Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаржаубай Сартқожаұлы: Байырғы түрiк кешендерiн монғолдар күнi бүгiнгi дейiн Ұлылар орны (Улухын орон) деп атайды

249
Қаржаубай Сартқожаұлы: Байырғы түрiк кешендерiн монғолдар күнi бүгiнгi дейiн Ұлылар орны (Улухын орон) деп атайды - e-history.kz

Тамыз айында есімі түркі әлеміне белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, тарихшы-қаламгер, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ғалымның артында қаншама мұрасы қалды. Бітік тастың білгірі атанған ғалыммен үстіміздегі жылдың сәуір айында сұхбат алған алған едік. Сұхбаттың алғашқы бөлігін тамыз айында Qazaqstan tarihy порталына «Қаржаубай Сартқожаұлы: Мәтін – бұл тарихи дерек» атты тақырыппен жариялап едік. Екінші бөлігін қысқартып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

- Қаржаубай аға байырғы түркілердің киелі орындары туралы баян етсеңіз. Түркілердің тарихи орындары туралы алғашқы мәліметтерді кімдер қалдырды? 

Орталық Азия аймағында орналасқан байырғы түрiктердің тарихи-мәдени мұралары ежелгi дәуiрден түрiк тектес тайпалар мен әр замандағы түрiк қағанаттарының автохтонды /тұрғылықты/ мекенi болған Қазақстан, Монғолия, Шығыс ТүркiстанҚытай, Сiбiр /Алтай, Хакас, Тува/, Қырғыз жерiнде мол сақталған. Дәлiрек айтсақ, Еуразияның шығысы - Кянган жотасынан батысы - Қырым, оңтүстiк шығысы Қытайдың Аққорғанынан түстiгi - Лена өзенiне дейiнгi Еуразияның алып аймағына орналасқан. Оларды зерттеу XVII ғасырдың 20-жылдарынан басталды. Археологиялық және эпиграфикалық алғашқы зерттеулердi Д.Г.Мессершмидт, Ф.И.Страленберг жүргізіп, 1729-1730 жылдар аралығында тас бетiндегi жазуларды, суреттер мен сынтастарды, құлпытастарды, мүсiнтастарды, молалар мен киелi орындарды /шарбақтас/ өздерінің ғылыми зерттеулерiнiң объектiсiне айналдырды.

Киелi орындарға байланысты алғашқы мәлiметтi Д.Г.Мессершмидт 1721 жылы хабарлаған. Енисей губерниясының Знаменка қыстағы маңынан табылған орынды "бектер қабiрi" деп атады. 1865 жылы В.В.Радлов Ресейдің Алтай жерiнен он екі нысанды: Оңгудайдан төрт, Қосағаштың Тобожок бұлағы мен Чүй даласынан төрт, Қатандыдан төрт киелi орынды қазды. Бұлар кезiнде "қабiр" деп танылды. 1911 жылы А.В.Адрианов Шығыс Қазақстанның Қарақаба деген жерінен 3-4 шарбақтас қазып, оны да "қабiр" деп атады.

Cұхбаттың басы: Қаржаубай Сартқожаұлы: Мәтін – бұл тарихи дерек

Бұл зерттеушiлерден кейiн алғаш рет Орхонға келiп Күлтегiн, Білге қаған киелi орындарын тауып, белгiсiз жазулар жазылған ұстын туралы мәлiмет жеткiзген зерттеушi Н.М.Ядринцев. Ол 1889 жылғы 31 тамызда жазған есебінде құпия жазу ескерткіштерін ”жалпақ қабiр”, ”жалпақ тасты төрт бұрыш қабiрлер” деп атады. Осыдан кейiн орыс саяхатшысы Д.А.Клеменц байырғы түрiктердiң қалдырған киелi орындарын "бектер қабірі" (княжеские могилы) деп танып тарих ғылымына енгiзiп жiбердi. Көшө-Цайдам кешенiн көзбен көрiп, қолмен ұстап, қазба жұмысын жүргiзген О.Гейкель мен В.В.Радлов мүлдем басқаша пiкiрде болды. О.Гейкель 1891 наурыз айының аяғында Көшө-Цайдам экспедициясының қысқаша есебін жариялады. Күлтегiн ескерткiшiндегi Қытай мәтiнiн орыс синологы П.С.Поповқа алғашқы шартты аудармасын жасатып, кешеннiң кiмге арналғанын бiрiншi рет дәл анықтады. Осы ғылыми баяндауында О.Гейкель: "Қайтыс болған Цюетэлэ жатқан үйінді қираған храмның орны болуы мүмкiн. Ол қытайлықтардың құрылыс технологиясымен кірпіштен тұрғызылған сыңайлы"-деген. Ал В.А.Радлов Көшө-Цайдамдағы бiр шарбақтас тұрған орын мен Күлтегiн, Білге қаған кешендерi орналасқан үйіндіні қазып, қабiр орнын iздейдi. Алайда адам жерленген қабiрді таппайды. Осыдан кейiн ол: "Қайтыс болған түрiк ақсүйектерiне арналған кешенге олардың сүйегі қойылмаған. Ас берiп тойлау үшiн ерекше ескерткiш қабiрден алыс бөлек жерге арнайы тұрғызылған" деген қорытынды жасайды.

