Қ.Ілиясұлы: Мағазды таныта алмаған өзіміз
31.10.2024 1304

Қытай қазақ әдебиетінде Мағаз Разданұлы деген шоқтығы биік тұлғаның бар екенін зиялы қауымның бірталайы білгенмен, жалпақ жұрт жете тани бермейтіні рас. Ол өмірінің сәулелі кезеңін, нақтырақ айтқанда 34 жасынан бастап 20 жылды айдауда, түрмеде өткізген қаламгер. Сөйте тұра проза мен поэзияның екі аяғын тең бастырып, артына мол рухани мұра қалдырды. Оның қаламынан туған «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Босаға», «Ертең» қатарлы төрт жыр жинағы, «Ата заман сөйлейді» әңгіме-повестер жинағы, «Сары бел» атты өлең романы, «Алтайдың ақиықтары» атты тарихи романы мен «Арман-ай» драмасы оқырманның ыстық ықыласына бөленген-ді.  1924 жылы 2 сәуірде дүние есігін ашқан жазушының 100 жылдығы 2025 дейтін жаңа жылдың қойнауына екі аттап енгелі тұрған біз үшін аталмай кетуі бек мүмкін күйде тұр. Осы орайда Мағаз атамыздың көзін көріп, Шыңжаң телеарнасының «Шарапат» бағдарламасына талай видео өнім дайындаған тележурналист, режиссер, сценарист Қуаныш Ілиясұлын әңгімеге тартқан болатынбыз. 


– Армысыз, Қуаныш аға! Әңгімені бірден Мағаз Разданұлының өмірі мен шығармашылығынан бастайықшы. Жақында «Әдебиет» порталында «Арда Алтайдағы Абай шәкірті» деген мақалаңыз жарияланды. Абай өмірден өткеннен кейін 20 жылдан соң өмірге келген Мағаз Разданұлы мен қазақтың бас ақынын бір-біріне қалай жалғадыңыз? Мағаз қандай отбасында өмірге келіп, қандай ортада өсті?

– Иә, Мағаз туралы айтудан бұрын оның кіндік қаны тамған топырақтан, ол өскен елден бастау керек. Қазақтың өмірінде, өнерінде, әдебиетінде Мағаздай тұлға оқияттан, я болмаса оның ізденуі арқылы қалыптасқан жоқ. Мынау адамзаттың алғашқы бесігі болған, Ертістің басы болған қасиетті Буыршын тарихтан бері Алтай деген жердің саяси, мәдени, экономикалық орталығы болған. Ертеректе Алтай 119 жыл Шыңжаңға емес, Бейжіңге төте қараған. Кейін Шыңжаң өлкелік үкіметке қараған уақытта Буыршын Алтайдың негізгі орталығы болып тұрды. Бұған себеп: Қытайдың көне үкіметі де, жаңа үкіметі де Совет Одағымен тығыз барыс-келісте болды. Буыршындағы Ертіс өзінінде үлкен порт бар еді. Жұрнағы күні бүгінге дейін тұр. Тауар болсын, рухани өнім – кітап, ән-күй, баспа машинасы сол портқа кемемен жетіп, жер-жерге тарайтын. Яғни Кеңес үкіметінен келген кез келген дүние Буыршынды баспай өтпейтін. Міне, Мағаз дәл осы жерде дүниеге келген. 

Абақ Керей елі Алтайға қайтадан қоныс аударып, ежелгі жұртқа керегесін жайып, қайта ошағына от жаққаннан кейін Абақ Керей елінің басына тыныштық орнап, мал мен басы тең өсіп, өте бір лықсыған заман туады. Тарихтан белгілі. Көгедайдан кейін билік басына келген Ажы төренің тұсындағы Көкен Мамытұлы, Топан Сатайұлы, Бейсенбі Дөненбайұлы, Құлыбек Жантеліұлы сияқты төрт биді сайлау да осы Буыршынның Үштас жайлауында өткен екен. 

Мағаздай сәби өмірге келген даланың өзендері күй шертіп, топырағынан тарихтың иісі аңқып жатты. Тектілік діл бала Мағазға дарыды. Бұл мекенде Бейсенбінің күйінің сарыны жатыр. Бейсенбінің ұлы қара Оспандай атақты айбынды батырдың рухы жатыр. «Керейден Мәми кетсе ақыл кетеді, қара Оспан кетсе айдын кетеді» деген тәмсіл ел көкірегінде бекер қалған жоқ. Буыршында кімдер өтпеді? Небір күйші, небір шешендер осы топырақта туған, өмір кешкен.  

Ал енді Мағаздың отбасына қарайық. Мақаң Жәдіктің Байқара деген руынан, әкесі Раздан Қамышбайұлы көне оқуға өте жетік, ауылда имам болған кісі. Кейін Буыршын мен Алтайда басшылық қызметтер атқарған зиялы адам.   ауданында әкім, Алтай аймағында да белгілі мансаптарға ие болған. Халықтың әлеуметтік қана емес, мәдени, рухани қажеттілігін арттыруға бар күшін салған жан. Өзің айқан мақаламда да жазған болатынмын. Разданның үш ұлы бар: Мағаз, Мәсғұт, Мидхат. Үшеуі де Қытайдағы қандастар арасында көрнекті тұлға. Мен орта мектепті осы Мидхат Разданұлының үйінде тұрып оқыдым. Сол кезде көптеген сәлихалы кеңестерін тыңдадым. Бірде: «Әкем қайдан алғанын білмеймін, біздің үйде «Абай Құнанбаевтің өлеңдер жинағы» деген кітаптың көшірме нұсқасы болды (Мағаз мұраларының қатарында ол әлі сақтаулы тұр).  Ол 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы Санкт-Петербург қаласында бастырған нұсқасынан көшіріліпті. Кітапқа қатты қызығып қалған ағам Мағаз оны 1945 жылдың жазында Буыршынның Үштас жайлауында бір ай уақыт жұмсап көшіріп шыққан...», - деп әңгімені арыдан толғағап еді. Бұдан Мағаздың Абайдан құныға сусындағанын аңғаруға болады.  

