Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны

23796
Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны - e-history.kz

СӨЗ БАСЫ

«Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деген атаумен 1803-1804 жылдары қатталған орыс офицері Я. П. Гавердовскийдің жол-сапар күнделігі арнайы тақырыпта терең зерттеліп, онда қамтылған этнографиялық мәліметтердің, тарихи деректердің артық-кемі екшеліп, мән-маңызы зор тұстары жүйеленіп, қазақ шежіресінің шынайы дереккөздерінің біріне айналуы тиіс-тұғын. Өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Ең сорақысы – сол, соңғы уақыттарда кейбіреулер өз руының, аталастарының артықшылығын көрсету мақсатында көңілі қалағанша бұрмалап, аталған еңбектегі Әлім Қаракөбек би мен Боранбайдың айтуында түзілген қалмақтармен қақтығыста қаза болған Бөгенбайға қатысты оқиғаларды, шоқы атауын еш қисынсыз Табын Бөкенбайға таңуда. Тарихи деректерге қиянат жасалуда, елді адастыруда. Кейбір бәтуасыздар айтқан он дәлеліңе жүз өтірігін айғақ қып әуре. Бұл да – рушылдық дерттің тым асқынып, сананың төмендегенінің бір куәсі. Шама-шарқымызша тарихқа араша түсіп, түйсігі бар қазақ көңіліне түйе жүрсін деген ниетпен, орыс офицері Я. П. Гавердовскийдің жаңа атап өткен жол-сапар күнделігін мұқият оқып, жан-жақты зерделедік, көз жеткізген ақиқатты назарға ұсындық. 

Қаракөбек бидің дерегін бұрмалау кімнің мүддесіне тиімді?

Орыс офицері Я. П. Гавердовский 1803 жылы тамыздың 22-сінде таңбалаған дерегінде: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли  Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье (астын сыздық. – Б.К.), а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и,будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке (астын сыздық.Б.К.), который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Қараңыз: «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803-1804 годов»(Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495). 

Мәлімет берушілер жолбастаушы Әлімнің рубасылары – Қаракөбек, оның жиені Боранбай дегендер. Тыңшы-саяхатшы мынадай да ақпарат таңбалап кеткен солардың бірі жайлы: «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии, но за несколько лет пред сим по причине слабого его управления за родом, замешавшимся в грабежах, он стал от границы удаляться».

Қалай болғанда да деректер осы адамдардың баяндауымен түзілген. Шоқыға қатысты өткен оқиғаға бізден гөрі олар жақын бір табан. Жолбастаушы жергілікті ақсақалдар бұл биікті жаудан малдарын қорғау үшін қарауыл төбе ретінде пайдаланғанын айтқан, соны Гавердовский қаз-қалпында қағазға түсірген. Сонда көне дәуірдің оқиғасын нақты білетін Төртқара Қаракөбек бидің дерегін бұрмалау кімнің мүддесіне тиімді боп отыр екен?

         

БӨКЕНБАЙ БАТЫРДЫҢ ӨЗ РУЫНАН ЖЫРАҚ ЖҮРУІ МҮМКІН БЕ?

Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханның оң қолы, ақылдасатын бірден-бір кеңесшісі, қолдаушысы болғаны тарихта тайға таңба басқандай мөрленген. Алайда оны үнемі хан иемнің қасында болды деу де қисынсыз. Бұны мына: «...Тевкелев өзінің басына күн туғанда Әбілқайыр ханнан: « Бөкенбай қайда? Оны қанша күнде әкелуге болады?» деп сұрағанда, ол: «Қос атпен күні-түні жүргенде он күн кетеді», – деп жауап берген», – деген архивтік деректер айғақтайды (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 362-бет).

Шынында да жан-жақтан жау қамалап тұрған шақта атасы бір, туған жұрты Табындардан жырақ жүрмесе керек-ті ол. Осы мәліметтер-ақ Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқының біреулер айтып жүргендей Табын Бөкенбай батырдың шолғын жасайтын тұрақты төбесі болғанына шүбә келтіреді. Бұл жайттарды негізге алып, Гавердовскийдің атап отырған «Буканбайын» (дұрысы Бөгенбай. – Б.К.) Бөкенбай батыр деп қабылдаудың еш жөні жоқ деген ой түйдік.

Тархан Бөкенбай батыр ғана емес, басына дәулет қонған кісі де екен. Бұған куәлік берейік. Мұнан бірнеше жыл бұрын Табын руының жетпісті алқымдаған Мақсат, тоқсан жастағы Айнағұл есімді қарттары көнекөздерден жеткен мына әңгімені: «...Бөкенбайдың қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары.  Батырдың он мың жылқысы болған. Олар сәскеде қатар тұрып, осы үш саладан су ішкенде, олардың ағысы тоқтап қалады екен...» – деп баяндап беріпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 44-бет).

