Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әкесінің үйі – Мәншүктің музейі

4294
Әкесінің үйі – Мәншүктің музейі - e-history.kz
Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың Мемориалдық мұражай үйі 1982 жылы ашылды. Батырдың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында. Орал қаласында орналасқан мұражай ғимараты XIX ғасырдың тарих ескерткіші

Совет Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметованың мемориалды музей-үйі туған жері Орал қаласында орналасқан. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты мекеме 35 жылдан астам уақыт бойы Орал қаласының тұрғындары мен қонақтарына қызмет атқарып келеді. Батыр Мәншүктің майдандағы ерлігі мен сұрапыл соғысқа дейінгі жастық шағын, қаһармандық тұлғасын жастарға сіңіріп, патриоттық тәлім-тәрбие беруде музей-үйінің жәдігерлерінің де құны құнды.  

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі 1982 жылы ашылды. Батырдың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында. Орал қаласында орналасқан мұражай ғимараты XIX ғасырдың тарих пен мәдениет ескерткіші болып табылады. Дәл осы үйде Мәншүктің әкесі Ахмет отбасымен 1932 жылдан бастап 1934 жылға дейін тұрды. Ахмет Мәметов – Батыс Қазақстан өңірінен шыққан Алаш Орда қайраткерлерінің бірі, ақын-журналист, дәрігер.

Ахмедғали Маметов жас кезінде өздігінен сауат ашып, 1910 жылдар шамасында Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, 1915 жылы Орынбордағы «Хұсайыния» медресесіне ауысып, сол оқу орнын тәмамдайды. Медреседе оқып жүрген Ахмет алғаш­қы өлеңдерін 1912 жылы «Қазақстан» газетінде жариялаған. Кейін медицина саласына ауысып, Алматыға қоныс аударған. 

Музей екі үлкен ғимараттан құралған. Музей-үйінің ауласында бойжеткен Мәншүктің қоладан құйылған ескерткіші бар. Музей екі бөліктен тұрады. Үйдің сыртқы жағында «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорамасы орналасқан жеке ғимарат. Бұл ғимараттан Ұлы Отан соғысы және Мәншүк Мәметова туралы деректер, құжаттар, аудио және бейнематериалдар орналасқан. Ал үйдің ішінде Мәметовтер отбасының пайдаланған бұйымдары қойылыпты. Төргі бөлмедегі төсек, ортадағы дөңгелек үстел, тіпті, шыны-аяқтарға дейін Мәншүктің қолының табы қалған бұйымдар.

Мұражай экспозициясында қойылған әрбір жәдігер Мәншүктің өмір сүрген кезеңдерінен тарихи сыр шертеді. Онда 1930 жылдардағы Мәметовтар отбасының тұрмысы мен ішкі көрінісі, орындықтар, айна, сандық, ыдыс, "Zinger" тігін машинасы, қобдишалар, кестелер, хаттар, жеке самаурын және т.б. Осында Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменова тапсырған бірегей, түпнұсқалық экспонаттар орналасқан.

Мұражайдың негізгі экспозициясы 5 залдан тұрады. Оның негізі – Ұлы Отан соғысының барысы, 1941-1945 жылдары Орал бойындағы батысқазақстандықтардың қатысуы, фашизмді жеңуге қосқан үлесі. Хронологиялық тәртіпте экспозиция соғыс тарихы жайында айтады; осында совет-германдық майданындағы соғыс әрекеттерінің барысы баяндалады, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасын қорғау үшін болған ұрыстар, Днепрді күшейту және Берлин штурмы көрсетілген.

Мұражай кульминациясы Қазақстан Республикасындағы жалғыз «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорамасы болып табылады, оның авторы Мәскеу қаласындағы Греков атындағы әскери студиясының суретшісі Ананьев Михаил Ананьевич. Диорама 1993 жылы 22 маусымда ашылған.

Мәншүк Мәметова музей-үйін көп жылдан бері Светлана Саржасқызы басқарып келеді. Музей жәдігерлерін таныстырып, батыр қыздың ерлігі туралы да естеліктерді музей экскурсоводтарынан естідік. Арасында Светлана апайымыздан "Музейдегі экспонаттардың ішінде ең құнды жәдігер туралы айта аласыз ба?" деген сауалды қойып үлгердік. 

«Музей топтамасында 2000 астам экспонат орналасқан, олардың арасында Мәншүк Мәметованың алты түпнұсқалық хаттары бар. Соңғы хатында Мәншүк анасына «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін» деген. Музейде Мәншүктің көптеген құжаттары мен фотосуреттері сақталған. Мәншүк өз атын жазған түпнұсқалық қамшы бар. Бұл қамшы бәйгелердің бірінде жеңгені үшін сыйлық ретінде берілген.

Жауынгер каскасы, пулемет жолағына арналған оқ жәшігі мен майысқан дүңгіршегі – осы экспонаттарды Мәншүктің қаза болған жерінде ресейлік зерттеушілері тапты. Бұлардың барлығы Мәншүктің көзін көрген құнды жәдігерлер», – дейді мұражай меңгерушісі Светлана Бектенова. 

Музейге келетін адамдар 1989 жылдан бастап әрекеттейтін «Фронтовичок» клубының тарихы жайында да біледі. Бұл соғысқан әйелдерін жинаған еліміздегі жалғыз бірлестік. М. Мәметова атындағы музей-үйі олар үшін «штаб» болды. 1980-ші жылдары клубта 70 ардагер болды. Қазіргі кезде жастармен бірге өтетін кездесуге бірнеше адам келіп отырады.

Музей қызметкерлері Мәншүк Мәметоваға қатысты кез келген материалды жинап отырады, олардың арқасында болашақ ұрпақ оның өмірі мен ерлік жайындағы тарихы туралы біле алады.

Фотосуреттер галереясы: Мәншүк Мәметованың мемориалды мұражай үйі

Материалды әзірлеуде қол ұшын созған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғысымызды білдіреміз

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?