
Биыл туғанына 110 жыл толып отырған қайраткер-қаламгер, қазақ тарихының әдеби нұсқасын жасаған даңғыл жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармаларының басты құндылығы ұзақ жыл отарланып, санасы сансырап, қара басын күйттеуден басқа қауқары қалмаған ұлтымыздың рухын көтеру еді. Осы мақсатқа жету үшін жазушы ұлт тарихының ерлік кезеңдері мен азаттық жолындағы арпалыстарын әдеби көркем шығарма арқылы насихаттай алды.
Тарихи сана һәм жазушы
Осы орайда, «тарихи сана дегеніміз не?». Бұл сұраққа философия ғылымының докторы Арғын Қасымжанов былай деп жауап беріпті: «Әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырын, өткен тарихи жолын танып-білуге ұмтылып, сана-сезімнің оянуы».
Қаламгер Есенберлиннің де айтпағы жоғарыдағы ғалымның пайымына негіздес. Жазушы өзінің естелігінде: «Адам көне заманның тарихи зерттеулерімен ұзақ уақыт айналысқан кезде, өткен дәуірдің адамдары мен оқиғалары өзінен-өзі оның жадында жаттала бастайды. Және ол осылардың астарынан тек адам тағдырын ғана көреді. Осындай жағдай менің басымнан өтті. XIX ғасырдағы Кенесарымен байланысты ұлт-азаттық қозғалысты зерттей келе мен өткен оқиғалардан ұлы тұлғаның бақытсыздығын көрдім. Оның күрделі мінездері, жетістіктері мен сәтсіздіктері туралы романымда ешқайсысын ақтамай, қараламай тағдыр тәлкегі қалай болған болса, сол қалпында жаздым»,-дейді («Жан сырым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 9-б).
Яғни жазушы қазақ халқының азаттығы үшін күрескен соңғы қаһарман Кенесары ханның күрескерлік қуатын тану арқылы халқының басынан өткерген қиыншылығы мен азаттық жолындағы жанкешті күрескерліктің рухын сезінген. Тек сезініп қана қоймаған өзінің «Ойлар. Нақыл сөздер» атты эссе толғауында: «Халқым мен туған елімді сүю – өзімнің еншіме тиген мұрат деп түсіндім. Туған өлкемнің жасыл шалғынын да, шалқар көлін де, құмайтты шөлін де, сағымды белін де, бәрін бірдей жанымдай жақсы көремін. Оны ешкімге қиғым келмейді. Сонау желі қобыздай сарнаған сар даламды дүниенің ең сұлу жеріне айырбастамас едім. Міне сондықтан да ел-жұртымның, туған жерімнің келешегін ойлап, жас балаша жылаймын, қиналамын»,- деген екен.
Бұл кез келген адамның аузынан шығатын сөз емес. Бұны айту үшін де үлкен жүрек, кең пайым, жаншылмаған сана керек. Есенберлин қазақ халқы үшін ең бір қиын кезең XX ғасырдың басында дүниеге келіп, алапат аштықты көрген, 37-38 жылдары ұлт зиялыларының жаппай көзін жойған қуғын-сүргіннің куәсі болған, осы екі зұлматтан аман қалған қазақ жігіттерін қанды қасап екінші дүниежүзілік соғысқа апарып салған...
Осының бәрінің тірі куәсі болған Ілияс Есенберлин әбден тозып, ыдырауға шақ қалған қазақтың тарихи санасын жаңғыртуға бел буды. Жалғыз өзі аттандап алға ұмтылды. Өзімен қанаттас-замандас өмір сүрген ұлт жазушылары да ұлттың тарихи санасын оятатын шығармалар жазуы керек еді. Олар жаза алмады. Себебі бойларында, танымында, санасында, болмысында рух азаттығы жоқ.
Ілияс Есенберлин бір сөзінде: «Ашқанын, болжағанын, күмәнданғанын қағаз бетіне түсіру – менің ең жақсы көретін шаруам. Мен – бұл кезде дүниедегі ең бақытты адаммын» десе, жалғыз інісі Раунақ ағасы туралы: «Адам баласының бір қуанышы, жарық жұлдызы, темір қазығы – туған елі. Оған деген махаббаты. Ілиястың бойында осы қасиет болды» деп жазады.