Айтпағымыз, тархан Бөкенбай батыр көп салалы, суы мол, шөбі шүйгін, балығы тулаған Жемнің бойын тастап, осынша мыңғырған малын Әлім-Шөменнің шоқысына әкеп бағуы, сөйтіп жүргенде қалмақтардан өлуі адам нанар жайт емес. Әлім-Қабақ Бөгенбай десе сенуге болар еді.

Қолдағы мағұлматтарды сараптай отырып, көз жеткізгеніміз Гавердовскийдің деректері қате пайымдалып, жаңсақ тұжырым «шындыққа» айналған. Қалай десек те ақиқатқа иілген жөн.

 

БӨКЕНБАЙ БАТЫР ҚАЙДА, ҚАШАН ӨЛГЕН?

Қалың Табынның арасында аталары баһадүр Бөкенбай жайлы ел әңгімелерінің, нақты деректердің сақталмауы мүмкін емес. Оларды аулада туған қысыр сөзге балап жоққа шығару және әбестік!

Профессор З. Байдосов құймақұлақ жандардың бірінің аузынан жазып алған Табын Бөкенбай батыр туралы жырдың мына тұсында:

                                              «Арыстандай айбатты,

                                              Жолбарыстай қайратты,

                                              Бөкенбай сынды батырым,

                                              Алты мүшел толтырып,

                                              Қалың да жәуміт ішінде,

                                        Қапыда қаза болған-ды», – делініпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).

Сонда Бөкенбай батыр шоқыдағы ауылға шабуыл жасаған қалмақтардан емес, түрікпендермен шайқаста  өлген. Тарихтан белгілі, киіз туырлықты көшпелі қандас жұрттар арасында барымта, шапқыншылық жиі болып тұрған... Тархан туған жерінің оңтүстік-батыс беткейінде, сондай қақтығыстардың бірінде жәуміттер қолынан қаза тапса, мүрдесін атамекенінен әрі асырып, ұрпақтарының ту Ырғыздағы Әлім-Шөменнің шоқысына апарып қоюы түсініксіз жағдай. Жырдағы мәлімет көңілде осындай күмән тудырады. Мұның растығын нақтылап, бекітейік.

Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген мына деректер сақталған екен Бөкенбай батыр жөнінде, бүй дейді онда: «...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай (астын сыздық. – Б.К.) в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...». (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53)

Гавердовскийдің дерегі алпыс жылдан кейін жазылса, мына мәлімет – баһадүр өлімінен соң көп кідірмей, оншақты күн ішінде түзілген ресми ақпарат. Өйткені, орыс отаршылдары үшін Бөкенбай батыр аса маңызды тұлға! Оның халық арасындағы бедел-әрекеті, әр қадамы жіті бақылауда болған. Сондықтан ол турасындағы хабарламалардың жоғары жаққа уақытында түсіп отыруы – заңдылық. Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің осы нақты деректерінде тархан түрікпендермен шайқаста қаза тапқан дейді. Куәлікке тартқан жырдағы мәліметтермен дәл қиысып тұр. Мұның үстіне қалың Табын да Бөкенбай батыр Байғанин ауданы Жарқамыс аулынан жеті-сегіз шақырым жердегі төбеге жерленген, дейді. Кейін «Бөкенбай төбесі» аталып кеткен, дейді. Басына ұрпақтары айшықты белгі орнатқан.

Сонда ұсынылып отырған бұл нақты мағұлматтар, архивтік деректер Я.П. Гавердовскийдің: «Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке…» – деп таңбалаған мәліметіне үйлеспей, қайшылық тудырып, шоқыға жерленген Шектінің Қабағынан шыққан Бөгенбай би екенін толық қуаттап тұр!

Шынында да атақонысының оңтүстік-батыс беткейінде бақи болған тархан батырдың мүрдесін туған мекенінің үстінен алып өтіп, асырып, бірнеше күншілік жердегі Ырғыз жақтағы төбеге қоюының еш қисыны да, себебі де жоқ!

 

БӨГЕНБАЙ БИ КІМ?

Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқыға жерленген «Буканбайды» Шекті Бөгенбайға жатқызып жүрген әңгіме шындыққа саяды. Өйткені, Әлім мен Шөмен бір туған. Қашанда араласып жатқан жұрт. Қазірде де солай. Бірақ бұл өңірдің бағзыда Әлім баласы Шектілердің иелігінде болғанын ертедегі жат жұрттықтардың қазақ рулары қонысына қатысты картасы да растап бекітеді... Тарихы таласқа түсіп отырған шоқы осы екі елдің қазіргі ауданаралық бөлініс шекарасы маңында орналасқан. Айта кетейік, бұл – көрген жеріміз-тұғын, екі-үш рет болғанбыз...

