Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

2022 жылғы мерейтойлар мен атаулы күндер

3020
2022 жылғы мерейтойлар мен атаулы күндер  - e-history.kz

2022 жылы елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар болатынын назарларыңызға ұсынамыз.


Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл

Орта жүз Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан Қазыбек би 1665 жылы Қарқаралы өңірінде дүниеге келген. Оның әкесі — Келдібек би.

Қазыбек би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшесі ретінде түрлі ел арасындағы дауларды шешуге атсалысқан.

Естеріңізге салайық, 2017 жылы Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толуына арналған мерейтой бидің ата қонысы – Егіндібұлақ ауылында өтті. Сондай-ақ мерейтой аясында ел аумағында түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл

Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңіріyде туып, 1871 жылы дүние салған.  Жырау алғыр, зерек болып өседі. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды.

Көрнекті ақынның шыққан тегі – Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Қаракерей сыбан руы.

Дулат Бабатайұлы - зар-заман ақындарының көрнекті өкілі. Өлеңдері ел ішінде көп тарап, шығармалары дидактикалық негізде жазылған.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 220 жыл

Кенесары Қасымұлы (1802-1847) - мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.

Естеріңізге салайық, 2021 жылдың жазында Кенесарының бас сүйегі Омбы қаласындағы музейлердің бірінен табылғаны туралы ақпарат тарады. Оның түпнұсқалығын құжаттар, атап айтқанда экспонаттың төлқұжаты растап отыр. Онда экспонаттың шығу тарихы, қайдан және қандай жағдайда табылғаны, кімге тиесілі екені, сыртқы түрі мен мөлшері жазылған. Алайда жәдігерді толыққанды растау үшін кейбір құжаттар жеткіліксіз, сондықтан генетикалық сараптама қажет.

Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы

Әсет Найманбайұлы (1867-1922) - қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші-композиторы. Қарқаралы уезінің Темірші болысының 8-ші ауылында, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген.

Әсет әнші - ақын өз жанынан өлең шығарып айтуымен қатар, өз өлеңдеріне ән де шығара білген ақын.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл – 8 желтоқсан 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді.

Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл

Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен.

Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Мұхтар Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған: трагедия, комедия, драма да бар.

Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді.

Қазіргі таңда қаламгердің шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылған. Франция, Англия, Бельгия, Германия, Испания, Венгрия, Въетнам, Моңғолия секілді біршама елдің әдебиет сүйер қауымы Ғабит Мүсірепов шығармаларымен танысып шығуға мүмкіндігі бар. Оның 295 шығармасы орыс тілінде басылып шықты.

Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл

Мұстафин Ғабиден (1902-1985) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұрынғы Ақмола облысының Нұра өзенінің жағалауындағы Сарытөбе атты жерде (қазіргі Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданы) дүниеге келген.

Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған.

Еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, ғылым академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.

Шара Жиенқұлованың 110 жылдығы

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Әкесі Баймолда күллі Жетісу өңіріне әйгілі молда адам болған.
Шара Жиенқұлова он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған. 

1934 жылы өз жұмысын Музыкалық драма театрында (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ опера және балет театры) жалғастырды. Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында бой көрсетті.

Зейін Шашкиннің 110 жылдығы

Зейін Жүнісбекұлы Шашкин - 1912 жылы 31 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген жазушы. 1930 — 1933 жылдары Мәскеудің Тарих, философия және әдебиет институтында (МИФЛИ) оқыған. 1933 — 1937 жылы Қарағанды қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Семей педогогиялық институтында, ҚазПИ-де (қазіргі ҚазҰПУ) оқытушы, 1949 — 1955 жылдары Көкшетаудағы Бурабай санаторийінің Бармашы (қазіргі “Светлый”) пансионатында дәрігер, ал 1955 — 1956 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші қызметтерін атқарған. 

Жұмағали Саинның 110 жылдығы

Саин Жұмағали (1912–1961) Көкшетау облысы, Арықбалық ауданы, «Баян» көлінің жағасында туған. Жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Жетіжылдық мектепті бітірген соң, бірнеше жыл ауылда сауатсыздықты жою ісіне араласқан. 1930 жыл Мәскеудегі «Цветметзолото» институтында, 1930–1932 жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болып істеген.

Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі - Мәнсия) - 1922 жылы Орал облысы Орда ауданында туып, 1943 жылы қазанның 16-ы күні майданда қаза тапты.

Қаһарман қазақ қызы - Кеңес Одағының Батыры (1944). 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі, кейін Мұқыш ауылы деп аталған елді мекенде туған.

Әзілхан Нұршайықов 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері мен әңгіме, очерктері майдан кезінде республикалық, облыстық газеттерде басылды.

Роза Бағланованың 100 жылдығы

Роза Бағланова Қызылорда облысының Қа­залы қаласында 1922 жылы туған. Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін да­мытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем ха­лық­тарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Аса танымал эстрада әншісі Роза Бағланова қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қыз­мет жүргізді.

Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығы

Авиация генерал майоры, Кеңес одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысына қарасты Қорғалжың ауданындағы Майбалық деген шағын ауылында дүниеге келген. Бірақ, кейіннен оның отбасы қазір Қырғызстанның астанасы болып, Бішкек деп аталған Фрунзеге көшіп кетеді.

1943 жылдың басында Талгат Бигелдинов он тоғыз мессершмиттке қарсы тұрып, тең емес күрес жүргізді. Сол кезде ол жау жеріне тоқтауға мәжбүр болып, жанындағы мергенімен бірге екі аптада кеңес әскеріне аман-есен жетеді. Талғат Жақыпбекұлы өзінің алғашқы «Алтын жұлдыз» медалі мен Кеңес Одағының Батыры атағын 1944 жылы алды.

Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығы

Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Торғай ауылында туған. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты бала күнінде туған жерінен жырақтап, Қызылорда облысына қоныс аударған. Сыр елі Сырбайды жатсынбады, керісінше ақындық шабытына шабыт қосты. Сырбай Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтың авторы. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жырланады.

Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы

Сафуан Шаймерденұлы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім, Армия қатарында болды. 1942–1943 жж. Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942–1945 жж. «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958–1960 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970–1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған.

Дәуітәлі Стамбековтің туғанына 75 жыл

Дәуітәлі Стамбеков 1947 жылы 26 қаңтарда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қоңырат ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетін бітірген (1974). Ақын 1999 жылы Халыкаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты атанған.

"Арқа еңбеккері" аудандық газетінде аға әдеби қызметкер, республикалық жастар газеті "Лениншіл жаста" (қазіргі "Жас Алаш"), республикалық "Қазақстан пионері" (казіргі "Ұлан") газетінде, "Жазушы" баспасында, "Егеменді Қазақстан" газетінде қызмет атқарған. Алғашқы өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде жарық көрген. Оннан астам  жыр жинағы мен аударма кітаптары жарық көрді. Солардың ішінде "Алтын бесік", "Мазасыз маусым", "Нұрлы әлем", "Бұлақтар даланы аңсайды", "Жұмағым мен тұмағым" атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының авторы. Ол орыс классиктері мен достас елдердің айтулы ақындарының өлеңдері мен поэмаларын аудармасында үлкен үлес қосқан. Б. Кенжеев, Б. Қанапияновтардың кітаптарын қазақ тіліне аударған. "Жалын" баспасы ұйымдастырған жабық байқаудың бірнеше дүркін жүлдегері. Ақын 1999 жылы 7 маусымда Алматыда дүниеден озды.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл

Н. Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Сол күні Президент резиденциясы мен Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің алдына Мемлекеттік ту тігіліп, елтаңба ілінді. 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. Сонынан мемлекеттік рәміздер туралы ереже 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» арнайы конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен айқындалды. Тудың авторы — суретші Ш. Ниязбеков, елтаңбаның авторлары — Ж Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.

Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 30 жыл

1992 жылдың 2 наурызында «Қазақстан Республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдау» резолюциясында Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің 1992 ж. 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы ұсынысын және еліміздің өтінішін қарастырып, Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы шешім шығарады.

Осылайша еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Әлемнің картасында Ұйымның 168-ші мүшесі болып кірген жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл

1992 жылы 7 мамырда сол кездегі Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.

baq.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?