Амантай Иса: «Біздің тарихшылар түпнұсқа емес, аударма құжатпен тарих жазып жүр»
24.04.2024 5701

«Әкем 1962 жылы Шәкәрімді ақтау комиссиясына куәлік еткен»

– Амантай аға, өзіңізбен пікірлесу көптен ойда жүрсе де, реті келмеп еді. Сол сұқбаттың орайы бүгін туған екен. Қымбат уақытыңызды қиып, келісім бергеніңізге алғыс айтамыз. Әдепкі сауалды әкеңіз жайынан сұрағым келіп отыр. 1922 жылы Торғай аштарына Семейден мал жиналғанда әкеңіз Иса Биназар Жүсіпбек Аймауытұлының қасынан табылып, мал айдасқандардың қатарында болыпты. Бұл тарих турасында әкеңізден естіген шығарсыз. Ол кісі не айтып еді? 

– Әкем Иса Биназарұлы (суретте жаз кезі) – Абыралы ауданының халық ақыны. Семей полигонның ошағы Дегелеңде, Тайлан жазығының Жанқара деген тауында өсіп-ер жетіпті. Құжат бойынша 1898 жылы туған. Бірақ жылым тауық деп отыратын. Соған қарағанда ол кісі 1896-1897 жылдары туса керек. Негізінде арғы атақонысымыз Қарқаралы екен, ХІХ ғасыр аяғына қарай осы Дегелеңге көшіп келіпті. Біз тек жағынан төрт ата Қаракесектің ішіндегі кедей руынанбыз. Бұл кедейден Керімхан, Омар, Оспан қатарлы айналасына аты мәлім, елшіл азаматтар шыққан. Ақындық жолда әкем Омарды ұстаз тұтқан. Құнанбай ауылымен құдандалығымыз себепті Омардан басқа Абай, Шәкәрімдерді жақсы біліп, сол кісілердің мектебінен сусындаған. 1962 жылы Шыңғыстауда Шәкәрімді ақтауға қатысты комиссия құрылғанда Шәкәрімнің жазықсыздығына куәлік берген адамдардың бірі – менің әкем. Бұл туралы зерттеуші Дәулет Сейсен «Шәкәрім» атты еңбегінде жазды. 

Әкем жастайынан ел аузындағы әңгімелерге құлақ түріп, ескі ауыз әдебиет үлгілеріне құнт қойыпты. Соның бір парасы Қаз дауысты Қазыбек би турасында. 1920 жылдары қасиетті баба ұрпақтарынан қоңтажыға айтылған семсер сөздерін хатқа түсірді. Тек жинап қана қоймай, соның арқауымен эпикалық поэма да жазды. Оның алғашқысы «Қарқаралы Қазыбек», ал 1946 жылғы екінші нұсқасы «Қаз дауысты Қазыбек» деп аталды. Поэманың көркемдік қуатын айтпаған күннің өзінде, би сөздерін түпнұсқа күйде айны-қатесіз жеткізіп, ел ішіне таратуымен бәсі жоғары дер едім. 

Иса Биназарұлы отбасымен

«Әкем Қаныш Сәтбаев, Әміре Қашаубаевтармен бірге Семей сахнасында күй шерткен»

– Әкеңіздің ақын ғана емес, күйші де болған екен. 

– Дәл солай. Ақын, шешендігінен тыс, әкемнің күйшілік қыры да өз алдына бір төбе. Ол кісі – Арқа күйшілік ордасы, Тоқа мектебінің өкілі. Күйді Тоқаның шәкірті Төлеуқожадан үйренген. Тоқа күйлерін шерткенін бала кезде өзім де естігем. Төлеуқожа күйші көтеріліске қатысты деп айыпталып, зобалаң-аштық жылдары дүниеден қайтты. Ал ол кісінің баласы Қажықожамен әкем жақын дос болды. Тоқаның қазіргі шертіліп жүрген бірқанша күйін шәкірті Төлеуқожадан үйреніп, бүгінгіге жалғаған да менің әкем. Күйшілік қыры жайында тағы бір фактіні атап өтейін. Семейде белгілі өлкетанушы Мұқатай Тоқжігіт деген ақсақал болды. Сол кісінің «Семей таңы» газетінде жарияланған, кейіннен кітабына да енген бір естелігі бар. Онда Мұқатай ақсақал Семейде үш өнерпаз: Қаныш Имантайұлы, Әміре Қашаубай және менің әкем Иса Биназарұлының сахнада бірге күй шерткенін, Қаныштың шөміш тәрізді музыка аспабын (мандолина) ұстағанын жазады. Бұл әкемнің Семей педкурсын бітірген кезіне тура келеді. 

