Бір жыл бойы қоғамдық-мәдени тақырыпқа айналған Қазақ хандығының 550 жылдығы тарих қойнауына кетті. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырып 2015 жылдың хит парадына айналды. Бұл тақырып саябырсып, тілшілер назарын тыс қалған шақта елдің назары мерзімінен бұрын өтетін сайлауға ауды.
Қош, сонымен 2016 жылдың 13 қаңтарында Қазақстанның саяси тарихында елеулі оқиға орын алып, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің үш фракциясының басшылары Мәжілістің 5 шақырылымын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы өтініш білдірді. Бұл бастаманы түрлі қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік институттар, әр түрлі сала маманындағы сарапшылар, фракция мүшелерінің депутаттары қолдап, пікірлерін білдіріп жатыр.
Елбасы да мәселе төңірегінде консультация өткізу үшін алдымен Қ. Жақыповпен пен К. Мәсімовты, сосын Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты, сондай-ақ Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговтарды қабылдады. Елбасы Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында, сарапшылар арасында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатқанын айтты.
Дегенмен өтетін сайлау өтеді. Ендеше науқан барысында саяси партиялардың Мәжіліс шақырылымдарында жинаған партиялық тізімдеріне қысқаша тоқталып өтсек.
Алғаш саяси партиялардың аламанға қосылуы екінші шақырылымнан жүзеге асты. Жаңа ғасырға аяқ басар тұста Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгерістер мен жаңартулар болды. Соның негізінде, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау өтті. Алғаш рет саяси партияларға тең өкілеттік беріліп, партиялық тізім бойынша Парламентке сайлану мүмкіндігін берді. Осындай жаңалықтардың нәтижесінде бұл сайлау парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру процесін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. Екінші шақырылымға 10 саяси партия қатысты. Жеті проценттік өлшемді еңсерген төрт партия: «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері Парламент Мәжілісіне сайланды.
Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін сайлау 2004 жылғы қыркүйекте болып өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты. Сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 77 депутат сайланды. Сайланған парламентарийлердің жалпы санынан 59 депутатты саяси партиялар ұсынды. Оның ішінде «Отан» республикалық саяси партиясы 42 мандаттық орынға ие болды. «АИСТ» сайлау блогынан – 11. «Асарлықтар» төрт орынды иеленді. «Ақ жол» мен Қазақстан Демократиялық партиясынан бір-бір орыннан тиді.
Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сол жылғы тамызда өтті. Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 депутаттан құралды. Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамыздағы сайлауда 7 проценттік барьерді тек «Нұр Отан» республикалық халықтық-демократиялық партиясы ғана еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Палатадағы 9 орын Қазақстан халқы ассамблеясы 2007 жылғы 20 тамызда сайлаған депутаттарға берілді.
Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 7%-дан астам дауысына ие болып, Парламент Мәжілісіне өтті. «Нұр Отан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан 8 депутат, ҚКХП-дан 7 депутат Парламенттік мінберге отырса, Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 депутат тізімге ілікті.
Қорыта келе, бесінші шақырылымның Мәжіліс Төрағасы келтірген сандық мәліметтерге жүгінсек, 2015 жылы Мәжілісте 3 Палаталардың бірлескен отырысы, 38 жалпы отырыс, 5 үкіметтік сағат өтті. Ағымдағы жылы Мәжіліс қарауында 210 заң жобасы болды. Оның 158-і мақұлданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 заңға артық. 2013-2014 жылдары депутаттар 10-14 заңға бастамашы болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 25-ке жетті. 2015 жылы екі мыңға жуық жұмыс топтарының отырысы және үш жүзден астам комитеттер отырысы өтті. Үкімет пен мемлекеттік органдар атына 159 депутаттық сауал жолданды.