Қазақ баспасөзінің тарихы
18.04.2025 104

Өткен ғасырдың басында Қазақстанда бір бөлігі еуропалық білім алған қазақтың ұлттық интеллигенциясының қалыптасу процесі жүрді. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бел ортасынан табылған ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа кезеңі ұлттық мерзімді басылымның дамуына да жол ашты. Соның нәтижесінде елімізде қоғам мүддесін арқау еткен баспасөз кеңінен тарала бастады. Өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ баспасөзі және қазақ қоғамының сол кезеңдегі басылым беттерінде көрініс тапқан саяси-әлеуметтік мәселелері туралы сөз қозғап көрелік.


Қазақ зиялылары жаңа кезеңде жаңаша күресу құралы керектігін түсінді. Оған дейін де Қазақ елі азаттығы мен тәуелсіздігін алу үшін күресті. Бірақ ол найзаның ұшымен, қарудың күшімен болған күрес еді. Жиырмасыншы ғасырда білім мен ғылымның күші арқылы азаттық алу кезеңі келген болатын. Оның негізі – баспасөз екенін Алаштың оқығандары білді.

Мерзімді баспасөздің «Түркістан уәлаятының газеті» мен «Дала уәлаятының газеті» атты қазақ тіліндегі алғашқы басылымдарын отаршыл жүйе органдарының өзі ашты. Бұлардың бірі Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы ретінде Ташкентте басылса, екіншісі Ақмола және Жетісу облыстары ведомостіне қосымша ретінде Омбыда жарық көрді. Ақпараттық-анықтамалық сипатта болған бұл басылымдар негізінен империялық саясат шеңберіндегі іс-шараларды қамтыды. Сонымен қатар, бұл газеттерге отарланған өлкенің өмір үрдісін насихаттау міндеті де жүктелді. Осыған орай, басылым беттерінде жергілікті халықтың тарихына, этнографиясы мен әдебиетіне қатысты материалдар да жарияланып тұрды.

Бір мың тоғыз жүз бесінші жылғы Қоянды жәрмеңкесінде он төрт мың бес жүз адам қол қойған петиция жолданды. Онда басқа да көптеген талаптармен қатар, қазақ баспасөзін шығаруға рұқсат беру талабы қойылды. Себебі баспасөз арқылы ұлтты біріктіруге, үлкен күреске алып шығуға, сондай-ақ білімін, білігін арттыруға мүмкіндік бар екенін Алаш қайраткерлері жақсы білді. Патша өкіметі оларға мүмкіндігінше кедергі жасап бақты. Бірақ қазақ зиялылары жолын тауып, өздерінің төл баспасөзін шығару үшін күресті.

Ең алғаш қазақ тілінде бейресми, яғни тәуелсіз журналистиканың негізі Санкт-Петербург қаласында қаланды. Ол — татардың азаттыққа толы, демократиялық, прогрессивтік органы «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде шыққан басылым еді. Бұл қосымша «Серке» журналы деп аталды. Журнал 1907 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Оның мазмұнында Міржақып Дулатовтың «Жастарға» атты өлеңі, «Біздің мақсатымыз» деген мақаласы және басқа да авторлардың материалдары жарияланды.

«Серке» журналының жабылуына кейбір мақалаларында қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар деген айып тағылғаны себеп болды.

Тәуелсіз қазақ баспасөзінің басында тұрған Серке журналының екі-ақ нөмірі жарық көрді. Алайда екінші нөмірінің тиражы түгел өртелді. Серке журналын шығаруға Міржақып Дулатов атсалысты.

Міржақып Дулатұлының екі туындысы – Біздің мақсатымыз деген мақаласы және Жастарға деген өлеңі жарияланды. Жастарға өлеңінде: «Енді жерден айырылып, елден айырылып, құлдықтың қамытын мойнымызға салып, қашанғы жүреміз? Біз азаттық жолында күресуіміз керек!» – деген ұран тасталды.

