Александрия орталығынан кем түспеген Отырар кітапханасы қайда кетті?
18.04.2025 197

Ежелгі Отырар кітапханасы – Орта Азиядағы мәдениет пен ғылымның орталығы болған Отырар (Фараб) қаласында орналасқан аңызға айналған кітапхана. Отырар Ұлы Жібек жолының бойында, Сырдария мен Арыс өзендерінің қосылатын жерінде үлкен өркениет орталығы болған ежелгі қала.


Ғажайып кітапхана туралы деректер көне тарихи жазбалардан, ауызша жеткен аңыздар арқылы жетті. Кейін кейбір зерттеушілер археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Отырар кітапханасының жай ғана миф емес екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Алайда сол бір ғажайып кітапхананың нақты ауқымы мен тағдыры жайлы мәліметтер әлі де анық емес.

Отырар кітапханасы туралы алғашқы мәліметтер ортағасырлық шығыс тарихшылары мен саяхатшылардың еңбектері арқылы жетті. Кейбір деректерде кітапхананың негізін ғалым әрі философ Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 жж.) өзі қалағаны айтылады, бірақ бұл да нақты дәлелденбеген дүние. Бәлкім Фараби бабамыздың Отырар қаласында туып-өскені және сол жерде білім алғандықтан кітапхананың оның есімімен байланыстырылуына себеп болуы да мүмкін. 

Бізге дейінгі жеткен деректерде Отырар кітапханасының ауқымы жағынан Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болғаны айтылады. Ол сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сирек қолжазбалар мен кітаптардың сақталған орын ретінде сипатталады. Отырарда медреселер мен ғылым орталықтарының болуы кітапхананың білім беру орталығы ретіндегі рөлін күшейткені даусыз. 

Кітапханада ежелгі сына жазулары, папирус орамдары, ортағасырлық араб, парсы, қытай және түркі тілдеріндегі небір ғажайып әрі өте сирек кездесетін туындылар болғаны айтылады. Отырардың сауда жолындағы маңызды орны кітапхананың қорын байытуға мүмкіндік берген, өйткені саудагерлер мен ғалымдар әртүрлі өркениеттерден кітаптар әкелген. Кейбір аңыздарда Ұлы Жібек жолымен өткен саудагерлер, керуен басылары мен елшілер Отырар әкіміне сый ретінде кітап сыйлап отырған делінеді. Әл-Фараби сияқты ғұламалар осы кітапханада баға жетпес мұрамен танысып, білім алғаны және ондағы қолжазбаларды зерттеген. Сол секілді, кітапханада жұлдыз санаған сәуегейлер, ойшылдар, дүниенің сырын болжаған көріпкелдердің еңбек еткені туралы деректер де аз емес. 

Деректердің шығу тегі

Отырар кітапханасы туралы мәліметтердің көпшілігі мынадай көздерден алынған:

Тарихи жазбалар: Ортағасырлық араб және парсы тарихшылары Отырардың мәдени орталық ретіндегі маңызын атап өткен. Мысалы, Әл-Фарабидің өмірбаяны мен Отырардың гүлденген кезеңі туралы кейбір мәліметтер осы жазбаларда кездеседі. Бірақ кітапхананың нақты сипаттамасы сирек ұшырасады.

Ауызша аңыздар мен шежірелер: Отырар туралы халық арасында сақталған аңыздар кітапхананың дақпыртын тіптен аспандатып жатты. Кейбір шежірелерде кітапхананың моңғол шапқыншылығы кезінде жойылмай, жерасты қоймаларына жасырылып, аман қалғаны айтылады. Бірақ мұндай болжамдар да археологиялық дәлелдермен расталмаған.

Археологиялық зерттеулер: Отырар қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары (ХХ ғасырдан бастап, К.Ақышев, К.Байпақов т.б.) қаланың мәдени және сауда орталығы болғанын растайды. Дегенмен, кітапхананың нақты орны немесе кітаптардың қалдықтары табылмаған. Кейбір ғалымдар кітаптардың теріге, қамысқа немесе қағазға жазылғанын және олардың сақталуы қиын болғанын айтады.

Заманауи зерттеулер: Профессор Еренғайып Омаров сияқты ғалымдар Отырар кітапханасының Александрия кітапханасынан да үлкен болуы мүмкін екенін айтады. Бұл пікірлер Отырардың географиялық орны мен мәдени маңызына негізделген, бірақ нақты дәлелдер әлі де жеткіліксіз.

