Жұмабек Тәшенев есімі берілсе...
Биыл еліміздің бірқатар өңірінде кеңестік кезеңде Қазақ Республикасының аумақтық тұтастығының сақталуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің туғанына 110 жыл толуын атап өтуде. Ж.А.Тәшенев кеңестік заманда парламент және үкімет басшысы сияқты жауапты қызметтер атқарған нар тұлға
Жұмабек Ахметұлы осы жоғары қызметтерді атқарғанда мемлекетті нығайту, ұлт мәдениетін, ділі мен тілін, салт-дәстүрін, тарихын сақтау, тарихи сананы ояту жолындағы игі бастамаларға үнемі батыл қолдау жасап кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге қалдырды. Бейбіт заманда жеке ерлік ісімен Қазақ КСР-нің бес облысын (Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар,) Ресейге берілейін деп тұрған сәтте қазақ халқының атынан КСРО басшысы Н.Хрущевке тойтарыс беріп қорғап қалды. Н.Хрущев осы қарсылығы үшін Ж.Тәшеневті үкімет басшысы лауазымынан босатып, Шымкентке төмен қызметке жіберді.
Жазушы, ғалым Әди Шәріпов Ж.Тәшеневтің бұл ерлігін ертедегі жауға жалғыз шапқан батырдың ерлігіне теңеді. Шынында ол кезде Ж.Тәшеневті қолдайтын артында не халқы, не саяси партиясы болмады. Кеңестік заманда Ж.Тәшеневті дәріптеуге тыйым салынғанымен елі мен халқы үшін атқарған қалтқысыз қызметі арқылы есімі халық жадында аңыз болып сақталды. Қарапайым халық Ж.Тәшеневті «айға шапқан арыстанға», «шынжырдағы жолбарысқа» теңеді.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері ұлт қайраткерінің есімі қайта жаңғыруда. Бірнеше қалада ескерткіштер тұрғызылды, есімі көшелерге мектептерге, бір университетке берілді, жазушылар кітаптар, ақындар дастандар арнады, сазгерлер ән жазды, деректі фильмдер түсірілді, ақындар айтысы мен спорт сайыстары өткізілді. Ғалымдар мен зерттеушілер қайраткердің Қазақстан тарихындағы рөлін айқындау мақсатында зерттеу еңбектерін жазуда, қайраткердің өмірі мен қызметін насихаттауға арналған ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуде. Осының бәрі халқының батыр, қайраткер азаматына деген шынайы сезімін, құрметін көрсетеді.
Жоғарыдағы аталған іс-шараның бірі - таяуда, яғни 16 сәуірде Павлодар қаласындағы Ж.Тәшенев атындағы мектепте «Жұмабек Тәшенев өз заманының қайталанбас тұлғасы» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл ғылыми іс-шараға Астана, Шымкент қалаларынан және Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарынан ғалымдар мен мектеп ұстаздары қатысып ұлт қайраткері туралы ғылыми баяндамалар жасап, тұлғаның еңбегін насихаттау жолындағы іс-тәжірибелерімен бөлісіп, конференция шешімін жүзеге асыруға бағытталған қаулыда тұлғаның еңбегін ұлықтау, халық жадында сақтауға арналған құнды ұсыныстар жасады. Солардың бірі, осы жолдардың авторы Ақмола облысындағы Степногорск қаласына Тәшенев есімін беру қажеттігі туралы пікір білдірді. Ғылыми жиынға қатысушылар бұл ұсынысты да қызу қолдап Қаулы жобасына қосқызды.
Қазақтың танымал тұлғасының бірі Д.А.Қонаевқа Жетісуда бұрынғы Қапшағай қаласының аты өзгертіліп берілгені сондай жарасымды болғаны белгілі. Ал, Д.А.Қонаевпен тізе қосып Қазақстанды басқаруға қатысқан Ж.А.Тәшеневке де өзінің туған өңірі Ақмола облысында бір қаланың атауын беру әділеттілік болар еді деген ойын жеткізді.
Ұсыныс иесі кейбір азаматтар айтып жүрген облыстық деңгейдегі мәртебесі бар «Қосшы» қаласына Ж.Тәшенев есімін беруді сұрау тиімсіздігіне де тоқталды. Өйткені бұрын арақашықтығы 30 шақырымдай болса, қазір Елордамен арасы екі-үш шақырым ғана болып қалды. Болашақта Астананың бір бөлігіне де айналуы мүмкіндігін алға тартты және Ұлы тұлғаның есімін иеленуге лайықты қала Степногорск деген ой тастады.
(Анықтама үшін: Степногорск кешегі кеңестік кезеңді еске түсіретін Ақмола облысына қарайтын облыстық деңгейдегі қала мәртебесі бар елді мекен. 1964 жылы қала мәртебесін алған, жаңа үлгімен тұрғызылған жас қала. Астанадан 180, ал Көкшетаудан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаланың өзін қамтамасыз ететін бюджеті, қалаға тән құрылымдары қалыптасқан. 2005 жылғы мәлімет бойынша халық саны 46 мың адам).
Еліміздің тәуелсіздігін танытатын бір құжат – Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы Ресейдің картасына ұқсайтын, себебі жер-су, елді мекен атауларының басым бөлігі орыс тілінде болды. Егемендік алғалы Қазақстанның саяси картасы өзгергенімен, еліміздің шығыс, батыс, солтүстік облыстарында орысша атаулар әлі де көп тұрғаны картадан байқалады.
Ж.Тәшенев есімін берсек, онда саяси тәуелсіздігімізді нығайтуға үлес, қосылып, еліміздің әкімшілік-аумақтық картасы қазақылана түсер еді, яғни бір қала атауы қазақыланады. Сонымен бірге ономастикадағы әлі де шешімін күткен проблемаларды шешуге қосылған бір үлес болып қазақтың бір ұлттық мүддесі орындалар еді.
Қазақ тарихында елі мен жерін сақтап қалу жолында ерлік жасаған батыр қайраткердің есімі ұрпақтар жадында ұдайы жаңғырып тұру үшін осындай игілікті істі халық қолдайды деп үміттенеміз. Осындай мақсатпен ойымызды қоғам назарына ұсынуды жөн көрдік.
Дүйсен Сейітқали Жахияұлы,
Тарихшылардың ұлттық конгресінің
мүшесі, тәшеневтанушы ғалым