Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы шайқас
21.04.2025 73

Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы ірі шайқас 1860 жылы 19-21 қазанда Ұзынағаш түбінде және Қарақастек өзені бойында өтті. Үш күнге созылған соғыс тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалды. 


1860 жылдың тамыз айында Циммерман басқаратын әскери топ Шу бойындағы қоқандықтардың екі бірдей Тоқмақ және Пішпек бекіністерін талқандап кетеді. Негізі бұл шайқас 28-30 тамыз күндері аралығында өтіп, бірден Қоқан ханы Мәллебекке ауыр хабар ретінде жетеді.  Қоқан ханын бұл әрекет қатты ашуландырды. Ол  жауап ретінде шұғыл түрде Шу өңіріне қарай Қанағатшаhтың басшылығымен жасақталған 2000 әскерді дереу арада жібереді. Ескертетін дүние, 0алың қолдың негізгі бөлігі Ташкент маңындағы құрама руынан құралған болатын. Қоқан хандығының орталығынан ұзақ шақырымдық жолды тез жүріп өткен Қанағатшаh әскері Пішпек бекінісінен бұрын, алдымен Талас аймағында орналасқан Әулиеата бекінісіне келіп табан тірейді. 

Кей қолжазбаларда бұл оқиға жайлы былай жазылған: «Пішпек талқандалғаннан кейін, 1 айдан соң  Әулиеатаға ташкенттіктер мен құрама рудан құралған 10-15 мындай сарбаз және 600 жалдамалы парсылық әскерді алып, 24 зеңбірегімен Қанағатшаh бастаған әскер келеді. Араларында: Нұрмұхамед күшбегі, Әндіжаннан қырғыз, Әлімбек датқа, Ниязқұл пансат, Керімқұл пансат, Шанышқылы Молда Қожық, Сыздық төре Кенесарыұлы, Ахмет Кенесарыұлы сынды батырлар болады. Қоқан әскері шашасына шаң жуытпай жүріп, 2-3 күнде Шымкентке жетіп, 2 күн ат суытқан соң, тағы бірнеше күннен кейін Әулиеатаға келеді, онда 6 күн демалып, тағы 6 күннен кейін Пішпекке табан тіреді. Бұл жерде де 6 күн әзірлік жасап, жолға шығады. Шу өзені бойына екінші күні жеткен қоқандық әскер Ташкенттен Жетісуға жету үшін шамамен жарты айдан аса жол жүрген». 

Қанағатшаh өз әскерімен Талас өзенінің бойындағы Әулиеата бекінісіне келгенде, сол сәтте бекіністі Шәдібек есімді комендант басқарып тұрған еді. Паруанбасы Әулиеатаға келісімен-ақ, Талас бойында көшіп жүрген Ұлы жүздің ең ықпалды билерін шақыру үшін өз қарауылдарын жіберіп, оларды бекініске жинауға пәрмен береді. Жиынға шақырылған билердің барлығы Қанағатшаhтың орыстарға қарсы жасайтын әскери қимылдары туралы ақпарат алу үшін келіп жиналады. Қанағатшаh бұл жиналыс барысында Шымыр елінен 310 жігітті өздерінің ат-көліктерімен бірге жорыққа қатысуға жұмылдыруды тапсырды. Сонымен қатар, Бестерек руы 50 сарбазды береді деп шешілді, ал Жаныс руы орыстарға қарсы жорыққа 300 сарбазын аттандыруға келісім берді. Барлық сарбаздардың өздерімен бірге жеке ат-көліктері болуы тиіс болды, себебі әскери сапардың ауыртпалығы мен ұзақтығына байланысты көлікпен жабдықталған сарбаздар маңызды рөл атқарады деп есептелді.

Әулиеата бекінісінен шыққан соң, Пішпекке жеткен Қанағатшаh өз әскерін қазақтар мен қырғыздарды қолдарына қару алып, мұсылман әскеріне қосылуға шақыру үшін үндеухаттар тарата бастайды. Қанағатшаh атынан жазылған осындай бір үндеухат көптеген билер мен батырларға, оның ішінде Диқанбай, Керім, Әшекей, Андас, Сұраншы, Дәуітбек, Сәт, Нарбота, Тойшыбек, Жарғақ, Кебек, Жайнақ, Әділбек, Байсерке, Әліш сияқты тұлғаларға арналып жазылған. 

Бұл үндеухатта: «Барлық Дешті-Қыпшақ мұсылмандары, жорыққа дайындалып, біздің қатарға қосылыңдар! Әрбіріңіздің еңбегіңіз бағаланып, Қанағатшаh сіздерді сый-құрметке бөлейді, мал-мүліктеріңізге ешкім қол сұқпайды, ислам әскерінің ілгері жылжуы, Іледен асып өтіп, мұсылмандарды қорғайтын болады» делінген. Осы әскери дайындық кезінде Ұлы жүздің билері мен байлары, әсіресе Талас және Шу аймақтарында орналасқан, барлық қиындықтарды өз мойындарына алған. 

Мысалы, мұрағат деректерінде «Қасқарау елінің биі әрі батыры Керім Майлыбайұлы қоқан әскеріне 310 жылқысын көлік ретінде және 1000 қойын азыққа берген, ал Жаныс руының байы Әлдекен бірнеше қазақ сарбазын жеке қаржысымен қару-жарақ және қажетті заттармен қамтамасыз еткен» деп көрсетілген. Әулиеата бекінісінен шыққан Қанағатшаh бастаған қоқан әскеріне Шапырашты Сұраншы батыр 300 сарбазымен қосылады, ал одан соң Қанағатшаh әскерінің бағыты Қастек бекінісіне қарай бағытталады.

