ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі аймақтағы қоныс аударушылар туралы, онда да Жаңақорған өңірі бойынша бұл статистикалық-танымдық мақалада «Жаңақорған» энциклопедиясындағы мәліметтерге қоса, осы тақырыптағы тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан архивтерімен жұмыс істеген тарихшы маман С. Сайфулмаликованың деректері де қамтылды.
Аймақтағы қоныс аударушыларға қажетті артық жерлерді анықтау мақсатында Сырдария облысының әрбір уезінде арнайы құрылған қоныстандыру комиссиясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1908-1911 жылдары Перовск, Шымкент, Жызақ, Ходжент уездеріне қатысты жарияланған қоныстандыру комиссиясының есептерінде [1] ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі Жаңақорған аймағын мекендеген тұрғындар туралы тың деректер кездеседі.
Сыр бойынан қарақалпақтардың ығыстырылуы (ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың бас кезі) бұл өңірдегі рулар қоныстарының бөлінісіне соңғы өзгеріс енгізген. Соның нәтижесінде Түркістан – Хантағы төңірегіне орналасқан Қоңыраттардың солтүстігіндегі шекарасы Қаратау сілемдерінің аяқталар тұсына дейінгі теріскейі мен күйгейі болып белгіленген. Осы аралықтағы Қаратау өзендерінің бойы Көтеншінің Жауғашты, Ноғай, Киікші, Алтый-Қырғызалы, Жәни-Қараша, Божбан, Ақболат-Қайрақ, Қожамберді, Қожа, Сунақ руларына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» дейін хандардың пәрменімен бекітіліп берілген. Бұл рулардың жаз жайлауы Қаратау өңірі болса, қыс қыстауы Сыр бойы және Сырдың сол жағалауында Қызылқұмға дейінгі алқапты алып жатты.
Түркістан облысы жеке әкімшілік аймақ ретінде құрылып, территориялық жағынан 3 қанатқа бөлінді. Облысты әскери губернатор басқарып, әр қанатты басқаратын бөлім басшылары оған тікелей бағынды. Оң қанатқа бұрынғы Сырдария әскери шебі ауданы кірді. Рулық құрамы кіші жүз руларынан тұрды, саны 22.220 түтін 110.140 адам.
Орталық қанат – Түркістан, Шымкент аудандарына бөлінді. Рулық құрамы Орта жүздегі қоңырат, қыпшақ, найман және Ұлы жүздегі дулат руларынан тұрды, саны 22.450 түтін 113.510 адам. Түркістан ауданының құрамына 3000 түтін қоңырат пен 760 түтін жетіру кірді. Қоңыраттар 8 бөлімшеге:1) Құрбан 345 түтін; 2) Алтыата 375 түтін; 3) Қоңыр-Жиембет 375 түтін, 4) Қылбелбеу 375 түтін; 5) Жетімдер 500 түтін; 6) Божбан 500 түтін; 7) Саңғыл 250 түтін; 8) Маңғытай 250 түтін. Жетіру 7 бөлімшеге бөлінді; 1) Алшын, 2) Арғын, 3) Найман, 4) Қожа, 5) Қыпшақ, 6) Қаңлы, 7) Сунақ. Қоңыраттар мен жетіру бірлестігі үш аға биге бағынды. Қоңыраттардың аға билері Жаңабай мен Қоныс Тілесов, ал Жетіруға Қанатбай Тамабаев басшылық жасады [2]. Сол қанатқа Әулиеата, Мерке, Тоқмақ аудандары, кейін Ташкент аймағы кірді.
1867, 1886 жылдары реформалар Жаңақорған тұрғындардың саяси өміріне, шаруашылығына әкелген өзгерістерімен бірге жерді пайдалану, бір болыс аумағына тұрақтандыруға және жер, суға қатысты руаралық қақтығыстарды шиеленістіріп жіберді. Жер, су дауы бір болыстың екінші уезге берілуде шекараның дұрыс анықталмауынан туындады. Мысалы, 1872 жылы Жаңақорған болысының Түркістан уезіне берілуіне байланысты шекарадағы Ақсүмбе үшін жер дауы болған. Жаңақорған болысындағы 1848 түтін Түркістанға берілгенімен, оларға тиесілі кейбір жерлер Перовскі уезінде қалып қойғандықтан Түркістан уезіне көшкендерге жайылымдық жерлер жетіспеген [3].
