Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Итальяндық сәулетші Микеле Дельмединоның Оралдағы қолтаңбасы

1359
Итальяндық сәулетші Микеле Дельмединоның Оралдағы қолтаңбасы - e-history.kz

Уақытында ең әдемі сәулетті үй саналған, әлі күнге дейін қалаға алғаш келген қонақтардың назарын аударатын көне ғимараттар Орал қаласының тарихи келбетінің қалыптасуына ықпал етті. Бұл тұрғыда итальяндық сәулетші Микеле Дельмединоның есімі әредік айтылып қалады. Бұл есімді қала тарихымен тікелей байланысты десек те артық емес. Әсіресе, қаланың қақ ортасындағы үш бірдей ғимараттың тарихы туралы айтылған кезде Микело Дельмединоның есімі міндетті түрде аталады. Бұл - Атаман үйі, Мизиндер үйі, Михайло-Архангельск соборы. Бұлар әлі күнге міні құрамаған, керісінше уақыт өткен сайын тарихи маңызы арта түскен сән-салтанатты ғимараттар.

Бір кездерде осы Атаман үйінің сыртында «Бұл үйге Владимир Даль, Алексей Толстой, Василий Жуковский, Владимир Короленко тоқтаған» деп жазылған тақтайша ілініп тұратын. Осылайша қазақтың жері Оралға заманында өте беделді адам болған ақын Гавриил Державин, әйгілі мысалшы Иван Крылов, украин ақыны, суретшісі Тарас Шевченко, орыс жазушысы, театр сыншысы Алексей Плещеев, кеңес жазушысы Константин Федин, кеңес заманының саяси қайраткері Дмитрий Фурманов, жазушы Михаил Шолохов т.б. ат басын бұрып, аялдаған.

 

Микеле Дельмедино

 

Дерек көздеріне қарағанда итальяндық сәулетші Микеле Дельмедино 1821-1831 жылдары Оралда казак әскерінің құрамында фортификатор әрі әскери сәулетші болып қызмет еткен. Ол қалай Оралға тап болған?

Мәліметтерге қарағанда, 1821 жылы Оралдың басқы көшесіндегі казак әскери бөлімінде үлкен өрт болып, қаланың көп бөлігі отқа оранады (алғашқы алапат өрт 1807 жылы болып, түк қалмай жанып кеткені туралы ол бөлек әңгіме). Ол кезде қаладағы үйлердің басым бөлігі ағаштан салынған хуторлар болған екен. Қаланы қалпына келтіру үшін әскери атаман Бородин Петербургтен итальяндық сәулетші Микеле Дельмединоны арнайы шақыртады. Кейбір құжаттарда сәулетшінің есімі Михаил Филлипович болып көрсетілген деген дерек бар. Осы Михаил Филлипович деген итальяндық азамат штаттық кестеде әскери фортификатордың яғни Жайық өзенінің шекаралық бекеттеріндегі жорықтық құрылыс пен бекіністердің маманы деген лауазымға тағайындалады. Бірақ, оның негізгі міндеті Оралдың келбетіне сәулеттік жаңа түр беру болды. (Фортификатор деген соғыс барысында қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін көтеруге қатысатын, жалпы соғысқа қатысты ереже мен практиканы қамтитын әскери-инженерлікті меңгерген адам, яғни Дельмедино стратегиялық-тактикалық соғыс жоспары бойынша әрекет ететін қолға түспейтін маман ретінде шақырылған), Оның сәулетшілік өнерінен қала келбетін кіргізуде пайда мол болғаны анық. Әлі күнге дейін Пугачев алаңынан Абай алаңына дейінгі аралықтағы көрік беріп тұрған құрылыстар осы сәулетшінің еңбегі саналады.

 

Атаман үйі


Оралдағы Атаман үйінің тарихы қызықты. Совет жылдары бұл ғимарат пионерлер үйі болып тұрды. Қазіргі уақытта ғимаратта ішкі істер басқармасының госпиталі мен әдебиет музейі орналасқан. Ол музейде осы үйдің иесі болған атаман Бородиннің портреті ілінген. Ол портретті суретші Тропинин деген суретші салған екен. Кезінде буржуазияның элементі ретінде қабылданған палаццоны совет билігі сүріп тастамақшы болған екен, бірақ, ол үйге үш күнге болса да Пушкиннің тоқтағаны туралы дерек әсер етіп қалдырған. Солай бұл ғимарат сүрілуден аман қалған. 2013 жылы Қазреставрацияның Батыс Қазақстан филиалы 200 жылдық тарихы бар арканы жөндеуді қолға алып, арканы әуелі бұзып, сосын қайтадан жинақтаған, себебі, ол біреудің басына түсіп кетуі қаупі болған.