1912 жылы Монғолияда болып Орхондағы ескерткiштердi көрiп, Күлтегiн кешенiне қазба жұмысын жүргiзген В.Л.Котвич 1924 жылы Онгин ескерткiшiнде болып, Тул өзенi бойындағы түрiк кешендерiне зерттеу жүргiзген археолог П.K.Козлов Д.А.Клеменц пiкiрiн қолдап, кешендерді бектер қабiрi ("княжеские могилы") деп атады. П.К.Козлов экспедициясына қатысып, бiрге болған тiлшi, тарихшы ғалым Б.Я.Владимирцев те Монғолиядағы байырғы түрiк кешендерiн "бектер қабірі" деп танып, оның типологиялық схемасын жасаған. 1933 жылы Ресейдiң Д.Д.Букнич бастаған топырақтану-гидротехникалық және археологиялық зерттеулер жүргiзетiн отряды Монғолияға келiп Қарақорым, Қарабалғыс /Орду-балық/, Хадасан, Цаган-байшин сияқты қалалар мен көптеген қабiрлердi, молаларды зерттейдi. Д.Д.Букнич Күлтегiн, Білге қаған кешендерiмен қоса олардың маңына орналасқан шарбақтастарға да қазба жұмысын жүргiзедi. Нәтижесінде: "Радловтың ұсынған пiкiрi дәлелдендi. Көшө-Цайдам кешендерiнде қабiр болмаған. Сол заманда қайтыс болған билiк иелерiне арнап орнатқан ескерткiш", - деген тұжырым жасайды.

1958 жылы Көшө-Цайдамдағы Күлтегiн кешенiне толық археологиялық қазба жұмысын жүргiзiп, кешен алаңын түгелдей тазалап қазып шыққан Монғол-Чех археологиялық экспедициясының жетекшiлерi Сэр-оджав, Л.Ийсл: "...ас берiп, дiни той өткiзiп, құрбандық шалу үшiн тұрғызылған ескерткiш орны" деген тұжырымға келеді. 

Сөйтіп, ғалымдардың пiкiрi осылайша екi топқа бөлiндi. Д.А.Клеменцтiң пiкiрiн ұстанған ғалымдар байырғы түрiк кешендерiн "қабiр" деп тауып, оған қойылған ұстындағы жазуды "эпитафия" /қабiр құлпытасындағы сөз/ деп атады. Осы пiкiрге орай байырғы түрiктердiң рухани әлемiне байланысты терiс ғылыми түсiнiк қалыптасты.

Күлтегiн кешенiнің алаңы тазаланып, толық қазба жұмысы жүргiзілгеннен кейiн әлем зерттеушiлерi ойлана бастады. Оңтүстiк Ресей даласындағы орта ғасырлық қыпшақ мұраларын С.А.Плетнева шiркеу ("святилища") деп атады. Новосiбiрлiк Д.В.Кубарев соңғы жылдарда жүргiзген далалық экспедиция тұжырымдары мен қорытындылары және қазба жұмыстарына сүйене отырып А.О.Гейкель, В.В.Радлов пiкiрiне жүгiндi. Ол 1979 жылдан "бектер қабiрi" дегеннiң орнына "ас беру кешенi" /поминальные сооружения деп атаса, Ю.С.Худяков Д.А.Кубаревтiң пiкiрiн қолдап, В.П.Костюков, В.В.Войтов "поминальный комплекс", "культово-поминальный", "поминально-ритуальный комплекс" деп атай бастады. 

