Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қадырқұл ишан есімін ардақтайық

1135
Қадырқұл ишан есімін ардақтайық - e-history.kz

Сыр өңірі ежелден қазақтың маңдай алды тұлғаларын тудырған мекен. Бұл мекенге ғұмыры ғасыр жұмбағына айналған Қорқыт бабамыз туып, жамбасы тиген. Сондай-ақ Қармақшы, Марал, Сейтбембет әулие, Қалжан, Бәймен ахундар дүниеге келіп, осы мекенді жырға қосып, елге дін таратып, айтыс өнерінің де дамуына айрықша үлес қосқан. Сыр өңірінде туған Жалаңтөс баһадүр найзасының ұшымен ұлан байтақ қазақ даласын қорғаса, Арыстанбай, Тайлақ, Манақ, Қыстаубай, Тоғанас, Байқадам, Сарман, Жанғабыл, Жалбыр, Бабас, Қажеке, Тәтімбет секілді батырлар мен Пірәлі, Қалам, Төребай, Сәдір, Қазанбас, Жетес, Қаналы, Елемес билердің есімдері халық ауыз әдебиетінен елге етене таныс. Сондай азаматтардың бірі һәм бірегейі – Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы еді. 

Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлының есімі бізге Тұрмағамбет Ізтілеуговтың алғашқы діни сауатын ашқан ұстазы ретінде таныс. Тұрмағамбет өзінің 1906 жылы «Молдаларға» атты өлеңінде:

Мен өзім – Мұхамедпін, қолым – алла!

«Қалай?» деп халыққа көрсет қолыңа ал да.

Баласы мұсылманның бола қойсаң,

Мұнымды «өтірік» деп ойыңа алма!

Айтсам да асылық сөз былайынша, 

Күймеймін тозағыңа осы халда!

Молдалар, бұл сөзіме сенбесеңдер,

Ант іштім расына «олла-білла»

Әулеті Кіші жүздің Кете руы

Айтушы Тұрмағамбет мен ғұлама, – деп ақын дүмше молдалардың халықты тозақпен қорқытып, өз арам пиғылдарын жүзеге асырып жүргендерін ашық сынап, өзінің діни білімі мол екенін көрсетеді. Тұрмағамбеттің «мен ғұлама» деп отырғаны оның діни білімін Қадырқұл ишаннан алып, дүние мен дін білімін қатар игеріп, «мен дүмше молдалардың айтақына алданбаймын» дегені еді. Ишан өзі бала күнінен таныған Тұрмағамбет ақынға шын дін мен дүмше моланың ара-жігін ажыратып, бойына ілім құйған еді. 

Қадырқұл ишанның есімі осы күні ескерусіз қалып, ұмытылып барады. Ол 1850 жылы Қармақшы өңірінде дүниеге келген, діни сауаты мол әрі әулиелік және емшілік қасиетімен Сыр өңіріне танылған адам болған. Қадырқұлдың әкесі Оразмағанбет те  заманында діни сауатты кісі болған. Байсарыдан (Кете) тарайтын Жанбақты ұрпағы Сүйіндіктен бастау алады. Сүйіндіктен – Қорғанбай, одан Оразмағанбет туған. Оразмағанбеттен екі баласының есімі бізге белгілі, олар: Қадырмәмбет, Қадырқұл. Әкесі үлкен ұлы Қадырмәмбетті шаңыраққа, үй шаруашылығына алып қалса, кіші баласы Қадырқұлды Көкілташ медресесіне оқуға жібереді. Қадырқұл ишанның немересі Әбдірахман Маханбетов Журналист-зерттеуші Сәрсенкүл Жаудатбекке берген сұқбатында:

«Кезінде айналасы ашық, анадайдан менмұндалап тұратын «Қадырқұл ишан» мешітінің орны қазір қалың ну сексеуілді жерге айналды. Онда жол білетін адаммен арнайы іздеп бармасаңыз, бірден тауып алу мүмкін емес. Бұл – ата-бабамызға құт болған «Ақтайлақ» атанған атақоныс мекеніміз. Мұнда ілгеріде елге батырлығымен, ержүректілігімен танылған Ақтайлақ батырдың кесектен салынған күмбезді бейіті болған. Осы құмды жарып өтетін Томар өзенінен Ақарық, Бозарық деген сулы мекендерге ел жағалай отырып, егін еккен. Осы аралықтарда Кете руының, оның ішінде Кеген аталықтары ауыл, ауыл болып қоныстанған. Бабамыз Оразмағанбет кезінде сауда орталығы болған Аламесек қаласында өмір кешкен. Балалары Қадырмәмбетті шаңырағына алып қалады да, Қадырқұлды медресеге оқуға жібереді. Атамыз медреседе білім алады. Қолына емшілік хатын алып, елге оралады. Сол мезгілдерде Кете руының Дәуімшар атты биі балаларына сауат ашу мақсатында, Томар өзенінің бойынан «Томарбөгет» деген жерден асарлатып мешіт салдырған. Сол мешітке атамыз Қадырқұлды алдыртып, ауыл балаларының сауатын ашуға шақырған. Ишан атамыздың бар өмірі осында бұқараның сауатын ашумен, оларға рухани тәрбие берумен өтеді. Шәкірттерінің арасынан да талай оқымысты, ел басқару ісіне араласқан нарқасқалар шыққан» - деп атасы жайынан үзік сыр тартады. 

