
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжат және кітап ісі комитетінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында 10 мыңға жуық кітап бар.
Оның ішінде 2 мыңнан астамы аса құнды, ал 500-ден астамы ХІХ-ХХ ғасырларға жататын араб, парсы, түркі (шағатай, көне өзбек, татар) тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен литографиялық және типографиялық басылымдар. Бұл туындылар Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Ресей және Мысыр елдерінде жарық көрген. Сондай-ақ ХХ ғасырда төте жазумен және латын графикасында шыққан қазақ ағартушылары мен ғалымдарының еңбектері, батыс және орыс зерттеушілерінің жұмыстары, 1886-1915 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығы, демография, мал шаруашылығы бойынша статистикалық шолулар, көне сөздіктер мен энциклопедиялар да орталық қорын толықтырып отыр.
Орталықтың аса құнды жәдігерлерінің бірі — Құранның түпнұсқа қолжазбасы. Ол қатты шығыстық мұқабамен түптелген, көлемі 16х23 см, ақшыл-сары түсті 744 беттен тұрады. Әр бетке 12 жолдан түсірілген жазулар көркем безендірілген, парақтарының басы, ортасы және соңы қолмен жазылған. Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба...» деген жазу кездеседі. Сондай-ақ онда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрлері басылған. Бұл Қасиетті Құран реставрациядан өтіп, 2023 жылдың 17 қарашасында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне салтанатты түрде табысталды. Ал 2024 жылдың қазан айында Кенесары ханның Қасиетті Құраны Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына тұрақты сақтауға өткізілді және мемлекеттік есепке алынды.
Осыған орай, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қызметкерлерімен осы саладағы өзекті мәселелер, жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары және алдағы жоспарлар туралы қызықты сұхбат ұсынамыз. Сұхбат Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Пәрімбекова Кәмшат Пазылқызы және бөлімнің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейсенова Гүлсім Алдабергенқызымен жүргізілді.
– Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының құрылуы, атқаратын негізгі қызметі, жұмыс барысы жайлы ақпарат бере кетсеңіз?
Кәмшат Пазылқызы: Жалпы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекеме. Орталық 2017 жылы құрылған. Оған дейін бұл мекеме Архиография және деректі даму ұлттық орталығы деп аталған.
Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан мен шет елдердегі еліміздің тарихына қатысты құжаттар мен жазба деректерді жинау, анықтау, сақтау, қалпына келтіру, зерттеу және пайдаланушыларға ұсыну. Қазіргі таңда орталықтың жалпы қорында он мыңға жуық, оның ішінде сирек қорында екі мыңнан астам құнды жәдігер бар.
Қорда араб, парсы, түркі тілдеріндегі бес жүзге жуық қолжазба мен сирек кітаптар сақталған. Сонымен қатар, латын графикасындағы және төте жазудағы баспалар, Ақмола, Семей және басқа да облыстарға қатысты 1846–1915 жылдар аралығын қамтитын статистикалық шолулар, Ресей империясының заңдар жинағы, сондай-ақ Қазақстан тарихына қатысты маңызды мәліметтер бар. Бұған қоса, көне сөздіктер, энциклопедиялар, Батыс, орыс және қазақ зерттеушілерінің еңбектері де қорда жинақталған.
2017 жылдан бастап қор жүйелі түрде толықтырылып келеді. Бұрынғы Архиография және деректі даму ұлттық орталығы тек шетелдердегі Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың мәліметтер базасын жүргізумен айналысқан. Ал орталық қайта құрылғаннан кейін мұнда қор бөлімі, реставрация бөлімі, жариялау-баспа бөлімі және ғылыми-зерттеу бөлімі ашылып, жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінде ғылым докторлары, тарихшылар, араб және парсы тілінің мамандары қызмет етеді. Ал реставрация бөлімінде біліктілікті арттыру курстарынан өткен арнайы мамандар жұмыс істейді. Қазақстанда реставратор мамандарын даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Дегенмен, біздің мамандар Алматыдағы академиялық кітапханада біліктіліктерін жетілдірді. Сонымен қатар, Иран, Армения, Корея, Түркия сияқты елдерде жыл сайынғы реставрация курстарына қатысып, білімдерін шыңдауда.
Қазіргі таңда реставрация саласын дамытуға үлес қосып жүрген мамандарымызды өз ісінің білікті шеберлері деп айтар едім.
– Сіздердің қорларыңызда сақталған Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны жайлы толығырақ ақпарат беріп өтсеңіздер. Бұл құнды жәдігердің тарихи маңызы қандай? Оның шығу тегі, ерекшеліктері және қазіргі жағдайы туралы қандай мәліметтер бар? Сонымен қатар, Құранның сақталу тарихы мен оған қатысты жүргізілген зерттеулер жайында айтып бере аласыздар ма?
Кәмшат Пазылқызы: 2023 жылы бұл Құранды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда, Түркістан қаласында мәлімдеген болатын. Бұл Құран – біздің тарихымыз үшін қасиетті, рухани мұрамыз болып табылады.
Құран 700-ге жуық беттен тұрады. Әр бетінде 12 жолдан жазба түскен. Ішінде Кенесары хан мен Марал ишанның мөрі басылған. Бұл Құранды еліміздің және шетелдік зерттеушілер зерттеп, түпнұсқа екендігін анықтады.
2023 жылы бұл Құран біздің орталықта реставрациядан өтіп, қалпына келтірілді. Бұған дейін ол бір жыл бойы Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан мешіт-музейінде сақталып, көпшілікке насихатталды. Кейіннен Құранды толыққанды сақтау мақсатында біздің орталығымызға қайта өткізілді.