Осылайша әлем ғалымдарының екi жарым ғасыр жүргiзген зерттеулерi байырғы түрiк кешендерiнің "қабiр" еместiгiн дәлелдедi. Енді оған жаңа атау қажет еді. Соңғы отыз жылдан берi Ресей зерттеушiлерi археологиялық айғақтарды сiбiрлiк "шаманизм" /шартты түрдегі аталуы/ наным-сенiмдерiн тұтынатын түрiк халықтарының дәстүр-салтымен салыстыра келiп, оларды марқұмның жетiсiн, қырқын, жылдығын өткеріп, ас беру кезiнде жасалатын жора-жосынға арналған орын деген түсiнiкке табан тiреді.

Алайда сiбiрлiк халықтардың тұтынып отырған тәңiрлiк жора-жосыны байырғы түрiктердiң империялық кеңiстiкте тұтынған, қолданған дiннiң /наным-сенiм емес/ жұқанасы ғана екенін түсінуіміз жөн. 

Империялық кеңiстiкте қолданылған ол дәстүр-салт, жора-жосындар әбден көмескiленген. Басқаны айтпағанда тұтынып отырған дiнiнiң атына дейiн мүлдем ұмытылған. Сондықтан да сiбiрлiк халықтардың тұтынып келген жора-жосынын, жекелеген элементтердің сақталғанына қарамастан, байырғы түрiктiк жора-жосынға тура телуге келмейді.

Байырғы түрiк кешендерiн монғолдар күнi бүгiнгi дейiн "Улухын орон"/Ұлылар орны/, "Ихсийн орон" /Ұлылар орны/, М.Қашқари де "Оrun" /Орын/ деп атайды және оған сыйынып, тәу етiп құрметтеп отырады. Бұл сонау түрiк заманынан берi ол маңнан шырақшылардың кетпей, аруақты құрметтеп, киелi орынды пір тұту дәстүрінің үзілмей келгенiне анық дәлел. Барлық түрiк халықтарында /"uluγ", /ұлы/ "Orun" /киелi, аруақты/ деген мағына бередi. Олай болса, осы атамекендерінде тұрақтап қалған көне түрiк ұрпақтары кейiн монғолданып, ассимилияцияға ұшыраса да аруақтарға тәу етер орындарының атауын ұмытпағаны байқалады. М.Қашқариде бейітті ”qara orun” (қара орын) деп атаған. 

Байырғы түрiк мұраларын зерттей отырып, жоғарыдағы ғалымдардың да еңбектерiн сараптап, монғол жеріндегі түрік кешендерін ”киелі орын” (yduq orun) деп атауды дұрыс көрдік.

Зерттеушiлер бүгiнге дейiн сол киелi орындардың /кешендердiң/ мүсiнтастарын бiр бөлек, ұстынын тағы бөлек, ал кешен аллеясын басқа мұралардан бөлiп қарап келдi. Біз байырғы түрiк кешендерiн бiртұтас жүйе ретінде танимыз. 

- Байырғы түрiк жазуын «руника» деп атаймыз. Бұл жазуды түркітанушы ғалымдар алфавиттік жазу деп мойындады. Өзіңізде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты еңбегіңізде осынау алфавиттік жазу туралы кеңінен тоқталып өттіңіз. Ендеше осы тарихи жазудың алғашқы зерттеушілері кімдер?  

Н. Ядринцев, А. Гейкель тұңғыш рет Орхондағы үлкен ұстындарды қолмен көшірді. В.В. Радлов қолмен көшірумен қатар оның эстампажын жасады. Бұл ғалымдардың Орхон ескерткіштеріне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Әлем түріктанушыларды осы көшірмелерді пайдаланып келеді. Бұлардан кейін Білгеʓ қаған, Күлтегін мәтіндерімен арнайы қайта жұмыс жасаған зерттеушілер болған жоқ. Ол кезде таңбалардың мәні анықталмаған еді. Сондықтан түпнұсқадан біразын қате көшірген.

В.В. Радлов, Г.И. Рамстедт, Л. Котвич қолмен көшіре отырып эстампаж алған. Олар көбіне соған ғана сүйенгендіктен төмендегідей қателіктерге ұрынған:

Эстампаждағы мәтінді өңдеген кезде 1 мм-ден төмен тереңдікте ойылған немесе қашалған әріп, таңбалар көрінбей қалған. Осындай таңбаларды өңдеп жаңғыртқанда (реконструкция) қате жіберіп алған. Онда:

  1. а) Әріп, таңбалардың сызбаларын жасағанда қателескен.

в) Эстампажға түспеген қолкөшірмедегі өзгеше әріп таңбаларды жаңғыртқанда қате жіберген.

с) Эстампаж бен қолкөшірмеге талдау жасағанда әріп, таңбаларды орнына дұрыс қоя алмаған. 