Иса Биназарұлының «Қазақ тілі» және «Степная правда» газеттерінің агенті екенін растайтын №1733 куәлік (1921 жылдың 25 қыркүйегінде берілген)

Иса Биназарұлының Дегелең елінің болыстық жер комиссиясының төрағасы екенін куәландырған сенім қағаз (1926 жылғы 9 ақпан. №191 куәлік)

«1922 жылғы Аштарға жәрдемнен «Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге мал айдасқанда» өлеңі жазылды»

– Семей педкурсын атап қалдыңыз. Әкеңіз Иса Биназарұлы Семейдегі мұғалім даярлайтын педагогика курсын 1919 жылы бітіріпті. Бұл Мәннан Тұрғанбай, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы қатарлы Алаш арыстарының оқытушылық қызметтегі кезі. Әкеңіз өзін оқытқан азаматтардан кімдерді атайтын еді?

– Семей педкурсында әкем Мәннан Тұрғанбай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Әбікей Сәтпаев, Ыдырыс Мұстамбай қатарлы Алаш азаматтарын көрді. Соларға қарап бой түзеді. Сондықтан Торғайға мал айдау керек дегенде Жүсіпбекке дем болып, жанынан табылуының реті бар. 

Өкініштісі, әкемнің 30-ыншы жылдарға дейінгі хаттары, жазған-сызған туындылары мүлде сақталмаған. Оның себебі түсінікті. Қуғын-сүргін заманда ондай дүниені сақтау өзіңді өзің ұстап бергенмен бірдей. Оның үстіне әкем де көтеріліске қатысты деген жаладан басын әзер арашалаған. Руының кедей, тұрмысының нашарлығының себеп болуымен әрең қалған. Сондықтан ел жадында сақталған кейбір өлең шумақтарын жазып алғаным болмаса, отызыншы жылдарға дейінгі жазбасы қолыма ілікпеді. «Абай әлемі» кітаптар топтамасының 2020 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан бір кітабында әкемнің өлеңдері енді. Сондағы бір өлең «Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге мал айдасқанда» деп аталады. 

1980 жылдары іссапармен Шұбартаудың Баршатасына бардым. Сонда бір ақсақалдан әкемнің өлеңін жазып алдым. Міне, Иса Биназарұлының өлеңдері осылай там-тұмдап жиналды. Онда да әкемді көрген-білген, сөзін естіп, көкірегіне тоқыған ауылдың қарттарының арқасында жиналды. 

– Ел аузынан жиналған бірен-саран дүниесі болмаса, 30-ыншы жылдарға дейінгі мұрасы сақталмады деп отырсыз. Мұрағат қорларынан да еш құжат табылмады ма? 

– Әкемнің педкурста оқығанын растайтын құжат қолымда бар. Сол құжатта 1919 жылы әкемді 25 жаста деп көрсетіпті. Туған жылына қатысты әлі де анықтай түсетін керағарлықтар бар. 

Кімдермен бірге оқыды екен деп ізденгенімде қазірге бірнеше кісіні анықтадым. Олар: Ес-аймақ аталып кеткен «Қазақ мәдени ағарту үйірмесінің»  мүшесі, кейіннен белгілі өнер қайраткері болып танылған Қалиәкпар Төлебаев, халық ағарту ісінің үздігі Хафиз Матаевтың әкесі Ыбырай Матай қатарлы азаматтар. 

Алаш арыстары ұйымдастырған оқу курсын тәмамдағаннан кейін әкем Ақбота болысында мектеп ашыпты. Бұл жерді де өз көзіммен көрдім. Ауыл болды дегеннен еш нышан қалмаған. Себебі бұл жер де полигон ошағының көзі. Ал Ақбота болысының кезіндегі тіршілік тынысы, әкемнің мектеп ашқан әрекеті жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» кітабында  хатталып қалды. 