Құран табылған кезде оның мұқабасы мен беттері жыртылған, қатты зақымданған еді. Оны қалпына келтіру үлкен жауапкершілікті талап етті. Біздің орталықтың директоры Жандос Бегділдәұлы бұл Құранды қабылдап, реставратор мамандармен бірлесіп, оны толық қалпына келтірді.
– Құран кітабын сақтау үшін қандай арнайы жағдайлар жасалған?
Кәмшат Пазылқызы: Қарап тұрсаңыз, қазір Құранның бірнеше көшірмесі жасалып, көпшілікке насихаттау мақсатында бір данасы біздің көрме залымызға қойылды. Ал түпнұсқасы арнайы қорда сақталуда. Оған арнайы қорап жасалып, өзінің сөресінде, белгілі бір температура мен ылғалдылық деңгейі сақталған.
– Гүлсім Алдабергенқызы, «Архив – 2025» жобасы жайлы айтып беріңізші?
Гүлсім Алдабергенқызы: Еліміз тәуелсіздік алғалы бері отандық тарихымызда жаңа кезең басталды деуге болады. Өйткені тарихымыздың беймәлім тұстары мен ақтаңдақ беттерін жан-жақты зерттеп, зерделеп, жаңаша пайымдауға жаңа мүмкіндіктер ашылды.
2019 жылғы 20 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен елдің архив қорларын шетелдік архивтерде, музейлерде және кітапханаларда сақталған Қазақстан тарихына қатысты құнды деректермен толықтыруға арналған "Архив-2025" мемлекеттік жобасы қабылданған болатын.
Осы жобаның аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы тоғыз мемлекетке он бір ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Атап айтқанда:
Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, сондай-ақ Татарстан мен Башқұртстанда;
Венгрия және Үндістанның Ұлттық архив қорларында;
Рухани қазынамыз болып табылатын қолжазбалар мен жазба мұраларды іздестіру мақсатында:
Түркияның Сүлеймание кітапханасында
Иран Ислам Республикасының Мешхед қаласындағы Астан Кудз Резави кітапханасында және Мәлік кітапханасында
Мысырдың Каир қаласындағы әл-Асқар Шариф кітапханасында
Катардың Доха қаласындағы Ұлттық кітапханасында ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілді.
Бұл зерттеу жұмыстары Қазақстан тарихына қатысты маңызды құжаттарды анықтап, жинақтауға және оларды ғылыми айналымға енгізуге үлкен мүмкіндік берді.
– Осы шетелге іссапар нәтижесінде ел тарихына байланысты қолжазбалар немесе құнды құжаттар табылды. Осыған тоқталсақ?

Гүлсім Алдабергенқызы: Қазақ халқының ерте тарихына қатысты аса құнды мәліметтер беретін деректердің бір тобы – парсы жазба мұралары. Бұл деректер негізінен Иран мен басқа да шет мемлекеттердің ірі кітапханаларында сақталған.
"Архив-2025" жобасының аясында Иранның Мешхед қаласындағы Астан Кудз Резави кітапханасы мен Мәлік кітапханасынан VII ғасырға жататын Құран Кәрім қолжазбасының қасиетті көшірмесі алынды. Сонымен қатар, қазақ хандарының шежіресін баяндайтын тарихи еңбектердің көшірмелері де зерттеліп, Қазақстанға жеткізілді. Солардың ішінде:
Хасан бек-Румлудың "Ахсан ат-Тауарих" еңбегі
Искандер бек Муншидің "Алам Арай Аббаси" атты еңбегі
Бұл жазба мұралар Қазақстанның ерте тарихына қатысты маңызды деректерді қамтиды.
Сондай-ақ, Түркияның Сүлеймание кітапханасынан Орта Азияның ұлы ғұламаларына тиесілі құнды еңбектер табылды. Атап айтқанда, Әбу Насыр әл-Фарабидің XIII ғасырға жататын "Музыка трактаты" мен "Саясат трактаты" көшірмелері елге жеткізілді.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының тағы бір маңызды бағыты – архиография саласы. Осы мақсатта орталық зерттеушілері Ресей Федерациясының Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында, Татарстан мен Башқұртстанда, сондай-ақ Үндістан мен Венгрияның архив қорларында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ресейдің архив қорларынан XIX–XX ғасырларға жататын Қазақстан тарихына қатысты құнды деректердің көшірмелері алынды.
Ең маңызды зерттеулердің бірі – Үндістанның Ұлттық архив қорынан анықталған Түркия қазақтарының тарихына қатысты деректер. Бұл деректер 1940–1950 жылдары Шығыс Түркістаннан басталып, Алтай өңірінен Тибет пен Гималай арқылы Үндістанға жеткен қазақ көшінің тарихи құжаттары болып табылады.
Бұл көш тарихына қатысты бұған дейін тікелей куәгерлер жазған еңбектер болғанымен, архивтік құжаттар алғаш рет анықталып отыр. Сондықтан бұл материалдар қазақ көші тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие.
Орталықтың архив және жазба деректерді зерттеу бағытындағы жұмыстары қазақ тарихының беймәлім тұстарын ашуға, тарихи мұраларды сақтауға және болашақ ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосуда. Шетелдік архивтер мен кітапханалардан алынған сирек қолжазбалар мен құжаттар Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
– Кәмшат Пазылқызы, жоғарыда аталған қолжазбалар ғалымдарға қаншалықты қолжетімді?