Шымкент, Әулиеата уездерімен салыстырғанда Перовск уезінде көшпелі мал шаруашылығы басым болды. Сыр бойының тоғайы мал үшін жақсы жайылым болғанымен, маса мен сона малға жайсыз тиетін болды. Содан да жаз шыға малшылар солтүстікке қарай көшетін. Уездің ірі байлары Арал-Ертіс суайрығына дейін көшсе, малы аз шаруашылықтар Сарысуға дейін көшіп қонды [4, 26]. Қоңыр күзде Сыр бойына құлаған көш қара күзде дария мұз болып қатқанда Қызылқұмдағы қыстауларына көшіп отырған.
Перовск уезінің оңтүстігіндегі Жаңақорған атырабында басқа болыстардың көші-қонынан ерекшелігі болды. Жер бедерінің таулы болып келуіне байланысты бұл аймақ тұрғындарының қоныстары мен жайлауларында ерекшелік мол болды. Қаратаудың оңтүстік-батыс жотасына орналасқан Жаңақорған болысының тұрғындары жазда Қаратаудан бастау алатын Майдантал, Талдысу, Ақүйек, Жиделі өзендері мен тау шатқалдары, ондағы бұлақ бойы мен саздарды мекендесе, ауқатты отбасылар Ақмола облысының Атбасар уезіне дейінгі аралықтағы Бетпақдалаға жайлауға шығатын. Күз, қыс айларында Сыр бойындағы қалың жыныс тоғайда қыстайтын. Одан әрі қысы жұмсақ Қызылқұм алабында қыстап, Өзбекстанның Бұхара облысына дейінгі аралықты жайлады. Жер жағдайына қарай Жаңақорған атырабының тұрғындарының арасында 150-300 шақырымға созылатын жартылай көшпелі мал шаруашылығы басым болды. Көш жолдары одан ұзақ болатын көшпелі шаруашылықтардың үлесі біршама аз еді. Оның есесіне егін егіп, отырықшы шаруашылығын жүргізетіндердің қатары жылдан-жылға арта берді.
Перовск уезінің құрамына енетін Жаңақорған болысы тұрғындарының тайпалық құрамы әртүрлі болғандығын айта отырып, отарлық биліктің шенеуніктері олардың қыстаулары Төменарықтан Ақсүйек-Ынтымақ тоғандарына дейінгі Құмсаба, Жалғызтал, Тартоғай, Киікқырған жерлері мен Сырдарияның екі жағалауындағы өзендер мен арықтар және құдықтарға шашырай орналасқандығын жазады [5].
Отарлық биліктің реформалары аумақтық өзгерістерге сай болыстардың рулық құрамын үнемі өзгертуі жер үшін руаралық қақтығыстар туғызды. Перовскі уезінің болыстары мен уез шекараларындағы өзгерістерге байланысты бұрынғы 6 болыстан тұратын Жөлек приставы 8 болысқа бөлініп, болыстардың рулық құрамы өзгерді. Қоңыраттар бұрын Перовскі уезінің Жаңақорған болысының құрамында болса, енді үш болыстың құрамында болды. Мысалы, Сауран болысына 3 қоңырат, 4 қожа ауылы, Жаңақорған болысына 4 қоңырат, 2 қожа, сунақ ауылы, Сырдария болысына 5 қоңырат, 1 қыпшақ, 1 найман ауылы кірді [6].