Қолдағы деректер Бөгенбайды Әлімнің Шектісі дейді. Оның Қабақ аталығы, Жангелді бөлімінен екен. Өмір сүрген уақыты XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысының аралығы деп шамаланады. Ал ғұмырының қалай аяқталғанын Әлімнің шежіре қарттарының ауыз екі әңгімесі негізінде Гавердовский өз еңбегінде жазып қалдырған. Қазір есімі руға айналған. Одан тараған ұрпақтар өсіп-өнген. Шалқар өңірінде тіршілік етуде.

Шекті Бөгенбай батырдың есімін өлең-сөздің шебері, ақын Сарышолақ Боранбайұлы (1858-1928)  бүй деп жырға қосқан:

                                                     «...Мәртікке әркез болдың дем,

                                                     Жеңіске жеткен шайқаста,

                                                     Бөгенбай, Айтбай, Қайдауыл

                                                     Хас батырлар кімнен кем?!

                                                     Бақтыбай, Тайлақ, Нарқасқа,

                                                     Көтібар, Достан, Арыстан,

                                                     Мамай, Ақтан, Қарағұл

                                                      Шыққандар жаумен шайқаста!» (Қараңыз: Оралбаев М., Қабақбаев Ж.  «Мамай батыр» // «Тілеу, Қабақ» (ғылыми мақалалар жинағы) 4-кітап. Ақтөбе қаласы, 2010 жыл, 67-бет).

Жапалақұлы Бөгенбайды Қарақалпақстанның халық жырауы Алдаберген Тасқынбаев та былай деп жыр-шежіресінде атайды: 

                                                        «...Қабақтан туды бес бала,

                                                        Небір қасқыр жүректі.

                                                         Құлақты салып тыңдаңдар,

                                                        Ақының сөзін үдетті. 

                                                        Жанкелдіден – Бөгенбай, 

                                                         Қангелдіден – Қарабас, 

                                                        Шықты небір мықтылар 

                                                        Батыры, биі аралас, 

                                                        Бәсеннен – Есет, Көтібар 

                                                        Кездескен жауын санамас» (Қараңыз: Тасқынбаев А. «Атамыз Сәпи Адамнан...» – Алматы қаласы, «Санат» баспасы, 80-бет). 

Кейбіреулер Көтібарды білеміз, Есетті білеміз, ал Шектіде Бөгенбай деген батыр болыпты дегенді естімеппіз дейді. Тарихтың бүге-шігесін түгел білемін, терең меңгердім деп ойласа керек. Жазушы Әбіш Кекілбаев жиі айтушы еді «Білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» деп...

 

«БӨГЕНБАЙДЫҢ» «БӨКЕНБАЙҒА» АЙНАЛЫП КЕТУ СЕБЕБІ

Таластың тууының негізгі бір себебі: Я. П. Гавердовскийдің Бөгенбайды «Буканбай» деп таңбалауы. Әрине, ойлап қарасаң «Бугенбай» боп жазылуы керек еді. Жолсапар-күнделікке «Буканбай» делініп түзілген. Бұл – қазақша «Бөкенбай» атауының орысша «Буканбай» деп орфографиялық тұрғыдан дұрыс жазылған нұсқасы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ақиқатына келсек, қайталап еске саламыз, батырдың есімі отаршылдар тілінде «Букенбай» боп қатталуы тиіс еді қағазға. Бірақ басқаша. «Буканбай».

Жат жұрттықтардың бұрмалауымен Жем «Эмба», Есіл «Ишим», Өлкейек «Улқояк» боп бүгінге шейін аталып келгені баршамызға мәлім жайт. Я. П. Гавердовский де өз жазбасында тек Шекті Бөгенбай бидің есімін ғана емес, басқа да атауларды бұрмалаған. Бүй дейді: «Большой орде назначен был в сие достоинство Тюля-бий, в Средней – Казбек, а в Меньшей – Итка (дұрысы Әйтеке – Б.К.)». Тағы да айғақ берейік, ру аттарынан. Алдиярды «Елдяр», Тоқаны «Тукан», Сарықасқаны «Сары-кашкин» Қойытты «Куит» деп таңбалаған (бұлар – Шөмекейден тараған аталықтар.-Б.К.) Бірқатарын ғана атап отырмыз. Жазбада бұрмаланған сөздердің бәрісін тізіп көрсету міндетіміз емес. Мұндағы айтпағымыз, Шекті Бөгенбайдың есімі де осылардың кебін киген. «Буканбай» боп. Кейін сонан кеткен оны батыр Бөкенбаймен шатыстырып. Атақ-дәрежесі биік болғасын.

«Буканбайдың» жаугершілік заманда қалмақтармен соғыста өлуі де қайсыбір адамдардың жаңылысуына бір себеп болған. Табын Бөкенбай батырдың түрікпендермен өткен шайқаста шаһид кешкен тарихын мүлде білмегендіктен.

Сонымен Гавердовскийдің жазбасында таңбаланған «Буканбай» есімін Бөкенбай батыр емес, Бөгенбай би екенін халық жырлары, архивтік мәліметтер осылайша нақтылап, ашып беріп отыр.

