Отансыз елдің оралуы
13.12.2018 1224
Тәуелсіздіктің алашқы жылдарында шешуге тиісті қызметтің қатарында түрлі жағдайлармен әр мезгілде шетелге қоныс аударған қазақтармен байланыс орнату, оларды тарихи мекенге қайтару мәселесі болды

Президент Н.Ә. Назарбаев бұл туралы былай деді: «Біз бүгін  қоныс аударған  халықтардың  қасіреті жайында  жиі айтамыз. Рас, бұл да әлем тарихында  теңдесі жоқ, ауқымы мен қатігездігі ересен қиянат. Алайда қазақтың сайын даласында құйындай ұйытқып соққан қасірет қыруар жұртты ажалға ғана ұрындырып қоймай,  оның орасан зор бөлігін бөтен  ел, бөгде жерге үркіте  көшіріп жіберуі де нақтылы  тарихи бағасын талап етеді» [1].

Сондықтан да ата-бабалары осындай жағдайлармен басқа жұртты, жат елді паналауға мәжбүр болған бүгінгі күнгі шетелдердегі тарихи отандастарымыздың көпшілігінің әлеуметтік, тұрмыс жағдайлары, ана тілдерінде білім алу, салт-дәстүрлерін сақтау, тағы басқа бағыттардағы  Қазақстанмен байланыс жасауда  мемлекетіміздің араласуына тиісті көптеген мәселелер орын алған еді. Осылармен бірге бұл мерзімде Қазақстанға біржола қоныс аударуды қалаушы шетел қазақтарының сандары да арта бастаған болатын. Міне осындай себептерден кейін маңызды істі мемлекетіміздің жүйелі тұрғыдағы қызметіне айналдыруды уақыттың өзі қажет ете бастады. Мысалы, «Алыс диаспорадағы, атап айтқанда Еуропадағы қазақтар өткен ғасырда түрлі зорлық-зомбылықтардың салдарынан ата-жұртынан босып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға желіп қоныстанған және кейіннен еңбек қуып келешек ұрпаққа жарқын болашақ қамтамасыз етуді көздеген қазақтардың өкілдерінен тұрады. Бұлардың саны  бес мың шамасында. Әсіресе Батыс Еуропаның Германия, Франция, Голландия,  Аустрия,  Швейцария,  Швеция,  Британия, Норвегия және Дания мемлекеттерінде өмір сүрген қазақтардың едәуір бөлегі сол елдердің  азаматтығына өтсе, қалғандары  түрік азаматтығын сақтаумен келуде» [2] еді.

Ал нақты сандарға жүгінетін болсақ, ХХ ғасырдың соңына дейінгі уақытта «алыс және жақын шетелдердегі қазақ диаспорасы қазақ ұлтының  үштен бір бөлігін немесе  4,3 млн адамды құрайды. Олардың көпшілік бөлігі  кеңестік кезеңдегі революциялық жән азамат соғыстары, зорлап ұжымдастыру, ашаршылық жаппай қуғын-сүргін салдарынан өздерінің тарихи отандарынан кетуге мәжбүр болды.  ССРО тарағаннан кейін  жақын шетелдердегі  (ТМД) қазақтар диаспораға айналды» [3].

Сол мерзімдегі  мәліметтерден белгілі болатынындай, шетелдердегі қазақ диаспораларының экогномикалық және әлеуметтік дамуларында әртүрлі жағдайлар орын алды. Мысалы ресми мұрағат құжаттарында «Қазіргі таңда  Моңғолияда  100 мыңға жуық қандастарымыз тұрады, олардың басым көпшілігі Баян-Өлгий аймағында. Ұлан-Батыр, оның маңайы, Эрдэнэт, Дархан, Бэрх, Шарынғол деген жерлерде 10 мыңдай қазақ бар. Баян-Өлгийден басқа аумақтарда қазақ мектептері жоқ, ондағы бауырластарымыздың  балалары қазақша оқу-жазуды білмейді.  ...Барлығы да монғол тілінде сөйлейді. Ұлттық дәстүр үлкендер арасында ғана сақталған.

«Өзбекстанның ресми мәліметтері бойынша ол елде 1 млн 200 мың бауырымыз тұрады. Ал, біздегі демограф-ғалымдардың есебіне қарасақ, Өзбекстанда 2 миллионнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Кезінде Өзбекстанда 105 қазақ мектебі болған. Қазір оның бәрі бар деп айта алмаймыз.

Кейінгі кездері шекара жабылып қалғандықтан, көші-қон түгілі, Қазақстанға барып-келудің  өзі мұң болып қалды.

...Өзбекстандағы қазақтардың өміріндегі үлкен проблемалар төмендегідей:

а) Оқулықтар бармайды. Бармайтыны: төлемақыны  Қазақстанға жіберу қиын.

