Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дала өмірінің данышпаны

2517
Дала өмірінің данышпаны - e-history.kz
Қарқаралы өңіріндегі атағы жер жарған Хасен Ақаев пен Ыбрай Ақбаевтар бір-бірімен байлық жағынан бәсеке болған деседі. Хасеннің қойы аз, жылқысы көп болса, Ыбрай қойының көптігімен ерекшеленген екен

ХХ ғасырдың басында  жаңа саяси сипатта қалыптасқан қазақ ұлттық элитасы Ресейдің еуропалық бөлігінде білім алған ұлт зиялыларымен қатар, нарықтық қатынастарға, кәсіпкерлікке бейімделе бастаған, саяси өзгерістерді жете түсінетін, сауатты қазақ байларынан тұрды. Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекет құруға деген талпыныстарындағы негізгі қолдаушылары да осы ықпалды топ болғандығы анық. Осы мақалада қазақ ортасында қадірі айрықша бағаланған осы топтың негізгі өкілі, Алаш қайраткері – Ақайдың Хасені жайлы сөз қозғамақпыз.

Хасен Ақаев жөнінде ғылыми және тарихи-танымдық зерттеулер жоқтың қасы. Тек Қарағанды өңірі өлке тарихының білгірі Юрий Поповтың мақалалары мен Болатбек Нәсеновтің құжаттарында тұщымды мәліметтер кездеседі. Сондай-ақ сол кезеңге және замандастарына қатысты бірлі-екілі мақалада тұлғаға қатысты жанама деректер баршылық.  

Ақаев Хасен – қоғам қайраткері, кәсіпкер, ағартушы, Алаш қозғалысының өкілі. 1860 жылы Семей облысы Қарқаралы ауданының Қу болысында дүниеге келген. 16 жыл бойы Қу болысын басқарып, ел арасына жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған [1, 23-б.].

Өлкетанушы Юрий Поповтың мәліметінше, Хасеннің аталары былай таратылады: Хасен, Ақай, Баймұрын, Қойсоймас, Жоламан, Жарлығап. Аталарының ішінде Баймұрын Қойсоймасов бидің даңқы шыққан. 1835 жылы Хасеннің атасы Қу тауларының етегінде өз руына тиесілі жерлердің түпкілікті шекарасын бекітіп алған. Хасеннің Мағат және Қасым есімді екі інісі болған. Қасым ертерек қайтыс болған. Мағаттың қыстауы Қызылшілікте тұрған.

Ел арасында, мерзімді басылым беттерінде кездесетін мәліметтерде Хасен Ақаевтың Қарқаралы өңірінің ірі байы болғандығы айтылады. Тіпті бір басына 18 мың жылқы біткен деседі. Қазақ байларына қатысты аңыз бен ақиқат арасындағы мұндай ауызша деректер жетерлік. Дегенмен, Ақайдың Хасені мыңды айдаған бай, саудасын дөңгелеткен кәсіп иесі, елге абыройлы азамат ретінде иісі қазаққа кеңінен танылған.

Ал, Щербина экспедициясының нәтижесінде жинақталған мәліметтерде Қу болысының 3 ауылынан 50 адамның тізімінде Хасен Ақаевтың есімі аталады. Хасеннің иелігінде 303 жылқы, 53 құлын, 90 ірі қара, 34 бұзау, 8 түйе және мыңға тарта қой болған. Қыстауы Шолаққайың деп аталады [2, с. 526-528].  Дегенмен, бұл дерек шындыққа жанаспайды. Байлар салықты аз төлеу мақсатында малының санын көбіне азайтып көрсетуге тырысқан. Әйтпесе ірі капиталдың иесі Ақайдың Хасенінде жоғарыда көрсетілгендей мөлшерде ғана мал болуы қисынға келмейді.

Өлкетанушы Юрий Поповтың ел арасынан жинаған мәліметтерінше, Ақаевтың мыңдаған жылқысы болған. Қарқаралы өңіріндегі атағы жер жарған Хасен Ақаев пен Ыбрай Ақбаевтар бір-бірімен байлық жағынан бәсеке болған деседі. Хасеннің қойы аз, жылқысы көп болса, Ыбрай қойының көптігімен ерекшеленген екен [3].

Ақаев Хасеннің азаматтық тұлғасы мен қоғамдық қызметінің айрықша қыры Қоянды жәрмеңкесімен тікелей байланысты. Хасен негізгі капиталын осы жәрмеңке арқылы айналдыратын. Және де Қоянды жәрмеңкесіне қатысатын ауқатты азаматтар мен көпестердің барлығы да Хасенді осы жердің иесі ретінде таныған. Сондықтан осы жәрмеңкеде орын алған барлық оқиғаларға оның қатысы болды. Соның бірегейі – Қарақаралы петициясы.

