«Қазақ – ырымшыл халық». Бұл тіркес бізге тым таныс. Бірақ сол ырымдардың ар жағындағы ұлт болмысын, терең танымды, ұрпақ тәрбиесін көздейтін даналықты ұғып жүрміз бе? Қазіргі таңда көпшілік, әсіресе жастар ырым мен тыйымды «ескіліктің сарқыншағы» деп қабылдамай жатады. Алайда сол нанымдардың әрқайсысы – ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесінен, байқағыштығынан, өмір сүру салтынан туған ғажап кодекс.
Біз кейде «тұзды төкпе – ырыс кетеді», «отпен ойнама – отқа күйесің», «есікті теппе – үйдің берекесі қашады» деген сияқты тыйымдарды жай ғана сөз ретінде қабылдаймыз. Бірақ осы қарапайым көрінген ескертулердің астарында тұтас дүниетаным жатыр. Ол – табиғатты құрметтеу, шаңырақты қорғау, тіл-көзден сақтану, ұрпақ тәрбиесі, қауіпсіздік, психологиялық денсаулық, т.б. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұраға ие. Бұл наным-сенімдер халықтың өмір сүру салтының ажырамас бөлігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Ырым мен тыйым сол тәрбиенің басты құралдарының бірі болды. Әсіресе, отбасында баланың сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті ырым-тыйым арқылы қалыптасты. Ендеше қазақтың күнделікті өміріндегі қасиетті ырымдар мен тыйымдардың мәні мен маңызына аз-кем тоқталып көрейік.
Ырым – халық психологиясының айнасы
Кез келген халықтың ырым-тыйымына үңілсек, оның өмірге көзқарасы, қоршаған ортаға қатынасы анық көрінеді. Қазақ ырымдарына тән басты қасиет — адамды қоршаған ортамен үйлесімділікке шақыру. Мысалы, «ағашты жұлма», «суға түкірме», «бастан баспа» деген тыйымдар адамның табиғатпен рухани байланысын бекітеді.
Бұл ырымдар – ата-бабамыздың қоршаған ортамен мыңдаған жыл бойы қалыптастырған үндестігі мен тәжірибесі. Этнограф ғалым Ә.Диваевтың айтуынша, ырым – бұл халықтың сан ғасырлық ақыл-ойының сүзгісінен өткен тәжірибе.
Ырымдар мен тыйымдардың мәні
Ырымдар мен тыйымдар – халықтың өмірлік тәжірибесінен туындаған, белгілі бір іс-әрекеттерді орындауға немесе олардан бас тартуға бағытталған нанымдар жүйесі. Олар адамның мінез-құлқын реттеп, қоғамдағы тәртіпті сақтауға көмектеседі. Мысалы, қазақтарда «жанып тұрған шырақты үрлемейді» деген тыйым бар. Бұл тыйымның тәрбиелік мәні – ұқыптылық пен үнемділікке баулу. Шырақты үрлеп өшіру оның тез тозуына әкеледі, сондықтан оны арнайы құралмен немесе қолмен өшіру ұсынылады.
Діни және дүниетанымдық негіздер
Ырым мен тыйымның барлығы тек көшпелі тұрмыспен ғана байланысты емес. Олардың кейбірі ислам дінімен сабақтас. Мысалы, «сол қолмен ас ішпе», «шашты, тырнақты отқа тастама» деген тыйымдардың діни негіздері бар. Бұл шариғат қағидаларымен де үйлесетін тұстар.
Бірақ барлық ырым-тыйымды дінге негіздеп түсіндіру қате болар еді. Себебі, көне түркілік таным мен шамандық элементтер де қазақ ырымдарының құрамында кездеседі. Мәселен, жаңа туған балаға тұмар тағу, түрлі көз тиюден сақтану жолдары — сол наным-сенімнің көрінісі.
Тыйым мен ырым — фольклордағы көрінісі
Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарында, аңыз-ертегілерінде де ырым мен тыйымға байланысты астарлы ойлар бар. «Қарғыс алма, алғыс ал», «тіл тас жарады», «жаман айтпай жақсы жоқ» деген тіркестер – ойдың тереңдігінің көрінісі. Бұл халықтық педагогика мен фольклордың сабақтастығы.