«Қаз дауысты Қазыбек» поэмасының қолжазба беті

Ел аузынан жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінің қолжазбасы 

«Біздің көптеген тарихшылар түпнұсқа емес, аударма құжаттың шылауында жүр»

– 2001 жылы қате оқылып, теріс тәпсірленген Әбілқайыр сұлтанның орыс патшасына жазған хатын түзеттіңіз. Тәуелсіздіктен бергі бақандай 10 жыл ауқымында қате аударманы талғажау етіп келгеніміз біздегі түпнұсқадан оқитын сауатты мамандардың аздығын айғақтайтын тәрізді. 

– Біздің тұстағы тарих кадрларын даярлауда үлкен кемістік кетті. Түркі тілдері үйретілген жоқ. Тіпті ірі ғалымдардың өзі бұндай мәтіндерге барған жоқ. Тек Әбілқасымов сияқты бірен-саран ғалымдар ғана түпнұсқа мәтіндермен жұмыс істеді. Советтік замандағы қазақ тарихшылары түпнұсқа құжаттан гөрі орыс тіліндегі аударма мәтінмен көбірек жұмыс істеді, сол құжаттарға сүйеніп тарих жазды. Өкініштісі, орыс тіліндегі мәтіндердің дені толық аударылмаған немесе саяси себепке байланысты мазмұны бұрмаланатын. Әбілқайыр ханның орыс патшасына жазған хаты соның айқын мысалы. 

– Советтік кезеңдегі маман олқылығының себебін саясаттан іздеуге болар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұған кім кедергі? Өзіңіз де жоғары оқу орнында дәріс бересіз. Ескі жазуды игерген, түпнұсқа мәтінмен жұмыс істейтін мамандарды қаншалық дайындап жатырсыздар? Тарих саласына келіп жатқан жаңа буын, жас талап әлеуеті көңіл көншітерлік пе?

– Тәуелсіздік алдық дегенмен, қазір де көлденең кедергі жоқ емес. Айталық, бұрынғы мемлекеттік университеттердің дені қазір жеке меншікте немесе автономды басқару құқында. Нарық жағдайы көптеген кафедраларды біріктіріп, сабақтарды қысқартып жіберді. Тіпті бұрын оқытқан негізді пәндерімізден айырылып қалдық. Сондықтан филология саласында қандай екенін білмеймін, ал тарих мамандығында ескі тіл-жазуды үйрету таңдау пәні, үйірме деңгейінде жүреді. Үйірме болғаннан соң, ынтасы бар санаулы студентті оқытқан боламыз. Оның өзінде асса бір-екі бала ғана лайықты үйреніп шығады. Енді осы бір-екі бала барлық жыртықты жамай алмайды. Міне, гәп осында.     

«Орыс ғалымдары Сыдық сұлтанды авантюрист ретінде көрсеткен»

– Ұзақ жылғы зерттеу, түпнұсқамен жұмыс істеу тәжірибеңізде орыс тіліне аударылған құжаттарға тән қандай сипатты байқадыңыз? «Аудармадағы» қолдан қосу, бұрмалауға қатысты ашалап айтып берсеңіз. 

– Патшалық кезеңдегі хаттарды аударуда империяның өз штампы болды. Дала халқы қалай жазса да ол орыс тіліне аударылғанда сөз саптау, патшаға қатысты мәміле, лауазымдарды атау және басқа жақтардан өзгеріске ұшырады. Аударма қатаң қадағалауда болды, мемлекеттің беделіне көлеңке түспеу айрықша ескерілді. Сол себепті хаттағы қатқыл үн жұмсартылды, терезесі тең сөздер төменшік тіркестермен ауыстырылды. Тиісті «редакцияға» ұшырады. Мен мұны бірнеше хатты оқығанда байқадым. 

Ал совет заманындағы зерттеушілер түпнұсқаны емес, патша кеңсесінің тілмаштары аударған нұсқаны пайдаланды. Сол аударманы түпнұсқа дәрежесіне көтерді. Оған еріп, біздің Қазақстан ғалымдары да жаңылысты. Бірақ іздеген адамға бұндай хаттардың бәрі болмаса да басым көп сандысының шын мәніндегі түпнұсқасы сақталған. Өз басым ХVII ғасырда жазылған хатты да көрдім. Алайда бұған біздің тарихшылардың дайындығы, қарым-қабілеті сай болмай жатыр. 