  1. а) Опырылып түскен ұстындарды қиюластырып қосқан кезде ұстынның ұзына бойына жазылған мәтіндердің жолы ауып кеткен.

в) Мәтіннің жол бойындағы эрозияға ұшыраған, қайта жаңғыртуға мүлдем қолайсыз үзіктерінің орнын, өлшемін дұрыс көрсетпегендіктен, қате аударған.

  1. Дұрыс көшіріп, дұрыс оқылған мәтіндердің түпнұсқасын баспаға дайындаған кезде қате кеткен.

  2. Күлтегін, Білге қаған ұстындарындағы мәтіндердің бір-біріне дөп келетін бөлігін орын-орнына қойып жаңғыртқан кезде түпнұсқада өзгеше жазылған сөз, сөйлемдердің алғашқы орнын дұрыс таба алмаған.

  3. Эстампажға түспейтін, қарапайым көзбен оқуға келетін сөз, сөйлемдер қалып қойған.

  4. А.О. Гейкель нұсқасында ұстын мәтіндері Еуропа адамдарының психология, дағдысына сай соңғы жолдарынан бастап көшірілген. 

  5. Ұстындағы мәтіндерді жасанды түрде кіші, үлкен мәтінге бөліп қарастырған.

Міне, осы іспеттес кемшіліктер мәтінді бұрыс оқуға, оның жүйелік құрылымын байырғы түріктердің жазу стилін бұзуға әкеліп соқты. Бұл қателіктер түпнұсқаның транскрипциясында, аудармасы мен түсініктемесінде толық қамтылғандықтан, оларды қайталап жазуды жөн көрмедік. 

Байырғы түрiк жазуын «руника» (құпия) деп атап келді. Бүгiнде түрiктанушылар бұл жазудың алфавиттiк жазу екенiн бiр ауыздан мойындайды. Жай ғана әріптер тізбегі емес, дыбыс үндестiгiне құрылғандығы, жетiлген алфавит екендiгі, дыбысты белгілеген кескіндері мен таңбалары классикалық алфавит (121) дәрежесiне көтерiлгенi дәлелденді. Сондықтан да біз ежелгі түрiктердiң әлем өркениетiне енгiзген классикалық алфавитiн "Байырғы түрiк бітік" /БТБ/, "Байырғы түрiк алфавиты" /БТБА/ деп, осы алфавиттi жасаушы әрi қолданушы этностың өз атауымен атаған жөн. 

БТБалфавиттiк бітік. Байырғы түрiктердiң сол дәуірде қолданған тілінің дыбыстық айтылым заңдылығына сай жасалған алфавит. Алфавит жасаушылар түрік тілінің табиғи заңдылығын қатесіз дөп басып тани білген. Байырғы түрік тілі дыбыс үйлесім заңдылығы бойынша қалыптасқан тіл екенін жақсы түсінген. Байырғы түрік тілінің 8 дауысты а, е = A; y,i = i; o, u = o; ö, ü = U; 16 дауыссыз дыбысын анықтаған. 16 дауыссыздың b, d, γ, q, l, n, r, s, t, ž/j, сияқты 10дыбысты жуан және жіңішке дыбысталуына сай жеке-жеке графика белгілеп, қалған 6 дыбысты жуан және жіңішке айтылымда бірдей қолданатын ереже жасаған. Осылайша байырғы түрік тіліндегі 26 дыбысты әріп жасаушылар анықтаған.

Байырғы түріктердің дыбыстық алфавит жасағанға дейін буын мәнін беретін жазу қолданып келгенін жоғарыдағы жеті таңба айғақтайды. Бұл жеті таңба ежелгі дәуірде түріктер қолданған буын жазуынан қалған үлгілер. Байырғы түрiк жазба ескерткiштері тiлiнiң таңбалар мәнi бүгiнге дейiн түрiктану ғылымында қалыптасқан фонетикалық транскрипциямен берiліп жүр. Транскрипцияның сол көне тiлдiң дыбысталу ерекшелiгiн толық бере алмайтынын ескерген жөн. Өйткенi, қандай бiр көне тiлде болсын, бүгiнгi тiлдерде болсын, жазба таңбалар сол тiлдiң дыбысталу ерекшелiктерiн толық бере қоймайды. 

Бiз «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты еңбегімізде ескерткiштердiң мәтiнiн транслитерациямен берудi жөн көрмедiк. Себебi, бүгiнге дейін мәтiндердегi әрбiр сөз бен сөйлемдер нақтыланды десе де болады. Әрi, әрбiр түбiр сөз бiрнеше нұсқаларымен белгілі болғандықтан, тым күрделілендiруден бас тарттық. Сондықтан да мәтіндерді транскрипциямен бердік. 

