Қыран бүркіттің сыны
18.03.2025 161

Жуықта Көкшенің баурайындағы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев: «Көне заманнан келе жатқан көшпен­ділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұ­р­амызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жү­йе­лі түрде дәріптеуіміз қажет», деді. 


Президентіміз атап өткендей көшпенділер дәстүрінің бір пұшпағы – халқымыздың сан ғасырдан бері үзілмей келе жатқан саятшылық өнері. Бұл дәстүр соңғы жылдары жақсы даму үстінде. Қазіргі таңда еліміздің барлық облыстарында қолына құс қондырған саятшы-құсбегілер шоғыры қалыптасып келеді. Жыл сайын Спорт және туризм министрлігінің жарыс кестесі бойынша құсбегілердің республикалық чемпионаты және атаулы турнирлер тұрақты өтіп келеді. 

Расын айтсақ, халқымыздың саят өнерінің тарихы тым тереңде жатыр. Бұған дәлел-дәйек жеткілікті. Сондай-ақ,  қазақ құсбегілердің ежелден қалыптасқан қыран құсты сынайтын ғажайып ілімі бар. Бұл реткі жазбамыз арқылы партол оқырмандарына қазақ құсбегілерінің қыран бүркіттің сыны туралы айтқан «қыран сынау» үлгісін ұсынып отырмыз. 

Тотай Сауыржанұлының сыны

Қыран болатын бүркіт басты келеді. Иір жақ, тобыршық шеке, сида сан, жуан аяқты болады. Есте болатын дүние: қарашығы тұнық емес лай, ажарсыз күңгірт бүркіттен қыран шықпайды және бұндай құстың мүшелері домбырауын доғал болады. Сондай-ақ, өлгек қарға жүнді бүркіт түлкі ілмейді. Түлкі ұзақ болса, оған жетпей жолай қонып қалады. Ал жақындағы түлкіге қатты түскенімен іле алмай отырып қалатын әдеті бар. 

Нағыз қыран көп бүркіттің ішінде отырғанда бәрінен шоқтығы асып тұрғандай ерекше көрінеді. Сілкінгенде жүнін төгіп таудан тас құлатқандай күлдірлетіп, жауған бұршақтың дауысы сияқты сатырлаған үн шығады. Жай отырғанда қос жанары от шашып, жан-жағына қадала, құмарлана қарайды. 

Тұмсығы мұздай тұнық, болаттай асыл, тасы ақкөк болады. Сыртынан қарағанда денесі қауқиған қалың емес, шымыр да жұқа, ұзын да түзу көрінеді. Езуі сынық сүйем, танау тынысты кең, жан-жағына саңырайып қарайды. 

Үңгірлене біткен биік қабағының астына көлденең біткен қарашығы шоқтай жайнап, от шашып тұрады. Көзі қызылшегір болады. Ұстараның жүзіндей лыпып, тік қарайды, жанары өңменіңнен өтеді. Үнемі саят тілеп тұрады. 

Маңдайы сәл жазықтау, жырты қарыс етсіз болады. Бас бітімі желкесімен тұтасқан кесек те, нығыз. Шудасы күрең қызыл келеді, арқасына қарай құлап тұрады. Сырты һәм қабырға жүні торанғының жапырағындай жалпайып бітіп, ұшы сүйірлене шығып, қызылды-жасылды түске боянып құбылып тұрады. Жүні алқасын құлдай бауырына төгіліп тұрады. Түбі нығыздана бітеді. Ұшы кержолақтанып көрінеді. 

Көтеріле қомданғанда топшысы жып-жинақы көрінеді. Қауырсын шашағы қуатты, әлді болады. Тұғырда қос шалғысы айқасып отырады. Қауырсынының шыбығы жуан қатты, көбесі жалпақ, кездей аққасқа, құйрығы қарға қан бүркіп қойғандай шұбар тарлан бедерлі болады. Атам қазақ «тарлан салған тарықпас» деп осындайды айтады. 

Бүркіт санының толықтығы ұстап көргенде, төрт еліден асып тұрса, ондай құсты «шоқпар санды қарын» дейді. Жақсы бүркіттің аяқ бітіміне тоқталсақ: екі аяғының арасы алыс, саусақтары салалы жұмыр, түсі көксауырланып тұрады. Саусақтың сыртындағы бұйра қышыры ыңғыру секілді емес, түп-түзу үкі тұяғы секілденеді. Саусағының үстінгі жағындағы болат тастары баданадай болып көзге түседі. Тастың саны төрт немесе бес болса тіпті жақсы. 