Тұрмыстық ырымдар мен тыйымдар
Қазақтың тұрмысында көптеген ырымдар мен тыйымдар кездеседі. Мысалы, үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құйып шығару ырымы бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тілеудің, жақсылыққа жорудың символы. «Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды» – ырыс-несібе кемиді деп есептеледі.
«Түнде тырнақ алмайды, шаш қимайды» – Бұрын жарық жоқ кезде бұл әрекеттер жарақатқа алып келуі мүмкін. Сонымен бірге, шаш пен тырнақ адамның бойынан шыққан «киелі» дүние ретінде қаралған. Оны бейберекет уақытта кесу жын-шайтанға жем болуы мүмкін деп сенген.
«Түнде үй сыпырмайды, күл шығармайды» – Қараңғы түскенде үй сыпыру, күл төгу – үйдің ырысын сыртқа алып кетумен тең саналған. Әрі кешкі уақытта күл төгетін орынға барып, қауіпке ұшырау мүмкін еді. Бұл тәртіп пен қауіпсіздіктің, тазалықтың тыйымы. Бұрынғы кезде ауыл шетіндегі күл төгетін жерге қарақшы, қасқыр, ит шығады деген де сенім болған. Сондықтан түнде үй тірлігі тежеліп, тыныштық орнайды.
«Босағаны керме, босағаға сүйенбе» – Қазақ босағаны құрмет тұтып, оған сүйенуге, оған аяқ артуға қатаң тыйым салған. «Босағаға сүйенген қыз – босағада қалады» дейтін сөз осыдан шыққан. Ер адам да, әйел де босағаны кермейді – бұл қырсық шақырады деп есептелген. Анығында, босаға – өткел. Оның үстінде тұрсаң, адамның жүріс-тұрысына да бөгет келтіреді. Іргесі шайқалған үйден береке де, бақ та таяды деген түсінік осы ұғыммен сабақтас.
Балаларға қатысты ырымдар мен тыйымдар
Балалар тәрбиесінде де көптеген ырымдар мен тыйымдар қолданылады. Мысалы, сәби шалқасынан жатып, алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі деп ырымдаған. Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, қырсық болып өседі деп сенген. Сондай-ақ, баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді немесе қыздың орайы екеу болса, екінші рет тұрмысқа шығады деп жорамалдайды.
«Бейуақта баланың киімін далаға жаймайды» – Қазақ ұғымында бейуақ – күн батып, қараңғы түсе бастаған мезгілден бастап таң атқанға дейінгі уақыт. Бұл мезгіл жын-шайтан мен тылсым күштердің еркін жүретін уақыты деп есептеледі. Пайғамбарымыздың да бұл уақыттағы жер бетіндегі жындардың көптігінен ине шаншар орын қалмайтынын меңзеп айтатыны бар. Қазақтың ырым-тыйымының көбі де дәл осы бейуақпен байланысты болып келеді.
Ал бала – періште, әлсіз, тез әсерленгіш. Сондықтан баланың киімі далада ілініп тұрса, сол тылсым күштер «киім арқылы балаға зиян тигізеді» деген сенім бар. Екіншіден, түнде басқа адамдар киімді байқамай, не балаға арналуын біліп, ішінен бірдеме десе немесе қызығып қараса «көз өтеді» деп түсінген. Бұл да – қазақтың көз тию, тіл тию деген нанымымен байланысты. Ал үшіншіден, түнде жайылған киімге шаң, ылғал, жәндік, тіпті қараңғыда ұшатын жаратылыстар (түн көбелегі, маса, т.б.) келуі мүмкін. Бұл – тазалық жағынан да дұрыс емес. Баланың иммунитеті әлсіз болғандықтан, киімге жабысқан кір мен зиян баланың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан таза, құрғақ, күн көзінде кепкен киім ең дұрыс деп есептелген.