Мағаз алғашқы өлеңдерін 1947 жылдардан бастап жазған көрінеді. 1935 жылы Шәріпхан Көгедаевтың тұсында Совет үкіметінен баспа машиналы әкелініп, Алтайда «Ерікті Алтай» атты газет шығады. Оны Асқар Татанайұлы тұңғыш рет өз қолымен шығарады. Мағаздың тырнақ алды туындылары осы газетте жарияланыпты. Кейіннен «Алтай» газетінде тілші болып істейді. Бертін Үрімжіге «Шұғыла» журналына ауысып келеді. 

– Мағаз ақсақалмен қашан жолықтыңыз?

– Мен бұл кісіге 1996 жылы 8-сынып оқып жүргенде бардым. Жұбайы Шәбәтай апамыз біздің рудан, жезделік жағы да бар еді. Баласынған жоқ, жақсы сұхбаттастық. Кетерде:

«Жетпістің асуынан асқан атаң, 

Әлі де тұяғымды тасқа басам! 

«Сары белден» қатайтып қанатыңды,

Биіктерге қалықтап ұш, балапан!», - деп бір шумақ өлеңін жазып, қолтаңбасын қойып берді. 

– Қателеспесем «Шарапат» бағдарламасында Шәбәтай апамызбен сұхбаттастыңыз-ау?..

– Мағаздың 90 жылдығында отбасымен сұхбат өткіздім. Шәбәтай Қажынәбиқызы 2022 жылы 98 жасқа келіп өмірден озды. Ұлы Мөкенмен де сұхбаттастым. Бүгінде қара шаңырақты сол Мөкен деген кенже ұлы ұстап отыр. Талдықорғанға көшіп келген. Бірақ әкесінің мұрасын әлі әкеле алмай жүр. Сол кезде Мөкен ағамыздың сөзі көңілімді қатты толқытып еді: әкесі түрмеге кеткенде құрсақта қалған екен. Ес біліп, азамат болған 19 жасында тұңғыш рет әкесімен қауышқанын көзіне жас алып айтып берген-тін.

Бұл бір тағдыр. Бұл жалғыз Мағаз емес, бір дәуірдегі бүкіл зиялылардың басына төнген зұлмат еді. Тарихтан да белгілі, Қытай 1949 жылы азаттық алды дегенмен 1978-1980 жылдарға дейін әбден тозды ғой...

– Шынымен де, қаламгер үшін 20 жылды қалам-қағазсыз, не бір қиындықпен түрмеде, айдауда өткізу оңай емес. Ол кісіге қандай жала жабылған еді?

– Оңшылдыққа қарсы тұру дейтін саяси науқанда жаланың негізгі үш түрі болды ғой. Бірі байдың баласы болғаны үшін, екіншісі – ұлтшыл, үшіншісі, қолындағы қалам ұстағаны үшін  айыпталып кетіп жатты. 

Үкім шығып, жыл кесілгенде Мағаздың жазған мынадай өлеңі бар:

«Ер жасып, мұңая ма ажырғыға, 

Немене ауыр бейнет сабырлыға. 

Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын, 

Жайлап сал төсегіңді, абыржыма».

Осылайша ол кісінің бүкіл жас та жалынды өмірі, орта жасы саяси науқанға құрбан болады. 20 жылға жуық уақытты артқа тастап елге оралғанда:

«Сәлем саған, Алтайым!

Тентегің сонша сағынды. 

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды», - деп жырлайды ғой. 

– Қытайдағы белгілі әдебиеттанушы Әбденбай Бажай: «(Мағаз) 1979 жылы 4-айда абақтыдан шықты. Сонда «Кіндік шеше» деген философиялық толғауын жазды. Абақтыға барған адам емес, философия институтын оқып шыққан секілді...», - дейді. Тас түрме қаламгердің жігерін жасыта алмаған. Ол кісі түрмеден оралғанда елудің бел ортасында болды ғой. Соған қарамастан қаншама еңбекті жазып үлгерді. 

– Мағаздың ерекшелігі осында. 55 жас бір адамның ғұмырының қорытындысы шығарылатын уақыт десек, ол кісі көңілге түйгенін осыдан кейін ғана бұрқыратып жазады. Онда да айдаудан орала сала жазуға отыра қалған жоқ. Алыс-жуықтан амандасып келетін ел-жұрт тағы да төрт-бес жылдай бос қоймайды. Ал енді алпысқа келді деп есептейік. Мағаз арғы жағы толып тұрған сүтті құдық сияқты адам, көкірегіне бала күннен естіген, оқыған дүниелер жиналған, жақсылап тоқыған. Ал Мағаздың шығармасының арқауы әдеттегі бір қиялдан туған ғажайып идеялар, ғажайып образдар емес. Туған халқының төл тарихы мен тіректі тұлғаларының өмірімен байланысқан. Қай шығармасын алып оқысаң да тұнып тұрған философия, тұнып тұрған тарих, тұнып тұрған дәстүр, тұнып тұрған шұрайлы тіл, мызғымас діл.  