Қадырқұл ишан Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде 7 жыл бойы діни біліммен сусындап, туған елге оралған соң ауыл мешітінде бала оқытқан. Осы мешітте 1890-1900 жылдарда туған сол ауыл мен оның айналасындағы елді мекендердің балалары діни сауатын ашқан. Сол балалардың бірі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы болған. Сонымен қатар Қадырқұл ишанның емшілік қасиеті де халыққа кеңінен танылған. Ол науқас адамға Құранмен дем салумен қатар, көктем, күз мезгілдерінде ен даланы кезіп, дәрілік шөптер жинайтын болған. Талай науқастың деніне ем-шипасын тигізген аяулы азамат болған. Бұл жайлы Тынышбек Дайрабай халық аузынан жинаған естеліктерде: «Қадырқұл ишанның жүйке ауруына ем іздеп келген науқастарды өзі бала оқытқан мешіттің жанында өсіп тұрған жыңғыл дарағын айналдыра шыбықпен қуып емдеген екен. Көнекөз қариялардың айтуынша сол дарақтың астынан жолбарыс шығып, науқастардың көзіне Қадырқұлдың әруағы болып көрінеді екен», – дейді. Қадырқұл есіміне «ишан» атағының қоса айтылуы бекерден-бекер болмаса керек. Себебі, ишан – халық арасында елдің сауатын ашып, діни-рухани кемелденген адамдарға ғана берілетін бірегей атақ. Зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай: «Қадырқұл ишан мұсыл­ман­дық­­тың басты парызын өтеу мақсатында 1900-1903 жылдар шамасында Меккеге қажылыққа барып, ұлт данышпаны Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылық рәсімді орындаған. Қадырқұл ишанның баласы Ахметтен тараған Шәкизада 1940 жылы Меккеге қажылыққа барғанда қаладағы қонақ үйдің қабырғасынан Құнанбай қажы, Аппаз Мырқы мен Қадырқұл ишанның есімі жазылғанын көреді» деген дерек келтіреді. Бірақ біздің  бұл дерекке күмәніміз бар. Біріншіден, 1900-1903 жылдар арасында Құнанбай қажы бұл дүниеде болған жоқ. Екіншіден, Абайдың немере інісі Шәкәрім қажы 1905 жылы қажылыққа барған еді. Үшіншіден, біз зерттеу барысында қажыға барған қазақтар арасынан Қадырқұл Оразмағамбетұлының есімін кездестіре алмадық. Бірақ, ізденіс жұмысы әлі де толық қарастыруды қажет етеді.

Қадырқұл есімі мен оның өнегелі өмір жолын Ақтөбе өңірі де таныс болға. Ишан сол аймақта мешіт ұстап, бала оқытқан. 1925 жылы ол туған елге оралып, Ислам дінін Қармақшы өңірі халқына кеңінен таратып, мешіт ұстаған. Бұл жайлы ишанның немересі Әбдірахман Маханбетов: «Атамыз өкімет тарапынан 1925-жылдары қуғынға ұшырап, Ақтөбе облысының Алға ауданы, Табантал мекеніне қоныс аударады. Бұл жақта да мешіт ашып, емшілік жолын жалғастыра түседі. Өкінішке орай, араға екі жыл салып 1927 жылы өмірден өтеді. Атамыздың қабірін іздеп барғанымызда, сондағы қалың ел әулиенің ұрпағы деп құрметпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Атамыздың сауапты ісіне риза болған жергілікті халық әліге дейін ол кісінің басына түнеп, зиярат ететіндерін жасырмады», – дейді. Ишанның ғұмырнамасы алаш кезеңінімен тығыз байланысты болған. Ол 1927 жылы ғұмырының соңғы жылында, қазақ даласында байларды тәркілеу, діни қызметкерлерді қудалау жұмысының алғашқы көріністері басталған еді. Ишанның мүрдесі қазіргі Алға ауданындағы Табантал-Борлы деген өзек бойындағы Сарытөбе деген жерге жерленген. Қадырқұл ишаның діни қызметі мен қоғамдық-саяси қызметіне әлі де толық зерттелмей келеді. Қадырқұл ишанның шөпшегі Нұрасыл Бекматовпен кездесіп, танысқанымызда Қадырқұл бабасы жайлы архив құжаттары мен халық арасынан деректер іздестіріп жүргенін айтып, алаң көңілді бір қуантып қойған-ды. Ол Әдірахман атасы мен Бекмат атасының суреттерін басты назарға ала отырып, бабасы Қадырқұлдың бейнесін салған көрінеді. Қадырқұлдай ишандай бабасы бар Нұрасыл, Нұрасылдай ұрпағы бар Қадырқұл ишан бақытты десек артық айтпағандық еді. 

Жауынбай Жылқыбайұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?