Кәмшат Пазылқызы: Барлық ғылыми экспедициялар барысында алынған қолжазбалар мен архив құжаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталуда. Бұл құжаттар Ұлттық архивтің 83-қорында, яғни "Шетелдік Қазақстан тарихына қатысты құжаттар" деп аталатын арнайы қорда жинақталған.
Зерттеушілер мен қызығушылық танытқан азаматтар бұл құжаттармен Ұлттық архивтің оқу залында таныса алады. Оларды қарау үшін арнайы тапсырыс беріп, электронды көшірмелер арқылы қолжетімді түрде зерттеу мүмкіндігі бар.
Қазіргі уақытта Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы осы алынған құнды материалдар негізінде ғылыми жинақтар мен каталогтар дайындау жұмыстарын жүргізуде. Бұл құжаттар біртіндеп ғылыми айналымға енгізіліп, зерттеушілер мен ғалымдардың қолданысына ұсынылуда. Бұл жұмыс Қазақстан тарихына қатысты маңызды деректерді жинақтап, оларды кең ғылыми қауымдастыққа таныстыруға және ұлттық мұраны сақтауға зор үлес қосуда.
– Ел арасындағы көне жазба мұраларды жинау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл мұраларды зерттеу, жүйелеу және сақтау бағытында қандай бастамалар қолға алынған? Сонымен қатар, халық арасында сақталып қалған қолжазбалар мен сирек кітаптарды анықтау, оларды ғылыми айналымға енгізу бойынша қандай жобалар жүзеге асырылуда? Осы бағыттағы тәжірибелеріңізбен бөлісе аласыздар ма?
Гүлсім Алдабергенқызы: Мақсатымыз – халқымыздың рухани қазынасы болып табылатын көне жазба мұраларды зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу. Ғасырлар бойы жинақталған бұл құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың уақыт өте жойылып кету қаупі бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ретінде біз халық арасында сақталған тарихи мұраларды анықтау, оларды қорғау мен жүйелеу мақсатында ауқымды экспедициялар мен іссапарлар ұйымдастырып келеміз.
2024 жылы Ұлттық орталық мамандары Қызылорда, Тараз, Абай және Түркістан облыстарына арнайы іссапарлар жасап, жергілікті ғылыми мекемелерде, кітапханаларда, университеттердің ғылыми қорларында сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптарды зерттеді. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мешіттерде сақталған, ислам тарихына қатысты құнды жазба мұраларды жинақтау жұмыстары жүргізілді.
Біздің басты міндетіміз – осы тарихи жәдігерлерді сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу, ғылыми негізде зерттеу және оларды Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде дәріптеу.
– Қазіргі таңда осы өңірлерден қандай да бір құнды құжаттар ала алдыңыздар?
Кәмшат Пазылқызы: Өткен жылы, 2024 жылы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Абай облысына жасалған іссапарлардың нәтижесінде 130-ға жуық түпнұсқа қолжазба және құнды жазба мұралар Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына жеткізілді. Олардың ішінде ерекше құнды жәдігерлер ретінде Ахмет Ясауидің "Диуани Хикмет" еңбегінің әртүрлі жылдары жарық көрген басылымдарын, сондай-ақ ислам тарихына қатысты көне жазба мұраларды, араб сөздіктерін және мұсылман күнтізбелерін атауға болады. Міне, осындай құнды тарихи жәдігерлер ұлттық орталықтың қорына сақтауға алынып, ғылыми айналымға енгізілуде.
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Осы орайда қоса кетейін біздің Ұлттық орталығымыз "Архив 2025" мемлекеттік жобасы аясында халықаралық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде Түркия қазақтарының тарихын зерттеу ерекше маңызға ие.
2024 жылдың желтоқсан айында Түркияда Үндістан Ұлттық архив қорларынан анықталған құжаттар негізінде ірі халықаралық конференция өтті. Бұл конференция "XX ғасырдың 1940-1950 жылдарында Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға қазақтардың қоныс аударуы" тақырыбында ұйымдастырылды. Жиынға Үндістанның Жаңа Дели университетінің ғалымдары, Түркияның және Қазақстанның зерттеушілері қатысып, "Архив 2025" жобасы аясында табылған тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу мәселесін талқылады.
Сонымен қатар, осы жоба аясында Зейнелі Сүрмелінің өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақын Түркияда өмір сүргендіктен, оның шығармалары Қазақстанда көпшілікке беймәлім болып келген. Бұл жинақ тарихи және әдеби тұрғыдан аса құнды мұралардың бірі болып табылады. Зейнелі Сүрмелінің өлеңдер жинағы қазақ және түрік тілдерінде басылып шығып, оның тұсаукесері Түркияның Мимар Синан атындағы университетінде өтті.
Бұл жұмыстар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Ұлттық орталық алдағы уақытта да архив деректерін жинақтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жалғастыра бермек.
– Кәмшат Пазылқызы, қазіргі таңда атқарылып жатқан ғылыми жұмыстар туралы айтып берсеңіз? Бұл жұмыстардың ғылыми қауымдастыққа және жалпы қоғамға тигізетін әсері қандай?
Кәмшат Пазылқызы: Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жыл сайын жоспарлы түрде ғылыми іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырып келеді. Орталықтың көрме залында "Ұлы дала тарихының жазба мұралары" атты тұрақты көрме қойылған. Бұл көрмеде Қарахан дәуірінен бастап Қазақ хандығы кезеңіне дейінгі Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалардың көшірмелері ұсынылған. Аталған қолжазбалардың басым бөлігі шетелдік архивтер мен кітапханаларда сақталғандықтан, елімізде олардың түпнұсқалары жоқ, сондықтан бұл көшірмелер аса маңызды болып табылады.
