиналдым, адам таппай,
Жиһазды орны-орнына ілгізетін.
Өткенде паровойым бір жарылды,
Кез болып екі жеңді түргізетін.
Кей кезде проводтар да үзіледі,
Оған да адам керек жүргізетін.
Көп жайдан хабарым бар, менің бірақ,
Тірі қып жетілдірді бұл қыз етін.
Сантехник, электрикке зар емеспін,
Жөнім жоқ үмітімді мүлде үзетін.
Негізі, маған плотник жігіт керек,
Шегесін майыстырмай кіргізетін,-
деп, қарсыласына жауап қайтарады. Және соны көріп отырған тыңдармандар ішек-сілесі қатқанша күле кетеді. Жарайды, қыз бен жігіт айтысы, әзіл айтыс түрінде өткен шығар. Дегенмен біз мұндай арзан сөз, арзан әзіл айтпаушы едік қой. Біздің өзімізге тән мінездегі мұңымыз да, қуанышымыз да еш арзандамағанын тілге тиек ететін едік қой. Ауылдық жерде немесе тойда айта салатын қарапайым әзіл болса бір сәрі, республикалық деңгейде өткізілген айтыста осындай арзандыққа дейін жол беріліп отыр. Тіпті, сөз саптауының өзі жүйесіз, тілі шұбалаңқы. Бір қызығы, Жансая Мусинаның осы тақырып төңірегінде айтысып жүргеніне, онымен қарсылас айтыскерлердің тиісетін тұсы да «күйеуге тимеген әйелді» келеке қылу екендігіне өткен айтыстарды қарасаңыз, бірден көз жеткізе аласыз. Тек Жансая Мусина ғана емес, көптеген айтыскерлердің кемшіліктеріне мән берсеңіз, жалаң тақырыптар мен тұрмыстық шындықты жырлаудан шаршамайтынын ұғынасыз. Көркемдік шындық, айтыстағы көркемдікке тоқталудың өзі ауыр. Бәлкім бізді толғантқан «сауатты аудитория» мәселесі, яғни, айтысты тыңдайтын айтыссүйер қауымның қызығушылығы, қабылдау деңгейі соншалықты төмендеп кеткені ме?..
Енді «айтыс қандай болуы керек?» дейтін заңды сауал туындайтыны рас. Әрине, «айтысқа» анықтама беріп, шартын айқындайтын біз емес. Десе де бүгінгі айтыстың құны арзандап, көркемдік деңгейі тым төмендеп кеткенін мына мысалдан-ақ анық байқай аламыз. Айтыс тарихында жырлары интеллектуал өреге көтерілген, сөзге жүйрік, дүлдүл айтыскерлер көп болмаса да, бүтін бір ұлтқа үлгі боларлық айтыскерлер болды. Соның бірі һәм бірегейі Қытайдың Алтай аумағы Бурылтоғай ауданында дүниеге келген Еркін Ілиясұлы еді. 45 жасқа қараған шағында өмірден өткен халықтың аяулы ақыны Еркін Ілиясұлының айтыста айтқан кейбір шумақтарын бүгінгі айтыскерлерге үлгі етіп көрсетсек, жөн болар деп ойлаймыз. Мәселен, Шұғыла есімді айтыскермен өткен өзінің бір айтысында:
Тарихта тарлан Алтай бір талмаған,
Қойныңды келдім аңсап іңкәр далам.
Сәулетті ел тағы шықтым сахынаңа,
Арында тас төрінде кір шалмаған.
Жолықты Шұғыладай тұлпар маған,
Тар жерде қашағанды бұлтармаған.
Шыққанда сәтті күні сахынаңа,
Әндерім әдіре қал шырқалмаған.(угәй-ай, угәй)
Жүрген жоқ шықпай күнім, атпай таңым,
Тұрғанда халық қолдап, жақсы айтамын.
Көрейін Шұғыламен сілкілесіп,
Мініп ап Құрманбектің ақ сайтанын,-
деп, одан кейін:
Сайысқа екеуміз де түстік бүгін,
Қарашы, қыз лебінің ыстықтығын.
Үмітін туған елдің ақтамасам,
Жоқ менің алтын түгіл, мыстық құным.