Айтқандай, жаңа жоғарыда келтірілген 1742 жылдың 28 мамырдағы Ресей империясы Сыртқы істер Министрлігінің ресми хабарламасына тағы бір көз салайықшы, тархан есімі орыс орфографиясы бойынша «Букенбай» деп дұрыс таңбаланыпты, «Буканбай» емес! Гавердовскийдікі дұрыс болса Бөкенбайды мұнда да орысша «Буканбай» деп таңбалар еді ғой. 

Шекті Бөгенбайдың Ырғыздың оңтүстік-батыс жағында биік щоқының етек тұсында жерленгені жайлы әңгімелер Тілеу-Қабақ руының көнекөз қарияларының айтуында ел ішінде сақталып қалған. Әрине, арада екі ғасырдан астам уақыт өтті. Моланың жермен жексен болып, тегістеліп кеткені анық...

1976-1993 жылдардың материалдары бойынша 2001 жылы Астана шәріндегі РМҚК «Картография»  баспасында дайындалып, жарыққа шыққан Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық картасында Ырғыздың оңтүстік-батысындағы пікір өзегі боп отырған шоқы – «Бөгенбай тауы» деп түсірілген. Қолдағы басқа да ескі карталарда «г. Бугумбай», «г. Бугембай» деп таңбаланған. Сонда «Бөгенбай тауы» деген атаудың бұрыннан келе жатқанына толық куәлік беріп тұр. 2008 жылы Алматыда басылған «Қазақстан табиғаты» атты энциклопедияның бірінші томының 272-бетінде осы шоқы турасында айта келіп, «Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр жерленген» делінген.

                          БӘТУАСЫЗ ДАУҒА ҚОЙЫЛАР НҮКТЕНІҢ АМАЛЫ

Дауды тәмамдаудың жолын көрсетейік. Ресей империясының архивтік дерегінде: «...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай (астын сыздық. – Б.К.) в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...», – деп түзілген (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Ал Я.П. Гавердовскийдің мәліметінде: «Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке…» – деп таңбалаған (Қараңыз: «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803-1804 годов»(Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).   

Мәлімет екі түрлі. Сонда Табын Бөкенбай батыр қалмақтармен шайқаста өлген бе, әлде түрікпендермен соғыста өлген бе? Дау қуып жүргендер ақиқатқа түбегейлі жету үшін осының бірін таңдау керек!

Егер Гавердовскийдің дерегі қабылданса, оның: «Буканбай бий... погребен на том же маяке…» деген сөзіне біржолата тоқтап, қалың Табын, ұрпақтары, ырғыздықтар Бөкенбай батыр қалмақтармен шайқаста қаза болды, Шектілердің мекеніндегі шоқыға жерленді деп нақты қорытындыға келу керек. Онда білгіш тарихшылар осыны негіз қылып, Ресей империясы архивінде «түрікпендердің қолынан өлді» деп сақталған мәліметтің жалғандығын айтып, ел-жұрт адаса бермес үшін оған бұдан былай қолдануға тыйым салынуы тиіс.

Ал Ресей империясы архивіндегі дерек таңдалса, таудың Шекті Бөгенбай бидің атауында екенін мойындап, өнбес дауды доғарғандары жөн.

 

1710 ЖЫЛҒЫ ҚАРАКЕСЕК ЖИЫНЫНА ҚАТЫСТЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚТАР

Совет дәуірі тарихшыларының жария етуімен мәлім болған, сөз қозғап, ондағы кейбір жайттарды талдап, әлгінде біз куәлікке тартқан «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» делінетін қолжазбада (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495) орыс офицері Я. П. Гавердовский 1803-1804 жылдары тағы бір деректі былай деп түзіп кеткен екен: «...Еш шешімін таппаған бұл араздық бір ғасырдай уақытқа  жалғасты. 1700 жылдың шамасында Жоңғар қонтайшысы Үлкен Орданы басып алып, сонымен бірге Түркістан, Ташкент, Самарқанды да алым-салық төлеуге мәжбүрледі. Орта Орданың ішінара бөлігі оның бағынышына өз еркімен енді, жартылай бөлігі солтүстіктегі Тобылға қарай ығысып, үздіксіз жортуылдар жасады. Кіші Орда Ақсақалбарби көлі маңындағы құмда және Ырғыз, Торғай, Ор, Елек, Жайық өзендерінің бойында қыспақта қалды. Барлық жерінде қантөгіс күшейе түсті, жау жан-жақтан қоршауға алды. Көптеген отбасы құтылудың амалын таба алмай, тұтқынға берілуге мәжбүр болды. Оларға жасалған қатыгездік жау қолына түспегендерді қатайтып, қаталдандыра түсті. 1710 жылы Қарақұм маңында орналасқан туыстас рулардың билері мен басшылары бір-бірін соңғы қасық қандары қалғанша қорғау үшін кеңесуге жиналды». 