Кез келген азамат ұлттық орталықтың көрме залына келіп, осы тарихи жәдігерлермен таныса алады. Сонымен қатар орталық өңірлерге арнайы көрмелер ұйымдастырып, оларды көпшілікке таныстыру мақсатында басқа да аймақтардан көрмелерді шақырып отырады. Жастар арасында тарихи мұраларды насихаттау үшін университеттерде, колледждерде, мектептерде түрлі іс-шаралар өткізіліп, айтулы тарихи даталарға байланысты арнайы көрмелер ұйымдастырылуда.
Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – жазба мұраларды сақтау, жинақтау және көпшілікке насихаттау. Осы мақсатта археографиялық экспедициялар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Әр өңірде, әрбір елді мекенде, жеке тұрғындардың қолында, сандықтарда, мешіттер мен қорларда сақталған көне қолжазбалар бар. Осы құнды мұраларды анықтау үшін алдын ала зерттеу жүргізіліп, тұрғындармен байланыс орнатылады.
Орталық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, мешіттердегі, діни оқу орындарындағы қолжазбаларды зерттеу және жинақтау жұмыстарын қолға алды. Алдағы жылдарға арналған жоспарға сәйкес, экспедициялар жалғасып, жаңа жазба мұралар орталық қорына жинақталады. Өйткені уақыт өте келе бұл құнды дүниелер бүлініп, тозып, шіріп, жойылып кету қаупі бар. Олардың құрамындағы микробтар мен зиянды жәндіктер қолжазбаларды жеп, жойып жатыр. Сондықтан оларды ғылыми орталыққа тапсырып, арнайы дезинфекциядан өткізіп, сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Осы орайда тұрғындарға үндеу жасағымыз келеді: егер қолыңызда көне қолжазбалар, тарихи құжаттар немесе сирек кітаптар болса, Ұлттық орталыққа тапсыру арқылы олардың болашақ ұрпаққа жетуіне үлес қоса аласыз. Мұндай құнды мұраларды қайта қалпына келтіру, ғылыми зерттеу және цифрлық форматқа көшіру жұмыстары орталық мамандарының бақылауында жүргізіледі.
Айта кету керек, қазіргі таңда орталыққа арнайы қаржы бөлінбегендіктен, қолжазбаларды сатып алу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды орталыққа құнды мұраларды тегін тапсыруға ынталандыру ісі қолға алынған. Қоғамның бұл бастаманы қолдап, құнды тарихи жәдігерлерді ғылыми ортаға өткізуге дайындығы байқалады.
Осы игі істі жалғастыру – Ұлттық орталықтың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан көне мұраларды жинақтау, сақтау және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.
– Денсаулыққа зияны жайлы толықтырып айтыңызшы?
Кәмшат Пазылқызы: Егер үйіңізде бірнеше жүз жыл бұрын жарық көрген немесе жазылған көне қолжазбалар сақталса, олардың дұрыс сақталуы өте маңызды. Өйткені уақыт өте келе мұндай кітаптар мен құжаттардың бетінде шаң жиналады, ал ол өз кезегінде әртүрлі микробтардың, бактериялар мен саңырауқұлақтардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Мұндай зиянды организмдер адам қолымен ұстағанда немесе деммен жұтқанда ағзаға түсіп, әртүрлі ауруларды тудыруы мүмкін.
Бұрын көне қолжазбаларды үй жағдайында сақтаудың белгілі бір талаптары болған. Оларды уақытылы шаңнан тазартып, дезинфекция жасап, арнайы температурасы мен ылғалдылығы сақталған бөлмеде ұстау қажет. Алайда, қазіргі таңда көп адам көне кітаптарды целлофан қапшықтарда сақтайды, бұл дұрыс емес. Өйткені мұндай қапшықтар ауа өткізбейді, ал ауа айналымының болмауы қолжазбаның тез бүлінуіне себеп болады. Егер қолжазбаларды үйде сақтағыңыз келсе, мақтадан жасалған ауа өткізетін маталарға орап, құрғақ әрі таза жерде орналастырған жөн.
Сонымен қатар, үйдің кішкентай мүшелеріне, яғни балаларға, бұл көне кітаптарды ұстамауға кеңес береміз. Себебі оларды дұрыс сақтау және қалпына келтіру үшін арнайы мамандар мен құралдар қажет.
Біз экспедициялар барысында тұрғындарға қолжазбаларды дұрыс сақтау әдістерін түсіндіреміз. Себебі көбі мұндай құнды мұраларды орталыққа тапсыруға асықпайды. Кейбір отбасыларда ата-бабаларынан қалған жалғыз Құран кітабы немесе басқа да тарихи құжаттар бар. Сондықтан реставратор мамандар экспедицияларға бірге шығып, қолжазбаларды сақтау және қалпына келтіру бойынша кеңестер береді. Бұл жұмыстар ұлттық мұрамызды болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу үшін өте маңызды.
– «ULY DALA MURASY» ғылыми-танымдық журналы жайлы айтып беріңізші?
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Біздің ұлттық орталықтың бастамасымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив және құжаттама, кітап ісі комитетінің қолдауымен өткен жылдан бастап "Ұлы дала мұрасы" журналы жарық көріп келеді. Басылым 500 дана тиражбен таратылады.
