Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абзал Досыман: Қазақ тазысының 3 мың жылдық тарихы бар

109
Абзал Досыман: Қазақ тазысының 3 мың жылдық тарихы бар - e-history.kz

Биылдан бастап 3 қыркүйек елімізде Тазы мен төбет күні ретінде ресми бекітіліп, мерекелік күндер тізіміне енгізілді. Жеті қазынаға балаған ұшқыр тазы тұқымының жойылып бара жатқаны жөнінде мамандар, тазы өсірушілер дабыл қағып, мәселе көтерген еді. «Номад» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қоры мүшесі Абзал ДОСЫМАНМЕН кинология саласындағы түйткілді мәселелер төңірегінде ой қозғап, сұхбат құрған едік.

– Тазы – асыл мұра, ұлттық құн­дылық. Табиғаттың бұл ерек­ше жаратылысына деген халқы­мыздың құрметі айрықша. Сіздің ынта-ықыласыңыз қалай басталды?

– Тазыға деген қызығушылы­ғым сонау бала кезімнен басталды. 7 жасқа дейін киелі Торғай топырағының шал­ға­йындағы Екі­дің ауылында Лекер Бай­босынов деген нағашы атамның қо­лында өстім. Жетіқыз өзенінің бойын жайлаған Байсақал жайлауын­дағы көк­жиегіне көз жетпейтін ұлан-ғайыр кең дала, жұпарымен жаныңды емдейтін табиғат – бәрі-бәрі жүрек түкпірінде сақтаулы. Даланың дарқандығын, суының мөлдірлігін, адамдарының кең пейі­лін айтсаңшы. Қаймағы бұзылмаған қа­зақы ортаның қасиетін айтып жеткізу мүм­кін емес. Атам қоймен бірге ой бағып жүретін. Төрт түлігін өсіріп қана қоймай, күтіп-баптап, асылдандырып отыратын. Нағыз түздің адамы еді. Қансонар келсе ұйқыдан қалып, 10-15 тазысын ертіп алып дала кезіп кететін. Аңқұмар атамның жанында жүріп мен де тазыға әуес болдым. Тазының тазалығы, болмысы, табиғаты ерекше әсер етті. Атамның ойын адамдай түсініп, қас-қабағын бағып тұратын. Денесінде артық еті жоқ, соншалық сұлу осы бір жаратылыстың тектілігі, ептілігі, ұшқырлығы, алғырлығы, қайсарлығы, адалдығы, төзімділігі, ақылдылығына қай­ран қалушы ем.

Маған сөз киесі екі жақтан да дары­ған. Өз атам Нұрахмет Досыманов – кітап­тары жарыққа шықпаса да кемі үш кітапқа жететін өлең жазған ақын адам. Бірақ ешқашан жазғанын жарық­қа шығаруға талпынбай өтті. Нағашы атам таңсәріде өріске кетіп бара жатып, қойнына кіта­бын қыстыра кететін. Кешке мал жайлап, көңіл жайланған шақта белгі сап бүктеген беттерін ашып, қайтадан маған дауыстатып оқытып, өзі көзін жұмып сүйініп отыратын. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенбер­лин, Ғабит Мүсірепов, Қабдеш Жұмаді­лов, Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Төлен ­­Әб­­­­дік сынды қаламгерлердің шығар­­­ма­­­лары­­­­­мен осы­лай таныстым. Әсіресе маған қат­ты әсер ет­кені Мұхтар Мағауин­нің «Тазы­ның­ өлімі» ­хикаяты болды. Лашын­ның тағ­ды­ры түсіме кіретін. Әділ­дей әлпеш­­теп, Қа­зы­дай қадірін білетін жандар қай­да қа­зір?.. Сол хикаяттағы мына бір жол­дар­ға үңілген сайын көп дүниеге көз жет­кі­земін.

«Әмір марқұм, Қазының әкесі, аса мықты аңшы болған. Оның қолынан қыран тазы мен құмай төбет үзілмеген. Қазақ ежелден аңшы иттердің тұқымын асылдандырып келген. Солардың бірі – Мамай шалдың Бесқара атты тазысы. Ерекше ірі, жолбарыс кейіптес бұл ит бір жылы жалғыз өзі он үш қасқыр алған. Арқар, түлкі, қоян аулауда алдына жан салмаған. Мамай шал оны бес құлынды биеге де айырбастамаған. Кейін Бесқараның ұрпағы саналатын көк тазы да өмірден өтті. Өлерін сезген ит иесі­нен қашып, көзден таса болған. Мамай неше күн аза тұтыпты деседі. Адам кісі өл­генде өйтпес. Шынында да, Бесқарадай болмағанмен, қыран-ақ еді, шіркін. Ондай тарлан тазылар қазір жоқ. Ит баптап, құс күйттеп, бұлғақтап жүретін уақыт қайда».

