Достықта шекара жоқ
21.04.2025 91

Әдебиетте ел жадында қалар достық туралы аңыз әңгімелер де ескі естелік оқиғалар да жеткілікті. Солардың бірегейі қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов өзбек ақыны Ғафур Ғұлам арасындағы қыл өтпес достық пен ағалық сыйластық оқырманға үлгі болары анық. Ғафур Ғұлам - өзбек совет ақыны публицист. Өзбек КСР Халық ақыны (1963). Ленин сыйлығының 1970 және Сталин сыйлығының екінші дәрежелі (1946) лауреаты. «Кукан-батрак», «Юлдаш» атты поэмалардың, 15-ке жуық өлеңдер мен әңгімелер жинағының авторы. 35-40 жылдай жолдас болған бұл тұлғалар әдебиет, мәдениет салаларында толағай табысқа жетіп, телегей еңбек атқарған. Аңызға айналған достық турасында өзбек ақыны Мұзаффар Ахмад «Екі дос дастанын» жазған. Сонымен қатар, Алматы қаласында С.Мұқановтың мемориалды әдеби музей кешенінде Сәбит пен Ғафур арасындағы хаттары мен фотосуреттері музей қорында сақтаулы. («Мұқановтың хатханасы» еңбегіндегі хат мәтіндерімен таныс бола аласыздар).


Сондай естеліктер легіне көз жүгіртсек, Мәриям апайдың «Сағынышым Сәбитім» естеліктер жинағында Сәбиттің қонақжайлылық қасиетінің оның достарының көп болуына мұрындық болғандығын, өзбек ақыны Ғафур Ғұламмен достығының ерекше екендігін айтады: «Жан досының қазасы Сәбитке қатты батты. Көзінен жасы моншақтап жылағаны көз алдымда. Ташкенттен келгеннен кейін, көпке шейін жүрегін ұстап, уфілеп, көп қайғырды. «Ғафурдай дос қайда маған!» деп күрсінумен болды. Бір-біріне түн ішінде телефон соғып, «қызу айтысатын» кездерін аңсап, сағынушы еді»...

Ғафур Ғұламның қызы Алмас апайдың естеліктерінде: «...Біздің әулетте о бастан қазақтарға деген ілтипат ерекше болды. Әкеміз Сәбит Мұқановты аузынан тастамайтын. Сәбит аға әкемді «Молда Ғапыр» деуші еді. Олай дейтін себебі бар: Мир Әлішер Науаи хазретлерінің мынадай бәйіті бар емес пе?! ««Ивритті, гректі, сүрианиді һәм хиндіні, егер біреу сұраса, біліп айтсын»», демек, «Жөйттің тілі, грек тілі, арабша, Керек болса хинд тілін де біледі ол». Әкем бірнеше тілді, әсіресе арап пен парсыны ана тіліндей білуші еді, мұның бәрі ескі мектептен алған ілімі болатын. Ол маған «Жолаушы шықсаң жолдасың қазақ болсын, жолдан адаспайсың» деген мақал бар ғой, қазақпен құдандал жекжат болғым келеді, ертең өскен соң сені қазақтарға ұзатамын» дейтін әзілдеп. Құдай аузына салды ма, мені расында да шымкенттік азаматқа ұзатты ғой...»

«Қазақта Тайыр Жароков деген ақын болғанын білесіздер. Сол кісі қайтыс болып, қырқына әкем Алматыға арнайы барыпты. Бұл 1965 жыл. Сонда сөз сөйлеп: «Егер мен өлсем мені Сәбит жерлейтін болсын, Сәбит менен бұрын кетіп жатса өзім-ақ жуып арулаймын!» – депті. Жазмыш солай болды, Сәбеңнен бұрын әкем кетті ғой, келесі 1966 жылы. Алматыдан Сәбең келгенше ешқандай жөн-жоралғы жасалмады, мәйітке ешкімнің қолы тимеді. Ағаны күттік. «Қайда? Менің бауырым қайда? Мені неге өзі қарсы алмайды, ағайындар-ау?» – деп, ұшақ тарапынан теңселе басып түсіп келе жатқан Сәбеңді көргенде Ташкент әуежайы күңіреніп кетті».

Осындай жан тебірентер көрініс Сәбең дүние салғанда да орын алды. Жазушы өсиеті бойынша Өзбекстаннан келген бір топ зиялы қауым Сәбеңнің топырағына жан серігі, досы Ғафур Ғұламның бейіт басынан бір уыс топырақ әкеп төккен деседі. Бұл дүниедегі достығымыз о дүниеде де жалғасын тапсын дегеннің нышаны болса іспетті.

Өзбекстанда Ташкент қаласында орналасқан Ғафур Ғұламның музей-үйінде қазақтың шапанын экспозициядан көре аламыз. Төменде «Қазақ ақыны Сәбит Мұқановтың Ғафур Ғұламға сыйлаған шапаны» деп жазылған.

Биыл классик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толған мерейтойлы күн қарсаңында жарық көрген бұл мақала заңғар тұлғаларымыздың құрметіне арналады. 

 Мөлдір Сағымбаева,

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты 

Алматы қаласы тарихы музейінің қызметкері