Табыны – жазық көн тәрізді қалың, толарсағы – сіңірлі, тегеуіріні мен жембасары қанқызыл, балақ жүні – жирен түсті болып келеді. Қыран бүркіттің белгісі алқымы – кең, мойын сүйегі – жуан, өткір және иректі, төс сүйегі – жалды, сүріншегі – үшкір, айыршағы – кең болады.

Қыран болатын бүркіт – саңғырығын алысқа тастайды. Тұғырда отырғанда кешкіл басын тік, бұтының арасын алшақ ұстайды. Иығы шығыңқы, төсі керілген, жебелі құйрық шалғысын керегедей қомдап, нық отырады. 

Қыран бүркіттердің ішінде жүні батсайыдай құлпырған, құйрық шалғысы келте, шомбыл сарысы болады. Көзі жалт-жұлт етіп, шұғыла шашып отырады. Көзіне анықтап қарасаңыз, қарашығының айналасы күзде сарыала тартқан шоқ тоғай тәрізді елес береді. Бұндай көзі қыранды «тоғайлы көз» қыран дейді. 

(Тотай Сауыржанұлының «Құсбегілік» кітабынан алынды)

 

Қызыхан Ақыменұлының сыны:

Жақсы қыран бүркіттің денесі кесек, тұрқы басынан құйрығына дейін бес кере қарыстай болып қанатын жайғанда бір жарым құлаш мөлшерінде болады. Бүркіттің қарымды болуы дене тұрқына байланысты. Ал қырандығы үлкен-кішілігіне қарамайды, кішкене бүркіттер де көреген жүректі келеді. Бірақ олар түсерін түссе де әлсіз келеді, бүркіттің кішілеу болуы тұқым тегіне қарай болады. Балапандығынан жастығынан кіші болмайды. 

Балапан құс жылына жетпесе де, күйіне жеткенде үлкен бүркітке теңеліп шыға келеді. Жақсы бүркіт иықты келеді, қомдаған екі қанатының арасын өлшегенде жауырын арасы бір қарыс болса бұл қыран құсқа тән қасиет. Жақсы бүркіт қауырсын жүнінің сыртынан сипағанда ажарлы болады. 

Бүркіттің басты қаруы –  екі аяғы. Бүркіттің санын тұтамдап ұстағанда бір тұтам немесе төрт елі болса қарымды бүркітке жатады. Бүркіттің мықтылық қарымын сынағанда, тұғырға отырғызып қойып, жауырынның үстінен күшпен басқанда козғалмайды, еңкейіп иілмей сіресіп нық отырады. Басы жыланбас, қағылез, мойнын шапшаң бұрады қанды көз жанары таймай сұғынып өңменінен өтіп қарайды.

«Қанды көз май жеп алғыш ақ иықпын, 

Сен тұр ғой қасқыр көрсем бір-ақ шайқар» - деп, жырда айталғандай, жақсы бүркіттің көзіне қарағанда жігер қайраты тасып тұрады. Аяғы көк, тұмсығы үшкір, әрі түзулеу келген бүркіттен қыран көп шығады. Тұмсығы имек бүркіттер күй талғайды. Бүркітті жемсауын басып сынайды. Жемсауын ішіне арықарай итеріп басқанда, ар жағында қырлы үшкір зат білініп тұрса қыран бүркіттің бітімінде болатын белгінің бірі есептеледі. 

Бүркіттің алдыңғы саусақтарын «жембасар» артқы бармағын «тегеурін» дейді, тегеуріні күшті икемді болады, мықты бүркіттердің саусақтарының үстінде «тас» деп аталатын айқын бедері болады. Ол тастар үштен жоғары болғанда саусақтары қарымды есептеледі. Тұғырда отырғанда аяғын айқастырып отыратын бүркіт түлкіге аяғын шайнатқыш келеді. Құсбегілер бүркітті сынағанда отырысына қарайды. 

Ал бүркіт баптағанда, құсбегілер бірінен-бірі көріп, үйреніп тәжірибеден өткен ортақ өлшемді негізге алады. Бірақ елден естіген бойынша баптау кейде сәтсіздікке ұшыратады. Әркім қолындағы бүркітін тума табиғатына қарай баптағаны жөн.  Ол үшін құсбегі бүркіттің әуелі қандай тұқымдағы бүркіт екенін сынауы, күйлі-күйсіз, әлді-әлсіздігін, мінезі мен әрекет дағдысын білуі керек.