дом атамана.jpg


Ол заманда өрт көп болған сияқты, кезекті бір өрт кезінде Бородиннің өз үйі өртеніп кетеді де, Микеле Дельмедино атаманның жаңа резиденциясын салуға кіріседі. Дельмедино атаманның үйін саларда итальяндық палаццо үлгілеріне сүйене отырып, ғимаратты ортасын портик, екі шеттерін колоналы ашық галерея ретінде салған. Портик әдетте сәулет өнеріндегі ғимараттың тірек элементтері ретіндегі шығып тұратын бөлігі, о баста ежелгі грек сәулетшілері жасаған бұл үлгімен ортағасырлық Еуропадағы шіркеулер мен сарайлардың қасбеттері безендірілген. Бастапқыда ғимараттың құрылымына бүйір шыға беріс пен портикке жапсарлас салынған бағаналар арқылы ұстатылған балкондар болған. Ресей тарихшысы Витевский Бородиннің осынау сәулетті үй-жайы турасында: «Оның үйі Оралдағы үйлердің ішінде көлемі жағынан да, сәулеті мен жасау-жабдығы жағынан да ең кереметі болды. Бородин ештеңеден таршылық көрмей, өте ықпалды герцог сияқты өмір сүрді. Жаздың кешкі ашық күндерінде оны гүлдермен әсемделген балконнан көруге болатын» деп жазған екен. Ал енді итальяндық сәулетшіні шақыртып, өзіне келісті үй салдыратындай Бородин деген кім еді? Бұл туралы айтсақ, тарихқа шегініс жасаймыз.

Оралдық казактардың әскери қабілетін сол кезде генералиссимус Александр-Васильевич Суворов-Рымникский өте жоғары бағалаған. Оның бастауымен 1798-1800 жылдардағы итальян және Швейцар жорықтарында генерал-лейтенант Римский-Корсаков корпусының құрамында полковниктер Бородин мен Лициновтың екі атты полкі қатысады. Давид Бородин екі рет Орал казак әскерінің әскери атаманы болып, сондай-ақ, Суворовпен бірге шыққан жорықта жорық атаманы болып көзге түседі.

 

Бұл үйде Пушкин үш күн болған


Бородин қайтыс болғаннан кейін оның үйін жесірінен сатып алып, Орал әскери атаманының қонақ күтетін ресми резиденциясына айналдырады. 1833 жылы Покатилов деген атаман осы үйде орыс ақыны Александр Сергеевич Пушкинді қабылдайды. Пушкиннен бұрын Крылов болған. Өйткені оның әкесі Орал қалашығы комендантының көмекшісі болған да, оқиғаны көзбен көрген. лексикограф, этнограф Дальдің өзі біздің өлкеге бірнеше рет келген. Ол кезде оның генерал-губернатор Перовскийдің тұсында әскери қызметте болған кезі екен, қызметте болған сегіз жылда Оралға бірнеше рет келіп, көбіне Жәңгірдің хан ставкасында болған. Даль Пушкинмен жақсы араласқан. Ол Пушкинге Оралға келсе Пугачев бүлігі туралы көп мәлімет алуға болатыны туралы айтқан. Үш жылдан соң Пушкин Оралға келеді. Пушкин Оралда бар болғаны үш күнге тоқтаған. Соның өзі тарихта жазылып қалған. Ақын 1883 жылы күзде яғни 21-23 қыркүйекте келіп, кейін бұл туралы «Капитан қызы» мен Пугачев бүлігінің тарихы» еңбегінде айтып өтеді. Пушкин сол үш күн ішінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Пугачев бүлігіне қатысты деректерді ыждағатпен жинастырады. Кезінде ақын Марина Цветаева бұл туралы: «Пушкин Пугачев туралы бірыңғай жадағай дерекке өзінің поэзиясымен өң беріп, жандандырды, тірілтті. Тарихи шығарма жаза отырып, оны көркемдік деңгейге көтерді» деп пікір білдірген екен. Жергілікті тұрғындармен сөйлесе келе Пушкин Мәскеу архивіндегі көрсетілген Пугачевті емес, елдің есінде қалған бейнені тудырады. Сол замандағы ол сөйлескен казак әйелдерінің бірі әлі күнге Пугачев заманынан қалған етікті киіп жүргенін айтса, екінші біреуі «ол, мүмкін, сендер үшін қарақшы шығар, біз үшін ол патшамыз Петр Федорович» деп жауап береді. Ақын ең қызықты деректі Пьянов деген казактың 95 жасар ұлынан алған. 95 жасар куәгердің айтуынша, 1772 жылғы қарашада Пугачев Оралға алғаш келгенде солардың үйінде уақытша пәтерде тұрған. Оның айтқан әңгімелері кейін романда берілген. Орал Пушкинге ұнағаны сондай, тіпті кейін тағы да келмекші болады дейді өлкетанушылар. Ол әйеліне «Менің соңғы хатым Орынбордан жазылған. Мен сол жерден Оралға кеттім. Атамандар мен казактар мені өте жақсы қарсы алды, алдыма жаңа дайындалған қара уылдырық қойды» деп хат жазған екен. Бүгінгі таңда осы Атаман үйінде Пушкиннің музейі бар. Өлкетанушы Анатолий Трегубовтың айтуынша, арада 52 жыл өткенде кездейсоқтық па, Пушкинмен алты жыл некелесіп, ақын қайтыс болған соң Ланскаяға күйеуге шыққан Наталья Николаевна Пушкина-Ланскаяның қызы Софья Ланская Орал казак әскерінің атаманы Шиповқа күйеуге шығып, осы үйде сегіз жыл тұрған. Генерал Шиповтың кезінде салтанатты түскі астар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, оған Федор Шаляпин қатысқан.

