ЮНЕСКО мойындаған мұралар
18.04.2025 115

Қазақстан тарихы – бұл тек бiр ұлттың немесе аймақтың емес, адамзат өркениеті дейтін алып қазынаның бір бөлшегі. ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы шеңберінде мойындалған мұраларымыз осының айқын дәлелi. Бұл тiзiмге ену жаһандық деңгейде танылу ғана емес, бiздiң тарихи жадымыздың, мәдени кодымыздың, рухани тұтастығымыздың әлемдiк мәнге ие екенiн бiлдiредi.


«Әлем жады» (Memory of the World) бағдарламасы дүние жүзіндегі сирек кездесетін, құнды тарихи құжаттарды, қолжазбалар мен архивтiк мұраларды қорғау, сақтау және оларды бүкiл адамзатқа ортақ мұра ретінде таныту мақсатында 1992 жылы құрылған. Ол деректі мұраларды, атап айтқанда қолжазбалар, архивтік материалдар, аудио-видео құжаттар, сирек кездесетін кітаптар және т.б. сақтайды. Сақтап қана қоймай жаһан жұртына осы мұралардың маңыздылығын жеткізіп, оған қолжетімділікті арттырады және сандық форматта сақтауға мүмкіндік жасайды. Бүгінде бұл бағдарлама 100-ден астам мемлекет қатысады. Оның ішінде біздің еліміз де бар. Өткен жылдың дерегіне қарасақ, «Әлем жады» халықаралық тізіміне 432 деректі мұра енгізілген екен. Әр ел өзінің маңызды құжаттарын ұсынып, сарапшылардың бағалауынан кейін ресми түрде тіркетеді.

Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміндегі тарихи мұраларды жеке-жеке атайтын болсақ:

Біріншісі, Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары – Орта ғасырда өмір сүрген дін қайраткері, сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері түркі халықтарының рухани дүниетанымын, ислам өркениетімен сабақтастығын көрсететін терең мазмұнды жәдігер. Бұл қолжазбаларда моральдық-этикалық құндылықтар, өмірлік философия, адам мен қоғам, адам мен Жаратушы арасындағы байланыс туралы терең ойлар көрініс тапқан. Ясауи ілімі Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі және мұсылман әлемінің рухани картасына әсер етті.

Екіншісі, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мұрағат қоры – 1990 жылы құрылған бұл қозғалыс әлемдік антиядролық бастамалардың алдыңғы қатарында тұрды. Ол халықтық қозғалыс ретінде ядролық қаруға қарсы күрестің, бейбітшілік пен адам өмірінің құндылығын қорғаудың символына айналды. Оның мұрағаттық құжаттары тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ядролық қару мен сынақтарға қарсы қозғалыстардың тарихына қатысты маңызды дереккөз.

Үшіншісі, Арал теңізінің мұрағат қоры – Арал трагедиясы тек экологиялық мәселе емес, ол – әлеуметтік, демографиялық, мәдени, экономикалық дағдарыстың бірегей көрінісі. ЮНЕСКО бұл қорды жаһандық экологиялық апат туралы маңызды деректік база ретінде мойындады. Бұл мұрағаттарда теңіздің тартылуы, халықтың көші-қоны, экономикалық күйзелістер, ғылыми-экологиялық есептер қамтылған.

Ал төртіншісі, күні кеше ғана осы тізімге енген «Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бұл қолжазба қазақ хандарының шежіресін, олардың VI-XIX ғасырлардағы шығу тегін, туыстық байланыстарын, саяси қарым-қатынастарын жүйелі түрде сипаттайды. Бұл дерек тек шежірелік емес, қазақ мемлекеттілігінің үзілмеген тарихи жібін көрсететін құнды мұра.

Бұл тізімге ендуің шарттары қандай?

Әлемдік маңызы: Мұра адамзат тарихында, мәдениетінде, ғылымында немесе өркениетінде айрықша орын алуы керек. Оның ықпалы жергілікті немесе ұлттық деңгейден асып, халықаралық мәнге ие болуы қажет.

Шынайылығы: Құжат өзінің түпнұсқа күйінде сақталған болуы керек және барынша алғашқы және өзгертілмеген түрінде болғаны маңызды.

Тарихи құндылығы: Мұра белгілі бір тарихи кезеңді, оқиғаны немесе қоғамның дамуын сипаттайтын маңызды дерек көзі болуы тиіс.

Бірегейлігі және сиректігі: Мұра сирек кездесетін, баламасы жоқ бірегей құжат болуы керек. Оның мазмұны немесе формасы ерекше, қайталанбас болуы шарт.

Сақталу жағдайы мен қауіп дәрежесі: Мұраның қазіргі жағдайы жақсы сақталған болуы керек немесе керісінше, егер құжат жоғалу қаупінде тұрса, оны тізімге енгізу арқылы сақтау қажеттілігі туындайды.

Қол жетімділігі және насихатталу мүмкіндігі: Мұра көпшілікке қолжетімді болуы керек немесе оны цифрлық форматта сақтап, таратуға мүмкіндік болуы тиіс. Бұл оның білім беру мен ғылыми зерттеу саласында қолданылуына мүмкіндік береді.

Осы шарттарға лайық деп танылған мұра халықаралық мойындауға ие болып, оның қорғалуына, сақталуына, әлемге танылуына жол ашылады. Қазақстан үшін де бұл тек халықаралық мәртебе ғана емес, тарихи жадымыздың қорғалуына, халықаралық ғылыми айналымға енуіне жол ашады; Архивтік мұраларымыздың сандық көшірмесін жасау, сақтау және кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді; Елдің мәдени дипломатиясына жаңа серпін береді; Ұлттық бірегейлік пен тарихи сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, тарихи жады – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Бүгінде ақпараттық және идеологиялық кеңістікте өз тарихыңды тану, оны қорғау және насихаттау аса маңызды. Өйткені тарихи жады ұлттың болмысы мен болашағы үшін жауап беретін рухани арқау. «Әлем жады» бағдарламасына енген мұраларымыз арқылы Қазақстан өз тарихының тереңдігін, рухани байлығын және жаһандық мәдени кеңістіктегі өзіндік орнын дәлелдей алды.

Демек, Қазақстанның ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енген мұралары – халқымыздың мыңжылдықтар бойы сақтап келген рухани-мәдени тәжірибесінің куәсі. Бұл мұралар тек өткеннің ескерткіші емес, болашаққа жол ашар бағдаршам. Оларды сақтау, зерттеу, болашақ ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз. Өйткені бұл мұралар – ұлт рухының мәңгілік сәулесі.