 Қырандығы байқалған түз бүркітінің дене толымдылығын өлшем ету біршама дұрыс шығады. Түз бүркітін ұстаған күні-ақ оны сынап, өлшеп, алғашқы күйін әбден байқап басқа бүркіттерден парқы бар-жоғын парықтап алу керек. Бүркіттің ұя басқан мезгілін аңдып жүргенде балапан бүркіттің енесін бақылап сынаймыз. 

Бүркіт қолда тұрғанда не семіріп кетеді, не арып кетеді, ол кезде бүркітті әуелгі күйіне жеткізуге мән беру керек. Балапан бүркітті баулығанда түз бүркітінің күйіне жеткізу сенімді болады. Әр құсбегінің өз ұстанған тәжірибесі, ал бүркіттің де өзіне тән парқы болады. 

Бүркіт қоясын тастамаса да бабына келмейді. Бабына келіп шабыты оянған бүркіт ширығып биялай сыртынан қолды қатты-қатты қысып отырады. 

Құсбегілер бүркітті қайырып салғанда, ұшқанымен түлкіге түспесе және бұл әрекетін қайталаса «ыстық шалды» деп қарды сықпалап бүркіттің таңдайына сап қызуын басады. 

Күшті жем бүркітті ыстық шалдырады. Ыстық шалған бүркіттің белгісі -  саңғырығы қара болады. Қайырып саларда бұндай жағыдай білінсе таңертең бір шыны суды тырнаның ортан жілігінен жасалған түтікпен бүркіттің жемсауына құйып жіберген дұрыс. Ыстығы кеткен бүркіт бірнеше рет саңғырғаннан кейін саңғырық аққа айналады. Құсбегілер бүркіттің бабына келген-келмегенін көп жағдайда саңғырығының түсіне де қарап ажыратады. 

Өз өмірімде 13 бүркіт ұстадым, соның бес-алтауы өте алмыр болды. Қалғаны қалыпты құстар еді. Тіпті екі-үшеуін бірер күн байқап сынағаннан кейін қоя беріп жүрдім. Құстардың да сырты ұқсас болғанымен әрқайсысының өзіне тән дара мінезі болады. Жем ұстауда өзіндік дағдысы болады. Баптап көндіктіру қағидасы біркелкі болғанымен бүркіттің мінезі мен әрекет дағдысы біркелкі болмайды. 

Сондықтан бүркіт баптағанда оны көндірумен қатар, оның да ырқына көне білу керек. Бір қарағанда, құстың жақсы-жаман болып шығуы құсбегінің өзіне де байланысты. Баулимын деп бұзып, қайырамын деп айнытып, асырай алмай аздырып алатындары да болады. 

Кейбір бүркітті баулуға ұзақ уақыт кетеді. Кейбір бүркіт шәргез, шалқалайтын мінезін тастамайтыны болады. Құстың тілін тауып сырын игеру керек. Кейбір саятшылар бүркіттегі жүз берген басқалай бөтен құбылысты неден болатындығын білмей қате болжау жасайды. Оған шара таба алмай тарығады. Бүркітті ұдайы көз жазбай бақылап отырып,  құпиясын табуға болады. 

Балапан бүркіт түзу ұшпай айналғыш келеді. Оны түзу ұшуға дағдыландыру үшін - балапан бүркіттің құйрық кауырсынының түбінен екі, үштен біріктіріп буып тарап кояды. Сонда айланбай түзу ұшуға дағдыланады. 

Балапан бүркітті саятқа алып шыққанда саңқылдап тоқтамайды. Оны естіген құстар мен андар бір-біріне хабар беріп, түлкі жасырынып қалады. Оған да әдіс табамыз. Ағаштан майдалап тамағының астына дәл тілінің астынан көтеріп тұратын бір кішкене тандай жасап, томағаның тамақ бауына іліп қоямыз да, тұрғыға шығар кезде ағаш таңдайды бүркіттің таңдай астына дәл келтіріп, тамақ бауына қыстырып қояды. Сонда бүркіт саңқылдай тыныш отырады.  

