Жақында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ақын, драматург Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай үш томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Әрбірі 500 беттен тұратын үш томдыққа Мағаз Разданұлының Қытайда жеке-жеке кітап болып басылып шыққан «Алтайдың ақиықтары» романы, «Ата заман сөйлейді» тарихи әңгіме-повестер жинағы, «Сары бел» өлең романы, «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Ертең», «Босаға» сияқты өлең жинақтары, «Арман-ай» драмасы қатарлы 10 шақты кітап енгізілген.
1924-1998 жылдары өмір сүріп, жиырма жылын айдау мен абақтыда өткізген Мағаз Разданұлының қилы тағдыры таңды таңға ұрып айтатын хикая болса, ақталып келгеннен кейінгі өмірінің соңғы 15 жылын ғана шығармашылыққа арнай алған тұлғаның қаламынан туған көл-көсір еңбек – қазақ әдебиетінің қымбат қазынасына қосылған баға жетпес жауһар.
Әне сол жауһарды тәуелсіз Қазақ елінің аспанына жұлдыздай жарқыратып іле білген де Қытайдан келген атқамінер азаматтар мен жомарт жандар болды. Ал жиналған жұрт үш томдықтың елорда төрінде таныстырылуын қаламгердің 100 жылдық мерейтойының мемлекеттік деңгейде дәріптелуімен пара-пар екенін айтып қуанысты. Оған себеп болған қазақ әдебиетінің қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы мен Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауы еді. Оның сыртында кітаптың тұсаукесеріне келген белгілі ақын, жазушылар мен ғалымдар басқосудың мазмұны мен мағынасын әдемі айшықтап, Мағаз шығармашылығы мен өміріне тереңірек бойлауға тырысты.
Құттықтау сөзімен жиынды бастап, бастан-ақыр жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы бұндай жұмыстардың жоба ретінде қолға алынуы керектігін, Қытайдағы қазақтың мол мұрасы қазақтың ортақ мұрасына айналуы үшін күш салынуы тиіс екенін атап өтті.
Жазушы, тарих ғылымының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы Мағаз Разданұлының ұлтының тарихын, шұрайлы тілін, мәдениетін шығармалары арқылы қаз-қалпында болашаққа әдеби шығармалары арқылы мұра етіп қалдырғанын және оның шекараның сыртында қалмай атажұртқа – қазақтың ортақ қазынасына қосылып жатқаны үлкен қуаныш екенін жеткізді. «Мағаз және қазақ көркемсөзі» атты баяндамасын жасаған ғалым былай деді:
«Мағаз Разданұлы Қытайда соқтықпалы, соқпақты заманда туып-өсіп, өмірдің небір сынағын бастан кешсе де, өзінің туған жерінде ғана емес, іргелі байтақ қазақ елінің астанасында ұлықталып, насихатталып жатыр. Бүгінде Қытайдағы қандастарымызбен біздің арамызды темір құрсау, құрыш қорған бөліп тұрса да, екі елдегі ағайынның рухани әлемі бір-бірімен құдды Зайсанға құйған Ертістей, Алакөлге құйған Емілдей, Балқашқа құйған Іледей тоғысып жатыр. Соның бір жанды мысалы – бүгінгі Мағаз Разнанұлының мерейтойы, оның тәуелсіз Қазақстанда жарық көрген үш томдық еңбегі. Қытайдағы қандастар баяғыдан Абай мен Шәкәрімді, Әуезовті, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Мұхтар Мағауинді, Қабдеш Жұмәділовті, Мұқағали Мақатаевті, Мұхтар Шахановты және тағы басқа ақын-жазушыларды жақсы білетіні секілді, Қазақстан оқырмандары да Ақытты, Таңжарықты, Омарғазы Айтанды, Қажығұмар Шабданды, Қызырбек Ораловты, Жақсылық Сәмитті, тағы басқа ақын-жазушылардың бір бөлігін жақсы біледі деп ойлаймын. Алайда әлі күні Қазақстанға үні жетпей жатқан, кітабы жарық көрмей жатқан ақын-жазушылар қаншама?! Алдағы жерде ол жақта танымал болған, оқырмандар мойындаған талантты қаламгерлердің шығармаларын Қазақстанда басып, тарататын, насихаттайтын уақыт келді. Бұл екі елдегі қазақтардың бірін-бірі түсінуіне, рухани қазыналарынан ортақ игіліктенуіне, қазақ тілінің баюына қызмет етеді деп ойлаймын».