Сауран болысы бойынша мәліметтер
№1 әкімшілік ауыл |
||||
1. Башпан Лекер |
Терісарық |
Қоңырат |
179 |
625 |
2. Піштек Баққы |
Домалақ тоғай |
- // - |
55 |
279 |
3. Байұлы Көлбай |
Дирмен өзен |
- // - |
53 |
326 |
|
227 |
1230 |
||
№2 әкімшілік ауыл |
||||
1. Қожа Ахмет Бекбай |
Қорған-Баспақкөл |
Қоңырат |
46 |
350 |
2. Орал Бөкен |
Қыстауы жоқ |
- // - |
41 |
291 |
|
172 |
1262 |
||
№3 әкімшілік ауыл |
||||
1. Берістем Құлан |
Қостөбе |
Қоңырат |
16 |
92 |
2. Игембай Қоқамбай |
Үмбет-Сарқамыс |
- // - |
70 |
433 |
3. Оспан Баймағамбет |
Бекбай |
- // - |
48 |
271 |
4. Рәш Әбдіре |
Қостөбе |
- // - |
124 |
760 |
|
258 |
1556 |
||
№5 әкімшілік ауыл |
||||
1. Жолдасбек Райымбек |
Керіз |
Қоңырат |
78 |
429 |
2. Дүйсен Әділбек |
Жамантоғай |
- // - |
24 |
145 |
3. Жаманбай Қисық |
Шомырық |
- // - |
28 |
168 |
4. Құдияр Өтебай |
Қыстауы жоқ |
- // - |
121 |
682 |
|
251 |
1424 |
||
№6 әкімшілік ауыл |
||||
1. Байтас Бибасар |
Қоянбай |
Қоңырат |
41 |
316 |
2. Назарбек Беласар |
Талдысу |
- // - |
44 |
316 |
3. Өмірбек Темірбай |
Қосүйеңкі |
- // - |
65 |
396 |
4. Жорғабай Жансақал |
Жиделі |
- // - |
17 |
113 |
|
167 |
1141 |
||
№8 әкімшілік ауыл |
||||
1.Әбдіқұл Нұрлыбай |
Ақүйік-Құланшы |
Қоңырат |
51 |
321 |
2. Жүнісбай Ергөбек |
Сопаз сазы |
- // - |
37 |
231 |
3. Әбіш Тілеке |
Түгіскен |
- // - |
51 |
291 |
4. Дүйсенбі Үрпек |
Қазақпай |
- // - |
75 |
467 |
|
214 |
1310 |
||
|
№10 әкімшілік ауыл |
|
|
|
1. Көшербай Ержан |
Талдысу |
Қоңырат |
91 |
644 |
2. Мәдібек Құрал |
Миялы-Қауық |
- // - |
28 |
169 |
|
119 |
813 |
1886 ж. Түркістан уезінің жойылуына халық наразылық танытты. Өйткені кейбір рулардың бірнеше болыстарға, екі уез құрамына бөлінуінің материалдық шығыны да ауыр болды. Перовскі уезі Жаңақорған болысындағы №2 ауыл тұрғындары өз наразылықтары жөнінде былай деп жазды: 1887 жылы Түркістан уезі жойылғанда Қоңырат Божбандар бірнеше болысқа бөлініп кеткен болатын.
Жаңақорған болысының №2, №4 ауылы және Сырдария болысының №2, №3 ауылы Шымкент уезіне беріліп Божбандар екі уез құрамында қалды. Жаңақорған, Сырдария болыстарының құрамындағы Божбандарға басқа рулармен бірге жер, су пайдалану жүйесіне қайта жаңа тәртіп еніп, шекара өзгерді, мұның өзі қаншама қиындық алып келді [7].
Жаңақорған болысы бойынша мәліметтер
№1 әкімшілік ауыл |
||||
1. Түкібай Тілеуберген |
Қарғалы-Шоқтал |
Қоңырат |
28 |
255 |
2. Тасболат Бердісүгір |
Қыраш-Аққолтық |
- // - |
40 |
336 |
3. Түлкібай Кешубай |
Тоқтамыс |
- // - |
23 |
154 |
4. Қуандық Есен |
Қыстауы жоқ |
- // - |
36 |
314 |
5. Нәлібай Бекжігіт |
Жеті төбе |
- // - |
23 |
187 |
6. Бержанбай Тоқбатыр |
Домбы |
- // - |
51 |
378 |
|
201 |
1624 |
||
№2 әкімшілік ауыл |
||||
1. Иманберді Нұрман |
Қыраш |
Қоңырат |
20 |
126 |
2. Әділ Бұралқы |
Қайғақ |
- // - |
75 |
613 |
3. Шойбек Жанқабыл |
Бұйра баба |
- // - |
49 |
364 |
4. Шәймерден Абылай |
Нарсоққан |
- // - |
53 |
383 |
|
197 |
1491 |
||
№5 әкімшілік ауыл |
||||
1. Исабай Байжігіт |
Ақүйік |
Қоңырат |
36 |
212 |
2. Алпамыс Жаназар |
Қоңырат жармасы, Қаракөл, Бөртескен-Сарықұм. |
- // - |
185 |
1283 |
|
221 |
1495 |
||
№6 әкімшілік ауыл |
||||
1. Сәрсенбай Пірназар |
Жайылма |
Қоңырат |
42 |
361 |
2. Көшербай Дүйсенбай |
Қаракөл-Оймақты |
- // - |
45 |
331 |
3. Сұлтан Биімбет |
Жайылма-Қызылтал |
- // - |
54 |
336 |
4. Қожабек Атығай |
Жиделі |
- // - |
30 |
255 |
5. Дәуренбек Жолдыбай |
Қарасүйір-Ақбастау |
- // - |
34 |
234 |
|
205 |
1517 |
Түркістан уезіндегі болыстардың Перовскіге берілуі шекарада орналасқан қазақтарға қолайсыз болғандықтан, Ресей әкімшілігінің қайта құруларын олар қабылдағысы келмей, кері Түркістанға қосылуға бірнеше рет шағым түсірді. Мұның айқын дәлелі 1909 жылы Жөлек бөлімінің Сауран, Жаңақорған болысындағы қоңыраттардан түскен шағым хат. «Сауран болысы 1959 түтінді құрап, болыстың солтүстіктегі шекарасы Түркістан қаласынан 38 шақырым, ал Жаңақорған болысынан 50 шақырым жерде жатқанына қарамастан Ескі Саураннан Жаңақорған станциясына дейінгі жерлер Перовскі уезіне берілді.
