Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бірінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан

9238
Бірінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан  - e-history.kz

1918 жылдың 11 қарашасы – Бірінші дүниежүзілік соғыстың ресми аяқталған күн.

1914 жылы 28 шілдеде басталып, дәл осы күні аяқталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Антанта одағы мен Үштік одақ мемлекеттері арасында жүріліп, Антанта одағының жеңісімен аяқталды. Әлемдік державалар арасындағы жер мен табиғи ресурстарды бөлісуге қатысты туындап шиеленісе түскен өзара текетірестердің соңы алапат соғысқа әкеліп тірейтіні белгілі болатын. Оған кішкентай ғана себеп жетпей тұрған еді. Ақыры табылды. 1914 жылы 23 маусымда Сербия астанасы Сараевода Австрия тағының мұрагері Франц Фердинанд ханзаданың өлтірілуі ғаламдың соғыстың «сыныққа сылтауы» болды. Германияның қолтыққа су бүркуімен Австро-Венгрия 28 шілдеде Сербияға соғыс жариялады. Германия көп кешікпей Ресейге, Францияға, ал Англия Германияға қарсы соғыс жариялады. Еуропа мен Азия және Африканың 19 мемлекеті қатысқан бұл соғысқа барлығы 70 миллиондай адам қатысып, 10 миллион әскери қаза тапқан. Азаматтық тұрғындармен қоса алғанда жалпы 18 миллионнан астам адам қаза болған бұл соғыстың ауыр зардабы мен салдары Ресей патшалығы құрамындағы қазақ даласын айналып өткен жоқ. Енді осы жөнінде тоқталып өтелік.

Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс қазақ даласына аса ауыр зардаптар әкелді. Аталған соғыстың басты қатысушыларының бірі Патшалық Ресейдің құрамындағы қазақтар мекендеген өлкелер майданды шикізатпен қамтамасыз етуге жұмылдырылды. 

Соғыс қажеттілігі үшін халықтан алынатын алым-салықтың мөлшері бейбіт замандағымен салыстырғанда 4 есе көбейтілді. Салықтың түрі онға жетті. Қазақстан аумағынан майданға ет, киіз, мақта, сабын, балық, мақта майымен қатар күш-көлік, мініске деп 70 мың жылқы, 13 мың түйе жөнелтілген. Баспана ретінде 14 мың киіз үй алынған. Қазақстан аумағындағы кенорындары соғыс жағдайына жұмылдырылып, көмір, мұнай өндірістеріндегі жұмысшылардың жұмыс күні ұзақтығы 14 сағатқа жетті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы күйзеліске ұшырады. 

c9f221be71767f706615df603a9f8abb.jpg

Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары Қазақстанда. Ырғайты өзенінің үстіне көпір салу сәті (Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Қазақ жеріне Үштік одақтың 230 мыңдай әскери тұтқындары әкелініп орналастырылды. Әскери тұтқындар өндіріске, жол салуға т.б. пайдаланылды.

Соғысқа байланысты жағдай ауырлай түскен уақытты Ресей патшасы ІІ Николай 1916 жылы 25 маусымда Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы» жарлық шығарды. Ресей бодандығына кіргеннен бері мұндай жаппай шақырылым болмаған еді. Осы жарлық себебінен Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтеріліс басталды. Бұл тек майданға қара жұмысшы болып баруға ғана қарсылық емес еді. Жердің тартып отаршылар есебіне алынуы, алым-салықтың шексіз көбеюі, ұлтараздық, шовинизмнің асқынуы – көтеріліске түрткі болды.

Айта кетерлігі: майданға қара жұмысшы алу туралы жарлыққа қатысты қазақ зиялыларының пікірі екіге жарылды. Бір тобы ортақ отанды қорғау жолында қарап қалмай, майданға аттанып, соғыста окоп қазу жұмысын атқару керек дегенді қолдаса, екінші бір тобы үзілді-кесілді қарсы болды. Осыған орай майданға аттанғандар да болды. Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы осы жағдайға құрылған. Патша билігінің шектен шыққан озбырлығына ашынған халық бұқараны бастап Амангелді Иманов, Бекболат Әшекеев қатарлы көтеріліс көсемдері қазақ даласының әр өңірінде қарулы қимыл-әрекетке көшті. 

Майданға барудан гөрі отар өлкеде қақтығыстар тудырып, көтеріліс ошағын басу үшін жазалау жорығын жасау үшін Жетісу облысының генерал-губернаторы Фольбаум сияқтылар арандатушылыққа барды. Көтерілісті күштеп басып-жаншу үшін патша армиясы мен келімсек жасақтары мұздай қаруланып, халықты қынадай қырды. Нашар қаруланған, күш тең емес жағдайдағы көтерілісшілер жеңіліске ұшырап басшылары аяусыз жазаланды. Жалпы есеп бойынша, 16 жылғы көтеріліс барысында қаза табу, шетке ауып кету салдарынан қазақ халқына келген адам шығыны бір миллионнан асқан екен. Мұның бәрі де Бірінші дүниежүзілік соғыстың себебінен туындаған салдар болатын.

d60827c46591adc825df6d584d16f35d.jpg

Тұтқындардың Нан пісіретін және сақтайтын орын 1915 жылғы 24 қыркүйек (Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Аталған соғыстың нәтижесін болашақ әлемдік супердержава Америка Құрама Штатттары көрді. Соғысушы тараптарға әскери техника мен қару-жарақтар, азық-түлік, күш-көлік, ақша-қаражат тарату арқылы есепсіз байлыққа кенелген АҚШ империалистері бұдан былай әлемдік гегемонияны қолына нық ұстайтын деңгейге келді. Әлемдік геосаясаттың тетігі АҚШ қаржылық топтарының қолына көшті. Бірінші дүниежүзілік соғыс Еуропадағы Германия, Ресей, Осман, Австро-Венгрия империяларының ыдырауына әкелді. Қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымына негіз болған Ұлттар Лигасы құрылды. 

1918 жылы 11 қараша күні таңғы сағат 5.00-де Одақтастар армиясы мен Германия тарапы «Armistice» шартына қол қоюымен Бірінші дүниежүзілік соғыс тоқтағанымен, келесі жылдары бес миллионнан астам адам осы соғыстың зардабынан қаза болған деген мәлімет бар. Ресейде басталған Азамат соғысы жылдары бір миллионнан астам қазақ аштан өлген алапат нәубет те ұмытылуға тиіс емес.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?