- Орхон жазулары немесе түрік руникаларын аудару ісінде кімдерді атар едіңіз?

Орхон ескерткіштеріндегі байырғы түрік мәтіндерін алғаш рет аударған: В.Томсен, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, С.Е.Малов, Н.Оркун. Олардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Ол заманда түріктану ғылымы жаңа қалыптасып жатты. М.Қашқаридің «Түрік тілдері сөздігі» зерттеушілердің қолына 1930 жылдардан соң тиді. Орхон ескерткіштерін қайта оқып, транскрипция жасап, жаңашасын жасағанда біз мынаны ескердік:

  1. Түрік тіл ғылымының теориясын бағдаршам ретінде ұстандық: :idiqt:aRG (egire toqydy).
  2. Мұндағы «egire» сөзін В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский «опрокинул» (аударып тастады), С.Е. Малов «преследование» (өкшелей қуалап), Х.Н. Оркун «egire» (мәжбүр етті) деп аударған. 

Бұл аудармалардың бір де бірі дұрыс емес. Түрік тілі тарихи фонетикасында екі дауысты дыбыстың ортасындағы -γ, -g дауыссыз дыбыстар түсіп қалатын заңдылық бар. Осы заңдылық бойынша «g» фонемі түсіп қалған кезде екі жағындағы –е, і фонемдері «egir» сөзі «jir (uip)» болып оқылады. Қазіргі қыпшақ тілі тобында «uip»/uipy, қаумалау, қоршап алу деген мағана береді. Ендеше «egire toqydym»-«қаумалап (иіріп) шауып алдым» деп аударылмақ. Ешбір көне сөздікте кездеспейтін біраз сөздер осылайша тарихи грамматикалық заңдылықтарға негізделе, қазіргі қыпшақ тілі тобының лексикасындағы сақталып қалған мағынасына сүйене отырып жаңашаланды. 

2. Байырғы түрік дүниетанымын, наным=сенімін бағдаршам етіп отырдық. М: «Теŋir» (Тәңір) = Бұған дейінгі барлық аудармашылар «көк аспан» деп аударып келді. «Тәңір» - байырғы түріктердің табынатын жалғыз жаратушысы. Тәңір-адамды, табиғатты, жанды-жансыз дүниені жаратушы. «Teŋri teg. Teŋiride žaratmyš Türük bilige qaγan» деген сөйлемді «Небопадобный, неборожденный Бильге каган», Х.Н.Оркун «Göde benzer gökte (mevcud) olmus bilge hakan» деп аударған. Бұлардың аудармасы бойынша «аспан іспеттес, аспаннан жаралған» боп келеді. Тәңір аспан емес. Сондықтан дұрысы «Тәңір бір, Тәңір жаратқан». Байырғы түрік, парсы, қытай деректеріндегі «Нұрдан жаралған» деген секілді. 

Осылайша біраз сөздер мен сөзжасамдар байырғы түрік дүниетаным түсінігімен жаңашаланды. 

3. Байырғы түріктердің этномәдениеті мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрып ерекшілігін ескеріп отырдық. 

«Žaγyz žer» деген тіркесті барлық зерртеушілер «қара жер» деп аударып жұр. Байырғы түрік тілінде «qara (қара)» сөзі бола тұрып неге «žaγyz» деп алған? Олардың түсінігінде Жер-ана (умай), жер қасиетті (yduq žer). «Qara» -жағымсыз сөз. Қара-қарғыс, қара-жамандық. Қарғыс айтқанда қара лақ (қара ешкі) атап сояды. «žaγyz» қоңыр деген мағынаны білдіреді. Қазір де бұл түсінік жерге байланысты сақталып отыр. Бай-қоңыр (Байқоңыр), Қоңыр әулие, қоңыр өлең т.с.с. Дей тұрғанымен бүгінгі қазақ тілі нормасына сай «төменде қара жер» - деп аудардық. Біраз сөз, сөйлемдерді көне палеоэтнографияның ерекшіліктерін бұзбай осылай аудардық. 

