Қазіргі жаһандану заманында ұлттық діңгегімізді сақтап, оны ұрпақ санасына сіңіру маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Білім қуған жастарға сапалы әрі ұлттық нақыштағы білім беру заман талабы деп санаймыз. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасында тұрған – қара шаңырақ білім ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті оқу үрдісінде заманауи бағытта түрлі шараларды өткізіп келеді. Университетіміздің жүз жылға жуық тарихы бар. Білім алушылардың ғылым кеңістігін игеру үшін барлық жағдайлар жасалған: кітап қоры мол зәулім кітапханасы, сымсыз интернет желісімен, ақпараттық-инновациялық жабдықтармен қамтылған заманауи оқу залдары жастар үшін ғылым-білімге деген құлшынысын одан сайын арттыра түспек. Университетімізде үздік ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы қызмет етеді. Біздің университетте мамандықтар бойынша шетелдік ғалымдармен байланыс орнатылып, бірлескен форматта алуан түрлі шаралар өткізіледі.
Еліміз егемендік алғалы бері ұлттық тіліміз бен тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді зерделеу жаңа бағытта жүргізіле бастады. Тарихымызды, тілімізді зерттеп көпшілікке таныстырудың бір бағыты – түркі тілдес халықтарға ортақ болып табылатын мұраларды ғылыми тұрғыдан қарастыру. Осыған орай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Түркітану» мамандығы бойынша студент, магистрант, докторанттар дайындайды. Түркі тілдес халықтардың тарихы, тілі, әдебиеті оқытылады. Олар ғылыми тұрғыдан түрлі білім, ақпарат алу мақсатында университетте атақты ғалымдармен, ақын, жазушылармен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай кездесулердің бірі биылғы жылдың 16-қарашасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен әйгілі түркітанушы-линвист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Чуваш Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, әлем түркітанушылар президиумының мүшесі Егоров Николай Ивановичпен «Қазақстандағы түркі диахрондық әтномәдени компаративистиканың даму болашағы туралы ой-толғаулар» тақырыбында онлайн ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинардың модераторы болып ф.ғ.д., профессор Н.Ж.Шаймерденова жүргізді. Семинарға институттың ғылыми қызметкерлері, филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар қатысты. Қатысушылар семинарда түркітанудағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдары туралы ой бөлісті. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды, түркітанудың келешек даму бағыттары жөнінде өзара пікір алмасты. Ғылым әлемінде орасан зор еңбек еткен ғалымдармен кездесу, дәріс, ғылыми семинарлар өткізу ғылыми ізденісте жүрген жас ғалымдарға көп септігін тигізері анық.
«Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.докторы, профессор Р.А Авакова, «Түркітану» мамандығының 1- курс докторанты А.Нурмухамбетова