Мағаз Разданұлының шығармашылық ерекшелігіне тоқталған Т.Зәкенұлы оның қазақ тілінің қасиетін терең меңгерген жазушы екенін ерекше атап өтті. «Мағаз Разданұлы Қытайдағы екі миллионнан арта ағайынға ертеден танымал болған, қазақ тілінің қасиеті мен сөз құдіретін терең меңгерген жазушы, образдар талдау мен шығарма композициясын құрудың, диалогтар берудің шебері. Оның өлеңдері алапат рухани әлеуетке ие. Сонымен бірге оның шығармалары өмірдің кейбір келеңсіздіктеріне қаратылған өткір кекесін мен ащы әжуамен әдіптеліп жатады. Оның 1982 жылы жарық көрген «Асулар толғауы», 1984 жылы жарық көрген «Уақытқа жауап», 1986 жылы жарық көрген «Сары бел» атты өлең және дастандар жинағы, 1994 жылы шыққан «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повестер жинағы, 1998 жылы жарық көрген «Алтайдың ақиықтары» тарихи романы Шығыс Түркістан қазақтарының, бүкіл әлем қазақтарының әдебиет қазынасына қосылған бағалы қазына. Соның ішінде «Алтай ақиықтары» тарихи романы Алтайдың арғы-бергі тарихындағы әйгілі тұлғалар туралы тербейді. Оның тарихи деректі құны тіптен бөлек дер едім», - деді ғалым.
Тұрсынхан Зәкенұлы өз сөзінде Қытайдағы қазақ әдебиетінің қаншама қиын кезеңдерді басынан өткізіп келе жатқанын жасырмады.
«Шынын айтуымыз керек, Қытайдағы қазақ зиялылары қазақтың тілін, қара сөзінің қаймағын, қасиетін сақтаймыз деп ұстараның жүзінде өмір сүріп келеді. Кезінде шетке қашатын топты жасақтады деген жаламен жиырма жылға сотталып бара жатқан Мағаз Разданұлы былай деп өлең жазған екен:
«Ер жасып, мұңая ма ажырғыға,
Немене ауыр бейнет сабырлыға.
Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,
Жайлап сал төсегіңді, абыржыма». Бүгінгі таңда да тас қапас, тар босағада қамалған ұлт зиялылары осы тағдырды қайталап басынан кешіп жатыр. Айта берсек әңгіме көп, соза берсек сөз көп. Сондықтан Мағаз Раздандай ағамыздың «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» заманда ұлттың көркемсөз қазынасын байытатын, тарихи құндылықтарын түгендейтін осыншама мол әрі бағалы қазына қалдырғаны қайран қалдырады. Біздің ендігі міндетіміз оның әдеби мұрасына мұрагерлік ету, зерттеу, байыту және ел игілігіне, жалпы қазақтың игілігіне қызмет еттіру болмақшы», – деп сөзін түйіндеді тарихшы.
Осыдан кейінҚытайдағы Әсет Найманбайұлын, Зұқа батырдың зиратының басына арнайы барып, бір неше сұлу жыр арнаған, ондағы ат төбеліндей қазақтың қолына қалам ұстаған зиялыларымен талай мәрте кездескен және Қытай қазақ әдебиетінің Қазақстанға жетуіне үлес қосқан ақын Ғалым Жайлыбайға сөз берілді. Шекараның ар жағындағы қазақ руханиятымен байланысы жайлы ой өрбіткен ақын Қытайға барған сапарында ондағы елдің шынайы сағынышы мен көз жасына куә болғанын тебірене жеткізді. Мағаз Разданұлының туған жері Буыршынға, Қанас көліне дейін барғанын, ондағы қазақ әдебиетінің алыптарын – Ақыт, Таңжарық, Омарғазы, Мағаз сияқты тұлғалардың шығармаларын оқып, олардың шынайы рухына бас игенін айтты.