Бір қызығы, Пушкиннің Оралға келгені туралы ешбір құжатта көрсетілмеген. Ақынның Оралға келіп-кеткенін оның шығармасы арқылы ғана білеміз. Пушкин 1836 жылы «Мен дәуірдің басты оқиғасы өткен жерде болып, көнекөз қариялардың айтқандарын хатқа түсіріп, өзімде бар құжатты тексердім» деп жазған. Ақын сол келген сапарында қазақтар жайлы да сұрастырған болу керек, себебі, Пушкин қайтыс болғанда оның жеке мұрағатынан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыр-дастаны табылған. Кейін бұл дастанның мәтіні 1837 жылы «Пушкин комиссиясы хабарында» жарияланады, бес бетті түгел алған жазу ақынның өз қолы емес, басқа біреудің жазуы болған. Оралдың өлкетанушыларының бірі Н.Чесноков оны қазақша білетін казак жазып берген десе, кейбір өлкетанушылар жырдың үзіндісін оған Жәңгір хан ставкасындағы орысша білетін адамдар жазып берген болуы да әбден мүмкін деген болжам айтады. Оралдағы пушкинтанушы Н. Щербанов «ақынның көп қағазының ішінен осы дастанның табылуының өзі - ақынның қазақтың ұлттық дүниесіне қызығушылығы болғанын дәлелдейді» дейді. Бүгінгі күні Пушкин музейінде фаэтон тұр. Оның да өз тарихы бар. Ана жылдары осы музейдің ашылуы Ресей президенті В.Путиннің келуіне орайластырылған. Жергілікті шеберлер Пушкин заманының лебін беру үшін арнайы фаэтон жасап, онда екі ел президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин серуендеуі тиіс болған, бірақ күзет қызметі бұл идеяны құптамағандықтан ат жегілген фаэтон президенттерді тек есік алдында қарсылаған. Одан кейін соншама еңбекпен жасалған фаэтонның қажеті болмай қалған. Кейін оны облыстық өлкетану музейінен алып Пушкин музейінің бір бұрышына орналастырған. Оралға барып, жергілікті өлкетанушыларды тыңдасаңыз, Пушкин Оралға келгенде қасында Владимир Даль болған ба, болмаған ба дегенге әлі күнге дейін таласады. Біреуі Даль Пушкинді Орынбордан қарсы алып, Оралға әкеліп, қасында жүрген десе, енді бірі жоқ, олай емес, Пушкин өзі келген дейді. Кейбір зерттеушілер Пушкин Оралға кезекті экспедицияға барып жатқан натуралист-ғалым Карелинмен бірге барған дейді. Бұл туралы Орынбор архивінде де көрсетілген.


