Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров - e-history.kz
Аты Ілияс Жансүгіров
Туған күні 1894
Қайтыс болған күні 1938
Ақын, қоғам қайраткері. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан.

Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Болашақ ақынның бұдан соңғы біраз уақыты ауылда өтеді.

1919 жылы. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі. Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады.

1922 жылы Верныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады.

1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсті;

1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан;

1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды;

1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды.

1934–1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы;

1933–1936 жылдары Қазақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі болды.

1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалды;

1938 жылы ату жазасына кесілген.

1958 жылы ақталды.

Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.

Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.

Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы кер құланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.

Мәліметтер wikipedia сайтынан алынған
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?