Өз басым бүркіт салғанда қағушы ертіп көргем жоқ. Бүркітке өзім қағушы болып үйретемін. Мысалы, құсымның томағасын алып биік бір тұрғыға шығарып қоямын да өзім етекке түсіп қағуылдаймын. Әдістеп алған бүркіт мен қай жаққа барсам сол жаққа қарап елеңдеп тұрады. Түлкінің қарасы көрінгенде зулап келіп, бұрқ етіп баса қалады.  Сөйтіп, өзара керемет тіл табысамыз. 

Кейбір бүркіт қанқұйлы таласқыш, ұстаған түлкіден айырылмайтын әдеті болады. Ондайда «тактактап» күш жұмсаймыз. Бүркіт итке, адамға, басқа нәрсеге түсіп айырылмаған жағдайда оның шеңгелін қанша күштеп тартқанымен шыға қоймайды. Ал тегеурініне шылбырды іліп тартсаң да саусағын босатпайды. Бүркіттің мықтылығы аяғында, әлсіздігі мойнында болады. Әлгіндей тұяғын шығармай сіресіп тұрған бүркіттің мойнын бұрау керек. Мойны бірнеше айналып, шегіне барғанда шеңгелін босатады. 

Бүркіт тұғырда отырғанда екі аяғының жембасары (алдыңғы екі сұқ саусағы) қатарласып бір-біріне айқасып тұрса, мұндай бүркіттер алымыр қыран болғанымен түлкіге тұяғын шайнатқыш келеді. Түлкіге көбірек түскен бүркіттің тұяғының болаты да тозып мұқалады. Ондайда тұяқтың қырын өткір пышақпен қырлап жонып, қырын шығарып койған жөн. Тұяқ өткірленіп, аң ұстағанда пайдасы тиеді. 

Бүркіттің сан еті толық болса, басқа жерін «ақ екен, көк екен» деудің қажеті шамалы. Бүркітті сынағанда сан етінің толымды, толымсызын негіз етеді. Ертеректе Сауыр жерінде дәулетті мырза жігіттің қайырған бүркіті ерекше алымыр болыпты. Тұлғасы да басқа бүркіттерден бөлек көз тартарлық екен. Иесі құсына «тіл-көз тиеді» деп сыртынан шымылдық құрып ешкімге көрсетпей бағады екен. 

Күндердің бірінде Марқакөл жақтағы найман елінің бір құс сыншысы әлгі бүркіттің атақ даңқын естіп, көзбен көруге келеді. Байдың кеуделі мырзасы алыстан арып-талып келген құсбегіні алымсынбай бүркітін көрсетпейді. 

Қайтсе де, бір көріп кетуді армандаған құсқұмар адам өзеуреніп: «Болмаса шымылдықтың ішіне қолымды бір сұқтырып, санынан бір ұстатшы» дейді. Иесі мақұл болады. Құмарланған құсбегі бүркіттің тұлғасын көрмесе де, шымылдықтың ішіне қолын жүгіртіп, бүркіттің санынан ұстап көріп: «Уа, шіркін, шөлім қанғандай болды. Бүркітің айтып, айтпай құстың патшасы екен. Қарымы толған соң сөз жоқ қасқырға да түсетін болады. Сақ болғайсың, пай-пай! Құсың құсы-ақ екен!» - деп кейін шегініп, құс жастыққа шалқалай жатып рахаттана дем алыпты. Тәжірибелі сыншы бүркіттің санынан бір рет ұстап қандай тұлғадағы бүркіт екенін біле қойыпты. Кейін осы бүркіт расында бір қасқырға түсіп, иесі сәйкесе алмаса керек, топшысын сындырып алыпты. 

(Нұрила Қызыханқызы. «Аңшылық хикаялары» кітабынан алынды)

Сұлтан Тәукейұлының сыны:

Қазақ халқы аңкөс, қайтпас жүректі бүркітті «қыран» дейді. Қыран бүркітті сынау үшін – оның қозғалысына мән беру керек. Қимылы сылбыр емес, епті әрі жылдам болса бұл қыран бүркітке тән құбылыс. Бажайлап қарағанда қыран болатын бүркіттің қолтығы мен иығы және құйрық жағы ақшылданып көрінеді. Алқасының қауырсын жүні тораңғы жапырағындай қалың, күрең түсті болады. 

Қобда бетінің құсбегілерінің негіздеуі бойынша, қыран бүркіттің сипаты: жанары өткір, қанды көз, көз жанарының түсі қан қызыл немесе қызыл күрең түстес болып келеді. Тұмсығы – дөңестене біткен, ұшы - өткір, қыры - жұқа, түсі – көкшіл, әрі жұқалтаң имектеу келеді. 