1994 жылы 70 жылдық мерейтойы өткеннен кейін жанына қатты балайтын Марс деген ұлы жүрек ауруынан қайтыс болып кетті. Баласының қайғысы ауыр соғып, инсульт алды. Тілі күрмеліп, таяқпен жүретін болып қалды. 

Сонда бұл кісі он жылдың ар жақ, бер жағында «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повесттер жинағы мен «Алтайдың ақиықтары» деген үлкен тарихи романын жазды. Оның сыртында өмірбаяндық романы аяқталмай қалды. Ол сол күйі баспа бетін көрмеді. «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Босаға», «Ертең» қатарлы 4-5 өлең жинағы да соңғы жылдары жазылды. 

Өнер деген мінез деп айтады ғой. Қаламгерлер көбінесе желпінгіш келеміз ғой. Мағаз ешуақытта желп етпейтін, жер жылыса жылымайтын адам еді, артық сөйлегенді қойып қатты сөйлегенін көргеміз жоқ деп замандастары таң қалатын. Біз көбінде «бұның таланты поэзияда немесе прозада» деп талантқа сүйейміз ғой. Ал Мағазда осы таланттың барлығы бар. Оны қалаған уағында өзінің уәзірлеріндей жұмсай алатын болған ғой. 

Мағаздың жырларына арқау болған да өзінің балалығы өткен Үштас, Емегейті, Салқыншоқы, Ақтүбек, Қанас, Қом, Аралдың көз сүріндірер табиғаты болды. Соларды жазуым керек деп жазған, бірақ зорланып шықпаған. Ғайыптан құйылып келе салған сияқты. Алла жаратқан пендесінің санасына құяды, ол көкірегіне қонып, одан қағазға түсіп, халықтікіне айналады ғой. Мағаздың қасиеті осында. 

Әрбір өлеңінің үтір, нүктесіне дейін туған жердің әр бұтасына, әр тасына байлайды. Бұл ғайыптан келген бе, әлде өзінің ұстанымы ма? Таң қаласыз. Мысалға алайық, 

«Алтын ба туған жердің топырағы,

Күміс пе талдарының жапырағы?

Басында жел мүжіген молалардың,

Алтайдың ақиығы отырады», дейді. Қазіргі өлеңдерді оқысаң түрлі теңеулерден көз ашпайсың, көкірегіңде ештеңе қалмайды. Ал мынау бір оқығанда есімде қалды. Қараңызшы?!.. Алтын ба топырақ, күміс пе жапырақ... Жел мүжіп кеткен мола бізге нені елестетеді? Бір дәуір, бір тарих сонда жатыр ғой. «Алтайдың ақиығы отырады» дейді. Бабаңның жел мүжіп кеткен моласы болсын сенің қонақтайтын тұғырың деген үлкен мәнді, бір кітапты бір шумаққа сыйғыза салған. Біл кісінің Абаймен үндестігі өте ғажап. 

«Күлмеңдер, ей, жарандар, қапалыға, 

Қарайды Құдай кімнің сақалына?   

Тағдыры көзге шұқып жылатпаса, 

Сыя ма пенде шіркін шапанына?!». 

Мынаны Абайдың өлеңіне апарып қосып жіберсең кез келген адам ажырата алмасы анық. Абай «өлсе, өлер табиғат, адам өлмес» дейді. Ал Мағаз: 

«Қартая білмес табиғат, 

Қартайта берер пендесін. 

Әуелде осы шариғат, 

Жылайсың пенде сен несін?   

 

Табиғат бізге сетерлеп, 

Қызығын түгел сыйлаған. 

Өзімнен асып кетер деп, 

Тозбауды ғана қимаған!», - дейді. 

– Иә, өлеңдері ғажап! «Қарасам, Қанас, қанам ба? Қарағайың қалам ба? Көлің сия секілді, қалам алған адамға», деп суреттейді ақын. Қанастың таңғаларлық сұлулығын бір шумақ өлеңге сыйғыза салған. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиеді.  «Сары бел» романы да өлеңмен жазылған ғой...

– Нығмет Мыңжанның «Қарлығаш» романын, Дутан Сәкейдің «Талиға талғат» деген шығармасы, Мағаз Разданұылының «Сары белін» Қытай қазақтары өлең роман деп жанрын тұрақтандырды. Жалпы қазақ әдебиетінде бұндай жанрдың бар-жоғын білмеймін. «Сары бел» – қисса-дастандардың заңды жалғасы. Қазақтың өзімен бірге туған қара өлең деген дүниесі бар. Анау жыраулардың биік жырлары дәрежелік, таптық сипат алатын нәрсе. Кез келген халық жырау емес, кез келген халық шешен емес. Былайша айтқанда, ол жоғары таптардың шығармасы. Ал қара өлеңнің ғажабы – қара табан қойшыдан қарқаралы ханға дейін біледі. Ол халықтық сипаты жоғары ғажап дүние. Қара өлең қарабайыр ма десең, біз айтып отырған бүкіл білім, бүкіл тағылым тағы сол қара өлеңде жатады. Дәл осы қара өлеңді XX ғасырда өте биік деңгейде қайтадан халқының рухына әкеп бұлақ қып құйған адам – Мағаз, одан кейін Омарғазы Айтанұлы. Омарғазы «Құстар қайғысында» қара өлеңнің құдіретін танытады. Кейбір жуас ұйқастар болады, бір-екі әріптері үндесіп келіп қана ұйқасатын. Бірақ Мағазда соңғы бунақтары толық ұйқасып отырады. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп қара өлең жымдасып жеңіл келсе, бұл да сондай жеңіл, тағы сондай ауыр. Жеңілдігі – қара өлеңнің біздің жан дүниемізбен үндестігі болса, ауырлығы – шытырман, тосын уақиғалар менен философиялық ойлар, ұғымдар, тарих.  