Егіндібұлақ ауданының қадірменді ақсақалы Әбсағат Мұқанов мынадай мәліметімен бөліседі: – Мен Хасен Ақаев туралы бірінші рет 1969 жылы естідім. Қарқаралының көне тарихын жақсы білетін Ә. Ермеков маған осы  кісі  жайында әңгіме айтып берді.

«Қу болысында Хасеннің беделі керемет еді. Онсыз Қоянды жәрмеңкесі ашылмайтын, өйткені бұл оның туған жерінде еді, кілең жүйрік жылқы ұстайтын жәрмеңкеде олар бәйге беріп көрген емес. Ақаев сауданы демеп отырған. Мен оны қоғам қайраткері  есебінде де білемін. Біздер Әлихан Бөкейханов екеуміз оның ауылында болдық» [3]. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың аузынан жазып алынған шағын естелігінің өзі тұлға тарихы үшін дерек іспеттес.

Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю» деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған [4]. Хасен Ақаев Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Себебі, петиция болған Қоянды жәрмеңкесінің негізгі үйлестірушісі де Хасен еді. Петицияға қол қойған беделді адамдардың арасында Хасеннің бауыры Мағат Ақаев та жүр.

Деректерге көз жүгіртсек, Қарқаралы петициясы қазақ қоғамындағы екі топты – қазақ байлары мен зиялы қауым өкілдерін біріктіруге ықпал еткен саяси науқан болды. Мәселен, аталған істе идеялық серпін беруші ұлт зиялылары болса, халық тарапынан қолдау білдіріп, үн қатқан осы ауқатты топ болатын. Тіпті жергілікті билік тарапынан қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларына араша түскен, тіпті кепіл ақша төлеп босаттырып алған қазақтың байларының азаматтық істерін неге айтпасқа!?

Патшаға жоданған петициядан кейін, қазақ зиялыларының соңына түсу, тергеу істері қарқын алды.

1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан кейін Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль төлеп шығарған [5].

Жақып Ақбаев Қарқаралы петициясынан кейінгі митингтерде «патшаға тіл тигізді» деген айыппен 1906 жылы 11 қаңтарда тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Ал Ахмет Байтұрсынов Хасен Ақаев, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев сияқты алаш рухты көпестерден 7500 сом қарыз алып, Жақып Ақбаевты кепілдікке босатып алды. Ал 1906 жылғы тамыздағы сотта ол өзін-өзі толық ақтап шықты [6, 265-б.]. Бұл қайраткердің қамқорлық қызметінің бір парасы ғана. Тіпті орыс-жапон соғысы кезінде де өзі басқаратын Қу болысы тарапынан қолдау білдіріп, азаматтық танытқан. Бұл ісін Ю. Поповтың мына мәліметі растайды: «Жапониямен соғыс Қарқаралы өңіріне де өз әсерін тигізді. Ықпалды бай Хасен Ақаев өз бастамасымен орыс армиясының қажеттілігі үшін Қу болысынан қаржы жинауға шешім қабылдайды. Жиналған қаржы 1000 рублді құрайды. Хасен Ақаевтың бір өзі 50 жылқы қосады» [7, с. 190].

Ел арасында, тіпті кәсіпкерлік саласында «Ақайдың Хасені» есімімен кеңінен танылуына жомарттық, мәрттік істері себеп болса керек.

Мәселен, 1908 жылдың күзінде Жезқазған жеріндегі алты мыс кен орны мен Байқоңырдағы көмір шахталарының бас кеңсесі Лондонда орналасқан «Атбасар мыс кен орындары» акционерлік қоғамына сатылады. Ал 1912 жылдың желтоқсан айында акционерлік қоғам зауыт салуға қаулы қабылдайды. Шығысында кен шахталары шоғырланған Жезқазғанның, батысында отын көзі орналасқан Байқоңырдың ортасындағы Қарсақбайға қалауы түскен ағылшындар жерді жергілікті байлардан отыз жылға жалға алып, 1913 жылы зауыт құрылысына кіріседі.

Ел арасында таралған ауызша деректерге жүгінетін болсақ, осы жылдары Қарсақбай кеніндегі ағылшындар жұмысшылардың жалақыларын беру үшін Ақмоладағы банкке көктемгі батпақтан қатынай алмай, тығырыққа тіреледі. Содан олар Қу болысындағы Ақайдың Хасеніне келеді. Істің барысын түсінген Хасен келген қонақтарының алдында шапанға буылған бума-бума ақшаны әкеліп қойған екен. Яғни, Хасеннің төңкеріске дейін қазақ даласындағы ықпалды, мол қоры бар адамдардың қатарынан саналған.