Бұдан әрі орыс офицері Гавердовскийдің Қаракесек жиыны турасындағы бұл жазбасының мына бөлігін аудармасыз бергенді жөн санадық, былай дейді мұнда:«К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов (Астын сыздық.-Б.К.). 

Осы жиында аман қалудың амалы жайлы әркім өз ойларын ортаға салады: қатты үрейленген қайсыбіреулер қонтайшыға құлдық ұрып,  аяушылық етуін сұрауды ұсынады, енді біреулері үй-жайын тастап, Еділдің арғы бетіне қашуды ойлайды, ал кейбіреулері әр бағытқа шашырай көшіп кетуді айтады. 

Көпшілік қаз-қалпында танысуы үшін деректі тағы да орыс тіліндегі нұсқасында берейік, Я. Гавердовский бүй деп баяндайды әрі қарай: «Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают (Әлімнің рубасылары Қаракөбек би мен Боранбайды айтып отыр.-Б.К.), что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей. Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!» После сего все торжественно клялись следовать совету Буканбая».

Осыдан кейін кейбір рубасылар ант-судың жауапкершілігін күшейту үшін денелерін тіліп, лаулап жанып жатқан отқа қанын тамызады. Құлшылық жасалынып, құрбандыққа ақ боз жылқы шалынады. Олар ауызбірлікте болуға осылай бәтуаласады. 

Я. Гавердовский бұл жиынның қорытындысын былай деп түзеді: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем».

Я. Гавердовскийдің еңбегіндегі 1710 жылы Қарақұмда өтті делінетін Қаракесек жиынында бас қосқан руларды бірлікке шақырған Шекті Бөгенбайдың әлгінде біз куәлікке келтірген сөзін де Табын Бөкенбайға жапсыра бастады. Мұның да шикілігін ашып көрсетпекпіз енді. 

Я. П. Гавердовскийдің дерегінде айтылған 1710 жылғы оқиғаны әуелгі бұрмалау орыс офицері Л. Мейерден бастау алған, ол былай дейді: «...около 1710-го года, киргизы пришли въ совершенное разстройство и хотели искать спасенія въ подчиненіи соседямъ, но народномъ съезде въ Каракумахъ старшина Букан-бай, известный батырь, уговорилъ народъ решится напасть на калмыковъ. Тутъ же былъ избранъ старшій въ семействе ханскомъ, Абул-Хаиръ, ханом, (астын сыздық.-Б.К.) а Букан-бай предводителемъ. Букан-бай действительно победилъ калмыковъ...» (Қараңыз: Мейер Л. Киргизская степь Оренбургскаго ведомства. Санкт-Петербургъ. 1865. С.5.)   

Л. Мейердің бұл сөзін совет ғалымы Н. Г. Аполлова: «Крупное вторжение джунгарских войск произошло в 1710 – 1711 гг (Астын сыздық.-Б.К.). Насколько серьезно было наступление джунгар, видно из того, что в 1710 году было созвано широкое народное собрание казахских жузов (?), съезд в Кара-Кумах, где предводителем ополчения был избран батыр Букенбай (?). Это было крупным событием в борьбе с Джунгарией. С этого времени определилась выдающаяся роль батыров в этой борьбе. Созыв широкого собрания в Кара-кумах был одном из этапов подъема народных масс, что и определило на некоторые время успех войск Тауке», (?) – деп құбылтып жалғастырады. (Қараңыз: Н. Г. Аполлова. Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века: – Алма-Ата, Издательство академии наук Казахской ССР, 1948. С. 169).

Орыс офицері Гавердовскиийдің «К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» деген дерегін Н. Аполлова «1710 году было созвано широкое народное собрание казахских жузов (?), съезд в Кара-Кумах...» деп бұрмалап жіберген.

Осы пікірді тағы бір совет ғалымы В. А Моисеев те қайталап, одан әрі: «В 1710 г. в Каракумах состоялся всеказахский съезд представителей трех жузов (?), где главным был вопрос об отношениях с Джунгарским ханством: поднимать народ на борьбу или просить унизительного мира», – деп әсірелейді (Қараңыз: Моисеев В. А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIIIвв): – Алма-Ата, Ғылым, 1991. С. 66). 

Қайталап айтамыз, Я. П. Гавердовский: «...где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов», деп атап көрсетіп отырса, қалайша күллі қазақтың бас қосқан жиыны болады?!

Л. Мейерден бастау алып, бұрмаланған деректі кейінгі тарихшы И. Ерофеева қоштап, одан әрі былайша жетілдіріп, жандандырады: «Таким образом, процитированное предание утверждает, что Абулхаир был поднят на белой кошме именно в 1710 году, (?) когда было положено начало консолидации воинских сил казахов Младшего и Средного жузов на отпор возросшей вооруженной агресии джунгаров» (Қараңыз: Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы, «Санат», 1999. С. 108).