– «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» еңбегін түпнұсқадан қазақшаға қотарғаныңызды білеміз. Бұл еңбектің құндылығы неде?

– Бұл еңбектен Кенесары ханның және оның ұлдары жалғаған ұлт-азатттық күрестің тағдыр-талайын білеміз. Екіншіден, осы туындыдан хан-төрелердің азаматтық келбеті, кісілік биігі, сертке адал, уәдеге беріктігі анық көрінеді. Менің қолдағы шаруаны ысырып, құлшыныспен аударуыма да – Сыдық сұлтаның жарқын бейнесі, тарихтағы қалдырған ізі, күрескерлігі әсер етті. Сыдық сұлтан – жауымен айқасып, от пен оқтың арасында жүрсе де, адалдықтан сәтке айнымаған тұлға. Қара халыққа ешбір зәбір көрсетпеді. Түркімендерде қол бастап жүргенінде қоластындағы түркімен жасақтары талан-тараж бен тонауға ыңғай танытқанда өзінің егістік жерін ұсынады. Егер олжа, астық керек болса, осыдан алыңдар, бейбіт халыққа тырнақтың ұшын да тигізуге болмайды деп тыяды. Міне, осындай азаматтық келбеті мен әділдігін көрген түркімен сарбаздар хан ретінде қатты құрметтейді. Тіпті көз жасын төгіп жылайды. Бірақ Ресей ғалымдары мен аудармашылары сұлтанның бұл кісілік қасиетін онша керек етпеген. Керісінше, авантюрист ретінде бағалайды. 

– Сіз аударған «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» еңбегі өзге тәржімелерден несімен ерекше?

– Бұл еңбекті патша заманында Смирнов орысшаға аударған. Бірақ зерттеушілерге бертінге дейін түпнұсқасы белгісіз болып келді. 2004 жылы Зайцев түпнұсқаны жариялағаннан кейін сең қозғалды. 

Қолжазбатанушы маман ретінде менің көзқарасым: ескі мәтіндерді аударғанда грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері сақталуы керек. Сонда ғана оқырман сіз аударған еңбектің тіл өзгешелігін сезініп, өзіне тән бояуын тани алады. Бұл, әсіресе, тарихи еңбектерге тікелей қатысты. Осы ұстанымға сай мен аудармада мейлінше мәтіннің лексикасын сақтадым. Яғни туындыдағы өз дәуіріне тән араб-парсы сөздерін қалдырдым. Оқырмандарға олардың түсіндірмесін ұсындым. Одан бөлек алғысөзде Смирновтың орысша аудармасындағы олқылықтар мен менімен қатарлас тәржімалаған Ербол Алшынбайдың жіберген қателерін атап көрсетіп, түзеттім. 

– Сіз түзеткен Ербол Алшынбай қатесінің бірі шығарма тіліне қатысты. Ол туындының шағатайша жазылғанын айтады. Сіз еңбектің қазақ тілінде екенін алға тартасыз. «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» сонымен қай тілде жазылды?

– Өз кезеңінің сипатына сай араб-парсы сөздерінің көбірек ұшырасқаны болмаса, «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» қазақ тілінде жазылған. Ол талас тудырмайтын анық жайт. Бізде қазір қазақшасы сәл түсініксіздеу араб қарпіндегі мәтін көрсе, бірден шағатайша дейтін кесел пайда болды. Ол тарихи танымның таяздығы, тілдік ұғымның әлсіздігі. Ал анық шағатай тілінде жеткен мұра – Бабырнама.

«Қазақ хандарының ресми хаттары ескі қазақ жазба тілінде жазылды»

– Сіз архивтен тапқан түпнұсқа хаттар қай тілде жазылған? Қазақ хандарының кеңсе тілі қазақша болды ма? 

–  Қазақ хандарының ресми хаттары ескі қазақ жазба тілінде жазылды. Масштабын кеңітіп айтар болсақ, бұл – дала халықтары: татар, башқұрт, ноғай, қазақ, қарақалпақ ортақ қолданған солтүстік түркі жазба тілі.  Шағатайша екеуі туыстас, жақын. Екеуінде де араб-парсы сөздері жиі ұшырасады. Бірақ грамматикалық айырмашылықтары бар. Шағатайшаны түркі жазуының оңтүстік нұсқасы деген дәлірек болады. 