Ғалым Жайлыбай Мағаз Разданұлының өлеңдері мен шығармаларының рухани әлеуетін жоғары бағалап, шекарадан жеткен қазақ әдебиеті біз үшін аңызға айналған бай мұра екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Қытайдағы қазақтарды бөлек қарастыруға қарсы екенін ашық айтып, кез келген қандасты қазақ қоғамының бөлінбес бөлігі деп тану қажеттігін жеткізді. Бұл орайда Ғалым Жайлыбай «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» атты кітабында шеттегі қазақ тағдыры туралы толымды еңбек жазғанын да еске салды.
«Қытай қазақтарында Таңжарық, Әсет, Ақыт бастаған әдебиет бар. Осылардың бәріне шамамыз келгенше үңілдік. Соларға деген махаббатын көрдік. Зұқаның басына барғанда:
«Айт енді, Қыран өзен, қозға сырды,
Білемін, рухым өлмей тозбасымды.
Зұқаның басы ілінген қара көпір
Мен сенен іздеп келдім өз басымды» деп жазған едім. Әдебиетте бұлардың жасап кеткен жаңалықтары бар. Мағаздың «Сары белі» поэма емес, ол өлеңмен жазылған роман. Ақын дегендер бір-біріне ұқсамайды. Бәрі бір-біріне ұқсап кетсе, онда ақын болмайды. Сондықтан осы бүгінгі жиын осы кісілерді танудағы, мағазтанудағы, Қытай қазақтарының әдебиеті танудағы үлкен бір алғышарттардың бірі», – деді ақын.
Жазушы, әдебиеттанушы Иманғазы Нұрахметұлы «Мағаздың жазушылық ерекшелігі» атты баяндамасын да жұрт ұйып тыңдады. Мағаздың бір ғана буын емес, бірнеше буын жазушыларға ұстаз болғанын, қазақтың көркем сөз өнеріне терең із қалдырғанын ерекше атап өткен ол Мағаз поэзиясы мен прозасының табиғаты өзгеше екенін, сыршылдығы мен ойшылдығы терең болғандықтан оны замандастары «Шыңжаңның Абайы» атағанын айтты.
«Мағаз РазданұлыШығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған санаулы ардагер жазушылардың біреуі еді. Поэзия жанрында да, прозада да өзінің қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгер болды. Ақын ретінде Мақаң ойшыл, сыршыл, образ жасау тәсілі де басқаша, болмысы бөлек ақын болды. Сондықтан өз замандастары ол кісіні «Шыңжаңның Абайы» дейтін. Бұл сөзді, әрине, дұрыс түсіну керек. Ол Мағаз өлеңдерінің көркемдігін, оның ойының тереңдігін Абаймен салыстырып шығарған қорытынды емес. Мағаз өлеңдерінің болмысын Абай өлеңдеріне ұқсатудан келген нәрсе. Абайдың біз Еуропадан алды, орыстан алды деп жүрген өлең үлгілері бар, егіз ұйқас, шалыс, ұйқас, желілі ұйқас, т.б. Осы ұйқастардың бәрі орта ғасырлық түркі поэзиясында бар ұйқастар болатын. Абай қолданған өлшемдердің бәрі сол ескі түркі поэзиясында бар еді. Мынау Баласағұнидің «Құтадғу білік» дастаны бастан-ақыр егіз ұйқаспен жазылған. Әлшер Науаидан, Сағидидің, содан кейін Мырза Қабдұл Қадырдың ғазалдарында шалыс ұйқас өлеңдер өте көп. Махмұд Қашқари сөздігіндегі ескі түрік өлеңдерінің дені желілі ұйқаспен келетін. Осы ұйқастарды Абай заманына жеткізген қазақтың ұлы ақыны Дулат Бабатайұлы болатын. Осы үлгіні Абай да қолданды, Мақаң да қолданды. Елдің Мақанды Абайға ұқсататыны, «Шынжаңның Абайы» дейтіні осыдан болу керек.», – деді ол.
Иманғазы Нұрахметұлы Мағаз шығармашылығындағы негізгі ерекшеліктерге де тоқталды. Оның айтуныша, ең алдымен Мағаз қазақтың ауызекі қоңыр әңгімесін көркем проза деңгейіне көтерген қаламгер; екіншіден, ол өмірді еш боямасыз, шынайы түрде суреттейді; үшіншіден, қарапайым ауыл адамдарын кейіпкер етіп алу арқылы үлкен ұлттық мәселелерді көтере білген; төртіншіден, шығармаларында оқырманды ойландырып, түйінді өзінен таптыруға ұмтылды; бесіншіден, өмірдің әр көрінісін табиғи түрде, баяндаусыз, суреттеу тәсілімен жеткізеді.