Демек, Ілиясты осындай көзсіз ерлікке ұмтыдырған дүние – оның қазағына, халқына, туған жеріне, өскен еліне деген махаббаты екені анық. Бұндай шексіз махаббат болмаса, тарихи шығармалар да тумас еді. Жазушы Қабдеш Жұмаділовше айтсақ, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары тарихи романдар көшін бастаған Есенберлин ұлттық сананың оянуына, тарихи зерденің жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты десе, інісі Раунақ, ол көзін ашқалы өз халқының қасіретті тұрмысын көргендіктен, жұртының жеті ғасырлық аласапыранға толы тарихын қопаруды мақсат тұтқанын айтады.
Атам қазақ «шын жүйрікте мін болмас» дегеніндей, Ілекең оқығаны тау-кен инженері бола тұра, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жазушылыққа бет бұрды. Неге? Раунақша айтсақ, ол өз мамандығы тау-кен инженерін атқарып, жанын бағып жүре берсе болар еді. Оған дәті бармады. Өйткені халқының қайғысына ортақтасу – Ілиястың ерекшелігі болатын.
Қазақтың өзі де, көзі де, сөзі де, өткені де, көргені де, жыры да, байырғы мәдениетті де, этнотұрмысы да «ескінің қалдығы» саналып, мына әлемге тек орыстың, соның ішінде коммунисті большевиктік көзбен ғана қарауға мәжбүрлеген заманда халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілткен адамды қоғам қайдан жақсы көрсін. Соның ішінде биліктің биік астауынан жем жеп, компартияның жылы-жұмсағын жалаған жазушылар бұл кісіге өлердей өш болды. Бұл туралы ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай: «Есенберлин өте қиын тақырыпқа барып, ол өзіне қатерлі соқпақ таңдап алды. Бұл жолда Ілекең қуғынды да, опасыздықты да, әділетсіздікті де қара басынан кешті. Жазушы өзінің негізгі мақсаты – халқын ояту, оны ертеңгі күнін ойлауға мәжбүрлеу, өткенін бұл орайда, естен шығармай отыруды, халқының бір кезде құрып кете жаздағанын білсін деген адал да, абзал пиғылы болатын. Ол өзінің осы тұрғыдағы жанайқайын жеткізді»,-деген екен.
Осы орайда, есте болатын дүние Есенберлиннің теңдессіз тарих туындыларды дүниеге әкелуіне бірден-бір қолдау танытқан адам мемлекет және қоғам қайраткері, көп жыл Қазақстанды басқарған тұлға Дінмұхамед Қонаев екені анық. «Егер Димекеңнің көмегі болмаса «Қаһар» кітабы ешқашан да шықпас еді. «Қаһар» жарыққа шықпаса, «Алмас қылыш» пен «Жанталас» дүниеге келмес еді. Бір сөзбен айтқанда, «Қаһар» шықпаса «Көшпенділер» трилогиясы тумас еді. «Алтын Орда» трилогиясы жазылмас еді. Димекеңнің Ілекеңе жасаған бұл ағалық қамқорлығының нәтижесі ұлттық мәдениетіміздің қазынасына қосылған баға жетпес байлыққа айналды»,-депті Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов («Жан сырым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 192-б).
Бақытсыз балалық шақ
Әлемге даңқы жайылған жазушы Эрнест Хемингуэй «ұлы жазушы болу үшін бақытсыз балалық керек» деген екен. Өйткені бала шағында қиындық көріп, тас қайрақтай шыңдалған адам болашақта қай салада болсын жеңімпаздық тұғырынан түспейді. Сол сияқты Ілиясты шыңдаған дүние – бала күнгі бақытсыздығы, яғни көрген жоқшылығы мен тартқан азабы. Бұл жайында жазушы бір жерде айтып, жазған емес.
Бірақ біз жазушының «бақытсыз балалық шағы» туралы інісі Жуковский атындағы әуе-әскери академиясының түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор, полковник Раунақ Есенберлиннің естелігі арқылы білеміз. Бұл естелік 1980 жылы «Мен үшін ерекше адам» («Особенный человек для меня») деген атпен «Комсомолская правда» газетіне жарияланыпты.