Хасеннің ел игілігіне жаратқан игі ісінің бірі – мектеп ашып, қазақ балаларына білім алуына жағдай жасауы. Мысалы, советтік қазақ қайраткері Нығмет Нұрмақовтың өзі Ақайдың Хасені 1906 жылы ашқан мектептен білім алған. 

1909 жылдың 1 шілдесінде Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі қызметінде жүрген Ахмет Байтұрсынұлы қамауға алынды. Оған үкіметке қарсы үгіт жүргізді, қазақтарға автономия алып беруді ұсынған, саяси қылмыскер Жақып Ақбаевты құтқару үшін жиындар ұйымдастырып, қол жинады деген айыптар тағылған. «Саяси сенімсіз» деген желеумен бұған қоса жеті адам қамауға алынады. Олар: 1. Смақан төре. 2. Ыбырай Ақбаев. 3. Хасен Ақаев. 4. Ахмет Райымбеков. 5. Бодаубек Райымбеков. 6. Асылбек Сүлейменов. 7. Смайл Бәйтенов [8, 80-б.]. Аса қауіпті саналған Ахмет Байтұрсынұлын Семейдегі түрмеге жөнелтеді де, «сыбайластары» саналған жеті адамды Омбы, Том, Орынбор сияқты Ресейдің ішкі жағына жер аударады. Тағдыр олардың бірлігін осындай қиын кезеңдерде сынады. Олар шынымен де Алаш қозғалысының белді өкілдері еді. Ал, Қарқаралы өңіріндегі Алаш қайраткерлері дегенде, алғашқылардың бірі болып ойға оралатын Ақайдың Хасені еді. Әлихан сенім артқан тұлғаның бейнесі тіпті орыс зиялыларының шығармаларында да аталады.

1913 жылдың жазында Г.Н. Потанин Семейден Қарқаралы уезіне сапарлап, Қызыларай таулары мен Тоқырауын өзеніне қарай асады. Қазақ халқының аңыз-әңгімелері мен ертегілерін жинауды мақсат еткен бұл сапарын ғалым «Сибирская жизнь» басылымында жариялады. Ол жазбасында Г.Н. Потанин былай дейді: «Бұл уезді таңдаудағы себебім, мұнда менің досым Әлихан Бөкейхановтың туыстары тұрады... Ал Әлихан Самарада тұратындықтан, Қарқаралыға келе алмады, бірақ хат жазып жіберді. Соның арқасында оның елдегі достары Хасен Ақаев, Жақып Ақбаев, Хасен Бижанов және т.б. таныстым» [9, с. 1-2]. Расымен де, Хасен Ақаев сынды ықпалды тұлғалар қазақ мәдениетін танытуға, таныстыруға және жинақтауға зор үлес қосты. Бұлар шын мәнінде қазақ элитасының көрнекті өкілдері болатын.

1917 жылғы саяси өзгерістер тұсында Алаш мүддесін қорғады. Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде жер-жерде қазақ комитеттері құрыла бастады. 16 наурызда Қарқаралда құрылған уездік қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. Ал, қазақ комитеттері 1918 жылы Алашорда үкіметінің құрылымдық бөлімшесі болды. Осылайша Хасен Ақаев 1917-1920 жылдары Алаш қозғалысына қалтқысыз қызмет етті. Алаш тарихына қатысты құжаттарда оның есімінің аталуы соны аңғартса керек.

Совет үкіметі орнағаннан кейін, яғни 1920 жылдардың басында да қазақтың ауқатты топтары жергілікті билік тарапынан қысымға алынған. Тіпті біразының шаруашылықтары тәркіленген екен.

Қарқаралының тумасы Г.К. Рязанцев осы жағдай туралы былай дейді: «Дәл қай жылы екені есімде жоқ, Хасен Ақаев жиырмасыншы жылдары тұтқындалды. Оны Семейге алып кетті. Барлық малын қаттады. Ақаев қайыршы болып оралды. Алайда бұрынғы кездегідей Қояндыда өз жеріне киіз үйін тікті. Жәрмеңке басталды. Хасен тұтқындалғанға дейінгі байлығынан да асып байи түсті. Өйткені қазақтар барлық  уезден салт-дәстүр бойынша құрмет тұтып, оған қой мен жылқы сыйлады» [3].

1923 жылы жергілікті билік тарапынан Қоянды жәрмеңкесін қайта жандандыру қолға алынады. Кезіндегі жәрмеңкенің негізгі үйлестірушілерінің бірі ретінде Хасен Ақаев та бұл іске өз ықпалын тигізеді. Жәрмеңкеге «Текстиль», «Синдикат»,  «Кирцентрторг», «Кожсиндикат», «Сибторг» бірлестіктерінен өкілдер қатысты. Саудагерлер Мамраев, Хайбулин, Анашин және Шеломенцев өз тауарларын ұсынды.