Ал Біздің мақсатымыз мақаласында да қазақ халқын ояту арқылы азаттыққа алып шығу мақсаты көзделді. Әрине, мұндай ұлттық азаттыққа үндеген басылым болғандықтан, патша үкіметі оны жапты.

Қазақ жастарының 1907 жылы Томскіде Дала газетін шығару әрекеті де сәтсіз аяқталды. Қалай болғанда да, қазақ еліндегі демократиялық күштердің ұлттық баспасөз органын құруға деген ұмтылысы уақыт өткен сайын арта түсті. Ақырында бұл арманға да қол жетті. 1911 жылы 10 қаңтарда Тройскіде қазақ тарихындағы тұңғыш ұлттық журнал – Айқаптың бірінші нөмірі жарыққа шықты.

«Қостанай уезі, Шұбар болысының №2 ауылының қырғызы Сералинге Троицк қаласында Айқап журналын: редакциялық мақалалар, шетел хабарлары, мұсылмандық мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, редакцияға хат бағдарламасы бойынша өз жауапкершілігімен ай сайын шығаруына рұқсат берілді».
Салық Зиманов пен Қабдеш Ыдырысовтың «Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық көзқарастары» мақаласынан.

Айқапты шығарудағы Мұхамеджан Сералиннің мақсаты – «Қазақ ылғи да өткізіп алып, өкініп жүреді. Қай мәселеде де сан соғып, кейін қалады. Содан кейін өкініші өзекті өртейді. Сондықтан қазақ халқын енді өкініштен арылту үшін, "айқап" дегізбеу үшін осы Айқап деген журналды шығарып отырмыз. Онда қазақтың келелі, өзекті, өткір мәселелерін талқылап, соны шешуіміз керек. Соған бүкіл оқыған-тоқығандарды жұмылдырып, қазақ елін біріктіруіміз керек» деген идеямен шыққан.

Мұхамеджан Сералинмен қатар Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Сұлтанмахмұт Торайғыров та журналдың көрнекі идеологтары болды. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың атсалысуы журнал мәртебесінің артуына ықпал етті. Ұланғайыр дала халқы қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбердиев, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев шығармаларымен Айқап арқылы танысты.

Айқап төңірегіне қазақтың демократиялық интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері топтасты. Журнал 1915 жылға дейін жарық көрді. Бұл журналдың қазақ елінің азаттықта санасын оятуға, жалпы қазақ мәдениеті мен өркениетінің дамуына ықпалы орасан зор болды.

«Айқап аяғынан тұрып, жұмыс істей бастағанда, оның соңынан Мұхтарам Қазақстанымыз туды. Қазақстанның ғұмыры ұзақ болып, қазақ халқының ағаруына, ала жаулық орнына ынтымақ, бірлік салуға нәсіп етсін. Иә, қазақ балалары істі бастаушы табылды. Енді сіздер қоштаңыздар, Айқап пен Қазақстанның екеуі жиылғанда, бір қозының құны ғой. Соған қараулық қылып, бүтін халықтың үстіне намыссыз, арсыз есімін тағудан сақтаныңыздар. Қалам білген қазақ жастары күншығыс пен күнбатысындағы қазақтарды бір-бірімен таныстырар деп үміт етеміз».  Мұстақим Малдыбаев мақаласынан үзінді. 

Ұлттың мұң-мұқтажын арқау етуді көксеген Қазақстан газеті 1911 жылы 16 наурызда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Оның бастауында Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев тұрды, ал редакторлық қызметті елеусіз Бұйырын атқарды. Сондай-ақ Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдеш сияқты басқа да бірқатар азаматтар ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты.