Журналдың басты мақсаты – халқымыздың рухани қазынасы болып табылатын жазба мұраларды ғылыми негізде насихаттау. Сонымен қатар, архив құжаттары негізінде жазылған ғылыми мақалалар, ұлттық орталықта өткізілген ғылыми іс-шаралар мен халықаралық конференциялар, сондай-ақ орталықтың ауқымды жұмыстары туралы ақпараттық материалдар жарияланады.
Бұл басылым – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстырып, ғылыми айналымға енгізуге ықпал ететін маңызды ақпараттық құрал болып табылады.
– Көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау жайында не айта аласыздар?
Кәмшат Пазылқызы: Біздің реставрация және консервация зертханасы 2018 жылы, орталық құрылғаннан кейін бір жыл өткен соң ашылды. Зертхана барлық қажетті заманауи шетелдік құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған.
Зертханамызда қолжазбалар мен сирек кітаптарды қалпына келтіру үшін арнайы технологиялар қолданылады. Мысалы, кітаптардың парақтарын жууға арналған құралдар бар. Себебі ұзақ уақыт сақталған кітаптар әртүрлі климаттық жағдайларға байланысты тозып, парақтары сынғыш болуы, қышқылдық деңгейі төмендеуі мүмкін. Осындай жағдайларда арнайы сұйықтықтармен тазарту және ылғалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, зертханада астынан жарық берілетін үстелдер бар, бұл әрбір қолжазбаның беттерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Зақымдалған беттер жапон қағазы арқылы толықтырылады, осылайша түпнұсқаның тұтастығы сақталады. Сондай-ақ, кітаптарды түптеу және беттеу құрылғылары бар. Қорыта айтұанда қазіргі таңда біздің зертханамыз халықаралық стандарттарға сай жабдықталған және реставрациялау жұмыстарын толық көлемде жүргізе алады.
– Ендігі бір мәселе ол - цифрландыру. Қолжазбалар цифрландырылған ба және алдағы жоспарларыңыз осы цифрландыру мәселесіне байланысты?
Кәмшат Пазылқызы: Қазіргі уақытта орталықта сирек қорларды цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе араб, парсы және түркі тілдеріндегі көне қолжазбалар бірінші кезекте цифрлық форматқа көшіріліп, олардың арнайы көшірмелері қауіпсіз ортада сақталуда.
Сонымен қатар, КазНЭБ (Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы) жүйесіне қосылу жұмыстары басталды. 2023 жылдан бері қорымыздағы сирек кітаптарды, әсіресе төте жазудағы кітаптарды цифрландырып, осы жүйеге енгізу процесі жүріп жатыр. Қазіргі таңда 100-ден астам төте жазудағы кітап электронды кітапханаға жүктелді.
Бұған қоса, қатты зақымдалған немесе физикалық тұрғыда пайдалануға қиын қолжазбалар мен сирек кітаптар цифрлық форматқа көшіріліп, пайдаланушыларға электронды нұсқада ұсынылуда. Бұл жұмыстар қолжазбаларды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда.
– Сіздердің орталықтарыңызда оқушылар мен студенттер үшін экскурсиялар ұйымдастырыла ма? Егер ұйымдастырылса, олардың қалай өтетіні туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?
Кәмшат Пазылқызы: Біздің көрме залымызда жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 200-ге жуық экскурсия өткізілді. Біз мектеп оқушылары, колледж студенттері, жоғары оқу орындарының студенттерімен тығыз жұмыс жүргіземіз.
Әртүрлі тақырыптық көрмелермен қатар, дөңгелек үстелдер, конференциялар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл іс-шараларға оқушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар міндетті түрде шақырылады. Сонымен қатар, барлық студенттердің орталығымызға келуге мүмкіндігі болмағандықтан, біз өзіміз жоғары оқу орындарына барып, көрмелер мен кездесулер ұйымдастырамыз. Барлық іс-шаралар тегін өткізіледі және көпшілікке қолжетімді.
– Жалпы сіздер үшін ең әсерлі немесе есте қалған ерекше қолжазба?
Кәмшат Пазылқызы: Біздің орталықта өте құнды және сирек кездесетін қолжазбалар жинақталған. Олардың барлығы эксклюзивті және ерекше тарихи маңызға ие. Орталығымызды қасиетті орын деп атауға болады, себебі мұнда Құранның бірнеше сирек кездесетін нұсқалары сақталған. Мысалы:
VII ғасырдағы Құранның көшірмесі, бүгінде Түркияда сақталған алғашқы жазба үлгілерінің бірі.
X ғасырдағы Құранның алғашқы түркі тіліндегі аудармасы, бұл құнды жәдігер 2023 жылы Англияда ұйымдастырылған экспедиция барысында әкелінді.
Кенесары ханға Марал ишан бабамыз сыйлаған Құран.
Бүгінде біздің қорымызда бірнеше Құран коллекциясы жинақталып үлгерді. Алдағы уақытта қазақ тарихымен байланысты басқа да қасиетті Құрандарды жинау жоспарда бар. Сонымен қатар, орталығымызда:
Әл-Фараби,
Қожа Ахмет Ясауи,
Таразилер мен Сарахсилар сынды орта ғасырлық ғұламалардың қолжазбаларының көшірмелері сақтаулы.
2023 жылғы экспедициялар барысында көптеген құнды жәдігерлер табылды. Әсіресе, мешіттердің қоймаларында сақталған сирек кітаптар қазақ тарихы үшін өте маңызды дереккөз болып табылады. Біз бұл жұмыстарды әлі де жалғастырамыз. Экспедициялар арқылы жаңа қолжазбалар мен құнды тарихи мұраларды жинау – біздің басты мақсатымыз.