Қос қанатының қылышы ұзын һәм салалы, қатты һәм қауырсыны қылыш сияқты өткір болады. Қыран бүркіт балдақта отырғанда қылышы айқасып көрінеді. Кеудесі өр келеді. Жемсауы үлкен, бөтеге тұсы – кең әрі жүйрік аттың омырауы сияқты шығыңқы келеді. Санының бұлшық еті жуан әрі мелжемді, қолмен ұстап көргенде алақан толады. Жіліншік жүні қалың әрі түбітті тұтасып тұрады. Тырнағы ұзын әлді болады. 

Екі аяғының арасы – алшақ, толарсағы - сіңірлі, аяғы – жүндес және сақал сияқты тарамдалып тұрады. Шеңгелі мен тырнағы – берік, қуатты болғаны жақсы. Қолтық, иық жүндері – ақшылдау, құйрығы – сарғыш түсті болса бұл жақсы құстың белгісі. Арқасының қауырсын жүні – көк шыбықтың жапырағы тәрізді пошымы – қылқан іспетті, түр-түсі – күреңдеу һәм көрер көзге қалың болғаны тиімді. 

Бүркіттің ұрғашысы, яғни ұябасары қыран болады. Оның сипаты: денесі сопақшалау, шағын, тұмсығы жұқа өткір, тырнағы ұзын, біртегіс, түбі жуантық келеді. Еркек бүркіттің сипаты: денесі кесек, қозғалысы тұрпайылау, тұмсығы жуан, тырнағы бұжыр, жемсауы зор болады.  

Қобда өлкесінде «Алтайдың ақиығы», «Нарынның сарысы», «Қобданың қарагері» деген бүркіттер қыран болады. Осының ішінде Алтайдың ақиығының сыны жайлы айтар болсақ: иығында, кейбір тұста қолтық жағында бөлек шыққан аппақ ұлпа жүні болады. Бұл ұлпа көп жағдайда көзге көріне бермейді жапырақ жүнінің астына болады. 

Басы белісі – тамақ тұсының жүні ақшылданып көрінеді. Тұрқы ұзын келеді. Бұл көрер көзге көркем болғанымен бабы қиын, мінезі құбылмалы құс. Бір ерекшелігі бұл құс басқаның алған аңына таласпайды, өзіне сенімді кербез болады. Ал Қобданың қарагері – нағыз қанды көз, күші мығым, қайтпас қыран есебінде. Нарынның сарысы жоғарыдағы екі бүркітке қарағанда қуаты аздау болады. Бірақ бұл бүркіттің де қырандары болады.

(С.Тәукейұлының «Үш асыл» кітабынан алынды)

Жекен Тоқтамұратұлының сыны:

Нағыз қарын жатырқауық келеді. Иесін басқа адамның ырқына көнбейтін бір мінезді болады. Бұндай құс аса зерек әрі сергек, ақылды болады. Томаға киіп отырса да мың адамның ішінен иесінің үнін, иісін жазбай таниды. Құстың қырандағы аяғындағы тасына байланысты. Тасы үштен, бес тасқа дейін болады. Жазық аяқ, құзғын тұмсық, жылан бас бүркіт қыран болады. Одан кейін тілінің пошымы қысқа, өңі қара болса жақсы құс есебінде. Сонымен қатар, үңгір қабақ бүркіт жүректі болады. Көзі жадағай бүркіт қорқақ келеді.

Одан кейін қыран бүркіттің жүні кесек, дөңгелек жапырақты болады. Ал тал жапырақты бүркіт күйшіл келеді. Терек жапырақты болса көргенін ұстайтын қыран болады. Сыртынан қарағанда төс сүйегі шығыңқы, кеудесі кең болса бұл күш-қуаты мол бүркіт. 

Аяғында тасы жоқ қырандарда болады. Ондай құстың аяғы көбінде жарғақ болғандықтан «жарғақ қыран» депте айтады. Атам қазақтың «жарғақ салған жалықпас» дегені осы. Сондай-ақ, тілі қара бүркітті «қанға тоймас қаратіл» дейді. Бет әлпетінде жағалы бар «Орқұс» деген болады. «Тапсаң құстың орын сал, Таппасаң зорын сал» деген сөз осыдан қалған. 