Журналдың әр нөмірінде терең талдамалы, сараптамалық материалдар берілген және халыққа, тіпті, бағыт-бағдар беріп отырған. Яғни, біз қалай өмір сүруіміз керек? Бірінші кезекте өздері ақылдасып, ой салады. Содан кейін өздері келесі нөмірлерде өздерінің бағыттарын ұсынады. Қазіргі ақпарат құралдарын мысалға салыстырып қарасақ, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі ақпарат құралдарынан кем емес. Себебі Ғұмар Қараштың жазған әр материалының деңгейі өте терең болып тұр.

Газет шығарушылар Сейітқали Меңдешов, Мұстафа Көкебаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, редактор Елеусіз Бұйырындардың қай-қайсысы да жазуы мен елді танып-білуі жағынан өте терең, мықты тұлғалар болды. Ең артықшылығы – бұл ресми түрде Қазақстан атауын газет атауына алған, яғни мемлекеттің атауын алғаш айналымға әкелген ақпарат құралы.

1911-1913 жылдар аралығында басылымның 16-шы нөмірі шықты. Газет бетінде халықты кәсіпкерлікке және ғылым-білімге үндеген материалдар жарияланды. Сондай-ақ ол оқырмандарды әр жерде басылып шыққан жаңа кітаптармен таныстырып отырды және шаруашылықты тиімді жүргізуге қатысты ақыл-кеңестер де беріп тұрды. Гурьев уезінде жаңа кен орны ашылғаны жөніндегі ақпарат та ең алғаш осы басылым бетінде жарияланды.

Бұл ұлттық ағартушылық газет деп айтуға болады. Ең бірінші қазақ ұлтының сақталуы үшін не істеуіміз керек деген мәселені көтеріп, соған баса назар аударған. Бұл басылымда негізгі мәселе ретінде сол ұлттың болашағы жиі талқыланған. Түрік елдері арасындағы байланысты қамтуға қатты ұмтылған. Мысалы, Түркиядағы, Әзербайжандағы, Ресейдегі оқиғалар да кеңінен жарық көрген. Тіпті Қытайдағы болып жатқан оқиғалар да орын алған. Газеттің әр нөмірінде осы мемлекеттердегі жаңалықтар мен сүйікті мақалалардан басталады. 

«Қазақтың қазіргі халін һәм келешектегі жайын тереңірек ойлап қарағанда, шүбә жоқ. Ешбір тоқтаусыз жиылу қала болу керек. Қазақ жиылмаса, қала салмаса, бұл бұтыраумен бәрінен айырылады. Қазақ азат тозады. Мен мұны құр тәуекелменен, сағымға жүгіріп, "Иә, әулиелік құрып айтпаймын". Сол себепті жерді он десятина берсін, бес десятина берсін, не берсін де қазақ жиылуға керек. Бес-он жылға дейін қиынырақ. Елге, шаруаға да жайсызрақ келсе, келер не қылмақ керек? Қиындықсыз рахат табылмайды». Газеттегі мақаладан үзінді. 

Ең мықты деректердің бірі – ағартушылық, соның ішінде мектеп ашу мәселесі. Мысалы, Орал қаласында қазақ балаларын оқытатын мектеп ашылмақшы. "Балаларыңызды беріңіздер, осыған ақша жинайық" деп үндеп шақырады. Жарнама жағы да өте жақсы дамыған. Мысалы, Зейінгердің тігін машинкаларын осында жарнамалаған немесе репетиторлар өз қызметтерін ұсынады. Репетиторлар тек қазір ғана пайда болды деп ойлауға болмайды, сол кезеңде де әртүрлі пәннен репетиторлар хабарландыру беріп, «Мен осындай пәннен репетиторлық қызмет атқарамын. Балаларыңызды беріңіз, оқытамын» деп жазатын. Одан бөлек, сол кезеңдегі нарық бағамы да үнемі жарияланып отырды. Мысалы, қойдың бағасы мынадай, өгіздің бағасы мынадай деп бағалар беріліп, нарықтағы экономикалық жағдайды бағамдауға мүмкіндік болды. Бұл басылымдар арқылы жалпы экономикалық ахуал мен басқа да маңызды мәселелер туралы мәлімет беріліп отырды. Бір атап өтерлігі, мамандар өткен ғасырдың бастапқы кезеңінде жарық көрген басылымдар мен қазіргі уақыттағы газет-журналдардың құрылымы мен сипатында айтарлықтай өзгешелік жоқ деп айтады.