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылы Ұлттық орталықтың мамандары Ұлыбританияның бірнеше ғылыми мекемелерінде тарихи ізденіс жұмыстарын жүргізді. Бұл іссапар еліміздің ерте тарихына қатысты құнды деректерді жинаудағы маңызды қадам болды.
Былтыр Жошы ұлысына 800 жыл толуына орай ұйымдастырылған зерттеулер аясында Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы Джон Райлендс кітапханасынан бірнеше маңызды тарихи еңбектердің көшірмелері алынды:
"Тарих Бонакати",
"Раузат ат-Тахирин",
"Жәмият ат-Тауарих",
"Жәмия".
Бұл еңбектер Жошы ұлысы мен қазақ мемлекеттілігінің бастау алған кезеңіне қатысты құнды мәліметтер береді. Осы құжаттардың көшірмелері Қазақстанға жеткізілді.
Сонымен қатар, Британия ұлттық архивінен халқымыздың рухани қазынасына қатысты тың материалдар алынды:
Мұстафа Шоқай туралы тың деректер,
Қазақтың тұңғыш шығыстанушысы Сералы Лапин туралы құжаттар.
Сералы Лапиннің бұл құжаттары оның тек шығыстанушы ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де белсенді қызмет атқарғанын дәлелдейтін маңызды тарихи құжаттар болып табылады. Британия ұлттық архивінен табылған ең ауқымды деректердің бірі – Мұстафа Шоқайға қатысты 50 томдық құжаттар жинағы. Бұл құжаттар Персия (қазіргі Иран), Ауғанстан, Түркістан және Түркия арасындағы хат алмасуларға арналған.
Осы 50 томның 44-ші томында Мұстафа Шоқайға қатысты мәліметтер бар.
Бұл 1919 жылы Мұстафа Шоқайдың Тбилисиде (құжатта "Тифлис" деп көрсетілген) баспагерлік қызметіне қатысты құнды ақпараттарды қамтиды.
Құжаттар ағылшын тілінде, қазіргі уақытта оларды ғылыми айналымға енгізу мақсатында аудару және зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, "Слова" газетінде Мұстафа Шоқайдың 1918-1920 жылдардағы Түркістандағы саяси-әкімшілік өзгерістерге қатысты жазған мақалалары табылды. Бұл жазбаларда бүкіл түркі халықтарының азаттық үшін бірігуі керек екендігі туралы Мұстафа Шоқайдың саяси ұстанымдары баяндалған.
Болашақта бұл құжаттар қазақ тіліне аударылып, ғылыми айналымға енгізілмек. Қазіргі таңда ғылыми конференциялар арқылы алынған құжаттарды насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы аталған жәдігерлердің барлығы мен үшін өте әсерлі.
– Ғалым ретінде осындай бір құнды құжат тапқан кезде зерттеуге неше уақыт кетеді?
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Ұлттық орталықтың мамандары жинаған архивтік және қолжазбалық құжаттар өте ауқымды әрі күрделі ғылыми талдауды қажет етеді. Әсіресе, шетелдік сапарлар барысында ағылшын, парсы, араб, шағатай, тәжік және басқа да шығыс тілдерінде жазылған материалдар алынады.
Құжаттарды зерттеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен құжаттар жинақталып, көшірмелері жасалады. Шетелдік архивтер мен кітапханалардан құнды тарихи материалдар алынып, олардың көшірмелері жасалып, Ұлттық орталықтың қорына енгізіледі. Кейін осы құжаттар аударылып, сараптау жұмыстары жүргізіледі. Тілді меңгерген мамандар, яғни араб, парсы, ағылшын, шағатай тілдерін білетін зерттеушілер материалдарды тілдік және мағыналық тұрғыдан аударады. Сонымен қатар, қолжазбалар мен архив құжаттары бұған дейінгі ғылыми дереккөздермен салыстырылып, зерттеледі. Бұл кезеңде мәтіннің түпнұсқалық дәлдігі мен тарихи контексті ескеріледі.
Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін құжаттарға тарихи, мәдени және ғылыми тұрғыдан сипаттама беріледі. Олардың тарихи маңызы мен деректік құндылығы анықталады. Зерттелген және сарапталған құжаттар ғылыми еңбектерге, мақалаларға, жинақтарға енгізіледі, конференциялар, семинарлар, көрмелер арқылы көпшілікке таныстырылады. Сонымен қатар, қолжазбалардың цифрлық нұсқалары жасалып, зерттеушілерге қолжетімді болады.
Осы жүйелі зерттеу жұмыстарының арқасында халқымыздың рухани және тарихи мұрасы ғылыми айналымға енгізіліп, кейінгі ұрпаққа жеткізіледі.
– Қазіргі таңда сіздер Қытай мемлекетімен тарихи құжаттар мен қолжазбаларға байланысты қаншалықты байланыс орнатып жатырсыздар? Өйткені көптеген ғалымдар Ресей архивтерін толық зерттегенін айтады, ал Қытайда да қазақ тарихына қатысты маңызды деректер болуы мүмкін. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
Кәмшат Пазылқызы: Ол жақта әлі күнге дейін қазақтардың көп шоғырланған аймақтары бар. Біз Қытайға арнайы экспедиция толық жасамадық. Алтайдан көшкен қазақтардың тағдыры туралы, әсіресе Тибет пен Гималайды басып өтіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен көш тарихы жайлы зерттеулер жүргіздік.