Солтүстік түркі тілін кейбір зерттеушілер татар тілі деп атайды. Бірақ ол шартты, кеңселік атау. Татар дегеннің өзі түркі мәнінде қатар қолданылғанын ескеру керек. Солтүстік түркі жазуын әркім өз тілінде оқыған. Ортақ бір нұсқада жазылғанымен, оқылу нұсқалары бірнешеу. Яғни әркімнің өз еншісінде болған. Ноғай ноғайша, башқұрт башқұртша, татар татарша, қазақ қазақша оқыған. Өз басым бұл жазудың оқылуын бірізді ету әлістемелік тұрғыдан қате деп санаймын. 

«Алаш арыстары тәуелсіздікке автономия арқылы қол жеткізуді ойлады»

– Әңгімеміз құжатты өзек етіп өрбіп жатқандықтан ретіне орай бір сауал қойсам. Алаш автономиясының жариялану мәселесінде құжатқа қатысты талас бар. Бірқатар тарихшы ғалымдар «Автономия жарияланбады, жарияланды деген нақты құжат жоқ» дейді. Ал оған қарсы дауыс: «Аттың қомы, түйенің жалында ондай құжат болмағанмен, мемлекеттік атрибуттардың бәрі болды, іс жүргізді. Сондықтан автономия жарияланған есепті», – дейді. Тіпті осы мәселеде отандық ғалымдар Ресей зерттеушілерімен пікір жарыстырды. Кәсіби тарихшы тұрғысынан сіздің байламыңыз қандай?

– Бұл кезеңді жіті зерттеген маман емеспін. Дегенмен тарихшы ретінде көзқарасымды сұрап отырсың. Расында да құжат іздесек, ондай жарияланғанын айғақтайтын құжат табу қиын. Бірақ әңгіме жалғыз құжатта емес. Сол заманның жағдайын, шарттарын есепке алу қажет. Ең әуелі, біз қазақ «не болар екен» деп әліптің артын бағатын халықпыз. Халықтың  мінезі солай. Ол кезде де осы мінезден алыс кетпедік. Қиын-қыстау заманда асығыстықпен автономия жариялап жіберсек, Түркістаннан немесе басқа қиырлардан айырылып қаламыз ба деп кеңірек ойланды. Дер кезінде жариялау үшін Түркістандағы ағайынның және Ресей саяси күштерінің қолдауы қажет болды. Ал бұл шарттарды бәрін реттеп, енді жариялаймыз дегенде жағдай күрделеніп, ондай мүмкіндік құрдымға кетті. Сондықтан анық «жарияланды», «міне, біз мемлекет құрдық» деген құжат жоқ. Ал дайындығы толық Финляндия мемлекеттілігін жариялай алды. Өйткені қуатты интеллигенция дер кезінде шағын жерімен бөлініп шығып кете алды. 

Біздің жағдай бұдан басқаша. Алаш арыстары тәуелсіздіктен бұрын автономия тіледі. Олар тәуелсіз мемлекетке алдымен автономия ретінде табан тіреп, шекараны нықтап алып барып қол жеткізуді ойлады. Жалғыз қазақтар ғана емес, сол тұстағы басқа халықтар да осы жолды таңдады. Жан-жағын қаумалаған жау барда бұдан басқа таңдау да болған жоқ. Бірақ оған заманның сипаты мұрса берген жоқ. 

Енді іс жүзіне келсек, Алаш арыстары мемлекеттік құрылымдарын жасақтап, үкімет құра алды. Ұлттық автономия ретінде совет үкіметі ыдыратқанға дейін өмір сүрді. 

«Ғылыми байланыс қатты әлсіреп кетті»

– 1997 жылы Семейдегі Абай музейінің қорынан Абайдың ұлы Мағауияға өлеңмен жазған хатын тауып жарияладыңыз. Түсініксіз бір жайт: 1896 жылғы екі шумақ өлең абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы музей басқарған кезеңнен бері неліктен тасада қалды? Бұл хат экспонат ретінде қорға тіркеліп, акт жасалмаған ба?