4. Ешбір көне сөздікте кездеспейтін атауларды дұрыс аударудың мүмкіндігі ұстын тұрған орынға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгеннен кейін туды. Тэс, Теркин ұстындарында «čyt tikdi». «Čyt» сөзін С.Е.Малов «забор, стена», G.J.Ramstedt «какое-то одно казначейство», С.Г.Кляшторный «стены», «забор», А.Н.Кононов «забор» деп аударып келген.  Тэс, Теркин ескерткіштерінің орнындағы үйілген топыраққа жүргізілген қазба жұмыстары «čyt» сөзінің ешқандай «забор» (дуал), «стена» (қабырға) немесе «қойма» да емес екеніне көз жеткізді. «Čyt» хан ордасын тігуге жасалған арнайы орын (фундамент, насыпь). Хан ордасын олар арнайы құм, топырақ төгіп, 2-3 м биіктетіп барып, үстін тегістеп, оны қима шыммен жабады. Міне, осы орынға хан ордасын тігеді. Оның айналасына уәзір, қолбасшы және басқа нөкерлерінің үйі тігілетін болған. Хан ордасы алыстан айбынданып ерекше көрінген. Міне, осы фундамент орынды байырғы түріктер «čyt» деп атаған. 

5. Түрік қағанатының мемлекеттігін айқындайтын саяси атаулардың мағынасын анықтадық. 

Еуразия көшпелілерінің байырғы тарихын, тілін, мәдени мұрасын зерттеген еуропацентризм идеясын ұстанған Еуропа және батыс ғалымдары Түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы жетілген толыққанды империя, мемлекет болғанына күмәнданып, жоққа шығарып келді, М: tör-закон, bujruq-приказчик, el-союз племен т.т.с.с. деп аударылып келді. Байырғы түріктердің сөз қолданым, сөзжасам заңдылықтарына сүйене отырып бұл атаулардың tör-өкімет (власть), еl-eл, мемлекет, bujruq - қолбасшы деп аударылғанын жөн деп санаймыз. Осылайша, байырғы түрік мәтіндерінің жаңа аудармасы олардың (байырғы түрік) тілін, тарихын, палеоэтнографиясын, философиясын (дүниетаным), археологиясын зерттеген ғалымдардың жетістіктеріне әрі байырғы түріктердің дүниетанымына, тілінің заңдылығына сүйене отырып жасалды.

- Көк түріктердің басты дүниетанымы, наным-сенімі туралы сөз етсеңіз. 

Байырғы түрік алфавитін (графиканы кiмнен алғанына назар аудармастан) түрiк тiлiнiң табиғатына соншама дәл үйлестiрiп, фонемдер мен аллофондардың айырымдарын дөп басып тауып, шығармашылықпен орындағанына түріктанушылардың біразы таңданумен болса, енді бір тобы жоққа шығарумен келді. 

Санкт-Петербург зерттеушісі Л.Ю.Тугушева «...түрік тіліне негізделмеген, басқа жат тілдің фонетикалық жүйесіне ыңғайланған тым көне (реликт) графикалық жүйені пайдаланған» деген тұжырым жасаған. Байырғы түрік графикасын түріктік мәдениетті, түріктік дүниетанымды тұғыр етіп, түрік тілінің фонетикалық жүйесіне негіздеген. Бұл дүниетаным, бұл жүйе Л.Ю.Тугушева ханым үшін «иной» (жат). Өйткені байырғы түрік әлемі бүгінгі еуропалықтар үшін бөгде және соншалықты жат екені де рас. 

Басқалардың (Азиялық көшпелілер тарапынан қарағанда) көзін қызартып, қызғанышын тудырған, біреулерді таңқалдырып, тамсандырған жетістікке түріктер қалай қол жеткізген? Бұның құпиясы байырғы түріктердің бөгү (тәңірлік) дінінде, оның дүниетанымында жатыр. Байырғы түрік тілінің фонетикасы осы философиялық дүниетаным жүйесі арқылы қалыптасқан, оның графикасы да солай жасалған. 

«Құран кәрiмнiң» 51-сүресiнiң 49-аятында: «Бiз әр затты жұбымен жараттық. Мүмкiн Сiздер ойланып көрерсiздер» - деп көрсетсе, түрiктер IХ ғасырда өздерiнiң дүниетанымын "iki jyltyz" /Екi негiз/ деп атапты. /120. 157-159/. Бұл арада ескерте кету керек. 

«Екі негіз» түркілерге манихей діні келмеген. Керісінше түркілердің әлем жаратылысына байланысты түсінігін манихей дінін жасаушылар өз діндеріне қабылдаған.

Бұдан 30-40 мың жыл бұрын Кіндік Азиядан Америка құрылығына қоныс аударған үндістердің де күні бүгінге дейін Бөгү (тәңірлік) діннің "екi негiз" iлiмiн ұстанатынын зерттеушiлер, ғалымдар дәлелдеп отыр.