– Енді прозалық шығармаларына қысқаша жеке-жеке тоқталып кетіңізші. 

– Мағаз таразының басын тең басқан адам ғой. Бір жақ басында поэзия, бір жақ басында проза тұр. Бірінен бірін ауыр не жеңіл қоя алмайсыз.

«Ата заман сөйлейді» деген кітабы романға, неше бөлімді үлкен эпопеяларға тең. Мен солай бағалар едім. Барлығында өзі өмір сүрген елдің тарихын арқау еткен. Мысалы, осы кітабындағы «Соңғы ас» деген әңгімесін айтайық: Ас беру – қазақтың үлкен бір дәстүрлі салты. Бүгінгі қоғамда кімде-кім қазақтың дәстүрлі ас беру мәдениетін тірілтем деп қандай да бір іс-шара өткізетін болса немесе фильм түсіремін дейді екен Мағаздың «Соңғы асын» міндетті түрде оқуы керек. Бұл дайын тұрған тарихтың айнасы, дайын сценарий. Асқа қандай киіз үйлер тігіледі және олар қалай тігіледі? Жер ошақ қоңырсыту, дәуір жүргізу деген не? Беделді қонақтар қайда, қарапайым қонақтар қайда жайғасады? Қаралы туды қалай жығады? Міне осылардың бәріне жауап болатын қазақтың түрлі-түрлі салттары осында жазылған. Тартымды оқиғаны қуалап өте шығуына болушы еді. Осындайда өзінің айтқан бір сөзі еске оралады. «Мен өлгеннен кейін Алтайдың 200 жылдық тарихын білетін адам бұл өңірде қалмайды», дейді бір сөзінде. Осыны өз дәуірінде замандастары астамшылыққа балаған. Бірақ Мағаз өлгеннен кейін осыны толық түсіндік. 

Омарғазы Айтанұлы деген Мағазбен тұстас, атақты қаламгер болған. Ол кісі де проза мен поэзияға бірдей жорға болған. Сол кісінің мынадай бір сөзі бар: «Мағаздың шығармаларын оқып отырып неше ғасыр жасаған бір шежіре кеуде ақсақалды, философиялық ой толғап отырған данагөйді  көргендей боласың». «Соңғы асқа» Мағаз мақсатты түрде қалам тербеген.  

«Өліп тірілгеннің өмірбаяны» атты повестінде Алтайдан кетіп, Гималай асқан қазақтардың тарихы жайлы жазылады. 

«Сақина тізбек оқиғасы» повестінде Буыршында жоғалған баланың Моңғолияның Баян-Өлгейінен табылғаны баяндалған. 

«Көк иірім шүңеті тіл қатады» да өте керемет шығарма. Алтайдағы қазақтың тарихын Гималай асқан қазақпен байланыстырып қана, одан басқа қырғын болмағандай ойлаймыз. Өр Алтайдың қазағы ғана емес, Буыршын мен Қабаның қазағы одан да үлкен қастандықтар мен аянышты халдерді кешкен. Қазіргі егемен Қазақстанның халқы орыстан қаншалықты опасыздық, қиянат көрсе, Буыршын мен Қабаның қазағы сол кездегі Совет үкіметінен қашып барған аз ғана бір-екі жүз орыстан соншама жапа шекті. Ақтың әскерінен Бәкіш деген генерал болған. Оның сыртында осы жақтан қысым көрген орыстың небір дөкей байлары, әскерден қашқан әскерлер Шыңғыстай арқылы Қабаның басынан асып, кейбірі әскерден де қашып, құралмен барып Қом Қанастың маңына, Қалтон деген жерлерге орналасқан. Алтайдың Керейлері оларға қоныс беріп, бауырларына тартады. Ал олар қайткен? Қолдарында құрал бар орыстар кейін сол қазақтарды аямаған, қойша қосақтап суға батырып, оқ жаудырып қырған. Ұлдарын құл, қыздарын күң етіп, ашық түрде істемеген қорлығы қалмайды. «Көк иірім шүңеті тіл қатадыда» осының бәрі жазылған. 

Ендігі бір әңгіме – «Арманшылардың алақан табы». Мен де тарихқа өте назар аударған жастың бірімін. Кеншен Қияқбайұлы деген үлкен су істері маманы болған. Жоғарылап оқымаса да осы саланың мықты инженері болған кісі. Ол Буыршынның басындағы Еламан Болат деген сайда өмірге келіп, сонда есейе тұра ерекше қабілетімен су істері саласында адам таңғаларлық жұмыстарды істеген. Ғылым-техника дамымаған дәуірде бір тоғанды тартып, суды іркіліксіз ағызу екінің қолынан келмейтін шаруа болған. Осы әңгіме Кеншеннің өмірбаянын арқау еткен. Алтайдағы халықтың егіншілікке қадам қоюын осы шығарма арқылы терең түсіне аласыз.