– Бұл құжат Абай музейіне 1995 жылы, Абайдың 150 жылдық қарсаңында тапсырылыпты. Өлең Мағауияның ұлдарынан Мұсахан ақсақалға өтіп, дүрбелең жылдары көшпен бірге Қытай асқан. Бүлінбей, ұқыпты сақталған құжатты 1995 жылы Мұсахан ақсақалдың ұрпағы Ертуған Кеңесбайұлы музейге өткізді. Абай музейінің басшысы Төкен Ибрагимов 1997 жылы тамызда оны оқуды маған тапсырды. Сөйтіп 20 қыркүйекте «Абайдың хаты табылды» деген тақырыппен әуелі «Zaman-Қазақстанда», одан «Семей таңы» газеті мен «Абай» журналы арқылы көпке жарияланды. 

– Қазіргі ғылымдағы ең өзекті мәселе не деп білесіз?

– Ең басты мәселе – үнсіздік, самарқаулық. Ғылыми байланыс қатты әлсіреп кетті. Ғалымдар бірін-бірін оқымайды, не оқығысы келмейді. Сенің маңдай теріңді төгіп, көз майыңды сарқып ашқан жаңалығыңа ешкім қызықпайды, пысқырмайды. Тіпті кейде осыны біреу керек ете ме деп күмәнданып та қаласың. Өлі үнсіздік бар. Мысалы, мен 1985 жылы Қасым ханның 1521 жылы қайтқанын нақты құжатпен дәлелдедім. Содан бері 40 жыл болайын деді, бірақ кейбір ғылыми әдебиеттерде әлі қате мағлұматпен жүр. Жазғаныңды оқымайды, көрмейді, білмейді. Тіпті жазушы Шерхан Мұртазаның өзі «Бір кем дүниесінде» Қасым хан қай жылы қайтып еді деп сұрақпен қалдырған. 

– Марқұм Таласбек Әсемқұловтың әдебиеттегі көреалмаушылық пен күндестікті әшкерелейтін «Оқығам жоқ» жазбасы бар еді. Бұл уәжіңіз де соны қосар дәлелдеп тұрғандай. Тақырып ауқымы ұлғайып бара жатқандықтан алда тағы бір сұқбаттасуға орай қалдырып, бүгінгі сұқбатымызды тәмамдайық. Бүкпесіз әңгімеңізге тәңір жарылқасын айтамын. Қазақ ғылымында өзіңіздей еңбеккерлер көбейе бергей. 

Суреттер Амантай Исаұлының жеке мұрағатынан алынды. 

Қысқа қайырым: кейіпкер туралы 10 дерек

1. Халық ақыны, дала күйшісі Иса Биназардың кенже перзенті. 

2. Шығыс Қазақстан күйшілерінің мұраларын үнтаспаға түсіріп жинақтаушы. 

3. Тарихшы, археолог ғалым. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры. 

4. Қазақ жазуының ескі нұсқалары: шағатай, қадым, төте үлгілерін жетік білетін, көне орыс тіліне жүйрік қолжазбатанушы. 

5. Қасым ханның 1521 жылы қыс аяғына қарай өмірден өткенін, Доспанбет жыраудың 1535-1595 жылдар аралығында өмір сүргендігін ғылыми тұжырымдады. 

6. Хақназар ханның 1571-1572 жылдары Мәскеуге елші жібергенін, Есім ханның 1627 жылы Тәшкенге жорығын деректер негізінде нақтылады. 

7. Алтын Орда кезеңінен кейінгі Қазақ хандығы мен Ноғай ордасы қарым-қатынасын жүйелі зерттеді. Отандық және шетелдік ғылыми қауымдастықта осы тақырыпты терең білетін бірегей ғалым. 

8. Онға жуық кітап, екі жүзден астам ғылыми мақала авторы. 

9. Берел, Шілікті, Шыңғыстау, Тарбағатай, Зайсан, Күршім өңірлерінде тұрақты археологиялық зерттеу жүргізіп келеді. Әйгілі «Үржар ханшайымы» қазбасын тапқан ғалымдардың бірі.

10. Профессор Шыңғыстаудағы Сарыкөл түркілік заттар кешенінен алтын құманды тапты және Абыралы Таңбалытасы мен Тарбағатай биігіндегі Ақберлі тас суреттерін ғылымға енгізді.