Жыланбас қыран деген болады. Бас бейнесі жыланың басына ұқсағандықтан солай атанған. Осы жыланбас құстың сыны: басы сыптығар, кішірек шегір көзді, тырнағы аса өткір болғандықтан ұстаған аңның ішін жарып жібереді. Сол себепті құсбегілер бұл қыранды «ішжарғыш» деп де айтады.

Қыран құстың белгісі аяғы мен басынан көрінеді. Басы толық, тұмсығы ұзын жебелі, аяғы сом болады. Бүркіттің жонынан қаттырақ басып көреді. Егер құс иілмей түзулігін бұзбаса ол қармаулы, яғни қуаты мол құс есебінде.

Бүркіттің ұрғашысы яғни ұябасары қыран болады. Еркегін сарша дейді. Бір ұяда екі балапан болса, біреуі қайткен күнде сарша болады. Ұябасар әдетте екі балапанының ұрғашысын баулып, бағып тәрбиелейді де, сарша балапанды қаңғытып жібереді. 

(А. Нүсіпоқасұлының «Ит жүгіртіп, құс салу» кітабынан алынды).

 

Хадыбатыр Мұғалімұлының сыны

Қазақ құсбегілері жақсы қырандарға «нағыз бұжыр аяқ, талтақ бұт екен», «қанды көз қаймықпас, қара тіл қанға тоймастың өзі екен»,  «арық аяқ құс салмай аңға жарымас» деген секілді ат қойып, айдар тағып, қырандық сипаттарын  бір ауыз сөзбен безбендеп береді. 

Нағыз қыранның ерекше белгілері: көзі - күрең немесе ақшегір болады. Аяқ саусақтары салалы, борық тұяқ, жұқа тұмсық, сырт жүні жылтылдаған сарғылт, қанат қылшықтары өткір, жұқалтаң болады. Сілкінгенде күннің күркірегеніндей дүр етіп дыбыс шығарып сілкінеді. Аса қомағай келеді.

Жалпы бүркіттің құйрық, қанатының саны кейде 13, көп жағдайда 12 болады. Бүркіт жасын құйрық, қанатына қарап анықтайды. Ақ үрпек балапан жетіле келе қос шалғысы айқасады. Одан әрі жас қосылған сайын құйрық, қанаты барандай береді. Бүркіт бір ұядан нешеу екенін шалғысына қарап ажыратады. Ұядан екеу болса шалғысы құйрығына жетпей тұрады. Біреу болса шалғы, құйрығы қанатпен бірдей болады. Бүркітте жембасар, тегеуірін, орта башпай, шынтақ деп аталатын  төрт саусағы бар. Әр саусағының үстінде 3-4 дана кертік бүршік болады. Оны «бақайтасы» деп атайды.

Түзден ұстаған құс ешқашан адамға, ірі малға, қасқырға, қысқасы өз шамасы келмейтін аңға түспейді. Ал қолбала құс малға, адамға, тіпті қасқырға да түседі. Міне қараңыз, біз қанша тәрбиеледік дегенмен дәл табиғат ананың өзіндей деңгейге жеткізе алмаймыз. Табиғат тәрбиелеген түз құсы кімге, неге түсу, нені алу керектігін жақсы біледі. 

Тұжырып айтқанда, нағыз қыранның сыны мынадай:  үңгірлене  біткен биік қабағының астында  жанары шоқтай жайнап, от шашқан,  қарасы сұсты болады.Маңдайы жазықтау, мойыны жуан, басы етсіз, желке шудасы қызылшулан  түсті әрі қою жотасына қарай құлап тұрады.

Қыран бүркіттің тағы бір белгісі – төс сүйегі жалды, айыршағы кең, иығы шығыңқы, жота мен қабырға жүндері тораңғының жапырағындай жалпақ, ұшы сүйір, мамық жүндері алқасынан бауырына  қарай біткен әрі түбі тығыз келеді.

 Мамығының ұшы кер жолақты, саны  бір тұтам, төрт еліден үлкен, аяқтарының арасы алыс (талтақ) саусақтары бұйра қышырлы, тұяқтары  инедей түзу, әрі өткір, мелжемді болады. 

Жақсы бүркіт саңғырығын  алысқа қарай тастайды,  басын тік ұстап,  тұғырда отырғанда аяғының арасын алыс салады, жебелі құйырығы мен шалғысын керегедей қомдап отырады.

(Соян Мысаұлының жазбасынан алынды)