2022 жылы Түркиядағы іссапар барысында осы тарихи көштің куәгері болған Зейнел Сүрмелі атамыздың қолжазбалары қолға түсті. Түпнұсқаны оның ұлы бізге арнайы табыстады. Қазіргі таңда бұл құнды қолжазбалар толық аударылып, зерттелді.
Зейнел Сүрмелі өз көзімен көрген оқиғаларды өлең түрінде төте жазумен жазып қалдырған. Оның барлық шығармалары қазіргі кирилл әліпбиіне көшіріліп, жинақ ретінде жарыққа шықты. Сонымен қатар, жинаққа оның Қазақстанмен тығыз байланыста болған кезеңдегі хат алмасуларының көшірмелері де енгізілді.
Бұл еңбектің жарық көруі – тарихи көштің тағдырын ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы болып отыр.
– Алдағы уақытта сіздердің орталықтарыңыз қандай зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр? Қандай жаңа бағыттар мен бастамалар қолға алынбақ?
Кәмшат Пазылқызы: Қазіргі таңда Тәжікстанға іссапар жоспарланып отыр. Себебі Орта Азия елдерінде, соның ішінде Өзбекстан мен Тәжікстанда көптеген құнды қолжазбалар сақталған. Әсіресе, олардың басым бөлігі Тәжікстанның Ұлттық кітапханасы мен Ғылым академиясының ғылыми орталықтары мен қорларында орналасқан. Бұл бағытта алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті мекемелермен байланыс орнатылды. Жақын арада Тәжікстанға арнайы іссапар ұйымдастырылып, сол елден құнды қолжазбалар әкелу жоспарлануда.
Сонымен қатар, ел ішінде де экспедициялар ұйымдастыру көзделіп отыр. Солтүстік Қазақстан өңірлеріне, атап айтқанда Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Павлодар аймақтарына ғылыми сапарлар жасалып, онда сақталған тарихи қолжазбалар мен сирек кітаптарды жинау жоспарлануда. Бұл жұмыстар ұлттық мұрамызды толықтыруға және оны ғылыми айналымға енгізуге үлкен үлес қосады деп сенеміз.
– Қазіргі таңда сіздердің саладағы қордаланып тұрған немесе белгілі бір кедергілер тудырып отырған негізгі мәселелер қандай? Бұл мәселелердің шешімі сіздердің көзқарастарыңыз бойынша қалай жүзеге асуы керек?
Кәмшат Пазылқызы: Орталықта көтеріліп отырған басты мәселелердің бірі – мамандар тапшылығы. Қазіргі таңда араб, парсы тілдерін білетін мамандар көп болғанымен, түпнұсқа көне жазбаларды оқи алатын сарапшылар өте аз. Бұл – тарихи құжаттарды аудару, сараптау және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарына кедергі келтіретін маңызды түйткілдердің бірі.
Екіншіден, реставратор мамандардың жетіспеушілігі. Қолжазбаларды қалпына келтіру – үлкен шеберлікті талап ететін күрделі процесс. Алайда, Қазақстанда реставрация саласы бойынша мамандар дайындалмайды. Сондықтан реставрация мамандарын даярлайтын арнайы мектептер немесе кәсіби курстар ашу – уақыт күттірмейтін қажеттіліктердің бірі.
Үшіншіден, ел ішінде шашырап жатқан сирек қолжазбалар мәселесі. Өзбекстан, Түркия сияқты елдерде сирек жазба мұраларын бір орталыққа жинақтау бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылған. Біздің елімізде де әр аймақта сақталып жатқан құнды қолжазбаларды жүйелі түрде жинақтап, арнайы бір ғылыми орталықта шоғырландыру қажет. Бұл жазба мұралардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Осы мәселелердің шешілуі – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен ғылыми зерттеулерді дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Қазіргі таңда Қазақстандағы түрлі мекемелердің, соның ішінде кітапханалар мен архивтердің қорларында сирек қолжазбалар мен көне жазбалар көптеп сақталған. Дегенмен, олардың бірыңғай орталықтандырылған реестрі жоқ. Егер бұл жазбалар арнайы мемлекеттік есепке алынып, бірыңғай реестр жасалса, олардың шетелге өтіп кетуінің алдын алып, жүйелі түрде қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.
Реставратор мамандарды даярлау – өзекті мәселелердің бірі. Ресейде бұл салада Грабар атындағы реставрация мектебі бар, сондай-ақ Мемлекеттік кітапханаларда арнайы реставрация курстары ұйымдастырылады. Ал Қазақстанда реставрация саласы бойынша мамандар арнайы дайындалмайды, сондықтан бұл мәселені шешу үшін Ұлттық орталық жыл сайын арнайы семинарлар ұйымдастырып келеді.
Өткен жылы үшінші халықаралық реставраторлар семинары өтті.
Орталық біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруда.
42 сағаттық арнайы курстар өңірлердегі мамандар үшін өткізіледі.
Курстар екі деңгейге бөлінеді: бастауыш және жалғастырушы курстар.
Бұл курстар ақылы түрде өткізіліп, сирек қолжазбаларды сақтайтын және зерттейтін ғылыми қызметкерлер мен мамандардың бастапқы және тереңдетілген білім алуына мүмкіндік береді. Осы бастамалар Қазақстандағы тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды қадамдар десек болады.