"Екi негiз" ұғымы – байырғы түріктердiң әлемдi түсiну философиясы. Көне түрiктер пайымында әлем аталық пен аналықтан тұрады. Аталықтың көктегi символы - күн, аналықтың символы – «ай», жердегi аталықтың символы – тау, аналықтың символы – су. Бұлардың үстiнде "Тәңiр", жаратушы күш бiреу ғана, ол ұлы Тәңiр деп түсiнген. 

Аталықтың таңбасы, жаратушы Тәңiрдiң жiберген елшiсi – ”Тәуешкі (тауешкі)” аналықтың таңбасы – «көк өгiз», және айдаhар. 

Бұндай дүниетанымды зерттеушiлер "аңыз" /миф/ ретінде қабылдайды. Бұл жүйе қытай нұсқаларында ашина, ашидэ деп белгiленген. Байырғы қытай философиясындағы "Инь" мен "Янь" ұғымына ұқсас. Еуропа түсiнiгiнде дуализмге келеді. Еуропа философиясы бойынша болмыс немесе құбылыс, зат қарама-қайшы бір-біріне бағынбайтын тең құқықты екі болмыстан тұрады, және олар өзара бәсекелестiкте, бiрiн-бiрi жоққа шығару арқылы дамиды. Ал шығыс халықтарында, соның iшiнде байырғы түрiктер дүниетанымында жоғарыдағы екi ұғым бiр біріне сүйу, демеу болып, бiрiн-бiрi толықтырады. 

Тарихи дереккөздердегi аталуы мен бүгiнгi қазақ тiлiнiң қолданыстағы формасын /мәндiк және формалық/ салыстыра отырып, философиялық бұл қос ұғымның аталық бұтағын "амал", аналық бұтағын "бiлiк" деп әуелгі қалпына келтіргенді жөн көрдік. Түрiктер "екi негiздiк" дүниетанымды ұстана отырып, түрiк әлемінiң барлық болмыс - бiтiмiн осы жұптық жүйеге бейімдейді. Түріктердiң мемлекет жүйесiндегі төлес пен тардуш /сол және оң/ қанат; басқару жүйесiндегі явғу мен шад; қоғамдағы иерархия, моральдық нормадағы бөд пен ұмай; музыкадағы қос iшек; әдебиеттегі /поэзиядағы/ қос ұйқас (ежелгi түрік өлеңi қос жолдан құрылған); сурет өнерiндегi аталық және аналық символдар; ауыз екi сөйлеу және графика жүйесiндегi дыбыстың (қатаң, ұяң) үйлесімі мен консонантизмi т.с.с. өмiр мен өлiм арасындағы болмыс пен құбылысты "екi негiзге", оның амал мен бiлiк жүйесiне негiзделгенін көрсетеді. Қысқасы, тұжырымдай айтсақ, табиғи ырғақты жүйеге айналдырады. Қоршаған орта мен табиғи құбылысты жiтi бақылаудың нәтижесiнде философиялық /дүниетанымдық/ жүйе қалыптастырады. 

Осы ерекшелiктердi назарда мықтап ұстай отырып, біз байырғы түрiк графикасының орналасу ретi және шартты мәнi /латин графикасымен/ көрсетілген кестені еуропалық дәстүрмен емес, сол замандағы түрiк графикасын жасаушылардың дүниетанымымен бергенді жөн көрдік. Бұл – байырғы түрiк жүйесi. Мұның өзі (жүйе) олардың графиканы жасаудағы ерекшелiгiнiң құпиясын ашуға да көмектесетiн болады. 

Енді мына ұғымдарға назар аударайық: 

КТ мәтiнiнде: "Kül­tegin qoj jylqa jiti jigirmike učdy" (КТ.ІІІ14)=«Күлтегiн қой жылы он жетiсi ұшты» десе, Бiлге-қаған мәтiнiнде «...qanym qaγan yt jul (734ж.) onynč aj alty otuzqa [uča] bardy (БК. Ха. 11) (...Қаған әкем /Бiлге қаған/ ит жылы (734ж ) оныншы айдың 26-ында ұшты) дейді. Бұндай деректердi көптеп келтiруге болады. Бұл айғақтар байырғы түріктер түсiнiгiнде адамның тәнi Жер–Анада қалып, жаны ұшып кетедi дегеннiң дәлелiне саяды.