Болыстың Перовскіден өте қашықта орналасуына байланысты қазақтарға бірнеше қолайсыз жақтары болды; 1) азық-түлік, мал сатып алу мен сатудағы; 2) уез орталығының алыстығына қарай, шағымданудың қиындығы; 3) медициналық көмектің дұрыс көрсетілмеуі; 4) салықты төлеу үшін, малды өз құнының жарты бағасына сатуға мәжбүрлік; 5) болыснайларға салықты Перовскіге жеткізудің қиындығы; 6) арыз-шағымды тексеруге келетін лауазымды адамдардың болысқа жетуіне 12 тәулік қажет болатын; 7) заңның бұзылуына қатысты істер Түркістан қаласында қаралса, ал уез әкімшілігіне қатысты істердің барлығы Перовскіде шешілді. Отбасын қолөнерімен, қара жұмысқа жалдану арқылы асырайтындардың да негізгі бөлігі Түркістан қаласында тұрды. Перовскі қаласында Қоңырат руларының сенімді өкілдері тұратын үйлері де жоқ, керісінше Түркістан қаласында мұндай үйлер бар және олар үнемі көмектеседі» деп жазды. Болыстағы қоңыраттардың Түркістанға қосылуға жасаған бұл өтініші қанағаттандырылмады [8]. Жалпы Сауран болысының Перовскіге берілу ісінен, орыс әкімшілігінің бірінші кезекте өз мақсат-мүддесін қорғағанын көреміз, өйткені болыстағы тұрғындар әкімшілік жағынан 300 шақырымда жатқан Перовскіге бағындырылғанымен, олар тәртіп, заңды бұзса, ісі 38 шақырымда жатқан Түркістан қаласында қаралатын.
Отарлық биліктің жүргізген реформаларына сай Сырдария облысында көшпелі тұрғындардың біртіндеп отырықшылыққа ауысу үдерісі басталды. 1880 жылы әрбір мың тұрғынға 682 көшпелі, 214 отырықшы, 104 қалалықтан келсе, 1896 жылы бұл көрсеткіштер 567 көшпелі, 299 отырықшы, 134 қалалық болып өзгеріске түскен. 1880 жылы қазақтардың 1,5%-ы отырықшыланса, 1896 ж. 7,1%-ы, яғни 38149 тұрғын отырықшылыққа көшкен [9].
ХХ ғасырдың басында жүргізілген отарлық биліктің жер мекемелерінің жүргізген статистикалық зерттеулерінде хатқа түскен тұрғындардың қоныстану аймағы туралы деректер олардың Қазақстанның оңтүстігіндегі тарихи қалыптасқан ата мекенін нақтылай түседі.
Жаңақорған төңірегіндегі тұрғындардың Қазақстанның оңтүстігіне қоныстануы және орнығуы туралы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап патша өкіметі шенеуніктері қалдырған жазба деректерге сүйеніп мәселеге қатысты нақты қорытындылар мен тұжырымдар жасаймыз. Осы жерде атап өтетін бір мәселе, отарлық билік жергілікті тұрғындардың рулық құрамын анықтауға баса мән берген. Соған сай ол деректерде рулық бөліністер егжей-тегжейлі жазылғандықтан осы деректерінің мәліметтерін өзгеріссіз ұсынамыз.
Сырдария облысының уездерінде рулардың аймақтық орналасу дерегі, олардың сандық құрамы туралы А.И. Макшеевтің дерегіне сүйенсек, 1867 жылы Түркістан уезінде барлығы 5960 түтін, оның ішіндегі жетіру 760 түтін 12,8%, бестамғалы 2000 түтін 33,6%, қоңырат 3200 түтін 53,7% болған.