«Мақаңның жазушылығы бөлек әңгіме. Мағаз Разданұлы көпіртіп көп жазбаған, аз жазса да саз жазған жазушы. Ол кісінің шығармаларының шетінен шедевр деп айтуға болады. Мысалы, «Төрт жамбы», «Көк моншақ», «Көк иірім шүңеті тіл қатады», «Сақина түбегі уақиғасы», «Соңғы ас», «Айтам, айтам» дейтін әңгіме, повесттеріy көп оқыған адамның бірі менмін. Себебі ол кісіден алатынымыз көп. Мақаңды көп оқыған адам ол кісінің жазушылық ерекшеліктерін көрмеуі мүмкін емес.
Ең алдымен, Шыңжаңның қазақ әдебиетінің қалыптасуына ықпал еткен екі үлкен әдебиет болды. Біреуі Қазақстан жазушылары және осы қазақшаға аударылған орыс классиктері. Жақсылық Сәмитұлы секілді ардагер жазушыларымыз осы еуропалық әдебиет дейміз бе, орыс әдебиеті дейміз бе, Қазақстан әдебиеті дейміз бе, осы үлгіні өте мықты ұстанды. Әсіресе Шыңжаң қазақ прозасындағы психологизм, символизм дегендер осы жақтан кірді. Орта ғасырлық араб, парсы әдебиеті өте көп ықпал етті. Бұған енді көп мысал іздеудің қажеті жоқ. Әйгілі Қажықұмар Шабдалұлының «Қылмыс» романын оқып отырсаңыз, оның баяндау тәсілі де, формасы да «Мың бір түнді» көз алдыңызға алып келеді. Мақаңдармен қатар деуге де болады, Оразхан Ахметұлы дейтін үлкен жазушының шығармаларынан да сол араб, парсы әдебиетінің ықпалдары көрініп тұрады. Қызық жері, Мақаң осының екеуіне де ұқсамайтын. Неге дейсіз ғой? Өйткені Мақаң өзі артық оқыған адам емес. Ол қазақтың ауызекі қоңыр әңгімесін көркемдік деңгейге көтеріп, көркем проза қылып ұсынды. Қыл қысқасын айтқанда, Мақаң прозада біреуге еліктеп жазған адам емес, қазақ топырағынан Мағаздың прозасын жасаған адам. Бұл бірінші ерекшелігі деп ойлаймын.
Екінші, Мақаңда көп жазушыда кездеспейтін, бірақ болуға тиісті ерекшелік – өте шыншыл адам болды. Қазақтың өмірін, қазақтың тұрмысын шыншылдықпен баяндады. Соның арқасында қазақтың болмысын өте дұрыс көрсете білді. Бұның бәрін талдап тұруға уақыт жетпейді. Мен атап-атап өте шығайын.
Үшінші, Мақанның кейіпкерлері үлкен бір қаһармандар болып келмейді. Ең үлкені анау «Алтайдың ақиықтары» деген романның бас кейіпкері ауыл бастығы, қазірше айтқанда түгел қарапайым ауыл адамдары. Ал суреттейтін уақиғалары кішкене-кішкене ғана детальдар. Бірақ осы детальдарды сөйлете білетін және қарапайым ауыл адамдардың өмірін, солардың сезімін, көңіл-күйін айта отырып, ұлттық мәселені, үлкен мәселелерді көтере білетін кісі болатын.
Төртіншіден, кей жазушылар бар, өзі айтатынын өзі түсіндіріп отыратын, ал Мақаң өзі ештеңе түсіндірмейтін адам. Екі-ақ нәрсеге тырысады. Біреуі – сені ойландыруға тырысады. Ол кісінің айтатын ойын сен айтасың, оқырман. Екіншісі – кейіпкер айтады.