«Нәрестенің бетіне ай сәулесін түсірмейді» – Ай сәулесі баланың бетіне түссе, ол ауруға шалдығады деп білген. Қазақ халқы Айды тылсыммен, сырмен байланысты қараған. Түнде нәресте балбырап терең ұйқыда жатқан кезде бетіне ай сәулесі түссе «бесігіне жын жолайтынын», «бала шошып қалатынын», «селқос, мазасыз, тіл-көзге осал болады» деп сенген.
«Жаңа туған сәбиге айна қаратуға болмайды» – тілі әлі шықпаған баланы айнаға қаратса тілі шықпай қалады деп жатады. Қазақ дүниетанымында айнаға қараған адамға тылсым күштер тез әсер етуі мүмкін деген сенім болған. Ал жаңа туған нәресте ондай тылсым әсерге осал болатыны сөзсіз. Бұл тыйым арқылы сәбиді қорқыныштан, шошынудан қорғау көзделген.
«Балаға үлкен адамның киімін кигізбе» – Бұл жерде баланың энергетикалық әлсіздігі мен үлкен адамның өмірлік жүгі арасында байланыс бар деп сенген. Үлкен адамның киімінде оның аурасы, тіршілігінің ізі болады, ал оны кию балаға ауырлық, салмақ әкеледі деп есептелген. Сонымен қатар, бұл баланың киімін бөлек ұстап, тазалыққа мән беру дәстүрін де көрсетеді.
Қоршаған ортаға байланысты тыйымдар
Табиғатқа деген құрмет қазақ халқының басты құндылықтарының бірі. Сондықтан қоршаған ортаға қатысты да көптеген тыйымдар бар. Ырым-тыйымдар арқылы қазақ халқы экологияны, табиғат заңдылығын, адам мен орта арасындағы үйлесімділікті бұзбауға тырысқан. Бұл – бүгінгі экологиялық тәрбиеге де негіз боларлық өте құнды мәдени код.
«Құдыққа түкірме, суға дәрет сындырма» – Құдық суы немесе ағын суды былғау елге кесел келтіреді.
«Көк шөпті жұлма, жас талды сындырма» – Көк шөпті жұлу, жас шыбықты сындыру өмірдің бастамасын, бар тіршіліктің қайнар көзін жоғалтқанмен пара-пар деп біледі.
«Торғайдың жұмыртқасын шақпа, бетіңе шұбар қаптайды» – осы арқылы қандайда бір құстың жұмыртқасына беталды тиісуге болмайтынын, балапан басқан құсты үркітіп, қорқыту дұрыс еместігін түсіндірген.
«Отты баспайды, күлді бейберекет төкпейді» – От – шаңырақтың иесі, тіршіліктің негізі. Қазақ отты қасиетті, киелі санаған. «Отпен ойнама», «оттың басын баспа» деп тыйым салған. Күл де — сол оттан қалған нәрсе, сондықтан оны да оңды-солды төге бермейді. Әсіресе жолға, суға, егістікке төкпейді – бұл қасірет шақыру деп саналған. Ал шариғат бойынша күл жындардың мекенінің бірі. Сондықтан оны көрінген жерге төгу қауіпті болып саналады.
Әйел затына қатысты ырым-тыйымдар
Қазақ халқында әйел затына қатысты да арнайы ырымдар мен тыйымдар бар. Мысалы, әйел адамның қырық күн толмайынша ел араламауы, қыз баланың шашын жаймауының өзі – үлкен тәрбие, моральдық-этикалық кодекс. Мұнда әйел табиғатына тән нәзіктік пен оның ұрпақ жалғастырушы ретіндегі рөлі ерекше ескерілген. Қыз балаға «ұят болады», «жүріс-тұрысыңа сақ бол» деп айту – оның абыройы мен беделін сақтауға негізделген. «Қыз — елдің көркі» дейтін қазақ, қыз тәрбиесін бүкіл қоғамның тәрбие өлшемі деп санаған.