Бұл бүгін де өзекті мәселе. Тазы­ның қаны да бұзылып, саны да азайып бара жат­қан шақта көңілге қалай күдік ұяла­масын. Ұлттық құндылығымыз ретінде ұлықтай алмай келдік. Осы мәселе көптен бері толғандырып 2012 жылы тазы өсіру­­ді қолға ала бастадым. Иесін жоқ­тап көрді тырмалап жатып өлген сары тазы­ның, бүгін әлем тамсанып көріп жүр­ген Жапонияның Хатикосынан қай жері кем деп ойлайсың кейде. Бізге сол Лашын да адалдықтың анық бейнесі емес пе?

«Жылатып баурын тастың да,

Серпіген түннің түнегін

Қып-қызыл күннің астында

Сары тазы барын білемін.

«Сен кімсің?» – дейді,

сұрайды Ар

Тазының әлсіз үнімен.

Кеудемді менің бір ойлар

Шығады тырнап түнімен»,

деп жырлайды көрнекті ақын Есенғали Раушанов «Сары тазы» элегиясында.

– Байқаймын, көркем әде­биетті де көп оқитын сияқтысыз. Сөздің сырына терең бойлау да ата тәрбиесінен алған өнегеңіз болар?

– Өлең оқуға бала кезімнен құмар болдым. Мұхтар Шаханов­тың өлеңде­рін жатқа оқитынмын. Әлі есімде, 5-сы­нып оқып жүр­ге­німде Мұхтар ағамыз­дың Қыр­ғызстан елшілігінен елге оралып жатқан кезі. Астанада «Елге оралу» деген жыр кешін өткізді. Сол кешке анам ертіп апарып, кездесу кезінде ақынмен сұхбат болғанда апарып бересің деп қалтама бір бүктелген хат салып берді. Халық сауалдарын қоя бастаған сәтте сах­наға көтері­ліп, қалтамдағы хатты ұсындым. Бір кезде ақын аға залға қарап: «Жаңағы оқушы бала ортаға кел­сінші, менің өлеңімді жатқа біледі екен», деп сахнаға шақырды. Шығып, ­мә­нерлеп оқып бердім. Халықтың қо­ше­меті ерекше болды. Сахнадан түсе ­бер­ге­німде елге белгілі тұлғалар: Серік Әбді­­­­­рахманов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Күләш Шәмшидинова сынды аға-апай­лар қолымды алып, ақ батасын берді.

в

“NOMAD” Ұлттық аңшылық клубы” қоғамдық қорының әйгілі Ұшар атты тазысы

Мұхтар ағамен содан кейін өте жа­қын араласып кеттім. Қасына еріп Расул Ғамзатов, Евгений Евтушенко, Шыңғыс Айт­матов сынды талай мықтылармен та­­­­ныстым. Шыңғыс ағаның: «Әлемде ­мә­­­­нер­­­леп оқудың 8 түрі бар», деп өзі оқып көр­­­сеткені жадымда қалыпты. Бүгін ­ойлап отыр­сам бұл да бір тарих екен...

– Тазы баптауда әр адамның жеке ерекшеліктері болады ғой. Бұл бағыт­та ата­ңыздың қандай ерекшеліктері бар еді?

– Атам тазыларын күшік кезінен қас­қыр терісінің үстіне жатқызып өсіре­тін. Мұның сырын сұрағанымда, «Иісін ала берсін, кейін аңға шыққанда бойын үрей билемейтін болады», деп отыратын. Бұл да даналық емес пе? Тамағын мөлшер­мен беріп, аңға шығатын күндері таң асыр­ған аттай сүйек-сорпамен ғана жеңіл-желпі қоректендіріп алып шығатын. Аңды ­тазы ғана алмайды, иесі де, оның астын­дағы аты да бірге кіріседі. Атымен қашқан аңның алдын кесіп, айтақ қосып бара жатады. Тазыларына ешқашан жалған белгі бермейтін. Біз өтірік айтақтасақ, ұрсып тастайтын. «Аң көрмей тұрып белгі берме, бір алданған тазы келесіде шын айтсаң да сенбейтін болады», деп үйрететін.