Ал бесінші ерекшелігі – Мақаң өмірді баяндамайтын, суреттейтін. Сонан кейін кейіпкердің өмірі арқылы көрсететін. Оны мынау «Кебенек кигеннің тойы» дейтін шағын әңгімесінен әдемі көруге болады.
Одан кейін Мақаң кең тынысты адам болатын. Уақиғаны жалаң суреттемейтін. Мақаң өзі көшпелі ауылда өмір сүрген адам. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрін, этнографиясын, сөйлеу мәнерін, тіпті дінге шейін өте жақсы білетін. Осы білетін нәрселерін өз шығармаларында төгіп-шашпай, ұқыпты қолдана білетұғын. Мақаңның тағы бір ерекшелігі – кейіпкерлеріне жақындығы жоқ адам еді. Ешкімде рухани жақындығы жоқ, ешкімге жан тартпайтын. Анай «Көк иірім шүңеті тіл қатады» деген роман-повестінде сұмдықтың бәрін жасайтын өз ауылының адамдары, әрі-беріден кейін өзінің туыстары, біреуін жасырмайды, бәрін жазады», – деп талдап берді И.Нұрахметұлы.
Жиында сөз алған ақын Дәулеткерей Кәпұлы автордың шығармашылығынан гөрі шетелдегі қазақ әдебиетінің жеткізушісі де, жоқтаушысы да, оны ортақ қазанға құюшы да қазақ екенін баса айтты. мерейтойды ұйымдастыру жұмыстары былтыр басталып, белгілі себептермен биыл жүзеге асқанын түсіндірген ол Мағаз Разданұлының рухани мұрасы – ұлт әдебиетінің ортақ байлығы екенін жеткізді. Алайда оның айтуынша, бұл бастамалар мемлекет тарапынан қолдау таппайынша бұған жетудің қиын екенін де жасырмады. «Әркім ата-бабасының кітабын жеке-жеке шығарып, тұсаукесер өткізіп жүрміз. Бірақ шетел қазақтарының әдебиетін мемлекет қолдамайынша ұлт руханиятының біртұтас арнасына айналмайды», – деді ол.
Сонымен бірге, Дәулеткерей Кәпұлы шетелдегі қазақ әдебиеті туралы ұғымның Қазақстанда дұрыс жүйеленбей келе жатқанын сынға алды. Қытай мен Моңғолиядан Қазақстанға келгеніне ұзақ жыл болған қаламгерлерді шетел әдебиетінің өкілі ретінде тану қалыптасқанын айтты.
«Шетелдегі қазақ әдебиеті сөз болғанда мінберлерде Қазақстанға келген, атажұрттың әдебиетінде жүрген азаматтар Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің өкілі ретінде баяндама жасап жатады. Еуразия ұлттық университетінде «Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген пән болды. Мен өзім сабақ бердім. Бағдарламасын қайта жасап шықтым. Менің өзімді де шетелдегі қазақ әдебиетінің өкілі қып қойған. Бұдан кейінгі оқу бағдарламаларында бұл жерге келіп танылған, осы жерде еңбек етіп жүрген азаматтар енбесін деп осындай нәрсені түзегенбіз. Бұл жерде жасайтын нәрселер көп», – деген пікірін білдірді.
Мағаз шығармашылығына бойлаған қарт педагог, жазушы Жұмашәріп Шәһәдатұлы да автордың өмір сүрген дәуірін көз алдымызға әкелгендей болды. Мағаз Разданұлының өмір жолы күрескерлік рухпен, қажырлы еңбекпен өрілгенін айтып, 20 жылын Тарымның тас түрмесінде өткізген қаламгердің рухы ешқашан сынбағанын, керісінше, ауыр сынақтар оның шығармашылық қуатын арттырып, жан дүниесіне тереңдік пен қайсарлық сыйлағанын атап өтті.
Оның айтуынша, Мағаз Разданұлының туындыларындағы терең философиялық ой, халықтың болмысын бейнелейтін сырлы лирика және Абай дәстүріне жақын рухани ізденіс қатар өрілген. Әр өлеңінде, әр прозалық шығармасында халықтың үнін, жанның күмбірін, ұлттық сезімді жеткізе білген. Жұмашәріп Шәһәдатұлы Мағаз Разданұлының шығармашылық мұрасын тек оқып қана қоймай, жүрекпен түсініп, жас ұрпақтың санасына сіңіру қажеттігін баса айтты. «Мағаз ағаның өмірі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа сабыр мен қайраттың, әділет пен шынайылықтың үлгісі болуға тиіс», – деді ол.