Осы жан БТА-да дүниенiң төрт бұрышының (tört buluŋ= КТ.І.2.) шығыс, оңтүстiк, батыс, солтүстiк бағытын мегзеп, төрт a;u:O;i таңбамен белгiленеді. Әлемнің төрт беті (□) сегіз тарапқа бөлініп, сегіз дауыстыны таңбалайды. Яғни жан әлемнің төрт бұрышында, сегіз тарабында қонақтайды. Жан Тәңiрден жiберiледi. Эрлiг (әзірейлі) адамды о дүниеге әкеткенде, жан ұшып кетедi. Тән жерде /көмiлiп/ қалады-мыс. Бұл шығыс халықтарына тән дуализмдiк дүниетанымның қағидасы. Осы дүниетанымды негізге ала отырып, бiз төрт таңбалы, сегiз дауысты дыбысты жан деп танимыз.

Ал дауыссыз дыбыстар – Тән. Оларға Жан – дауысты дыбыстар қан берiп, тiршiлiк әлемiне қосады (120.91).

Ежелгi дүниетаным бойынша, әлемнiң құрылымы, қоғамның дамуы, адамның ара қатынасы бәрi-бәрi "екi негiздiк" амал мен бiрлiктен тұрады-мыс. Немесе аталық пен аналықтан тұрады. Осы жүйе бойынша жуан дауыстымен үндесетiн дауыссыздар таңбасын амалға /аталық/, жiңiшке дауыстылармен үндесетiн дауыссыздарды бiлiк /аналық/ топқа жатқыздық. Осы екеуiне бiрдей қызмет ететiн дауыссыздарды "қауыштыру" тобына бөлiп орналастырдық. Байырғы түрiктердiң "Екi негiз" атты дуалистiк философия iлiмiнiң жүйесi осылай. Бiз осы жүйенi ұстанып, байырғы түрiк графикасының жасалу жүйесiн көрсетудi көздедiк. Осылайша дауысты дыбыстардың жуан және жiңiшке дыбысталуға бейімделуінен дауыссыз дыбыстар дивергенциясы /түрліше айтылуы/ пайда болған. Байырғы түріктердің әліпби жасаушы оқымысты ғалымдары дауыссыздардың осы дивергенциясын графикада беру арқылы консонанттық /дауыссыз дыбыс/ үйлесiмді мықтап ұстанған. Олай болса, байырғы түрiк графикасы өзiне дейiнгi графикаларға мүлде ұқсамайтын сингармондық /үндестік/ және консонанттық графика болып шығады. Баба түріктердің философиялық жүйесiнiң қалыбына салсақ, олар амал мен бiлiктiң тiзгiнiн тең ұстап, бірін бірімен үйлестіре білген. Байырғы түрiк графикасының ең басты ерекшелiгi – осы. 

P.S. Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлымен болған сұхбатымызда көктүріктер дәуірі мен тарихы, олардың жазу мәдениеті, тарихи ескерткіштері, дүниетанымы, наным-сенімі жайында құнды деректер қамтылды. Сондай-ақ Қаржаубай Сартқожаұлының  “Орхон ескерткіштерінің атласы” атты үш томдық еңбегі де сөз болды. Оқырман қауымға Орхон ескерткіштері мен ондағы жазу мәдениетінің, алфабиттік жазудың зерттеулі мен зерделенуі турасында біраз деректерді қамтып өтті.  Ғалым ағамыз сұхбат соңында төмендегі пайдаланған әдебиеттер тізімін көрсетуді айтқан болатын. 

Пайдаланған әдебиеттер.

1. Atalay B. Divanü Lugat-it-türk tercümesi C. I-IV. 1986.

2. Большой Академический Монгольско-русский словарь. Т. I­IV. М., 2001-2002.

3. Древнетюркский словарь. Л., 1969. 

4. Clauson G. An Etymological Dictionory of Pre – Thirteenth - Century Turkish. Oxford. 1972

5. Қазақ –Орыс сөздігі. Алматы. 2001

6. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. М-Л., 1952

7. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и Киргизии. М-Л; 1959

8. Orkun H.N. Eski türk yazitlari c. I-IV. Isıanbul. 1988.

9. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана. 2007.

10. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. М., 1978

11. Сравнительная историческая грамматика тюркских языков (фонетика). М., 1984

12. Tekin T. A Grammar of Orkhon Turkic. Indiana. 1469.

13. Tekin T. Orhon yazıtları. Ankara. 1988.

14. Tekin T. Orhon yazıtları. Istanbul. 2003.

15. Thomsen V. Orhon ve Yenisey yazıtlarının Gözümü. Ilk bildiri. Ankara 1993.

16. Этимологический словарь тюркских языков. М., 2000

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?