«Білім» атты нұр тартып, шырақтардан,
Сапарға ізгілікпен бір аттанғам.
Өзіме өз тірлігім сұрақ болған,
Шекеме шебер жылдар сызат салған, -
деп, өрнектей түседі. Дұрыс бақылап, бажайлап қарасаңыз, қандай теңеулер қолданылып, қандай көркем жолдар айтылғанын сезіне алар едіңіз. Одан бөлек туған жеріне деген ықыласын:
Анамның әлдиінде жатқанымда,
Бабамның өлең болып, рухы жеткен.
Тарқатып сағыныштың қошқыл бұлтын,
Өтейін нөсеріңдей сіркіреп мен.
Құштарым құздарыңа бас иеді,
Құсы мен қиялымды бір түлеткен.
Немесе
Пәктіктің жалауындай желбірейді,
Кимешек аналардың басындағы
Аймаңдай ағалар да сағындырды-ау,
Ақжарқын жеңгелердің қасындағы.
Ақынға таусылмайтын өлеңсіңдер:
Қарындас, іні-келін осындағы.
Көкөрім жас бөбектер көктей берсін,
Шаттыққа шаттық келіп қосылғаны.
Кемесінен кемеңгер үзілмеген,
Туады жүкті ғасыр не тұлғаны.
Көбеймесе, азайып көрген емес,
Ақжүрек айбоз елдің ақылманы,-
деген жыр жолдарымен жеткізеді. Тіпті, ол аз десеңіз, бір айтысынан:
Әу демнен жеңілмеудің қамын ойлап,
Ту тіктің жыр жолына Абылайлап.
Құмырсқа тас басқаны Тәңірге аян,
Өзіңнің өміріңе халық айғақ.
Әркімнің өзіне тән өнері бар,
Қайтпасын таңдайыңнан тарыдай бақ.
Мен кейде қиял мініп, адасамын,
Шабытты шабыр тал айдап.
Олар да мұңын шағып, жатад маған,
Бетіне бедеу құмның сағым ойнап,-
деп келетін әрі көркем, әрі мағыналы жыр жолдарын кезіктіре аласыз. Міне, ел аңсаған, ел күткен мәрт поэзия! Бұл тек айтыста айтылған қарапайым шумақ қана емес, кейбір жазба ақындар жаза алмайтын өлең іспеттес. Ұлттық бояуы қанық, шабысы жүйрік, таза қазақы өлең деген осы болса керек. Бұл шамамен, 2000 жылдардың басындағы Еркін ақынның айтысынан алынған жыр жолдары еді. Егер дұрыс пайымдай алсақ, көзі қарақты жұртшылық келтірілген мысалдардан айтыстың қазіргі хәл-жағдайын тым ауыр екенін, бүгінгі мен бұрынғы айтыстағы айырмашылықтың Жер мен Көктей екенін анық аңғаруға тиіс.
Сөз соңы
Біз бұнымен «айтыс» атты өнердің қадірін кетіруге, аяқасты қылуға талпыныс жасап жатқанымыз жоқ. Керісінше, айтыстың Ел атты, халықтың мызғымас махаббаты атты қорғаушысы бар екенін сезіне отырып, тек сол махаббатқа сызат түспеуін тілейміз. Ол үшін аса көп нəрсе де керек емес: ақындар өзара келісіп алып айтысуды қойса, құлқынға тəуелді болмаса, ел мүддесін есеп-қисапсыз емес, орнымен айта білсе, сыпайылықты анайылық, тапқырлықты құйтырқылық басып кетпесе, ақындар инкубатордың балапандарындай бір-бірінен аумай кетуден сақ болып, өздерінің тұлғалық имидждерін қалыптастырса, бір-бірін қайталамай, əркім өз мақам, өз келбет, өз ұстанымымен танылса, тұрмыстық шындықтан көркем шындықты биік қойса, тіл тазалығын сақтаса... Адал болса! Айтыс өнері қай ғасырда болмасын, өзінің мән-маңызын жоғалтпасы анық. Егер осы аталған өлшемдерді ескермесе, жазба поэзияның бағын байлап, қоғамның ой-өрісін артқа тартпаса екен дейміз...