Басқосуға Мағаз Разданұлының әулеті атынан арнау өлеңін арқалай келген қаламгер Сәкен Ризабек игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Мағаз шығармаларын таныту – тек бір қаламгердің еңбегін дәріптеу емес, шетелдегі қазақ әдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық екенін айтты. Ал біз Сәкен Ризабектің арнау өлеңін толықтай бергенді жөн көрдік:
«Ескірмес жырың Ертістің суы секілді
Мұра боп алтын тұрманы қалған тұлпарым,
Мұзартта өскен мұзбалақ қыран сұңқарым.
Шыңыңа шырқау, қырыңа қылау бола алмай,
Уақыт – кітап беттерін бірден жыртамын.
Сары белде тұрмын санамды жырың бұғаулап,
Сағынышымды жиды салмағы таудай жыл аунап.
Ардағы едің айбарлы елдің аяулы,
Арманым еді атыңмен шабу ұрандап.
Тамыры терең сөздерің сәуле сарайда,
Тағдырын шешкен тілекші болып тар ойға.
Айғағы болып сөйлеген ата заманың,
Алтайда туған Абайым десем болмай ма?!
Еңіреп аққан Ертістің ерке ұлы едің,
Еліңмен бірге еміреніп соққан жүрегің.
Мұраты асыл, мұрасы алтын ұрпаққа,
Мың жылда туар тұлғалардың бірі едің.
Салмағы нардай сабыры сізде көсемнің,
Серкесі сөздің, тілі де сізде шешеннің.
Бедерлі тастай белгісі бөлек зергерім,
Бейсенбі, Бықыш, Өміртай туған мекеннің.
Көңілінде елдің рухың қалды нұрланған,
Келмейді-ау қолдан ғұмырды іздеу ұрланған.
Толқытып бізді туғаныңа бір ғасыр,
Уақытқа жауап беруге жұртың жиналған.
Сүреңсіз бізге өзіңіз жоқта күрең күз,
Сезілді талай көктемдер кеткен реңсіз.
Маусымдар сайын Мақа аға маңғаз тұлғаңды,
Көзбенен емес, көкірекпен көріп жүреміз.
Қыс болған емес Алтайың да ұлы қыраусыз,
Қылшылдап тұрған шақтарың етіп сұраусыз.
Өткелек кезде тұзақтап алған түз құсын,
Өткен ед кімдер өзегі күйіп, жылаусыз.
Ертең де барсың ойлы да сырлы қалпыңда,
Асулар – толғау жеткізер талай ғасырға.
Өшпейтін мәңгі өрнекті егей жолыңды,
Өлеңім жетпес өмірлік жырлап таусуға.
Босағаңда тұрып ботаңдай болып боздадым,
Боз боран жылдар сағынышымды қозғадың.
Имандай болып жатталған жылың Алашқа,
Илантар жұртты, сезімнің – дұға жолдаған.
Ем болып жазған ескіден қалған дертіңді,
Ел болып жаттап, күй болып сөзің шертілді.
Ерлігің – Алтай, серілігің – Қанас, жайсаңым,
Ескірмес жырың Ертістің суы секілді».
«Алтайдың аққапталдары» романындағы тарихи жад» деген тақырыппен баяндама жасаған жас жазушы Есбол Нұрахмет Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақ қапталдары» романын талдап берді. Романды қазақтың ауызекі әңгімелеу дәстүрін көркем прозаның биігіне жеткізген шығарма деп баға берген ол Мағаздың тарихи кезеңді сол дәуірдің тынысымен, сол заманның көзімен бейнелегенін атап өтті. Бұл роман жарты ғасырлық Алтай тарихының шежіресі іспетті дей келіп аталған шығарманың төрт негізгі ерекшелігін бөліп көрсетті.