Кеншен Төменгі Қабадан Шіңгілге дейін 100 қанша тоған тартқан. Ол кісінің өзі жобалап шыққан жердің түзулігін бағыттайтын аспабы да болған көрінеді. Табиғатпен өзегі жалғанған халықтың ғажайып дүниесі болады. Тағылымды заңдылықты соққан желден, аққан судан, жүгірген аңнан алады. Кеншен жердің түзелуін қалай білген? Наурыздың ақшақары деген қар болады. Наурыздың 15-і мен 24-і аралығында бір жауады. Бұл қардың соңы болып есептеледі. Осы ақшақарда түлкінің жүрген ізін бірден белгілетіп қояды. Сөйтсе күшіктегелі жүрген түлкі қия бетте бір түзумен ғана жүреді екен. Осы ізбен салынған тоған сымға тартқандай түзу болатынын Кеншен білген. Міне, Мағаз бізге қазақтың осындай тағылымдарын әр шығармасында қалдырып отырды.

«Төрт жамбы» әңгімесінде Мәмидің биліктен қалғаннан кейінгі басқа билердің моңғол менен қазақ арасындағы дауды шеше алмағаны, ең соңында Мәмиді қайта шақырып шешкізгені баяндалады. 

«Алтайдың ақиықтары» деп баспа өзгерткен. Негізінде «Алтайдың ақ қапталдары» болған. Төрт биден бастап Алтайдағы Абақ Керейдің 200 жылдық тарихын қамтыған. Алтайдың қазағының айрандай ұйыған жүз жылының қалай қалыптасып, қалай көрген түстей жоғалып кеткенін дәл осы шығармадан көреміз.

– Бұл кісі поэзия мен прозаға қатар қалам тербегенмен қоймай, драма да жазған. Мағаз Разданұлының «Арман-ай» драмасы Қытай қазақтарының осы жанрдағы тұңғыш еңбек десек бола ма?

– Тұңғыш драма деп айта алмаймыз. Өйткені 1933-ші жылдары алғашқы драмаларды, пьесаларды Асқар Татанайұлы жазған. Оның алдында да жазылғандар бар болуы мүмкін. Бірақ Асқар Татанайұлы осы драма көшін бастап, алғаш рет Шәріпхан Көкетайдың заманында сахналастырған болатын. Яғни 1934 жылдары «Қалыңмал», «Малбикенің өмірі» деген драмаларын жазып, қойылым ретінде халыққа ұсынған. Ал мынау «Арман-ай» деген Мағаздың шығармасында Әйми атты дана әйелдің аянышты өмірі суреттеледі.

Оқиға былай болған: Қытай қазақтарында Бейсенбі Дөненбайұлы деген әрі би, әрі шешен, әрі күйші кісі болды. Әңгімеміздің басында да айттым, ол төрт бидің бірі. Сол Бежең бірде Шерушінің жесірі Әймиді әйелдікке алады. Әймидің өзі Қаратай Найман қызы. Өте сұлу, ақылды, зерделі, керемет тұлғалы адам болған екен. Шеруші руына келін болады. Жолдасы қайтыс болған соң, «ерден кетсе де, елден кетпейді» деген әмеңгерлік салты және төрт би жасаған «Абақ Керей жарғысы» (бұл Жарғы да менің қолымда бар) бойынша Әймиді сол кездегі би, төрелер ортаға алады. Сонда Әйми: «Шерушіде мен етегінен ұстайтын жігіт жоқ», - дейді ғой. Сонда Бейсенбі би: «Шерушіде болмаса, он екі Абақ Керейде бар шығар. Бірден ассаң да он екіден аса алмайсың», - дейді ғой. «Бірден ассаң да, он екіден аспассың дедіңіз ғой, би аға. Өзіңізді таңдадым», - дейді ғой әлгі жерде Әйми. Сонда Бежең: «сөзден ұсталғаным-ай...», - деп қасындағы Көкенге қарайды. Қапелімде амал жоқ, кеңесті тоқтата тұрып қайта ақылдасу болады. Ақыр аяғында билер сөздерінде тұрып, Әймидің таңдауын орындайды. 

Бейсенбіге тиген күннен бастап Әйми отырған үй түсел түсетін, бүкіл ауылдың ұйтқысы болады, үйін жайнатып ұстайды. Қызыке деген бәйбішесі қағыс қала бастайды. Парасатты Әйми шешеміз ел билігіне араласып, жұрт қадіріне бөленеді. Ел ішіндегі бір кереғар дауды Бежең бастаған билер Әймиге міндеттейді. Заты әйел болса да ата жолды құрмет ететін Әйми билерден рұқсатын алған соң бұл дауды әділдікпен шешіп, кесім жасаған дейді. Адал жарының ақылды, алымдылығына разы болған Бейсенбі «Әйми» атты күй шығарады. 

Бейсенбі Әймиді қатты жанына балап, құлай сүйеді. «Кербез сылқым» күйін де осы Әймиге арнайды. Әймидің аяғы ауырлайды. Ұлардың етіне жерік болады. Далай деген Буыршында атақты мерген болған. Ол Емегейтіден ұлар атып, Әймиге әкеліп тұрады. Әймидің ай, күні таяйды. Бір күні Бейсенбі би Қалжырдан өтіп, Найман жеріне съезге кетеді. Осы уақытты пайдаланып күндесі түн ішінде керегенің сыртынан арқан жіберіп, Әймиді буындырып өлтіреді ғой. Бежеңе хабар жеткенде үш күншілік жолды бір күн, бір түнде басып жеткен екен. Ел билеп тұрған ақыл иесі ақылынан адасып, қабірдің ішіне өзі жатып алады ғой. 