Тәркілеу қарсаңындағы есепке алынған мәліметтерді қарайтын болсақ, 1928 жылдың 10 тамызындағы жағдай бойынша Қарақаралы округі Қу ауданы 1 ауылдың қазағы Ақаев Хасеннің жеке ісінде: «Отбасында 5 адам, 1230 ірі, 700 ұсақ малы бар. 15 жыл болыс басқарушысы қызметін атқарған. Колчак үкіметі тұсында Қарқаралы төтенше земство жиналысының төрағасы болған. Патша билігі кезінде Ақаев Ахмет Байтұрсыновтың билікке қарсы заңсыз жиналысына қатысуы себепті жер аударылған» [5, 226-б.] деген мәліметтер кезедеседі.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің мәліметтеріне назар аударсақ, Хасен Ақаев 1928 жылы 2 қазанда БМСБ (ОГПУ) тарапынан тұтқындалып, 1929 жылдың 15 наурызда РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабы бойынша айыпталып, ОГПУ Коллегиясының жанындағы Айрықша кеңестің шешімімен 3 жылға жер аударылады. 1989 жылдың 26 сәуірінде Қарағанды облысының Прокуратурасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16.01.1989 Жарлығы бойынша  ақталды [10].

Өмірінің соңын Хасен Ақаев Қызылжар мен Башқұртстан аралығында өткізген. 1931 жылы Қызылжарда қайтыс болады. Екі әйелінен бес ұл, екі қыз тараған. Алайда олардың кейінгі өмірі жайлы деректер алдағы уақытта ізденісті қажет етеді. Дегенмен, жергілікті өлке тарихын зерттеушілер тарапынан толықтырылып жатса, тек қуанамыз.

Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінде қазақ қоғамындағы байлардың рөлі мен әлеуметтік сипатына былай баға береді: «Қазір кейбір мамандар егжей-тегжейлі тарихи ізденістердің нәтижесінде қазақ ауылының құрылымындағы байдың рөлі егіншілікпен айналысатын қоғамдарға феодалдың рөлінен мүлде өзгеше болды деген қорытындыға келіп жүр. Байдың малы белгілі дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған. Табиғи ортаның құбылмалы сипаты, сыртқы жаудың шапқын-шабуылы және т.б. жағдайлар көшпелі шағын руларға ылғи да ашаршылық қатарін төндіріп тұратын. Сондай күйге ұшыраған ру ішіндегі ауқатты адамдардың дәулеті барша ағайынның жан сақтар нәпақасы болған» [238-б.]. Қазақ байларының әлеуметтік-экономикалық қызметіне берілген бұл тұжырымға алып-қосарымыз жоқ.

Түйін. «Қазақ байлары», «Байлар феномені» түсініктеріне терең философиялық мән беру үшін ең алдымен қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық тарихында айрықша орын алатын текті әулеттердің өмір жолы мен қызметіне үңілуіміз керек. Олар Дала академиясының түлектері еді. Сол даласымен мәңгі жасады...

Дала өмірінің білгірі, дәстүрлі қоғам мен жаңашылдықтың тамаша үйлестірушісі, қазақ мәдениетінің жанашыры, Алаш қозғалысының Қарқаралы өңіріндегі негізгі тіректерінің бірі болған, меценат Ақайдың Хасенінің өмір тарихы мен тағылымы осындай.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – 537 б.
  2. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и обработанные экспедицией под руководством статистика Ф.А.Щербины // Семипалатинская область. Каркаралинский уезд. Том VІ. СПб, 1905.
  3. Ю. Попов. Сегіз қырлы, бір сырлы. // Балқантау.  – 1992. – 29 тамыз.
  4. Нәсенов Б., Исин А. 1905 жылы Қарқаралы петициясына және патшаға жіберілген телеграммаға қол қойған қайраткерлер // Абай № 3, 2006, 26-30 бб.
  5. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  6. Жұртбай Тұрсын. Ұраным - Алаш: Түрме әфсанасы. 2-том. – Алматы. Ел-шежіре, 2011. – 464 б.
  7. Юрий Попов. Писал под псевдоним «Митрич» // Простор. №5, 2013. с. 187-191.
  8. Сырым Бөкейханов. Өткен күнде белгі бар: мемуарлар жинағы – Алматы, 2016. – 336 б.
  9. Потанин Г.Н. На притоке реки Токрау. // Сибирская жизнь. 1914. 22 апреля.
  10. Жертвы политического террора в СССР // http://lists.memo.ru/index1.htm
  11. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. 288 б.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?