ә) Басқа әдебиеттер де бармайды. Жалпы, қазақша  кітаптар  ол жаққа  жетпейді. Себебі жоғарыдағыдай.

б) Ол жақта қазақ мектептерін бітірген оқушылардың жоғары оқу орындарына түсуі өте қиын. Өйткені, қабылдау емтиханында өзбек тілінде диктант немесе шығарма жазу керек. Қазақша бітірген бала оны қалай жазады?

в) Қазақтар арасында жұмыссыздық көп.

...Түркиядағы қазақтардың саны 20 мыңнан аспайды» [4] делініп,   шетелдердегі қазақ диаспорасыны нақты жағдайлары баяндалды.

Бұлармен қатар бір милионнан астам қазақ Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас аймақтарында қоныстанған. Қытай Халық Республикасында бір миллионнан артық қазақ бар. Біршама қазақ диаспорасы Иран, Пәкістан, Ауғанстанды қоныс етіп келеді. Жекелеген қазақ жанұялары әлемнің басқа құрлықтары мен елдерінен де кездеседі. Міне осылай, бүгінгі күні қазақ ұлтының өкілдері жер шары аймақтарының барлығына жуық орналасып, қызмет етіп, ұрпақтарын тәрбиелеп отыр.   

Қазақ диаспорасы қоныс тепкен елдердің біразында олардың еркін дамулары, тума салт-дәстүрлерін жаңғыртып, одан ары дамытуларына  ойдағыдай жағдай жасалған. Мысалы Түркиядағы, Ресейдегі қазақтардың өздерінің ұлттық белгілерін сақтап, тарихи отандарымен байланыс жасаулары осы елдер мемлекеттік, қоғамдық ұйымдары тарапының назарында ұсталып келеді. Атап айтқанда: «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ресей Федерациясындағы облыстарда, өлкелерде және автономиялы республикаларда  құрылған 20-ға жуық  қазақ ұлттық  мәдени  қоғамдарымен  мәдени-рухани  байланыс жұмыстарын жүргізіп келеді» [5].

Алыс шетелдерде (Еуропа, Америка, т.б.) тұрақты орналасқан, алайда сандары аз, сондықтан да бұл  елдердің әлеуметтік-мәдени дамуларына әсер ете алмай отырған қазақ диаспорысының жағдайы біздің мемлекетіміздің  олармен әр бағыттағы байланыс жасауын қажет етіп отырғандығы белгілі. Мысалы, Германиядағы Қазақ мәдени орталығы жетекшілерінің берген мәліметтерінде: «Еуропада тұрып өсіп келе жатқан, бірақ та ана тілдері мүлдем шұбарлана түскен қазақ жастарының салқынданбауы және өзге ұлттарға  сіңіп жоғалып  кетпеулері үшін  өткен 90-жылдардың бас шенінен  бері жыл сайын  футбол турнирі өткізілуде» [6] деп жазылған. Басқа алыс елдерде де осындай жағдай орын алып отырғандығы белгілі.

Сондықтан да Қазақстан Республикасы тарапынан Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарынан шетелдердегі қазақ диаспорасын қолдауға арналған  алғашқы нақты шарарлар іске асырыла бастады. Мысалы, 1996 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың №3308 жарлығымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың Бағдарламасы» бекітілді. Онда: «Аталған елдердегі  диаспоралардың  мәдени және әлеуметтік, экономикалық өркендеу деңгейі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қазақ диаспорасын кешенді зерттеу және шешу, ғылыми зерттеулер мен практикалық шаралардың  бірлігі жән өзара байланысына да  жете мән берілмей отыр.

Шетелдегі отандастармен жұмысты жан-жақты жетілдіру, оны ұдайы және мақсатты мемлекеттік қолдау жағдайында ғана жүзеге асыру мүмкін болады. Қазақ диаспорасының  әлеуметтік-экономикалық, мәдени, білім алу  сұраныстарын барынша қанағаттандыруды қамтамасыз ететін, тарихи  отанына қайтып қайта оралғылары келетіндерге мүмкіндік туғызатын  ойластырылған шаралардың жүйесін жасау қажет» [7] деп көрсетілді. Мемлекеттік Бағдарлама қабылданысымен оны  жүзеге асыру мақсатындағы істер атқарыла бастады. Мысалы төмендегі үкіметтік ресми есептегі: «Тұрғындарды  еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау Министрлігінің СІМ, тағы да басқа  тиісті ведомостволармен бірлескен Қазақстан Республикасы және Монғолия арасында Монғолияның азаматтығына шығудың жеңілдетілген  Келісімнің жобасы жасалынды. 