Толстой да келген


Атаман үйіне келген қонақтар туралы ел жадында қалған деректерге кезек берсек. 1837 жылы атаманның резиденциясына тақ мұрагері, болашақ император Александр Николаевич өзінің қамқоршысы, ақын Жуковскиймен бірге келіп түседі. 1862 жылы жазушы Лев Николаевич Толстой келеді. Бірақ жазушының не мақсатпен, неше күнге келгені туралы нақты дерек жоқ. Осы кезеңдерде көршілес Самарада болып, қымыз ішіп емделгені туралы ғана айтылады. Бір деректе жазушы Қырым соғысында жолдас болған атаман Аркадий Столыпинге келген. Бұл туралы Лев Николаевич өзінің 1862 жылғы 28 маусымдағы қолжазбасында жазған. Жазушыға Столыпин досының Оралдың мәдени өмірінде қандай бетбұрыстар жасап жатқанын өз көзімен көргені қызық болған. Бұл жерде Столыпиннің де заманында өте белгілі адам болғанын айта кету керек. Ол кезінде алғашқы театрды, кітапхана, музыкалық мектеп, типография ашқан адам. Досы жазушы Толстойды өзінің саяжайында қарсы алған екен. Ол саяжай қазіргі қаладағы ең үлкен мәдени-демалыс орнына айналған саябақ көрінеді. Онда 1840 жылы Столыпиннің өз қолымен еккен емені әлі күнге сақталған дейді. Столыпиннен қалған белгі – Батыс Қазақстан университетінің арт жағында әлі күнге дейін сақталып, қалаға көрік беріп тұрған ротонда. Ғалымдар Л.Толстойды кейін 1906 жылы «За что?» деген шығармасын жазғанда Орал жұртшылығынан естіген әңгімелерін негіз етіп алған дейді

 

Михайло-Архангель соборы


Қаланың сол кездегі негізгі күретамыры саналатын көшенің аты болмаған. Кейін бұл көше Михайло-Архангельск соборының атымен Үлкен Михайловск аталады. Күретамыр болатыны – барлық өмірге қажетті ғимараттар осы көшенің бойында, халық та осы көшеде жиылады екен. Ескі собор деп аталатын бұл собордың тарихы әріде. Деректерге қарағанда, 1705 жылдары бұл жерде ағаштан салынған мешіт болғанымен, кейін оны біреулер өртеп жібереді. Деректерде ескі мешіттің өртелген жылы 1723 жыл деп көрсетіледі. Ал 1725 жылы қаланың тұрғындары өзара ұйымдасып, жаңадан ағаш шіркеу салады. Арада жылдар өткенде 1741 жылы Михайло-Архангельск соборы құрылған. Жергілікті казактар бұған ынтымақпен кірісіп, алдымен кірпіш зауытын салады. Новгородтан арнайы шебер алдырған (бірақ неге екені белгісіз, шебердің аты-жөні кім екендігі туралы дерек қалмаған). Осылайша Псков-Новгород стилінде салынған ғимараттың құрылысы алты жыл өткен соң аяқталады. Шіркеуді ерекшелендіріп тұратыны – готикалық стильдегі төртқабаттық шіркеу мұнарасы.


михайло-Архангелск собор.jpg


Ал М.Дельмединоның Орал сәулетіне сіңірген еңбегінің ішіндегі көрнектісі, басты жобасы – собордың тастан жасалған шіркеу мұнарасын тұрғызғаны. Ғимаратты сәулеттік жағынан безендіру кезінде XVIII ғасыр басындағы бірегей сәулет элементтері пайдаланылған.


Мұнараны жарған кім?


1774 жылы Пугачев көтеріліс болғаны белгілі. Осы себепті қалада Пучачевпен қатысты тарихи дерек баршылық. Оның бірі Пугачев бастаған казактардың қаланың гарнизон бекінісін басып алу мақсатында шіркеу мұнарасын жарып жібергені туралы дерек. Сол кезде Екатерина патшайымның мыңдаған әскері осы жерде паналаған деген дерек бар. Кейін Пугачевті тұтқынға алғанда осы Михайло-Архангельск соборына қамайды. Пугачевті темір торға салып Мәскеуге жеткізіп, соттап, артынша басын алғаны тарихтан белгілі. (Екінші дерек, Пугачев тұрған үйге қатысты. Бүгінгі таңда Пугачев музей-үйі қаланың ең тартымды туристік орындарының бірінен саналады. Бұл ең ескі үйдің бірі. Негізі бұл үй оныкы емес, Пугачевке он жеті жасар қызын берген Петр Кузнецов деген казактың үйі делінеді. Бұл ескі үй бірнеше бөлмеден, сарай мен ат қорадан тұрады. Емельян Пугачев III Петрмін деп өзін император ретінде көрсеткені белгілі, оның үйінде ешқандай шеге қолданбай жасаған тақ сақталған. Сонымен бірге келушілердің назарын аударатын былғары қолғап бар, бұл алтын жіппен тігілген былғары қолғап. Оны II Екатерина Пугачевті жазалау үшін Мәскеуге жеткізген атаман Бородинге сыйлаған екен).