Біріншіден, тіл жады мен сөйлеу стилі – романдағы тілдік құнар тарихи кинолар үшін таптырмас үлгі бола алады. «Тарихи киноларда біздің қазақтар қалай сөйлеген, қалай сөйлеу керек деген дүниені іздеген адам, меніңше, осы кітапты ашып оқу керек. Бұл жерде қазақтың сөйлеу мәдениеті сол жасырынып жатыр. Екінші, діни таным. Қарап отырсаңыз, бақсы мен имам бір жерде отырып, бір дастарханнан тамақ ішіп, дауласпай, шуылдаспай, бір-біріне сөз беріп, бір-біріне сыйласып отыра береді. Ал қазіргі күнде имам мен бақсыны бір дастарханның басынан көру мүлдем қиын нәрсе», – дейді Е.Нұрахмет.
Екіншісі, діни танымның табиғи үйлесімі – бақсы мен имамның бір дастарқанда сыйласып отыруы қазақ дүниетанымының ерекшелігін аңғартады. «Қарап отырсаңыз, бақсы мен имам бір жерде отырып, бір дастарханнан тамақ ішіп, дауласпай, бір-біріне сөз беріп, бір-бірімен сыйласып отыра береді. Ал қазіргі күнде имам мен бақсыны бір дастарханның басынан көру мүлдем қиын нәрсе. Олар үлкен қажыға барып келген, үлкен оқу оқыған, Тәшкеннен білім алған имамдар. Бұл дегеніміз қазақтық діни танымның ерекшелігі. Осылайша екі сарынды да қабыстыра білген, үйлесім тапқызған табиғи болмыс байқалады», – дейді жазушы.
Үшіншіден, елдік пен билік жауапкершілігі – билердің өз елінің тағдырына шынайы жауапкершілікпен қарауы. «Бұл жердегі ел билеп отырған билер ешқашан да өзінің мойнындағы жауапкершілікті басқа біреуге артпайды. Бүкіл жауапкершілік өзінің мойнында тұрғанын біледі. Тұтас артында отырған қарақұрым елдің тағдыры өз басында екенін түйсінеді. Соған сай әрекет жасайды. Ал соның артынан ерген қалың елі бүкіл билігін, бүкіл болашағын жаңағы билердің қолына тапсырып береді. Ол енді бір жағы дәстүрлі қоғамдағы ерекшелік қой. Дегенмен қалай деген күннің өзінде бұл жерде билік иелерінің өзінің елінен қорқып, жасырынғаннан гөрі, керісінше соған жауапкершілік ала білген үлкен бір ерлік, батылдық байқалады», – деп тоқталды баяндамашы.
Ал төртінші ерекшелігі болса романда қазақтың сөзге тоқтау мәдениеті – дау-жанжалдарды қылыш емес, сөзбен шешетін қазақы мінез бен парасаттың көрінісін көруге болады. «Алтайдың ақ қапталдары» басынан аяғына дейін тек қана билердің өмірі, олардың арасындағы айтыс-тартыстар, ру арасындағы, басқа отарлық үкіметпен қарым-қатынастағы дау-жанжалдар соған құрылған. Сол жерде қазақтың қаншалықты сөзді тани білетінін, ымыраны, ымды тани білетінін байқауға болады. Қазақ «ымды білмеген дымды да білмейді» дейді ғой. Сол ым-ишараға деген қаншалықты құрметтің, кішкентай белгіге қаншалықты үлкен құрметпен қарайтынымызды көрсетеді. Ал соғыс, дау-жанжалдардың барлығында бірін-бірі өлтіріп кету емес, тек қорқыту, тәніне жеңіл таңба түсіру деген секілді ғана болады. Найза ұстамайды, қылыш ұстамайды. Бүгінгі күнге сондай дауларды алып келсеңіз үлкен ұрыс болып кетуі мүмкін. Ал ол кезең үшін бұл билер арасындағы, ел арасындағы дауды шешудің бір жолы, тәсілі болған және оны романда өте жақсы береді. Өйткені билер болсын, басқалар болсын сол оқиғалар өтіп кеткеннен кейін өзінің қателігін де, артықшылығын да көрген құқайын немесе намысына тиген дүниесін де күліп, әңгіме қылып отырады. Бұның барлығы қазақтың ру арасындағы дау-шарды шешу мәдениеті», – деп қорытындылады Есбол Нұрахмет өз сөзін.