Өз заманында ауқымы жағынан Александрия кітапханасынан кем түспеген ғылым орталығы қайда кетті? 

Расы керек Отырар кітапханасының тағдыры – тарихтағы ең жұмбақ мәселелердің бірі болып отыр. 1219-1220 жылдары Шыңғысханның шапқыншылығы тұсында Отырар қаласы қирап, жермен-жексен болды. Кейбір деректерде кітапхананың түгел өртеніп кеткені айтылса, кейбір мәліметтер көздерінде кітаптардың жерасты жолдарына жасырылғаны туралы болжамдар бар. Кейіннен жеті жасар баланың ойнап жүріп, жасырынған кітаптарды тауып алғаны айтылады, бірақ бұл да ғылыми тұрғыда расталмаған.

Кітапхананың жойылмаған бөлігі жерасты қоймаларында әлі күнге дейін сақталып жатуы мүмкін деген үміт ғалымдарды әлі күнге дейін қызықтырып келеді. Бірақ әлі күнге дейін археологтар Отырар кітапханасының орны дейтіндей елеулі олжа таба алмады. Дегенмен қолжазбалардың бүгінге дейін жетуі мүмкін емес деген пессимистік көзқарастар тағы бар. Себебі, Отырардың топырағы мен климаты қолжазбалардың сақталуына қолайсыз. 

Басында айтып өткеніміздей, Отырар кітапханасы туралы ақпараттың көпшілігі тарихи деректер мен аңыздардың араласуынан туындаған. Яғни нақты жазбаша дәлелдердің аздығы және археологиялық дәлелдердің жоқтығы бұл мәселеге әзірше мифологиялық сипат беріп қана келеді. Мысалы, кейбір зерттеушілер Отырардың мәдени орталық ретіндегі рөлін асыра сипаттау ұлттық мақтанышты күшейту үшін қолданылған деп санайды. Алайда Отырардың Ұлы Жібек жолындағы маңызы және ондағы небір медреселердің болуы расында да Александрия деңгейінде болмаса да үлкен кітапхананың болуы әбден мүмкін еді.

Кейбір сыншылар (мысалы, Е.Омаровтың пікірлеріне қарсы шыққандар) кітапхананың ауқымы туралы мәліметтердің сенсациялық сипатта таралғанын айтады. Олардың ойынша, Отырардағы кітапхана болғаны рас болса да, оның Александриямен салыстырылуы нақты тарихи деректерге емес, романтикалық көзқарастарға негізделген. Яғни көне аңыздарда асыра айтылған кітапхана шын мәнінде қолжазба жинағы сақталған көлемді қойма болуы да мүмкін екенін айтады. 

Яғни Отырар кітапханасы ресми түрде дәлелденбеген дүние. Әрі нақты орны мен ауқымын айғақтайтын ешқандай да дәлел табылған жоқ.  ХХ ғасырда К.Ақышев, К.Байпақов және т.б ғалымдардың Отырар қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары қаланың расында сауда және мәдени орталығы болғанын растап берді. Медреселер мен ғимараттардың қалдықтары табылғанымен, кітапханаға тиесілі кітаптар немесе қолжазбалар анықталмады. Дегенмен зерттеуші Еренғайып Омаров Отырар кітапханасының болуы мүмкін екенін және оның Александрия кітапханасымен бәсекелес болғанына сенімді. Бірақ бұл ғалым да бұл пікірін дәлелдейтін археологиялық дерек таба алмады.

Мұндай көзқарастағы ғалымдар кітапхананың әлі табылмау себебін Моңғол шапқыншылығы кезінде қаланың түгел қиратылып, баға жетпес кітап қорының өртеніп кетуінен көреді. 

Сол секілді кітаптардың теріге, қағазға немесе қамысқа жазылғаны және климаттық жағдайларға байланысты сақталмауы мүмкін деген болжам да бар. Тарих бір орында тұрмайды. Болашақ археологиялық зерттеулер нақты дәлелдер табуы да мүмкін, бірақ әзірге кітапхана аңыз бен болжам деңгейінде қалып отыр. Дегенмен күллі түркі жұрты үшін Отырар кітапханасы – Орта Азияның ежелгі мәдени мұрасының символы болып қала бермек.