...Ресей жағына Монғолиядан Қазақстанға Ресей территориясы арқылы  қоныс аударушыларды салықсыз өткізуге арналған келісімнің жобасы жасалынып, таныстырылуы іске асырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылдың 27 наурызындағы №3432 «1997 жылға арналған қоныс аудару квотасы» және  Үкіметтің  1997 жылдың 22 сәуіріндегі №622,  Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылдың 27 наурызындағы №3432 «1997 жылға арналған қоныс аудару квотасын іске асыру туралы» қаулысы шығарылды.

1998 жылға қоныс аудару квотасы 2180 жанұя деп белгіленді.

Белгіленген квотаны ТМД-дан келгендер есебінен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы артығымен орындады.  Мысалы Алматы облысы  жоспарланған 45-тің орнына 365 жанұя,  Оңтүстік Қазақстанда  жоспарланған 200-дің орнына  435 жанұя болды.

1997 жыл бойы аталған мемлекеттік Бағдарламаны орындау мақсатында төмендегідей жұмыстар атқарылды: Қазақстанда, Ресейде, Өзбекстанда, Түркияда, Монғолияда қазақ диаспорасының шетелдердегі  келелі  мәселелерін талқылауға арналған бірқатар ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. Мысалы, Павлодар қаласында Ресей Федерациясы Монғолия, Германия, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталықтаорының өкілдері, Қазақстанның көрнекті ғалымдары қатысқан «Қазақстан Республикасы және қазақ диаспорасы: мәселесі және өзара қызметтің  болашағы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп,  ұлттық танымды қалыптастыру мен дамытудағы этнопсихологиялық бағыттарды зерттеу қазақ диаспорасының тұрған жерлеріндегі өмірсүру қызметтерін одан ары дамыту, тарихи отандарындағы капиталдарын, инвестицияларын  орналастыру мүмкіндіктерін, оның болашағын айқындауға арналған ұсыныстар жасалынды.

Алматыда қазақ диаспорасы өкілдері М. Әуезовтың 100 жылдығына  арналған конференция, семинар, кездесулерге «Мұстафа Шоқай және шетелдегі қазақ интеллигенциясы» атты конференцияға, көрнекті ғалым,  қазақ диаспорасының көрнекті қайраткері  Халифа Алтайдың 80 жылдығына арналған кездесуге қатысты. 

1997 жылы шетелдерден 1963 жанұя (қоныс аударды (квота бойынша 2180 жанұя), бұл осы жылға арналған квотаның 90%-ы  болды.

Қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасы оқу орындарында оқуларына іріктеу тәртібі мен шарттарына арналған Ереже қайтадан қаралды.  Білім және мәдениет министрлігінің  1997 жылдың №346 бұйырығымен қазақ диаспорасы үшін әр жыл сайынғы  250 адамдық, соның ішінде 25 адамның аспирантураға түсулері үшін дайындық бөлімдеріне 25 адамға (Абай атындағы Алматы МУ-15, ҚазҰТУ-10) арналған квота белгіленді.

Квотаға сай 1997 жылы жоғары оқу орындарына Қарақалпақстаннан 75 адам, Монғолиядан 15 адам, алыс шетелдерден 134 адам және аспирантураға 7 адам қабылданды» [8] деген анықтамалар аталған Бағдарламнаның талаптарын қамтамасыз етудегі атқарылған шаралардың көлемі мен маңызын айқындайды.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдардан Қазақстан Республикасында тарихтың әр кезеңдеріндегі көптеген себептерден туған отандарынан қол үзген шетелдерегі қазақтардың ұрпақтарымен байланыс орнатуды жолға қоюда жоспарлы жұмыстар атқарыла бастады. Уақыт өткен сайын оның көлемі арта түсті. ХХІ ғасырдың басынан бұл іс жаңа қарқын алып, одан ары жалғасын табуда. Қазіргі күні өз жерінде еркін өмір сүріп отырған қазақ ұлтының патшалық билік кезінде жерлері тартып алынып, амалсыздан ығысқан, советтік дәуірде «халық жауы», «елін сатқындар» атауын алған тарихи отандастарымен қатынас жасалып, оларды  атамекендеріне  қайтарудың алғашқы бастамасының негізі осылай қаланды. Ал мұны Қазақстанның Егемендік саясатының жарқын көрінісі деп бағалауға болады.   

 

Әдебиеттер:

1.Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. 141-б.

2.Архив Президента РК, Фонд 210, опись 1, дело  63, л.1

3.Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, л.1

4. Архив Президента РК, Фонд 210, опись 1, дело 23, лл.1-2, 3,5,6,29

5. Архив Президента РК,Фонд 210, опись 1, дело 23, л.23

6. Архив Президента РК, Фонд 210, опись 1, дело  63, л. 2

7. Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, лл.1-2

8. Архив Президента РК, Фонд 5-Н,опись 6, дело 1108, лл.20-21,27-28,29-30

 

Ғани ҚАРАСАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы-бас ғылыми қызметкер