Бүгінде Қабада Құжыртының кезеңі деген бар, кейін Әйми кезеңі аталып кетті. Сонда қазандай ақ тас қойылған Әймидің бейіті тұр. «Әймидің көңілі ақ еді. Біздің махаббатымыз да ақ еді» деп ақ тасты Бежең өзі көтеріп әкеліп қойған екен. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Бежең артына ұрпақ қалдырмай кеткенін армандап «Арман-ай» күйін шығарады. Ал «Сағыныш» күйін Әймидің жылдығында шығарған екен. Осы трагедияны Мағаз Әймиге арналған төрт күйді арқау ете отырып, өте тартысты етіп жазады. Бұл Қытай қазақтарындағы осы жанрда жазылған шоқтығы биік ерекше шығарма деп айтар едім. 

Автордың 100 жылдығына орай осы драманы сахнаға алып шықсақ деп қаржы іздеп едік. Ол да іске аспайтын сияқты кейіп танытады...

– Мағаз Разданұлының шығармашылығына аз-кем тоқталған болдық. Енді ол кісі өмір сүрген дәуір туралы айтайықшы. Мысалы, «Мәдениет зор төңкерісі» деп қана айтамыз. Сол Мәдениет зор төңкерісі Қытайдағы қазақтың сорпа бетіне шығарларының рухын қалай өшірді, жаныштады? Көнені жоғалту дейтін дүрбелеңде Қытай қазақтары несінен айырылды? Неге жетті?

– Мағаз 1924 жылы Буыршында өмірге келді десек, осы кез Алтай дейтін мекеннің 119 жыл орталық Пекинге төте қараған тарихын аяқтатып, Шыңжаң өлкелік үкіметке қарап, өзінің жаңа бір саяси ауқымын бастаған кез еді. Дәл осы аумалы-төкпелі заманда Алтайда мынандай төрт түрлі оқиға болды: Мағаз өмірге келмей тұрып Қызыл аяқ шапқыншылары болды. Одан кейін Дүнген төңкерісі өтті. Осыдан соң  Ақ орыс жылы деген болды. 

Дүнген төңкерісі – Ганьсудағы Ма фамилиялы дүнгендердің Алтайды басып алып, бөлек үкімет құрамыз деген дүрбелеңі. Бұлар Әлен уаң бастаған ел басыларынан ат-көлік сұраған. Кейіннен олар көмектескен қазақтың өзіне шауып, бұлап-талап, қырып, Алтайды да уақытша билеген қанды оқиға болады. 

Ақ орыс жылы – патшадан қашқан Бәкіш деген орыстың генералы қалың орыс әскерімен барып, Алтайды басып алды. Жаңа да айттым, олар төменгі Алтай, Буыршын, Қаба жақты да қан қақсатады. Осы саяси ауқымды да Мағаз көріп өсті. 1940-шы жылдарға келген кезде Алтайда ұлт азаттық көтерілісі басталды. Көктоғай бастап, Шіңгіл қостаған көтеріліс ұлғайып, Гоминдан үкіметімен өліспей, беріспейтін қантөгіс болды. Ең аяғында ол бітімге келіп, халықты алдап, Үрімжіге съезге бүкіл Алтай бетіндегі зиялыларды шақырған болып, Шәріпхан бастағанын түрмеге жапты, аямай өлтіріп, көміп тастады. Осының бәрін көріп өскен Мағаз 1945 жылдарға келгенде әлеуметтік өмірге өзіндік көзқарасы қалыптасып, жақсы-жаманды толық танып, қоғамның жігіне ой жүгіртетін жас қаламгер ретінде кірісе бастады ғой. 

Осы кезде жазған емен туралы өлеңі бар. 

«Долы дауыл ұйытқып кекпен,

Қатты ышқынды, түнерді. 

Қарт еменді қасірет шеккен,

Сілкіп-сілкіп жіберді».

Яғни Мағаз ес білгеннен бастап 1980 жылдарға дейінгі өмірі Алтай бетіндегі түрлі саяси науқаннан, дүрбелеңнен, соғыстан жан дүниесі еш қағыс қалған жоқ, жүрегі жараланды, ой түйді. 

Ең аяғын алып айтсақ, 1950-ші жылдардан кейін «тап талдау», «оңшылдыққа қарсы күрес» деген саясаттар басталады. Мағазды білесіз, ол байдың баласы, имамның, әкімнің ұлы. Оның сыртында буыршындағы порт арқылы Совет үкіметіне барған, келген адамдармен жиі шығармашылық қарым-қатынаста болған. Дәуірді сынаған жаңағыдай шығармалары бар. Осының бәрі басына қамшы болып тиді. Сөйтіп 1958 жылдан бастап айдауға кетті. Оның соңы Мәдениет зор төңкерісіне ұласты. Ол кезде де үлкен жоғалту болды. Байлар мен билердің бейітіне дейін құлатты, кесене, күмбездерін жарып қиратты. 

Осы тағдыр, осы өмір Мағазды мұқатып, жоғалтқанның орнына қайта сомдап шықты ғой. Өмірден өзі өтіп кетсе де, Мағаз бізге мектеп ретінде қалды. Мағаз бізге үлкен рух ретінде, сағынатын, табынатын тұлға ретінде қалды. Мағаздың мерейтойы бүкіл қазақ даласында жоғары деңгейде өтуге, тойлануға тиіс еді. Ар жақтағы қандастарымыз Мағазды төбесіне көтергенімен, Қазақ еліндегі зиялы қауым, халық Мағазды түсіне бермейді. 

– Оған кім кінәлі? Не үшін Мағазды әлем қазағы толықтай тани бермейді? 