Ал 1881 жылы Түркістан уезіндегі қазақтардың саны 58 079 адамды құраған болса, олар рулық құрамы бойынша қоңырат 34 830 адам 60%, қыпшақ 1 600 адам 2,8%, тілеу 50 адам 0,09%, арғын 7 534 адам 13%, жалайыр 98 адам 0,17%, қаңлы 2 306 адам 3,97%, ошақты 25 адам 0,05%, сіргелі 90 адам 0,16%, тарақты 143 адам 0,25%, тама 4 532 адам 7.8%, алшын 1.915 адам 3,3%, сұлтан 61 адам 0,10%, төлеңгіт 457 адам 0,79%, шала қазақ 35 адам 0,06% болған [10].
1893 жылы Перовск уезінде барлығы рулық құрамы: жаппас 25 233 адам 23%, қыпшақ 19 728 адам 18,2%, қоңырат 17 143 адам 15,9%, шөмекей 11 432 адам 10,6%, қарасақал 10.460 адам 9,7%, табын 8 080 адам 7,5%, найман 3 068 адам 2,8%, қожа 5 727 адам 5,3%, бахтияр 2 431 адам 2,3%, арғын 1 028 адам 0,9%, жалайыр 1 111 адам 1,02%, тарақты 605 адам 0,6%, байбақты 103 адам 0,09%, тілеу 814 адам 0,8%, сұлтан 300 адам 0,3%, алтын 20 адам 0,02%, қарақалпақ 209 адам 0,2% болған [11].
1867 жылғы 11 шілдеде қабылданған «Уақытша Ереженің» 12 бабына сәйкес Сырдария облысында Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент, Жизақ уездері құрылуы тиіс болды. Ережеде көрсетілген Түркістан уезі 1871 жылға дейін Шымкент уезінің құрамында болды. 1871 жылы жеке уез ретінде құрылып, 1886 жылдан кейін Шымкент уезінің құрамына беріліп, 1914 жылдан кейін қайта уез болып құрылды.
Уездердегі болыстардың бірінен екіншісіне берілуі, шекара аумағына және көлеміне де өзгерістер алып келді. 1867 жылы Перовскі уезінің аумағы 65 950 шаршы шақырым, 1910 ж. 95 965 шаршы шақырымға созылды. Уез батыста Төретам моласы, оңтүстікте Жаңадария жағалауындағы Талдыбұлақ құдығы, Бұхара, Хиуа хандығына дейін Бұқан тауымен, солтүстікте Шұбартөбе тауы, Мойынқұм, Арыс құмы, Арыс, Тайкөл өзені, солтүстікке қарай Сарысу өзеніндегі Саумалкөл, Бесқұлан, Ақжайқын жерлері, Ақсүмбе бекінісі, Шалғая өзені, Келте, Жиделі және Құттықожа мазарымен жалғасып жатты [12].
Шымкент уезі алғашқы кезде екі аймаққа бөлінді; Шымкент аумағы 51 250 шаршы шақырым, Түркістан 50 шаршы шақырым. 1886 жылы Шымкент уезінің аумағы 160 000 шаршы шақырымға созылды.
1871 жылы құрылған Түркістан уезінің солтүстіктегі шекарасы Шу өзені, Саумалкөлмен Ақмола облысының Сарысу уезімен шектесіп, батысында Саумалкөлдің оңтүстік жағымен Жабай көлге дейін, одан Ақ-сүмбе, Перовскі уезінің шекарасындағы Сунақата бекінісінің ескі орнымен, оңтүстігі Перовскі уезінің Төлтартпасынан Сырдарияға дейін созылды. Сыр бойымен Шымкент уезіндегі Арыс өзеніне дейін, солтүстік шығысқа қарай Шілік қышлағымен, Шошқакөлмен, Шолаққорған және Шу өзеніндегі Көкмоламен жалғасып жатты [13]. Бұл шекаралық бөліністен қазіргі Жаңақорған ауданы аумағының тұтастай Түркістан уезіне қосылғанын аңғарамыз.