Ал Я. П. Гавердовский: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии (тегі) ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем (бастаушы, жолбасшы)» деп таңбалаған. Аудармасы: «Осы кезде Әбілқайыр сұлтанды хандардың үлкен ұлы етіп сайлады және ризашылық білдірген адамдар Бөгенбайды өздерінің жолбасшысы деп жариялады».

Мінекей, куә болып отырмыз, мәліметте «Жиында Әбілқайырды хан етіп сайлады» деген сөз мүлде жоқ. Демек, И. Ерофееваның қисынсыз, әсіре долбары еш уақытта ақиқат бола алмайтыны анық, солай екенін тармақтарға бөліп, атап көрсетейік:

  1. Гавердовскийдің Әлім руы билерінің айтуымен қағазға түзіп алған «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской» деген деректеріне қарағанда Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен), оны қолдап қосылған өзге рулардың кішкене бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ханның нақ өзі емес, символы (белгісі) етіп таныған тәрізді. 
  2. Қалай десек те 1710 жылға дейін Әбілқайырдың әлі саясат сахнасына жарқырап шыға қоймаған уақыты. Бірақ осы жағдаяттан соң саяси жағдайларға белсене араласып, тұлғалық болмысының қалыптаса бастағанын аңдау қиын емес.
  3. 1710 жылы Тәуке хан тірі. Билігіне әлі нық кезі. Мұны архивтік мәліметтер бекітіп, растайды. Олай болса, Ұлы Қағанның кіші буыннан өретін Әбілқайырдың Шыңғыстан бері келе жатқан үрдісті бұзып, онымен қатар хандық мәртебеге ие бола қоюы екіталай. Ақиқатқа қайшы, мүлде қисынсыз!
  4. Әбілқайырдың хан атануы архивтік деректерге сүйенсек, Тәуке өлген соң 1715 жылдан кейін басталған.

И. Ерофеева тарихи мәліметтерді бұрмалауын мұнымен шектеп қалмады, Гавердовскийдің жазбасында таңбаланған «Буканбайды» «Табын Бөкенбай» деп ғұмырының соңына дейін қателесіп кетті. Жақсы, бұған қазақша білмеуі де себеп болған екен дейік. Таңқалдыратыны бұлардың бірінің қазасы қалмақтардан, енді бірінің ажалы түрікпендерден келгенін ойламағаны. Әлде саналы түрде сөйтті, әлде аңғармады. Бірақ қайсысы болса да жақсы емес, жұрт тәуір санайтын тарихшы үшін...     

Сонымен Гавердовскийдің: «К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (аудармасы:«Қаракесек жиынында  Кіші Ордадан Әлімұлы руының үлкен бөлігі, Байұлы және Жетірудың бір бөлігі, Орта Ордадан қыпшақтар мен наймандардың бірнеше отбасылары қосылды»), деген мәліметін әр тарихшы өз ыңғайына қарай «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп осылайша өрескел бұрмалаған.

Ал бұл жөнінде тарихшы Ж. Сәбитовтың пікірі басқаша, ол «Казахско-калмыцкие отношения в 1700–1715 годах» атты еңбегінде:  «Қарақұм жиыны  Я. П. Гавердовскийдің 19-ғасыр басындағы дерегінен белгілі. Оның мәліметінде, 1700 жылдар шамасында Жоңғар қонтайшысы Үлкен Орданы, сонымен бірге бірге Түркістан, Ташкент және Самарқанды басып алып, оларды алым-салық төлеуге мәжбүрлеген. Орта Орда жартылай жоңғарларға бағынады, қалған жартысы солтүстіктегі Ресей шекараларына қарай ығысады. 1710 жылы Қарақұмға негізінен Кіші жүздің өкілдері жиналады, оған қыпшақ пен найманнан санаулы отбасы қосылады. Жиында кейбірі Еділдің арғы жағына қашуды, енді біреулері қонтайшыға бағынуды ұсынады. Сонда Табын руынан (Қанжығалы емес) Бөкенбай (?) үзілді-кесілді қарсы шығады. Бұған жігерленген халық оны әскер басы (?) етіп, тағайындайды, Әбілқайырды хан (?) етіп, бекітеді. Қазақтар қалмақтарға барлық жерден шабуыл жасап, оларды Жемнен Жайықтың арғы жағына, Қарақұмнан Сарысуға асырып, ығыстырып тастайды (ИКРИ, 2007, с. 393–394). Я. П. Гавердовскийдің бұл мәліметтерін растайтын ешқандай деректердің жоқтығын айта кеткен жөн. 1709 жылы жоңғарлар Ұлы жүздің жеріне басып кіреді (Моисеев, 1991, с. 65). 1700 жылдан бастап Орта жүздің қонтайшы үстемдігін мойындағаны, оған алым-салық төлегені күмәнді. Сондай-ақ, Үлкен Орда мен Орта Орданың бір бөлігі сол кезде жоңғарларға бағынды деген деректер жоқ. Я. П. Гавердовский берген ақпаратта сол кезде билік құрған Тәуке хан есімінің аталмауы түсініксіз. 1710 жылы Қарақұмға негізінен Кіші жүз өкілдерінің неліктен, қандай мақсатпен жиналғаны да (Тәуке хан, ең болмаса Қайып та қатыспаған) ұғынықсыз. Бас қосуда айтылғандай ол кезде қазақтар жеңілістерге ұшырамаған-ды. 1710 жылы жоңғарлардың Шығыс Түркістанды басып алғаны белгілі (Моисеев, 1991, с. 68), олардың әскери қимылдарының негізгі орны қазақ жері емес-ті. Аталған жиыннан кейін, шамамен 1710 жылы, қалмақтардың Жем, Оралдан әрі қарай ығыстырылғандығы туралы Я. П. Гавердовский таңбалаған мәлімет жазба деректерде расталмаған. (?) (Астын сыздық.-Б.К.). 