– Мағазды біз жеткізе алмадық. Жеткізе алмағанымыз үшін өзіміз кінәліміз. Біз неге кінәліміз? Тәуелсіздіктен бұрын 60-шы жылдары жеткен қандастарымыз бар, егемендік ала салғаннан кейін ұшыртып келген зиялы қауым бар. Бірақ олармен бірге Мағаз жетпеді. Бізден кеткен ең үлкен ұтылыс – санамызға алғашқы нәр құйған, соларға қарап белімізді буып, қолымызға қалам ұстаған қадау-қадау тұлғаларымызды өзімізбен бірге әкеле алмадық, насихаттай алмадық. Жеке өзімізбен ғана болып кеттік. Ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Атажұртына ат басын тіреген зиялы қауым аз емес. Олар өз күйлерін күйттеп кетті. Ақыттан тартып, Таңжарықтан құлдап осы топыраққа тамырын тартқызып, ғылыми айналымға сала алғамыз жоқ. Сондықтан біздің атажұрттағы қандастарымызда еш кінә жоқ. Жеткізе алмаған өзіміз. 

Қазақтың төл мүддесі қай мазмұннан алып айтсаң да, ұлт пен рудың, жақын мен жұқалтаңының құрбанына шалынып кетті. Ұлттық көкірекпенен, дана көкірекпенен істейтін болса, біз бәріне үлгеруші едік. Әлі де, Құдайға шүкір, орайымыз бар. Ештен кеш жақсы. Біз әлі де істеуімізге болады. Бірақ, міне, Мағаздың жүз жылдығына білегімді сыбанып кіріскеніме бір жыл болды. Анаған айтам, мынаған айтам, Мағаз деген адамды ешкім танымайды. 

Ал енді дәл осыны айтып отырғанда ойға бір нәрсе түседі ғой. Өзіміздің елге оралып жатқан қандастарға деген наз,  өтініш, асырып айтсақ өкпе деуге болады. Қазір руханият саласында бүкіл қазақтың ұтылып отырған бір нәрсесі бар. Біз миллиардтап теңге құйып жоқтың жүлгесіменен, тарих сахнасынан елес болып қалған бір дүниелерді қазып, тірілтуге өте құштармыз. Оны қылшығын шығарамын деп былшығын шығарып жатқан жайлар да жоқ емес. Қарекет жасау қате емес. Бірақ жеткізсек дұрыс жеткізуіміз керек. Бұл – бір. Екінші, соған миллиардтап төккен ақшаны, қазір қолымыздағы барды бағалап, міне, бүкіл тарыдай шашылып кеткен әлемдегі қазақтардың өмірінде тұрған ұлттық құндылығымызға жұмсайтын болсақ, біз ұтушы едік. Енді елу жылдан кейін қазіргі біздің өмірімізде тұрған нәрсені миллиардтап теңге жұмсап сатып алайын десек де таба алмайсың. Сондықтан біз жоқты жонып, тарихтың елесіне бүкіл қаржыны, уақытты сарып ете бермей, зерттелген, зерделенген дайын дүниені әкелуге күш салуымыз керек деп ойлаймын. Қытайдан келіп Қытайдағы қазақты ғана айтып отырғам жоқ. Монғолиядағы, Өзбекстан, Түркиядағы қазақтардың қолында үлкен құндылық бар. Өйткені қазақтың ұлттық құндылығы – адамзаттың өлшемі. Қазақтың бойына махаббат, адамгершілік, ар-иба, ұяттың барлығы жинақталған. Енді осы дайын тұрған нәрсені біз мемлекеттік келісіммен қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Мысалы, Қытайдағы қазақ әдебиетінің шұрайлысын әкеп, Мағаз сияқты кесек тұлғаларымыз бастаған қаламгерлерімізді қазақ жерінде қайта тірілтсек қандай ғажап болар еді?!.. Қазақтың тағдыры бөлініп кеткенмен ұлттық құндылығы бөлінген жоқ.

– Дұрыс айтасыз, Қытайда қаншама дүниелер зерттелді. Қаншама керемет нәрселер жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарын былай қайырып қойғанда, фольклоры, күйі, киносы, айтысы, аудармасы... Ал соның бәрі қазір көз алдымызда жоқ болып жатыр. Қолымыз жетпейді. Журналист ретінде қол созсақ та ала алмаймыз. Жазайық десек там-тұмдап, әркімнен бір сұраймыз. Қаншама қазынаны өртеді, жоғалтты. Мағаздың дәуірін айттыңыз. Қытай қазақ руханиятының ең бір алтын дәуірі қай кез еді? 

– Әр дәуірдің өз уағымен қараймыз ғой. XIX ғасырдың басынан XX ғасырдың басына шейінгі жүз жыл – Алтай қазағының ең керемет бақытты өмірі. 1910-шы жылдардан 1980-ші жылдарға дейін Алтай қазағы тозды, қырылды. 1980 жылға келгенде «дүние жарық екен ғой, үһ» деп еңсесін көтерді. 1980-ші жылдардан 2015 жылға дейін Қытай қазағы руханиятының алтын дәуірі болды. Бұл алтын дәуір тағы да Қытайдың сол кездегі ұлттық саясатының кішкене жылымығын тізгін ұстаған ағаларымыздың оң жамбасқа алып кеткен көрегендігінің арқасында болды. Жәнәбіл бастаған ел ағалары жылымық саясатты пайдаланып өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырды. Осы кезде қазақ тіліндегі алты баспа құрылды, қазақ тілінде радио, телеарнамыз болды. Өлке орталығынан ауыл-қыстаққа дейін қазақша мектеп ашылды. Өз оқулығын өзі жазды. Ахмет Байтұрсынның әліппесіне соңғы мұрагер болған Қытайдың қазақы. Осы отыз бес жылда Қытай қазағының әдебиет, мәдениеті жоғары деңгейде дамыды. Теле-көркемөнері жеке жанр ретінде қалыптасты. Қаншама концерт таспаға жазылды, онда ән де, күй де, қойылым да болатын. Құрбан айт пен наурыз мерекелері қандай жоғары деңгейде өткізілетін еді. Ақындар айтысы деген сайын сахарадағы, жайлаудың өр төсіндегі сондағы қазақтың басын қосатын ең үлкен іс-шаралардың біріне айналды. Айтыс қана емес, не бір өнердің жәрмеңкесі сонда өтетін. Осының барлығы алтын қорда қалды. Белінен басып, құлыптап, ақ қағазын жабыстырып, қызыл таңбасын ұрған күйі жертөледе қалды. 35 жылда 105 қазақ романы жарық көріпті.  Оның сыртында отыз қанша қазақ тілді журнал болды. Осы 35 жылда істелген жұмыстарды жиып алып келсек те жетіп асады.  