1867 жылы «Уақытша Ереженің» 82 бабына сәйкес руларды қысқы қоныстарына қарай бір болысқа біріктіруге негізделген болыс, ауылдық әкімшілік-территориялық жаңа жүйе Сырдария облысына да енгізілді. Әрбір қазақ болысы 1000-2000 түтінді, ал ауыл 100-200 түтінді біріктіруі тиіс болды. Болыс, ауылдарды ұйымдастырып құру үшін әрбір уезге жеке-жеке комиссия аттандырылды. Комиссияның негізгі мақсаты болыс, ауылдарды құрумен бірге, болыснай, старшин, елулік, ондықтар мен билерге сайлауды өткізіп, әрбір ауылдың материалдық әл-аухатына, рулық құрамына, шаруашылығына қатысты статистикалық мәліметтер жинау да жүктелді.
1868-1872 жылдары ұйымдастыру комиссиясы Перовск уезінде Жөлек, Жаңақорған, Кентөбе, Царская, Шаған, Жомарт, Қармақшы, Қосбөгет, Аққыр болыстарын құрды. Уездегі алғашқы құрылған болыстардың бірі қоңырат, арғын, найман, қыпшақ руларынан құрылған Жаңақорған болысы болды. Жаңақорған болысының алғашқы рулық құрамы бойынша – бахтияр 1042 түтін, арғын 350 түтін, найман 588 түтін, қоңырат 301 түтін, қыпшақ 464 түтін, сұлтан 97 түтін, сунақ 149 түтін, қожа 92 түтінді құраған [14].
Болыстың алғашқы болыс басқарушысы найман руының ақтаз атасынан Бектас Қойлыбаев, кандидат арғын руы шұбыртпалы атасынан Бекжанов сайланды. Болыста барлығы 6 би сайланған, олар: ошақты руынан Сатыбалды Илебаев, арғынның тарақтысынан Шөкей Төлегенов, қыпшақтың қарасарысынан Байсын Күлдеев, қоңыраттың көтеншісінен Тасболат Кешеуов, найманның балталысынан Құлажан Томпақов, сунақтан Сасықбай Тоқболовтар еді [14, 56].
Жаңақорған болысының шекарасы солтүстікте Ақсүмбе, Ақ-жайқын көлі, Бесқұлан, Бақтоғар сайынан батысқа қарай Барқан, Бесарық, Бетпақдаладан Мешеулі сайына дейін; оңтүстікте Мешеуліден Жалпақтал, Бесарал, Жайылма; шығысында Жайылма, Балапан-төбеден Жаңақорғанға дейін созылды. Болыстың қысқы қоныстары Құмсаба, Бөлекті, Бозкөл, Шиелі, Бұқарарал, Тартоғай, Қарғалы, Киікқырған, Алакөл, Қырғауыл, Оймақты, Алмалы, Бесқазақ, Ақшығанақ, Қышқорған, Төменарық, Иіркөл Қадыр, Баба-Сейіт, Жайылма, Қоржынтөбе, Бестамақ, Ақсүмбе, Бесарық, Бесқұлан, Ақжайнал, Жайылма, Арыстанқұдық болатын. Жаңақорған болысы қыстаудан жайлауға Жетітөбе, Ақсүмбе, Ақмылтық, Бесқуаң, Айнакөл, Тамғалы, Белдік, Қатынқамал, Бақтықарын, Табақбұлақ сайы арқылы өтіп, Сібір ведомствасына қарайтын Күбел, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Қорғалжынға дейін жайлауға көшті. Егістіктері Ақұзаң, Асаршық, Қызылтал, Шалқия, Жиделі, Арыстанды, Шолақ, Ақсүмбе өзендері мен Ақбастау, Қарасүйір, Келте, Алашапан, Жыланды, Қырғыз-бұлақ, Жолбарыс бұлақтарында болды. Жалпы егістік жердің көлемі 1000 танапты құрады [12, 61 п].