...Білетініміз 1710 жылы қазақтар қалмақтарға шабуыл жасаған жоқ, керісінше, оларға тату болу әрі Ресейге қарсы одақ құру жөніндегі ұсыныстарымен елшілік жіберді. ...1709 жылы (бәлкім, көктемде немесе жаздың басында) Қайып башқұрт, қарақалпақ елшілерімен бірге Аюкеге келген. (МИКЦА, 2011, с. 47)», – деп жазады. (Қараңыз: Сабитов Ж. М. Казахско-калмыцкие отношения в 1700–1715 годах. Научный ежегодник «Средневековые тюрко-татарские государства». 2014. №. 6. Стр. 122).

Бұл пікірдің кейбір тұсы біршама жөнге келеді, бірақ М. Ж. Сәбитов те сөз арасында: «1710 жылы Қарақұмға негізінен Кіші жүздің өкілдері жиналады, оған қыпшақ пен найманнан санаулы отбасы қосылады. Жиында кейбірі Еділдің арғы жағына қашуды, енді біреулері қонтайшыға бағынуды ұсынады. Сонда Табын руынан (Қанжығалы емес) Бөкенбай (?) үзілді-кесілді қарсы шығады. Бұған жігерленген халық оны әскер басы (?) етіп, тағайындайды, Әбілқайырды (?) хан етіп, бекітеді», – деп алдыңғы ғалымдардың негізсіз долбар-сөздерін қайталап, адасқан.

Тарихшылардың, тағы басқалардың шатасып, ылғи қателікке ұрынуларының бір себебі – Я. П. Гавердовскийдің: «Утвердившись таким образом в своих намерениях, киргизцы по всеобщем вооружении напали на калмыков со всех мест, и в короткое время многих выгнали от реки Эмбы за Урал, а от песков Каракум за реку Сарасу» (астын сыздық.-Б.К.) деген сөзін 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынынан кейін туған істің нәтижесі деп қарастырудан. Ақиқатында бұл – 1727 жылғы Бұланты шайқасының қорытындысына қатысты Я. Гавердовскийдің жалпылама айтқан шолу пікірі-тін.

Нақты құжаттарға сүйеніп, Жоңғар хандығының тарихына байланысты жағдаяттың бәріне егжей-тегжейлі тоқтаған, сонымен бірге өзге жұрттармен қарым-қатынастарын да баяндаған И. Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства (1635-1758)» (Москва, 1983); Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть IXVII и XVIII века)» (Астрахань, 1926); Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть II. XVIII век)» (Астрахань, 1927); В. М. Бакуниннің «Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев (сочинение 1761 года)» (Элиста, 1995) атты еңбектерінде, сан мәрте ақтарып, сүзіп шыққан басқа да дереккөздерде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны жөнінде, сонан кейін болды дейтін қалмақ-қазақ шайқасы туралы тым құрыса бір ауыз мәлімет жоқ. Мүлде елеусіз қалдырған. Мұрағат деректерінде және жоқ. Мұның өзі аталмыш бас қосудың, анықтап айтқанда, Қаракесек жиыны (құрылтай емес!) тұтас Қазақ Ордасы мен Жоңғар хандығы үшін саяси жағынан елеулі оқиға ролін атқармағанын көрсетеді.

Ақиқатында Гавердовскийдің жазған оқиғасы Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен) тұрақты жайлайтын Ырғыз, Елек, Ұлы Борсық құмы, Қарақұм өңірлері мен Байұлы, Жетірудың бір бөлігі көшіп-қонатын Жем, Мұғалжар төңірегіне Еділ асып келіп, мал-жанға шабуылдап тұратын барымташы қалмақтармен батыс аймағының шағын төңірегінде ғана өткен қақтығыс екені анық аңғарылады. Мұндай жағдай екі жұрт арасында тіпті Бұланты, Аңырақай жеңістерінен кейін де тыйылмаған, Әбілқайыр хан тұсында да орын алған. Мұны архивтік деректер толық растайды.

