Қатаң соғыс кезеңі, идеологиялық қысым, көптеген мәселелердің екіұшты жағдайында мұндай жұмыс атқарудың зор мәні болды. Авторлық ұжым интернационалды сипатта болды. Оған А. Баевский, Е. Бекмаханов, А. Бернштам, М. Вяткин, Б. Греков, Н. Дружинин, Н. Тимофеев, А. Якунин, М. Әуезов, Е. Ысмайылов, С. Мұқанов және басқалар атсалысты. Кітаптың Кенесары Қасымұлының қозғалысы туралы жазылған 14-ші тарауы ғылыми ортада үлкен сілкініс тудырды. Авторлардың бұл қозғалысты озық ұлт-азаттық қозғалыс деп бағалауы өткір пікірталастардың басталуына себеп болды. Кейбір пікір айтушылар оны Қазақстан тарихын талдауды қалыптастырудағы алғашқы және сәтті талпыныс еп есептесе, екіншілер оны "Ресейге қарсы ұлттық көтерілісті дәріптеген орысқа қарсы кітап" деп қабылдады. Кітап қазақ халқының тарихын зерттеудің бастауы болды, ғылыми ізденіске, пікірсайысқа, тарихи дереккөздер аясының кеңеюіне жол ашты.