1871 жылы Жаңақорған болысы Перовскіден Түркістан уезіне берілуіне байланысты болыстың рулық құрамы өзгерді. Болыстың алғашқы құрамында арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, бахтияр, төре, қожа, сунақтардан болса, Түркістан уезіндегі болыстың рулық құрамы қоңырат, найман, жүзге кірмейтін қожа, сунақтар болды. Жаңадан жасақталған Жаңақорған болысы сегіз ауылдан тұрды. №1 ауылда қоңырат қараша 163 түтін, найманның садыры 5 түтін. Ауыл қыстауы Сырдарияның сол жағалауындағы Күйікарал, жайлауы Қаратаудағы Тоқпақсалды, Тасбастау, Ақбастау, Ақүйік, егістігі Қырашта болды. Ауыл тұрғындары егістік үшін Сырдарияның суын шығыр арқылы және Қаратаудағы бұлақ көздерін пайдаланды. №2 ауылда сунақ 258 түтін. Олардың қыстауы Сырдарияның оң жағалауындағы Бозкөл, Борықты, жайлауы Бозкөл, Жайылма болатын, негізінен олар алысқа көшпеді. Егістігі Асыршық, Қызылтал, Жайылмада болды. №3 ауыл қоңырат ішіндегі қайрақ 63 түтін, қожа дуана 76 түтін, қожа қылауыз 42 түтін. Қыстауы Сырдарияның сол жағалауындағы Апанқақ, Қарасопы, Көктекарал, жайлауы Қаратаудағы Домбыата. Олар қыстауда шығырмен егін екті. №4 ауыл қоңырат божбан 174 түтін. Қыстаулары Қаңбақты, Назар, Алакүпі, жайлаулары Қаратауда еді. Егістіктері Ақүйік, Көлтоған, Бақталыда болды. Олар да қыстауда шығыр арқылы егін екті. №5 ауыл қоңырат божбан 55 түтін, қоңырат киікші 166 түтін. Қыстаулары Қыраш, Оймауыт, Назар, Бөрілі, жайлауы Қаратауда болатын. Егістіктері Қарасүйір, Талап, Киікшіде болды. №6 ауыл қоңырат құйысқансыз 171 түтіннен тұрды. Қыстауы Тартоғай, Ақшығанак, жайлауы Қаратауда болды, Жайылма, Дамбыда егін екті. №7 ауыл қоңырат божбан-160 түтін, қоңырат киікші 50 түтін. Қыстауы Қызылбайыр, Алмалы, жайлауға Сарысу уезіне, Ұлытауға, Кішітауға, Қаратауға көшті. Егістіктері Алмалы, Ақбастау жерлерінде болды. №8 ауыл қоңырат құйысқансыз 276 түтін. Қыстаулары Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм, жайлауы Қаратауда болғанымен, 43 түтін Қызылқұмға көшті. Олардың егістігі Қаратаудың етегінде Бестамақ, Ақтас, Талап жерлерінде болды. 1868 ж. Жаңақорған болысы алғаш құрылған кезде қоңыраттардың саны аз және әр түрлі рулардан құрылса, 1871 ж. болыстағы негізгі рулар қоңыраттар болды. Жалпы сегіз ауылдағы қоңыраттардың саны: қараша 163 түтін, божбан 389 түтін, қайрақ 63 түтін, киікші 216 түтін, құйысқансыз 447 түтін, орта жүздегі найман 177 түтін, жүзге кірмейтін қожа 118 түтін, сунақ 258 түтін [15]. Болыстағы негізгі ру қоңыраттар болған.
1872 жылы Түркістан уезін Жаңақорған, Қоңыр-Маңғытай, Алтыата, Божбан, Қаңлы-Сапар, Жаманбай, Сары, Маңғытай-Саңғыл, Тама, Бестамғалы, Сіргелі, Тілік болыстары құрады.
Алтыата болысы қоңыраттың көтеншіден тараған жаманбай ұрпақтарынан тұрды. Болыстың қыстаулары Жаңақорғаннан Сырдариядағы Арасат сайы мен Қызылқұмға және Бұхарадағы қазақтардың көшіне дейін жалғасып жатты. Жайлаулары Қаратауда болатын. Болыс 8 ауылдан тұрды, оның алтауы қоңырат, екеуі қожа. Алтыатадағы №1 ауыл қоңырат ақболаттың қыстауы Сырдариядағы Қараой, жайлауы Бөген өзенінің жоғарғы ағысы. №4 қоңырат қарашаның қыстауы Тамалақ, Сарықамыс, жайлауы Сауран. Алтыатаның №2 ауылының қыстауы Балта, жайлауы Бөген, Шаян. №3 ауыл қоңыраттың қыстауы Шеңгелді, жайлауы Бөгенннің жоғарғы ағысы. №5 ауыл қоңыраттың қыстауы Миялы, Қауық, жайлауы Талдысу, Қоңырсу, Ақшилі. №7 ауыл қоңыраттың қыстауы Кендірлі, Шоқтал, жайлауы Бөген, Шаянда. Егістіктері Бөген, Талдысу, Ақүйік, Құланшы, Қыраш өзендері, Қосүйеңкі, Тоқтамыс, Жыланды, Жиделі, Жиенбай, Сүпиғазиз бұлақтары болатын. №6, №8 ауылдарды қожалар құрады [16]