Көбінесе бізге қызықты болғаны – қазіргі таңдағы газеттермен салыстырғанда, бұрынғы газеттердің ерекшеліктері. Мысалы, газет беттерінің ең соңында көбінесе жарнамалар және әртүрлі сауда ісіне байланысты мәліметтер берілген. Ауа райына қатысты ақпарат та газеттің соңғы бетінде орналасқан. Сол сияқты, 1905 жылы да газеттердің соңында жарнама беті болған екен. Яғни, біз бұл өзгерістерді салыстырмалы түрде қараймыз. Қазіргі газеттер мен бұрынғы басылымдардың мәтіндерінде айтарлықтай өзгеріс жоғын байқаймыз.

Тағы да, жаңалықтар мен әрбір күнде өтіп жатқан оқиғалар, сауда-саттық үйлерде сатылатын тауарлар, дүкендердің жұмыс уақыты сияқты мәліметтер газет беттерінде көрсетілген. Бұл жылдардағы газеттерде сауда-саттық ісіне үлкен көңіл бөлінгенін байқауға болады.

Айқап және Қазақстан басылымдарымен қатар жарыққа шығып, олардың ұлт санасын ояту, ұлттық рухты көтеру тұрғысындағы үздік үрдістерін жалғастырып, жаңа биікке көтерген басылым – Қазақ газеті болды.

Қазақ газетінің мәні мен маңызы мүлдем бөлек. Атына заты сай басылым болды. Газет 1913 жылдан 1918 жылдың аяғына дейін жарық көрді. Сондықтан да біздің тәуелсіздігіміздің басында Алаш баспасөзі, жиырмасыншы ғасырдың басындағы баспасөз тұр. Бұл газеттер мен журналдар тек тарих емес. Олар бүгінгі күн мен болашақ үшін де маңызды. Олардың көтерген идеялары мен мәселелері бүгін де өзекті, болашақта да маңызды болатыны айдан анық. Енді бір-екі мысал келтірейін. Сол кездегі ең өткір мәселе жер мәселесі болды.

Алайда Қазақ газеті жарық көргеннен бастап он бірінші нөміріне дейін жер мәселесіне байланысты үн қатпайды. Мұның өзіндік себебін Ахмет Байтұрсынов «Жер мәселесі» атты мақаласында жете түсіндіреді.

«Жер мәселесін көтермей отырғанымыз оны білмегендіктен емес, жер мәселесі өте өзекті, өткір. Оны біліп жазбасақ, онда халықты адастырамыз. Алаштың азаматтары, не жазсаңыздар да біліп, көздеріңізді жеткізіп жазыңыздар. Сіздер қателессеңіздер, сіздердің адасуларыңыздан халық шатасады, халық адасады. Алты миллион қазақтың обал-сауабы сіздердің мойындарыңызда болады. Жер мәселесі — алты миллион қазақтың тірі болу не өлі болу мәселесі» — Ахмет Байтұрсынұлы мақаласынан үзінді. 

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, газет — халықтың көзі, құлағы және тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай қажет болса, халыққа да газет сондай қажет. Газеті жоқ жұрт газеті бар жұрттың қасында құлағы жоқ, керең, тілі жоқ, мылқау, көзі жоқ, соқыр секілді. Осылайша ұлт зиялылары баспасөздің тәуелсіздік жолындағы күрес құралы ретіндегі рөлін терең түсінді. Өткен ғасырдың басында жарық көрген ұлттық басылымдар осы мақсатқа барынша қызмет етті. Демек, олардың осы орайдағы маңызын саралап, зерттеп, зерделеу бүгінгі таңда да өзекті.