Көрісу күні туралы не білеміз?
14.03.2024 8835

Көрісу — еліміздің батыс өңірлерінде сақталған ежелгі дәстүрлердің бірі. Біраз уақыт ұмыт болған дәстүрдің шығу тарихы туралы бүгінге дейін ғылыми тұжырымдалған анықтамасы жоқ. Бұл ежелгі дәстүрдің тарих сахнасына қай жылы еніп, қай өңірлерде тойланғаны туралы да мардымды ақпараттар жоқтың қасы.


Уикипедия мәліметінде: «Көрісу— Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді» деп көрсетілген. Бұл дәстүрді кей жерлер де «Амал» деп те атаған.

«Амал» мерекесі – ауыл адамдарының бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі. Таң азанынан ауыл адамдары ағайын-туыс ауылын қыдырып, жасы үлкен ақсақалдар, ақ жаулықты аналар, аға-жеңгелер, бауыр келіндерге жүздесіп, сәлемдесіп «Жаңа жасың құтты болсын», «Бір жасыңмен», «Жасыңа жас қосылсын», «Амал мерекесі құтты болсын» деп тілек айтады.  Арадағы өкпе-ренішті, араздықты ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді. 

Ертеректе көрісу күні  ауыл аймақты қыдырғанда ауыл адамдары сәнді киімдерін киіп, жүйрік, жорғаларын мініп, қыдыратын болған. Өз ара сый-сияпат көрсетіп, бір-біріне сыйлық үлестірген.  Осы орайда «Амал» мерекесініңтарихы мен тойлануы жайында тарихшы мамандардың пікірін білген едік. 

Жайсан Ақбаев: өлкентанушы, тарихшы: Қазақтың «Амал» немесе көрісу дейтін мерекесі бар. Бұл ежелгі дәстүрлі мереке еліміздің батыс өңірлерінде тойланып келеді. Жылда батыс өңірлері наурыз мейрамын он төртінші наурыз күні тойлатуды бастайды. Амал мерекесі тіршіліктің жаңару, табиғат ананың құлпыру мерекесі. Көшпенді өмір сүрген бабаларымыз, көктем мерекесін қуана қарсы алған. Өйткені кейбір жылдары қыс қатал болып, мал кәсібінде көп шығындар болған, жұт болған. Сондықтан көктем шығып, күн жылынып, мал көкке шығатын уақыт деп қуанысқан. Барша ағайын-туыс болып, көрісу, амал мерекесін тойлаған. Жоғарыда айтқандай, көктемде малдың аман қалуы жанның аман қалуы деп ырымдап, халық даналығында «мал-жан аман ба?» деген қал-ахуал сұрасудан өнегесі қалған. Бұл дегеніміз қазақ халқы әуелі «мал» аман ба? Деп төрт түлік малын меңзесе, екінші «жан» аман ба? Деп амандық сұрасқан.  Сөзімді қорытындылай келе, он төртінші наурыз амал мерекесі - қыстың қиындығынан шыққан халықтың амандасып, шүкірлік сұрасып, жүздесуінің белгісі. Ендеше барша, қазақ елін көрісу мерекесімен және де алда келе жатқан әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. 

Қабыл Шілдебай, Маңғыстау облысының тұрғыны, ұстаз: Бір жылда шартты түрде үш рет «Жаңа жыл»  деген күннің жартысынан өтеміз. Бірінші қаңтар Иса пайғамбардың дүниеге келген күнімен байланысты күнтізбе. Екіншісі – 14 наурыз Амал мерекесі. Үшіншісі 22 наурыз (жаңа күн мерекесі) мейрамы. Біріншісі христиандарға тән. Соңғысы қызылбастарға тән. Осы 14 наурыз Амал мерекесі – өзіміздің мереке. Ұлыстың ұлы күні. Жұлдызшылар жасаған күнтізбеде 1 наурыз жыл басы болған. Мысалы қазіргі желтоқсан айы бұл оныншы ай. Декада – он дегенді, қазан (октябрь ) октава – сегіз дегенді білдіреді. Христиандар өктемдік жасап он бірінші айды бірінші айға өзгертіп жіберген. Кеңестік үкіметтің көсемі В.И.Ленин календарға өзгерту енгізген 13-14 күн кейін жылжытқан. 25 қазанда болған Қазан төңкерісі (революция) 7 қараша деп белгіленіп жүргені осы. Соған сәйкес жаңа жылдың кірісін шалдар Бесқала бетте 13 наурыз, Маңғыстауда 14 наурыз күні белгілейтін болған. Бұрынғы математиканың атасы әл-Хорезми, еуропалықтардан 500 жыл бұрын Американың орнын ашып көрсеткен Берунилар, екінші ұстаз атанған әл-Фараби не Омар Һаям сияқты дарынды жұлдызшылар жасаған күнтізбесіне жыл басы Наурыздан басталған. Ал қазіргі 14 наурыз сол жұлдызшылар есептеп берген күнді жыл басы деп атаймыз. 14 наурыз «көріс күні» мейрамын Маңғыстауда Отпан тауда тойлау дәстүрге айналып келеді. Бұл күні ағайын-туыс жиналып, үлкен ақсақалдар балаларына, немерелеріне, ағайын-туысына батасын береді. Көріс айтады. Сондықтан да Маңғыстаулықтар үшін бұл мейрамның орны ерекше. Тағы мереке құтты болсын!

Асылбек Байтанұлы, әдебиеттанушы:  Жалпы осы мейрам немесе мерекенің анықтамасы қандай өзі? «Мейрам – жылпарақ бойынша бір нәрсенің немесе бір адамның құрметіне орай ерекшеленген, қасиетті (әдепкі емес, мифтік) мағынаға ие әрі мәдени немесе діни дәстүрлермен байланыстырылған уақыт кезеңі», - дейді уикипедия дерегі. Осыған саятын болсақ, Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңелген немесе бұдан кейін қаһарлы қыстың беті қайтып, жылы шуақ басымдыққа ие болатын кезеңнің басы деген сөз. Мереке дегеннің өзі өркениеттердің бірегей әрі маңызды сипатын танытумен қатар, өркениеттер арасындағы айырмашылықтарды да айқындап көрсетеді. Тіпті Наурызды тойлатудағы әр халықтың, әр өңірдің өзіндік айырмашылықтары бар. Мерекелерді түріне қарай саяси, діни, азаматтық деп бөлетін ұстаным бар. 

Бұрынғы есептегі наурыздың бірі – қазіргі наурыздың он төртіне сәйкес келеді. Демек, сол ертедегі заманның өзінде 14 наурызда қазақтардың бір бөлігі осы күнді жыл басы деп танып қарсы алған деген сөз. Мұны әрине, қазіргі батыс өңірлер қазақтарындағы «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп білеміз. Және де халқымыздың сонау көне заманнан бері ұмытылмастан келе жатқан, әрі ешбір сырт күштердің, жат идеологиялардың ықпал-әсерінсіз, Ұлы Даланың климатымен, табиғатымен етене үндескен, төлтума жаңа жылы осы 14 наурыз деп білеміз.

Биыл ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланады. Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жариялады.  Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіледі. Қазақстанда биыл Наурыз мейрамын 10 күн тойлау ұсынылды. Әр күннің өз атауы бар.

Жаңа форматтағы наурызда бірегей логотипі де бекітіліп, барлық аймаққа жіберілді. Осы жылы қазақстандықтар бұл мейрамда бес күн – 21,  22, 23, 24, 25 наурызда демалады.  Сондай-ақ 21 наурызда Наурыз мейрамымен қатар мектеп оқушылары демалысы басталады.

Амал мерекесі құтты болсын!