1886 жылғы өзгерістерден кейін Түркістан уезі жойылып, оның аумағы Перовск, Шымкент уездеріне бөлінді. Перовскі уезінің құрамына Жаңақорған болысындағы 905 түтін, Сырдария болысындағы 786 түтін, Жаманбай болысынан 196 түтін, Шу болысынан 57 түтін, Божбан болысынан 8 түтін, ал Шымкент уезіне Жаманбай, Сары, Божбан, Қаңлы-Сапар, Маңғытай-Саңғыл болыстары территориясымен берілді. Нәтижесінде 2786 түтін Перовскі уезіне, 8094 түтін Шымкентке уезіне қосылды [17]. Осы кезден бастап Шымкент уезі Түркістан, Шымкент деп аталған екі ауданға бөлінді.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде отарлық биліктің нығаюымен бірге Жаңақорған өңірі де Ресейдің саяси-экономикалық ықпалына тартылып, дәстүрлі қазақ қоғамның нарықтық қатынастарға сай жаңаланып, жаңғыруы іске аса бастады. Мал өнімдерінің тауарлық құны артып, сырт жерлермен жүргізілетін сауда айналымы артты. 1904-1905 жылдары жүргізілген Орынбор – Ташкент темір жолының құрылысы өңірдің экономикасына жаңа тыныс беріп, өзге өңірлермен сауда-экономикалық байланыстар жолға қойылды. Осы кезде Жаңақорған стансасының төңірегінде ұн тартатын диірмен, май шайқайтын, сабын қайнататын, тері илейтін шағын цехтар ашылып, жұмыс істей бастады. Жергілікті тұрғындар арасында еңбек бөлінісіне сай жаңа кәсіптер игерілді. Стансадағы базардың жергілікті шаруашылықтар үшін маңызы артып, сауда айналымына Ресейдің мақта-мата бұйымдары мен тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектері көптеп келе бастады. Жергілікті жерден мал мен мал өнімдері саудаға ұсынылды.
ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Жаңқорған өңірінен майданның қажеттілігіне негізінен жылқы мен түйе, өнімдерден киіз бұйымдар тапсырылды. Тылдың қара жұмысына толық емес мәліметтер бойынша Жаңақорған, Сауран, Приречный болыстарының аумағынан 100-ден астам адам алынған.
Тылдың қара жұмысына адам алуға қатысты тұрғындардың арасында толқулар болғанымен 1916 жылғы көтеріліс Жаңақорған аумағын қамти қойған жоқ.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. ӨРОММ, 21-қор, 1-тізбек, 819-іс, 1 п.
2. Леонов Г.Б. Соленные озера Самарканда и Сырдарьинской области.-СПБ.-1896. -47 с (С.21-24)
3. ӨРОММ, 1-қор,11-тізбек, 1637-іс, 136 п.
4. Материалы по киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд- Ташкент.- 1913.- 345 с.
5. Материалы для статистики Туркестанского края», С. 110-111; Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселения казахов (конец ХІХ-начало ХХ в. –Астана, «Алтын кітап», 2007. 422 б. (245-б).
6. ӨРОММ, 1-қор, 4-тізбек, 7-іс., 4 п.
7. ӨРОММ, 17-қор, 1-тізбек, 15431- іс, 14 п.
8. ӨРОММ, 17-қор, 1-тізбек, 16623-іс, 19-22 пп.
9. Бекмаханова Н.Е. Многонациональное население Казахстане и Киргизии в эпоху капитализма (60-е годы ХІХ в-1917 г.). –М: Наука. 1986. С.110-111
10. ӨРОММ, 17-қор, 1-тізбек, 10166-іс. 13 п.
11. ӨРОММ, 269-қор, 1-тізбек, 52-а-іс. 180 п.
12. ӨРОММ, 17-қор, 1-тізбек, 2897-іс. 61 п.
13. ҚРОММ, 119-қор, 1-тізбек, 189-іс. 3 п.
14. ӨРОММ, 1-қор, 1-тізбек, 68-іс. 33-34 пп.
15. ҚРОММ, 232-қор, 1-тізбек, 6-б-іс, 8-10 пп.
16. ӨРОММ, 17- қор, 1-тізбек, 13826-а-іс, 86-108 пп.
17. ӨРОММ, 17- қор, 1-тізбек, 15727 –іc, 17 п.