Атамның жүрісіне үйренген тазылар өз жұмысына кірісіп кетеді. Тазының қаншығы өлек­шіндер өте иісшіл келеді. Олар алдымен із салып, арландары соңы­нан ілесіп отырады. Тазының ақылдылығы сол – алдындағы аңнан айласын асыра білуінде. Алдындағы аңды ұстауға тек қана ұшқырлық аздық етеді. Одан айласын асырғанда ғана қол жеткізеді. Ытқи жөнелетін қоянды, құйрығын екі жаққа кезек тастап тастаққа қарай жортатын түлкіні, азулы арланды алуға өте ептілік керек. Сол үшін де мен шырға тартуға қарсымын. Біріншіден, бұл құр тері­мен тазыны алдау, екіншіден, ешқандай ептілікке үйретпейді.

Қаланың шетіндегі ауылда тазы ұс­тайтын арнайы орным бар. Демалыс күндері атқа мініп, тазымды ертіп таза ауада се­руендеймін. Аңға шығамын. Бірақ мылтық ұстап, оқ шығаруға қарсымын. Даланың да өз заңы бар. Аңшылық бабаларымыздан қалған ақсүйек, бекзада­лық өнер. Оны қорлауға болмайды. Мықты болсаң тазыңмен, бүркітіңмен шық. Құмай тазы баптап, қолыңа қы­ран құсыңды қондыр. Міне, сонда ғана ол аңшылық болады. «Еттің бәрі – қазы емес, Иттің бәрі – тазы емес», деп бабалары­мыз бекер айтты дейсің бе?

Атам қазақ бала тәрбиесі бы­лай тұр­сын,­ жан-жануарды үйретуде де озық бол­­­­­ған. Аңға кез келген атқа мініп шыға бер­­мейді. Арнайы соған төселген, жүйрік жыл­­­қымен шығады. Қазақтың бүкіл аң­шы­­­­­лық, саятшылық өнерінің қасиеті Абай ата­­­мыздың «Қансонарда бүркітші шы­ға­­ды аңға» деген бір ғана өлеңінің өне-бо­йын­да тұр. Одан асырып бірдеңе деу қиын шы­ғар.

– Дала заңын ұстанған баба­лары­мыздың жолы, аңшылық дәстүрі өзін­дік бір мектеп қой. Сол мектеп үзіліп қалған жоқ па?

– Сценарийiн белгілі жазушы Талас­бек Әсемқұлов жаз­ған, режиссер, актер Досқан Жолжақ­сыновтың «Біржан сал» кино туындысын көргенде қатты әсер­лендім. Ұлттық киномыздың абыройын асырған ерекше туынды ел жүрегінен ойып тұрып орын алды. Фильм сезімің­ді селт еткізер, санаға терең ой салар қызу оқиғамен басталады. Шексіз аппақ қарға оранған әлемнің үстінде Біржан бастаған бір топ сал-сері арлан қас­қырдың соңына түсіп, тазыларын қосып, қиқулап қуып келе жатады. Еркін дала төсінде асау арғымақтай көсілген, бейқам қазақ тіршілігі. Мизамкөк деп аталатын табиғаттың ғажайып мезгілі аға жасқа келген Біржанның ішкі дүниесімен астасып жатқандай...

Кенет бір төбенің астынан атылған мылтықтың дауысы селт еткізеді. Көк­жалды жалғыз оқ­пен-ақ сұлатып тастаған екен. Қар үстінде қызыл қанға батып, қансырап жатқан түз тағысын көріп, Біржан есеңгіреп тұрып қалады. Бір сұмдықтың келе жат­қанын жүрегі сезгендей шым етеді. Атқан ақ патшаның әскерлері екен. «Бұл – біздің жол емес» деп көкжалды алмай кері бұрылып кетіп қалады. Міне, осы эпизодпен-ақ режиссер көп дүниені ұқтырып тұрғандай.

– Тазыны насихаттау бағы­тын­да мемлекеттік дең­гейде қандай жұмыс­тар жүр­гізілді? Тазы туралы әңгімені неден бастауымыз керек?

– Жеті қазынаның бірі қазақ тазысының 3 мың жылдық тарихы бар екені бүгінде ғылыми негізде дәлелденіп отыр. Сән мен салтанаты келісіп, ұлттық құн­ды­лықтарымызды ұлықтай білген заманда қазақ байлары қыз­дарының жасауына тазы қосып бергенін білеміз. Аштық жылдары бір тазы бір ауылды асырап, елді аман алып қалғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сый­лы қонағына тазы сыйлау дәс­түрі үзілмей келеді. Мемлекет бас­шы­сы­ның өзі ең мәртебелі мейманда­рына тазы сыйлап, жадымызда жат­қан дәстүрді жаңғыртқандай болды.

Елімізде қазақы тазы мен тө­бетті сақ­тау, көбейту жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тікелей тапсырма­сы­мен Үкімет пен тиісті министрлік­тер­ге осы бағытта нақты міндет­тер жүк­телді. Соның нәтиже­сінде, арнайы заң қа­был­данып, қаза­қы ит тұқымдарын қорғау, зерт­теу, халықаралық деңгейде мойын­дату жұмыстары қолға алынды.