Қарақұмда өткен бас қосуды «Қаракесек жиыны» деп атауының да мәнісін аша кетелік түсінікті болу үшін, шежіреде былай делінеді: Алшыннан – Алау. Алаудан – Құдияр Тентек. Құдияр Тентектен – Қаракесек. (шын есімі – Кәдірқожа). Қаракесектен – Әлім, Шөмен. 

Әлімнен – Жаманақ (Шекті) Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегенболат (Қарасақал), Тойқожа (Кете). 

Ал Шөменнен – Шөмекей, Дөйт (ұрпақ жоқ). Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл. Міне, осы он тайпа ел «Қаракесек» атанған.

Жолбастаушы Әлімнің рубасыларының бірі – Қаракөбек бидің, оның жиені Боранбайдың Қаракесек жиыны жайлы баян еткен дерегін Я. Гавердовский өзінің жазбасының басқа тұсындағы «О происхождении орды киргизской и происшествих до нынешнего времени» деген 2-тарауында келтіргендіктен мұны да  Шекті Бөгенбайға қатыссыз деп ойлап, онда біресе Қанжығалы Бөгенбай, біресе Табын Бөкенбай сөйледі қылып, сан құбылтудың еш қисыны жоқ. Біреулер осыған байланысты әлеуметтік желіде өткен пікірталастардың бірінде «Гавердовскийдің бұл жазбасында «Шекті Бөгенбай» деген сөз жоқ қой» деп еді құйтырқылықпен тосылтпақ боп. Сонда біз де айтып ек, «Табын Бөкенбай» деген тұсы бар ма?» деп...

Қарақұмда қазақ руларының шағын бөлігі бас қосып өткізген жиынды құр долбармен әсірелеп, онда біресе Қанжығалы Бөгенбай, біресе Табын Бөкенбай сөйледі қып жалаулатып жүргендердікі – үстірт, таяз пайым. Ешқандай деректерге негізделмеген. Бұрмалаушылық. Гавердовскийдің еңбегіндегі «Буканбай» жайлы деректер – бір адамның, анықтап айтқанда, мал-жанын, жұртын қорғап, қалмақтармен шайқаста қаза тапқан Бөгенбайдың тағдырын баяндаған мәліметтер. Бұған ажалы түрікпендерден келген Табын Бөкенбай батырды ортақтастырып, көлденеңнен киліктірудің еш себебі жоқ...

Қаракесек жиыны турасындағы деректі беруші Қаракөбек би тек Гавердовскийдің еңбегінде ғана аталмаған, басқа да архивттік құжатта есімі кездеседі. Өз заманында салмақты тұлғаның бірі болғаны айқын аңдалады (Қараңыз: ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 496. Л. 58-59). 

Қаракөбек би 18-ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп шамалаймыз, қалай болғанда да жобасы соған соғып тұр. 1710 жылы Қарақұмда өткен жиынның оқиғасына куә болғандардың бірсыпырасы бұл ес білген кезде бар. Оларды көргені анық. Демек, Гавердовскийге берген мәліметтері оның солардан тікелей естіп, білгені екені де еш даусыз, талассыз – ақиқат! Олай болса, кейбіреулердің «Гавердовский не деректі берушілер Табын Бөкенбай батырды қалмақтармен шайқаста өлді, қазіргі Ырғыз ауданы территориясындағы шоқыға жерленді деп жаңсақтасқан» деуі –  еш дәйегі жоқ бөстекі сөз.

Табын Бөкенбайдың тарихи тұлға екені, батыр екені рас. Ешкім жоққа шығара алмайды. Сыртқы жаулармен өткен шайқастарда қолбасшы болған дейді. Бұл соңғы уақыттарда әсіресе, руластары тарапынан жиі айтылып жүр. Шынымен сол рас болса, ол қай соғыстарда сондай жауапты міндеттер атқарды архивтік деректермен, басқа да тарихи құжаттармен куәландырылуы тиіс дер ек. Әжем айтты, атам айттымен емес. Құр долбармен емес. Бұл – кейінгілер үшін өте керек ақиқат! Бөкенбай тек Табынның жеке батыры емес, қазаққа ортақ тұлға...

Хош, осы тұстан сөзімізді қайырайық. 

Сонымен пікірімізді тәмамдай келе айтпағымыз, Я. П. Гавердовскийдің «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» делінетін қолжазбасында (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495) Бөгенбайды «Буканбай» деп қате жазғанын «Табын Бөкенбай» деп қабылдау, Табын Бөкенбайдың тағдырына, кейбіреулердің өздерінің бұрмалаған әрекеттеріне қайшы келетін тұстарды «Гавердовский не оған деректі беруші Қаракөбек би қателескен» деп құйтырқылықпен бүркемелеуге тырысуы – теріс сөзім қалайда оң саналуы керек деген менмен тоңмойындықтан, таяздықтан!

Суреттер: ғаламтор бетінен және автордан

                                                                                                     Бөрібай КӘРТЕН,

                                                                                                        Ақтөбе қаласы.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?