Бұл қақтығысқа орыс патша әскерлері де қызу дайындық жасады. 1860 жылдың 18 қазанында Қастекте 4 рота, 4 казак жүздігі, 3 ауыр зеңбірек, 4 жеңіл зеңбірек, Саурық қорғанында 1 рота және ракетті станок, Ұзынағашта 1 рота 1 казак жүздігі және 2 жеңіл зеңбірек, Қаскелеңде казактардың жарты жүздігі, Алматыда 2 рота және казактардың 1 жарым жүздігі, Іле бекінісінде 1 рота 1 казак жүздігі және 2 зеңбірек орналасты. Шайқас барысында орыс артиллериясын штабс-капитан Обух басқарды, ал ракеталық станоктар поручик Вроченскийдің бақылауына берілді. Қастектегі алдыңғы отрядқа майор Экеблад басшылық жасады. Орыс әскерлерінің құрамында подпоручик Курковский, есаул Бутаков, поручик Соболев, хорунжий Ростовцев, подпоручик Сярковский, Шанявский, есаул Усов, сотник Жеребятев, подполковник Шайтанов және басқа да көптеген тәжірибелі офицерлер болды. Ұзынағаш шайқасына полковник Колпаковский басшылығымен 4 зеңбірек және 2 ракеталық станогы бар 3 рота жаяу әскер, 400 казактан құралған 799 адам қатысқан.

Қанағатшаh басқарған қоқандық әскерінің саны туралы әртүрлі деректер бар. В.Е.Недзвецкийдің айтуынша, қоқандықтардан 12 мың әскер, 10 мыңдай қазақ қосылған, барлығы 22 мың әскер Қанағатшаhқа бағынған, ал 2 мың адам бөлек қимылдаған. І.Жансүгіров дулаттардан 1000-нан аса жігіт көмек бергенін атап өтеді. Ал соғыстың куәгерлері арасында кездескен мәліметтерге сәйкес, қоқандықтардың жалпы саны 22 мың болған, оның ішінде 1000-ға жуық сарбаз жалдамалы жаяу әскерлерінен құралған. Мысалы, П.Пичугин өзінің жинаған барлық куәлендірілген мәліметтерін сараптап, олардың негізінде «бізге қарсы шыққан барлық жауларымыздың саны 22 мыңға дейін жеткен», - деп қорытынды жасаған. Оның айтуынша, осы әскердің 20 мыңы тікелей Қанағатшаhтың басшылығына бағынған, ал қалған 2 мыңы өздерінше соғысқа араласқан. 

Ұзынағаш түбіндегі шайқас барысында патша әскерлері жасырынып, ал қоқандықтар ат үстінде белсенді әрекет етті. Осылайша, орыс әскерінің артиллериясы шайқастың шешуші күші ретінде байқалды. Бұл шайқаста қазақтардың ерлігі ерекше болды. Қоқандықтарға қарсы шыққан қазақ-қырғыз қолын Сыпатай батыр, Сыздық төре, Керім батыр, Диқанбай батыр, Қырбас батыр, Сұраншы батыр, Байсейіт батыр, Шаян батыр, Арыстан батыр, Ақмолда батыр, Жантай манап, Байзақ, Батырбек, Момынбек, Қожабек датқалар басқарды. П.Пичугиннің жазбаларына сәйкес, қырғыздың атты әскерінің саны 3000 шамасында болған және солто руынан Іледен қуылған Тойшыбектің ұлы Байсейіт бастаған әскер ұрысқа қатысқан. Бұл мәлімет Байсейіттің Ұзынағаш шайқасында қазақтармен бірге қырғыз сарбаздарын да басқарғанын көрсетеді. Байсейіттің қолбасшылығымен қырғыздар мен қазақтар арасындағы ынтымақтастық айқын көрініс тапты.

Ұзынағаш шайқасында қоқандықтар мен орыс әскерлерінің шығындары туралы әртүрлі деректер кездеседі. П.Пичугиннің мәліметтері бойынша, қоқандықтардан төрт жүз адам қаза тауып, алты жүзі жарақат алған, ал орыс әскерінен екі адам қаза тауып, отыз екі адам  жарақат алған.

Шайқас аяқталғаннан кейін, Колпаковский үкімет орындарына қоқандықтар туралы келесі мәліметті берген: «1860 жылдың қазанында қоқандықтар үндеу хаттары арқылы орыстарға қарсы бүкіл Орда мен шапыраштыдан шыққан Сұраншы мен Андас, ботбай руынан белгілі би, прапорщик Диқанбай, қасқараулық қазақ батыры Шаян, қасқараулық би Керім және басқа да ықпалды тұлғалар қоқандықтар жағында шайқасты».

Қоқан мен орыс әскерлері арасындағы бірнеше күнге созылған ауыр қақтығыс қоқандықтардың жеңілісімен аяқталды. П.Пичугин 1872 жылы осы шайқасқа қатысты былай деп жазды: «Қоқандықтар бұл шайқаста толық жеңілген жоқ, тек олардың алғашқы шабуылы тоқтап, көп шығыннан кейін қайтадан шабуыл жасауға батпағанын, өз еріктерімен шегініп, жеңілгендерін мойындағанын көрсетті». Сомен, 1860 жылдан бастап Жетісу өңірінде орыс ықпалының орнығуы басталды.