Президент пәрменімен депутаттар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман ша­руа­­шылығы және жануарлар дүниесі ко­митеті бірлесіп арнайы заң жобасын әзірледі. Бұл заң 2023 жылғы 1 шілде­ден  бастап күшіне енді.

«Біз бұл асыл тұқымды иттерді әлемге танытуымыз керек. Тазы ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді, сондық­тан арнайы заң қабылдадық», деді Мемле­кет басшысы.

Қазақ халқы – ежелден дала­ның тілі мен ділін, жаны мен сырын түсіне біл­ген дара ұлт. Тұрмыс-тіршілігін, сана-сезімін дала заңдылығымен байла­ныс­тыра алған. Ата-бабамыздың бағ­зы дәуі­рі ат үстінде өткен десек, ойымызға ең әуелі жаугершілік замандар оралатыны сөзсіз. Қас­тер­лі ел мен қасиетті жерді найза­сы­ның ұшымен, білегінің күші­мен қорғаштап жүріп ұрпағы­на ұлағат боларлық мол қазына, сырлы дүние қалдырып кеткен. Соның бірі – аңшылық өнер. Жалпы, аңшылық өнер көптеген халықта бар. Бірақ қазақтың аңшылық өнері аңшылықтың сертіне, табиғаттың заңдылығына сай келеді. Ата-бабаларымыздың аңшылықты өнер деңгейінде ұстанып, тамашалап өткені белгілі. Аңды қарумен емес, құмай тазымен алу – осы өнердің ең негізгі серті, ерекшелігі. Құмай тазылар ертеден құрығын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден мал-жанды аман сақтаған, сонымен қатар саятшылық өмір­дің де сәнін келтірген. Еліміз тәуел­сіздігін алғалы отыз жылдан асты, шүкір. Ұлттық ерекшелігіміз бен бірегей болмысымызды танытатын қаншама жобалар қолға алынды. Осы­ған орай Сыртқы істер министрлі­гі­нің қолдауымен «Желден де жүйрік тазы» атты халықаралық фото­көрме­лер Фин­ляндия астанасы Хель­синкиде, Түркияның Ыстанбұл қала­ларында ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар отандық, шетелдік БАҚ-тарда кеңінен жарияланып, оң нәтижесін берді.

– Жуырда Тазы мен Төбет күні бел­гіленді. Айтулы күнге көзқарасыңыз қандай? Бұл күн­нің мән-маңызын ­қа­лай арттыра аламыз?

– Иә, бұдан былай 3 қыркүйек – Тазы мен Төбет күні болып бе­кітілді. Бұл шешімді Экология және табиғи ресурс­тар министр­лігі қабылдады. Мереке­нің басты мақсаты – ұлттық құндылық­тар­ды сақтау, қазақы ит тұқымдарын көбейту, оларды халықаралық деңгейде насихаттау. Мұның астарында ұлт­тық код, баба мұрасы, сайын далада түз тағыларымен бетпе-бет келетін нағыз ержүректік, батылдық, табандылық, ерлердің ерекшелігі көрінетін тәлім мен тәрбие, бабадан қалыптасқан тұр­­­мыс-тіршілігіміздің, дәстүр-сал­тымыз­дың даң­­ғыл жолы, ұлттық аңшылық өнер­­­дің тарихы жатыр.

Тазы мен төбетті сақтау мен дамыту бағытында бірқатар шаруа жүзеге асты. Атап айтқанда, 2023 жылы Президент Қ.Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтау тура­лы арнайы заңға қол қой­ды. Үкімет тазы мен төбеттің гене­ти­калық тазалығын сақ­тауға, олар­дың көбеюін қолдауға ба­ғыт­­­­талған іс-шараларды іске асырып жа­тыр. Былтыр 3 қыркүйекте Халық­­ара­лық кино­логиялық федерация (FCI) қазақы та­зы­­ны ресми танып, бекітті. «Qazpatent» қа­зақы тазының патенттелгенін жариялады.

Алдағы уақытта тазы мен төбеттің шығу тарихы туралы дәріс­тер, семинарлар ұйым­дас­тырылады. Көрмелер ашылып, халықаралық кинология­­­­лық жарыстар өтеді. Қазақы иттерді наси­хаттайтын мәдени фестивальдар да жос­­­­парланып отыр. Бұл мереке ұлттық мұ­­рамызды сақтаудың, халықаралық деңгейде дәріптеудің һәм жас ұрпаққа аманаттаудың маңызды қадамы болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

Egemen Qazaqstan 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?