– Қай заман болмасын аумалы-төкпелі болды. Мамыражай кез жетті деген күнде де қорыққан, үріккен, жүрегі шайлыққан қазақтың қаламгерлерінен ашық, жария жазатындары шыға қоймасы анық. Мағаз Разданұлы өз дәуірінің шындығын қаншалықты ашық жазып, батыл айта алды?

– Батыл айта алған жоқ. Анау «Төрт Жамбының» ішінде мынадай бір сөз бар. Іле генералы Алтайды басып, Қобда арқылы Пекинге кететін болады. Тарбағатай салыққа төленетін 81 атты жамбылмен төлемек болады. Сол кезде Іле генералын Сауырдан тосып алып, күймемен Алтайдың аяғына алып келеді. Сонда Сауырда қазақ жігіттері генералды күймеге салып көтергелі жатқанда топ ішінен біреу: «желкеңе осы мінгені мінген ғой», деп күңк етті дейді. Бұл 1905 жылдардың әңгімесі. 

Мағаздардың заманында қаламгерлер қолындағы қаламы үшін, ұлтын сүйгені үшін таяқ жеді ғой. Сондықтан да олар бір шоқып, екі қарап, әр сөзіне мән беріп жазған. Қытайдың саясатының себебінен дәуір шындығы толық айтылған жоқ.  Бірақ дәл солар қалып қалғаны үшін бізге үлкен опық жоқ. Одан қазақтың тарихы, қазақтың мәдениеті ақсап тұрған жоқ. Бірақ келер ұрпақ білуге тиісті аз санды тұлғаларды түгендеп алуымызға болады. 

– Қазақстанға бұрын-соңды болып ат басын тіреген ағайынға ренішіңізді жеткіздіңіз, екпеңізді айттыңыз. Сол қазақ көшінің легімен өздеріңіз де жеттіңіздер. 2024 жыл басталғаннан әлеуметтік желіңізде Мағаз Разданұлының 100 жылдығын ең алғашқылардың бірі болып еске салып, өлеңдерін оқып жүрдіңіз. Жыл болса аяқталып келеді. Арғы беттегі ағайын алақанына салатын Мағазды Қазақ жерінде еске алу мүмкін болмай жатыр ма?

– 2 сәуірде Мағаздың туған күні еді. Марқұм, жаны жәннатта болғыр, жүзге келді. Біз туған күніне дейін ештеңеге үлгермедік. Суға кеткен адамша тал қармап, әлеуметтік желілерде өлеңдерін оқыған болып қойдық. Бірақ 1 қаңтардан бастап туыс-туғандарына хабарласып, ас беру жағын айттым. Олар бірден мақұл болды. Төңірегімдегі Мағазды білетіндерге, руханият саласында жүрген жігіттерге хабарластым, Қазақстан Жазушылар одағына шықтым. Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы өкілі Дәулеткерей Кәпұлын іздеп бардым. Abai телеарнасындағы «Бірегей» бағдарламасына Мағазды көрсетсек деген өтінішімді сол кісі арқылы жеткіздім. Өйткені менің қолымда Мағаздың өз бейнесі жазылған және жазушы жайлы 6 сағаттық видео бар еді. Телеарна қасыма өздерінің бір журналисін қосып берсе, осыларды форматтарына сай етіп тегін хабар дайындап берейін дегенмін. Дәукең тәуір жүгірді. Мағаз үлкен бе, кішкене ме, түсінбедім, олардан «бағдарламаға сыймайды» деген жауап алдық. 

Содан кейін Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының президенті, кәсіпкер ағамыз Жеңіс Түркиямен тілдестім.  Ол кісіге мынадай өтінішпен шықтым: біріншісі, Мағаз Разданның толық шығармалар жинағын шығарайық; екінші, Алматы мен Астанада ғылыми конференция өткізейік; Үшінші, ас берейік. Ол кісі бірден құптап, шағын топ құрылды. Сонымен наурыз айынан басталып бұл кісінің барлық шығармалары кириллицаға аударылып, әрбірі 400 неше беттік жалпы үш том кітап дайын болды. Алғашқы томы күні кеше баспаға кетті. Сол Жеңіс ағамыздың ұйымдастыруымен бір топ азамат қаржы шығарды. Үлгерсек қараша айында алдымен Алматыда, сосын Астанада конференция өткіземіз. 

– Тамаша! Қазақтың арғы-бергі тарихы, руханияты өздеріңіз сияқты қолына қалам алған азаматтар арқылы там-тұмдап болсын түгенделе берсін. Істеріңізге сәттілік тілейміз!