1917 жылдан бері собор бірнеше рет ашылып-жабылған да, 1940 жылы мүнда дінге қарсы ұйым ашылып, артынша үш жылдан соң діндарларға қайтарылып берілген. 1961 жылы собор жабылып, 1966 жылдан 1988 жылға дейін бұл жерде облыстық өлкетану мұражайы жұмыс істеген. Сол жылы Русьті шоқындырудың 1000 жылдығының аталып өтілуін пайдаланып, жергілікті діндарлар сол кездегі қалалық кеңестің Атқару комитетіне өтініш беріп, келер жылы ғимарат діндарларға қайтарылған. 18-ғасырдың сәулет ескерткіші саналатын собордың алтындатылған күмбезі алыстан жарқырайды.

 

Мизиндер үйі


Дельмедино атаман Бородиннің үйімен қатар бір мезгілде жаңа ғимараттың құрылысын бастайды. Бұл осы аймаққа белгілі казак старшинасы тұқымына жататын өкілі Мизин деген адам болатын. Оралда Мизиндер - үрім-бұтағы жайылған әулет болған. Әлі күнге дейін сақталып келе жатқан бұл үйді колонналы үй деп атайды. Полковник Стахия Мизиновтің бұл үйі шынымен де төрт бірдей бағандарымен, қасбетінде шығып тұрған шойын торшаларымен көрікті. Жүзбасы Дмитрий Мизинов пен оның ұлы он бес жасар Стахий Бородин полкінде болады. Оралдың өлкетанушысы Н. Савичев бұл турасында «ұлдарды танымдық спектакльге алып баратыны сияқты, ертеде офицерлер өздерінің әлі ержете қоймаған балаларын соғысқа алып шығатын болған» деп жазған. Сәулетші Дельмедино атаманның үйін қалпына келтіріп, Мизиндердің үйін салып жатқан кезде осы Стахий Дмитриевич полковник болған.


Дом_Мизиновых_в_Уральске.jpg


Деректерге қарағанда, Покатилов пен Мизиновтар келіспей қалып, екі арадағы шиеленістер ушығып, Мизиновтарды Балтық жағына жер аударып жібереді. Бірақ 1839 жылы Перовскийдің бастамасымен кері қайтарылады. Бірақ Стахия Мизиновтың немересі Стахий Давыдович әскери қызметті таңдамай, Мәскеуге кетіп, сол жақта үйленіп, мұғалім болған деген дерек бар. Кейбір деректерде А.Чеховтың «Чайка» спектакліндегі кейіпкердің прототипі Лидия Мизинова сол Стахий Давыдовичтың қызы дейді. Кей деректер Лидия Мизинова мен Чеховтың көңіл жақын адамдар болғанын келтіреді.


****

«Орал қалам дегенде Орал-қалам, көне музей секілді тоналмаған» деп ақын Ертай Ашықбаев жырға қосқандай, Оралда кезеңдердің куәсі болатын көне ғимараттар жетерлік. Оның арасында қирап қалғандары қаншама. Оралда туған өлкетанушы-архитектор, бұл күнде Санкт-Петербургте тұратын Рустам Вафеев «қала 1821 жылы салынғаннан бері бірыңғай біркелкі сәулеттік жобамен салынып келген, оны бұзу талғамсыздық болар еді. Қала сәулетіне қатысты қандай да бір жоба болмасын, тапсырыс беруші мен орындаушының арасындағы коммерциялық келісім болып қана қоймай, халық талқысына салынуы тиіс» дей келіп, соңғы кездері қала келбетін жаңғыртуда біркелкіліктің, бұрынғы сәулеттік жобалардың ерекшеліктерінің ескерілмейтіндігіне қынжылады. Оның айтуынша, 1936 жылы алғашқы қала құрылысы мен сәулетіне қатысты эксперименттік жұмыстың бірі саналатын бүгінгі Махамбет университеті (бұрынғы Пушкин атындағы) ғимаратының құрылысын жүргізу үшін XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр басындағы көптеген тарихи құрылыстарды құрбан еткен. XVIII ғасырға жататын храм мен революцияға дейінгі Орал қаласында үлкен қоғамдық маңызға ие болған Столыпин бульвары да қиратылған. Қазіргі уақытта қаладағы көне ғимараттардың көпшілігі толық жөндеуді қажет етіп тұр. Біз немкетті қарау арқылы қайталанбас сәулеттік туындылардан біртіндеп айырылып қалуымыз мүмкін. Қалай болғанда да тарихи қаланың бірегей кедбеті сақталып қалуына күш салған жөн дегенге саяды өлкетанушы-сәулетшінің пікірі.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?