Мағаз Разданұлының 100 жылдығын өткен жылдың басынан бастап әлеуметтік желілерде жариялап, оны еске алу, мерейтойын атап өту керектігін айтып қатысты мекемелердің есігін қағып, үш томдығының шығуына мұрындық болған бір кісі болса ол ақын, тележурналист Қуаныш Ілиясұлы еді. Мағаз атасының көзін көріп батасын алған, шығармаларына сусындап өскен Қуаныш Ілиясұлы бұны презенттік парызы, шәкірттік борышы деп біледі. Солайда үш томдық шыққаннан кейін 2024 жылдың қараша айында ең алғаш тұсаукесер өткізіп, сондағы зиялы қауымға таныстырып та келген. Ал сондай іс-шараны бір ай бұрын Өскемен қаласында да ұйымдастырып, жас қаламгерлер мен оқушыларға Мағаз шығармашылығын таныстырған да өзі болды. Үшінші рет Астанада өтіп жатқан жиынның қорытынды сөзін сөйлеген Қуаныш Ілиясұлы ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қызмет етуге қашан да дайын екенін жеткізді.
Ол шеттегі қазақтың рухани мұрасының әлі толық елге жетпей жатқанын, бірақ Мағаз, Ақыт, Таңжарық сияқты тұлғалардың шығармалары арқылы ұлттық қазына біртіндеп толыққанын ерекше айтты. Шекаралар қазақтың рухын бөле алмайды, қазақ қай жерде жүрсе де біртұтас халық екенін баса айтты. Сонымен бірге, ғасырлар бойы таза сақталған шеттегі қазақ әдебиеті мен мәдениеті ұлттық мемлекет құру ісінде ерекше рөл атқаратынын да алға тартты.
«Бұл игі жұмыс өткен жылдың қаңтар айында басталған. Сонан бері халықаралық Ер Жәнібек қор қоғамы, ондағы азаматтар белсене атсалысты. Кейде ұлттың жұмысы рудың тұтандыруымен де оталып жататын жағдайлар бар. Сол кісілердің қаржыландыруымен, әдебиетін сүйген қауымның қолдауымен Мағаз атамыздың үш томдық шығармалары жарық көріп, өткен жылдың ақырында Алматыда тұсаукесер таныстырылымы болды. Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысы филиалы және ондағы Халықаралық қазақ тілі қоғамының ұйымдастыруымен менімен кездесу болды. Енді үшінші рет бүгін өздеріңіз куә болып отырған жиында отырмыз. Көпшілікке айтар алғыстан басқа ештеңе жоқ. Осы ұлы тұлғаларымыздың аруағы, рухы басымызды қосып жатыр. Қазақтың тағдырын шекаралар бөлгенімен, оның ойы мен арманын, мұрат-мақсатын, рухани дүниесін шекара бөлген жоқ. Бөле алмайды да. Біз қайда жүрсек бір қазақпыз. Қайда жүрсек бір тұлғамыз. Бір өкінерлігі сол шеттегі қандастардың қыруар рухани дүниелері осы үлкен қазанға жетпей жатыр. Жеткізе алмай жатырмыз. Енді соның бір аздаған бұлақтары болып, тұлғалардың бір сарқыны болып Мағаз атамыз қосылып жатыр. Өздеріңіздей ел-жұрт, бас қалқа барда бұл үрдіс жалғасып, үлкен қазанымыз толыса түседі. Шеттегі рухани қазыналарымыз елге оралады деп сенемін. Себебі, шеттегі қазақтың тағдыры ешқайда қосылмай таста тұнып болған бір мөлдір көлшікті, тау басындағы көлді елестетеді. Ол ештеңемен былғанған жоқ. Ғасырлар бойындағы біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз болса да, жаңағы романда айтылып жатқандай мол шежірелік деңгейде, ұлттық құндылық деңгейде тамырынан, сойынан дамыды. Ендеше біздің ұлттық мемлекет құруымызға, ұлттық мемлекетті сүйетін ұрпақ тәрбиелеуімізге осындай дәстүрді жоғары деңгейде бейнелеген, өзек еткен осы рухани шығармаларымыз көптеп керек», – деді.
Жиын соңында ұйымдастырушылар үш томдықтың бір неше данасын Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық архивке, Egemen Qazaqstan газетіне, жиналған зиялы қауымға сыйлады.