«Шашыңды жайма» – шашын жайып жүру бүгінгі қыз-келіншектер үшін әдеміліктің бір белгісіне айналған. Шындап келгенде қазақта шашын жаю жақсы ырым емес. Қыздар ет жақыны, бауыры қайтыс болғанда, әйелдер күйеуі дүниеден озғанда ғана шашын жайып, жоқтау айтып жылаған екен. Екіншіден, қазақта қыздың шашы – ар мен ұяттың, тектіліктің белгісі. Шашты жинап жүру тәрбие мен ұқыптылықтың көрінісі. Ал шашты жайып жүру қыз баланың жеңіл мінезділігіне, тәрбие көрмегеніне баланған.
«Екінті мен ақшам арасында жалаңбас далаға шықпа немесе суға барма» – бейуақта кез келген адам абайламаса түрлі жазатайым жағдайларға ұрынып жататынын білеміз. Бейуақ туралы жоғарыдан толығырақ айттық. Әсіресе аяғы ауыр келіншек, желегі жасырылмаған жас келін дәл осы бейуақта аса сақ болғаны абзал.
«Жүкті әйел шашын кеспейді» – қазақ жүкті әйел шашын кессе бағы таяды, іштегі баланың бақыты кемиді, кемтар туылады, қол-аяғы қысқа болады деп ырымдалады.
«Әйел итке тас лақтырмайды» – Қазақта ит тек үй жануары ғана емес, шаңырақтың күзетшісі, берекенің иесі деп есептеледі. Ал әйел — шаңырақтың ұйытқысы, тіршіліктің өзегі. Сондықтан ұйытқы мен берекенің арасында жарасым болуы керек деп түсінген. Итке тас лақтыру — ашу, агрессияның белгісі. Ал әйел затына ондай мінез үйлеспейді деп санаған. Бұндайда қазақ үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады деп біледі. Осыған ұқсас, жаңа босанған әйел итке «шық, кет» деп қоритын сөздер айтпайды. Олай айтса тістері түсіп қалады деген сенім бар.
«Қыз балаға ер адамның киімін кигізуге болмайды» – Қыз бала — нәзік жаратылыс иесі. Оның киім киісі де, жүріс-тұрысы да жынысына сай болуға тиіс. Ер адамның киімі — батырлықтың, ауыр еңбектің, күштің нышаны. Қыз баланың еркекше киінуі мінезіне, болмысына әсер етеді деп сенген. Бұл тыйым қыздың қызға тән әдептен, нәзіктіктен айырылмауын, жыныстық болмысын сақтап, қоғамдағы орнын дұрыс ұғынуын көздеген.
Заманауи қоғамдағы орнын қалай бекітеміз?
Бүгінгі таңда қазақтың ұлттық коды деп жүргеніміз — осы ырымдар мен тыйымдардың жиынтығы. Бірақ қазіргі жастардың арасында оған сенбеушілік немесе шала түсінік бар. Осыған орай мектеп бағдарламасына этнография элементтерін енгізу, отбасылық тәрбиеде ырымдардың мәнін түсіндіру өзекті болмақ.
Сонымен қатар, медиа мен мәдениет саласында да осы тақырыпты танымдық форматта насихаттау маңызды. Белгілі этнографтар, ақын-жазушылар, журналистер бұл бағытта еңбек етіп жүр.
Бүгінде кейбір адамдар ырым-тыйымдарды ескіліктің қалдығы деп қабылдаса, енді бірі күнделікті тұрмыста үзбей ұстанады. Этнографтардың айтуынша, ырым-тыйымдардың барлығы халықтың тұрмысына арналған және олардың қолданыстан шығып қалғаны жоқ. Ол жай ғана наным емес, терең өмірлік философия. Ол – адам мен табиғаттың, қоғам мен тұлғаның арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған тәрбиенің тетігі. Қазақ «ырым қате кетпейді» деп бекер айтпаған. Сол ырымда — ұлттың тілі мен ділі, рухы мен болмысы жатыр. Сондықтан бұл ұлттық кодымызды сақтап қалу – тек этнографтардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.