Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: Елтаңбамыз жаңғырып, жаңа стандартқа ауысты

3061
Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: Елтаңбамыз жаңғырып, жаңа стандартқа ауысты - e-history.kz
Елтаңбада бейнеленген әрбір символ сәулеті жағынан да, мағына жағынан терең ұғымға ие. Ұлттық құндылықтарымызды да ескердік. Қазақтың киіз үйінің атауларын бердік.

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері. 25 жыл: қолдануының тәжірибесі мен тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараға ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков ағамыз да қатысты. Конференция барысында орайын тауып, ағамызға жаңа стандартқа ауысқан елтаңба жайында бірнеше сауалымызды қойып үлгердік.  

-   Жандарбек аға, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының  жаңа стандарты бекітілді. Қазіргі елтаңбаның бұрынғы нұсқасынан айырмашылықтары қандай?

-   Соңғы кездері көпшілік елтаңбамыздың жаңа нұсқасы деп жатады. Жаңа нұсқа, жаңа стандарт деген кезде елтаңбаның бұрынғы нұсқаларының ешқайсысы да өзгермейді. Өйткені ол Қазақстан заңдылықтарымен бекітілген. Сондықтан да елтаңбамыздың пішіні болмаса түр-сипаты өзгермейді. Онда белгіленген нышандарда алынып тасталмайды. Бәрі өз қалпында сақталған. Кейінгі өзгертілген стандартта жаңадан атаулар берілді. Сол атаулардың өлшемдері мен көлемдері өзгертілді. Қазіргі стандарт бұрынғыға қараған кезде жаңа технологиялық  әдістермен жаңа 3D-модельдік жүйенің пропорциялық өлшемдері негізінде автоматтық өңдіріс әдісімен жасалды. Яғни бұл дегеніміз елтаңбамызға алғаш рет цифрлы-компьютерлік жаңа технология пайдаланылды деген сөз.  Сол құрылғы арқылы елтаңбаның алтын түсі мен көк түсін мейлінше анық қылып шығардық.  Бұрындары елтаңбаны жасау кезінде қолға ұстайтын метр-миллиметр өлшемдерін пайдаланушы едік. Бұл жолы барлығын компьютерлік жүйе өзі  өте дәлдікпен өлшей алады.  


Елтаңбаның өзгеріске ұшыраған тұстары жайында айта кетсем, бұрынғы елтаңбада элементтер атаулары болмайтын болса, жаңа стандартта  барлық белгілер мен атрибуттарға 40-тан астам атаулар беріп, соларды енгіздім. Екінші ретте өзің қараған жаңа стандарттағы елтаңбадағы «Қазақстан» деген жазудың бұрындары шрифтілері сәл жіңішке болатын. Қазіргіде ол шрифтілер толығырақ етіліп көрсетілген. Оның ар жағындағы фон бұрынғы елтаңбада білінбейтін болса, қазіргіде бірнеше алтын түспен жалатылып, фон ерекшелік беріп көрсетілетін болды. Дәл сол сияқты елтаңба астындағы қошқар мүйіздер мен тұлпарлардың мүйіздері, сондай-ақ шаңырақтың төр көздері өлшемдерін өзгертті. Бұрынғы елтаңбада бес бұрышымыздың биікітігі сәл төменде орналасқан. Қазіргі елтаңбада биіктігі сәл жоғарылап, көзге анық көрінетіндей етіп жасалды. Сондықтан бұрынғыға қарағанда елтаңбамыздың көрінісі өзгермейді, бірақ электронды жүйемен жасалғандықтан кейін оның қазіргі келбеті басқаша болып қалыптасады. Сондықтан қазіргі алтын түс, көк түс өз реңдерінде қалады. Елтаңбамыз осылай жаңғырып, жаңа стандартқа ауысты деп айтсақ та толық негіз бар. 

-   Мемлекеттік рәміздердің бірі елтаңбаны жаңғыртуға не себептер түркі болып отыр?  

-   Осы уақытқа дейін Мемлекеттік Елтаңбаның қатаң стандарты болған жоқ. Осыған байланысты көптеген лицензиясы жоқ компаниялар мемлекеттік рәміздерді дайындау фактілері орын алды. Олар елтаңбаның әрбір нышандарының дұрыстығына, олардың түстері мен реңктеріне мән бере қоймайды. Сондықтан да өзімнің жекетшілігіммен және Метрология және стандарттау комитетінің мамандарымен бірлесіп өндіруші компания арасында бірлескен жұмыстар жүргізілді. Әсіресе елтаңбаның жаңа стандартын өңдіріп шығарып отырған «Мекен KZ» компаниясының ұжымының мамандарының қажырлы еңбектерін айта кеткеніміз жөн. Оларға өз атымнан ризашылығымды білдіремін. 


Жоғарыда айтқан комитет және компания бірлесіп 7-8 жұмыстар атқардық. Елтаңбаның барлық элементтері қайтадан мұқият қаралып, элементтердің үлгісін жасау үшін барлық өлшемдер жүргізілді және қосалқы элементтердің атауы жасалды. Осы бойынша жаңадан дайындалан елтаңба өткен жылдан бастап қолданысқа берілмекші болған. Бірақ  лицензиясы және қаржыға байланысты 2017 жылға шегеріліп қалды. Жаңа стандартты 2014 жылы қабылдағанбыз.  

-   Қырықтан астам символдарға атаулар бердім дедіңіз. Ұлттық құндылықтарымызды танытатын атаулар да арасында бар шығар. 

-   Елтаңбада бейнеленген әрбір символ сәулеті жағынан да, мағына жағынан терең ұғымға ие. Ұлттық құндылықтарымызды да ескердік. Қазақтың киіз үйінің атауларын бердік. Мәселен уықтар, кереге, шаңырақ, желбаудың сақинасы, кереге басы, басқұр, шаңырақтың төбесі, уықтың қаламұшы, желбау, киіз үйдің маңдайшасы, шаңырақтың тоғын белгісі.  Осы тәрізді тағы да күлдіреуіштер, желбезектер, жота, кірме буындар, буын, масақ, тұяқ, сатылы асулар, белестер белгісі деген атаулар бар. Оның сыртында өздерін естіп жүрген бес бұрышты жұлдыз, «Қазақстан» жазуы, қошқар мүйіз өрнегі, тұлпар, аттың жалы тағы басқа атаулар. Осы тәрізді әр қайсысының өз мағынасы бар символдар ерекшеленді. Осы атаулар негізінде кітап жазып шығардық. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарымен бірігіп. Осындай ерекшеліктер мен жаңа стандартқа көше отырып, біздің елтаңбамыз тарих жағынанда, мән жағынан да біздің дәстүрімізді насихаттау жағында қазақша күш алды деп ойлаймын. 

-   Биыл ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерейтойы. Рәміздер күніне және атаулы мерейтойға орай айтар тілегіңіз?

-   Қазақстан халқын рәміздердің 25 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, елтаңбамызға, жалауымызға, әнұранымызға жаңа ғасырдың, жаңа белестердің жетістіктері ортақ болсын. Рәміздеріміз жастарымыздың патриоттық тәрбиелеу үшін алға жылжып биіктен көріне берсін. Көк туымыз әрқашан биіктен қалықтап, әнұранымыз бен елтаңбамыз елдігіміздің биік тұғырынан биіктей берсін.

-   Сұхбатыңызға рақмет

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?