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Қазіргі таңда заманауи технологиялар мен әдістерді қолдану арқасында жазба мұраларды іздеу мен зерттеу процесі айтарлықтай жеңілдеді. Әлемнің көптеген елдерінде ғылыми мекемелер өз қорларындағы қолжазбаларды цифрландыру арқылы каталогтар мен онлайн реестрлер жасап шықты. Ресейдің Мемлекеттік кітапханасында, Иран Ислам Республикасының ғылыми мекемелерінде, Мысырдағы архивтерде және кітапханаларда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қолжазбаларды жүйелеу, каталогтау және цифрландыру ғылыми айналымға енгізуді жеңілдетеді.
Бүгінде елімізде бірыңғай қолжазбалар реестрі жоқ, сондықтан шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, барлық ғылыми мекемелердегі сирек жазбалардың реестрін жасау, қолжазбалар мен жазба мұраларды сайттар мен каталогтар арқылы іздеуді жүйелеу, Қазақстанның ерте тарихына қатысты құнды деректерді ғылыми айналымға енгізу қажет. Бұл бастама еліміздегі тарихи-мәдени мұраны зерттеуге және қорғауға үлкен үлес қосады.
– Қолжазбалар мен сирек кітаптарға қызығатын ғалымдар, мамандар немесе осы салаға келгісі келетін жастарға қандай кеңестер берер едіңіздер? Бұл салада жетістікке жету үшін қандай дағдылар мен қасиеттер қажет? Сонымен қатар, зерттеу жүргізу, архивтермен жұмыс істеу немесе тарихи құжаттарды жүйелеу бойынша қандай маңызды ұсыныстар айта аласыздар?
Кәмшат Пазылқызы: Жастардың осы салаға келуін қалаймыз, себебі қолжазбаларды зерттейтін мамандар жетіспейді. Әсіресе, араб, шағатай, көне түркі және парсы тілдерін меңгерген мамандар аз. Қазіргі таңда орталығымызда көптеген құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың коллекциясы жиналып қалды. Оларды толық зерттеу, каталогтау, ғылыми сипаттамасын жазу үшін кәсіби мамандар қажет.
Каталогтау – бұл өте ауқымды ғылыми жұмыс. Әрбір кітаптың авторын, мазмұнын, тарихи маңызын сипаттау үшін терең білім керек. Сондықтан жастардың тіл үйреніп, тарихпен айналысып, ғылыми зерттеулерге ден қоюын қолдаймыз. Тарихшылар көне тілдерді меңгерсе, шынайы, дәлелді, терең зерттелген тарих жазуға мүмкіндік туады. Бұл еліміздің тарихи мұрасын сақтау мен дамытуда маңызды рөл атқарады.
Гүлсім Алдабергенұлықызы: Әрине, бізде мамандар жетіспейді деп қарап отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда ұлттық орталығымызда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Архив "Жиырма-жиырма бес" жобасы аясында және басқа да жоспарланған іссапарлардың нәтижесінде елімізге әкелінген құнды тарихи деректерге ғылыми сипаттама беріліп, оларды жүйелеп, ғылыми айналымға енгізуге тырысудамыз.
Өткен жылы шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар атты ұлттық орталық мамандарының архив "20-25" жобасының нәтижесі ретінде үлкен ғылыми жұмыс жарыққа шықты. Бұл – альбом-каталог. Ол жоба аясында алыс-жақын шет мемлекеттерден әкелінген жетпіске жуық құнды қолжазбаларды қамтиды.
Каталогқа енген қолжазбалар туралы толық ғылыми сипаттама жасалған. Онда авторлары, көшірілу кезеңдері, басылып шыққан уақыты, мазмұны және ғылыми құндылығы туралы мәліметтер берілген. Бұл альбом-каталог қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Осы секілді ғылыми зерттеу және тарихи деректерді айналымға енгізу жұмыстары ұлттық орталығымызда қарқынды жүргізіліп жатыр.
Кәмшат Пазылқызы: Сонымен қатар, бізде "Қазақстан тарихы: Шетел архивтері мен кітапханаларында" атты ақпараттық-анықтамалық шығарылып келеді. Қазіргі уақытта оның он бірінші томы дайындалуда. Бұл анықтамалық 2005 жылдан бері, яғни "Мәдени мұра" бағдарламасы басталған кезден бастап шетелдерден анықталған және көшірмесі әкелінген құжаттарды жүйелеу мақсатында шығарылып келеді.
Қазіргі таңда анықтамалыққа 30 000-нан астам шетелдік құжат енгізілген. 2011-2014 жылдар аралығында оның сегіз томы жарық көрді. Бұл томдарға "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында әкелінген құжаттар енгізілсе, 2023 жылдан бері анықтамалықтың жұмысы қайта жалғасын тауып, "Архив 20/25" бағдарламасы бойынша әкелінген құжаттар қамтылуда.
Осы бағдарлама аясында бес республикалық архив шығарылды және бірнеше елдің архивтерінен құнды құжаттар табылып, әкелінді. Барлық материалдар ақпараттық-анықтамалыққа енгізіліп, орталықтың сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, бұл анықтамалық еліміздің барлық өңірлеріндегі кітапханалар мен архивтерге таратылуда.
Анықтамалықтың басты маңыздылығы – Қазақстан тарихын шетелдік архивтерде зерттеуді мақсат еткен ғалымдар мен зерттеушілерге бағыт-бағдар беру. Онда қай елдің, қай архивінде, қандай құжаттардың анықталғаны және әкелінгені жөніндегі толық ақпарат қамтылған. Осылайша, зерттеушілерге шетелдік архивтерде жұмыс істеуге дайындық барысында үлкен көмек көрсетіледі.
– Сіздерге көп рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, халқымыздың құнды мұраларын сақтап, зерттеу жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!