Осында жазылған оқиғаға сүйенсек, 1924 жылы ағайындылардың ата-анасы қайтыс болып екеуі тұл жетім қалыпты. Яғни жоқшылық пен жетімдіктің қамытын ерте киген. Алғаш оқуға барғанда екеуара жалғыз етігі болыпты. Бірде ол етік те ескіреді. Содан Ілияс сабақ тарағанда інісін арқасына отырғызды да жалаңаяқ жүріп кетеді.
– Жолдың үштен бірін тез өттік, ал үйге дейін әлі алыс. Тағы бір шақырым бар. Мен сезіп келемін ағам шаршап қалды, бірақ жүріп келеді. Ол аздай, өңменіңнен өтетін суық ызғарлы жел менің жалаң аяғымды қарып әкетіп барады. Дәтім одан әріге шыдамай Ілиясқа өзімді жерге түсіруін өтіндім, - дейді Раунақ. Сөйтіп, інісі де жалаңаяқ жер басып жүгіре жөнеледі. Бірақ есінен танып құлайды. Ғылымда бұндай төтенше жағдайды «шок» дейді екен.
Сөйтіп жүргенде «өлмеген құлға өмір бар» дегендей екі жыл өтеді. Ілияс Атбасар қаласындағы жетімдер үйіне орналасады да, Раунақ ескі үйде өгей әкенің қолында қалады. – Жаздың аяқталып келе жатқан кезі болатын. Бірде жетімдер үйіндегі Ілияспен көшеде кездесіп қалдым. Ол бір тапсырмамен сот мекемесіне келе жатыр екен. Ілияс маған кешеден бері нәр татпағанын айтты. Өмірдегі ең қымбат адамыма еш көмек көрсете алмағаныма қатты қиналдым, қапаландым, - деп жазады інісі.
Одан кейін көбіміз біле бермейтін тағы бір оқиға – бала Ілиястың ұлттық тарихи санасының оянуы. Раунақтың айтуынша, бұған әсер еткен өткен-кеткен тарихи оқиғалардан хабардар, әрі бұрынғы тарихи тұлғалар Асанқайғы, Бұхар жырау, Едіге, Қобланды, Абылай, Кенесары қатарлы адамдар жайында көп білетін Қақбай деген қария екен.
«Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогияларының кейіпкерлерін алғаш рет сол Қақбайдан және басқа ел ішіндегі қариялардан естігенін өз көзім көрді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» хикаясын, қасіретке толы, ұлы сазы «Елім-айды» да сол кезде Ілияс ұйып тыңдайтын. Осы бір аттары тарихқа беймәлім қарапайым ақындар бүлдіршіндей жас Ілиясқа бүкіл саналы өмірінде есінен кетпейтін қазақ фольклоры мен өз халқының тарихына деген ыстық ықылас пен шынайы қызығушылық шоғын тұтатып берді» дейді інісі. («Жан сырым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 247-б).
Тарихи трилогиялардың жазылуы
«Тарихи тақырыпты романдар жазуыма басты себеп: қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен жазып көрсету және әртүрлі бұрмалауға тура жауап беру арқылы қазақтардың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бөлегі екенін дәлелдеу», депті Есенберлин өзінің естелігінде.
Келесі кезекте, 1985 жылы Қазақ радиосы «Тайқазан» агенттігінің жетекшісі Сұлтан Оразалин «Есенберлиннің шығармашылық портреті» атты сұхбат жүргізген екен. Бұл сұхбат қазір қазақ радиосы қорында тұр.
Осы мақаланы жазу барысында біз сұхбатты ыждағаттықпен тыңдап шықтық. Әңгіме барысында тілші жазушыдан «Тарихи романдарың қалай жазылды?» деп сұрақ қойған екен. Оған Ілекең былай деп жауап беріпті:
– Жалпы менің кітап жазуым жылдам болады. Өйткені мен жан-тәнімді салып жазамын. Уақытымның барлығын соған жіберемін. Қандай бөтен шаруам болсын, бар ойым сол кітапта жүреді. Ал «Көшпенділерді» қалам ұстағалы (1942жылдан) жазып келе жатырмын десем өтірікші болмаспын. Орталық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде Омбы мен Орынборда болдым. Оның архивтерінен көптеген материал жинадым. Жаңа, ескі нәрсе бар ма, қолыма түскеннің барлығын қарап жүрдім. Соны қорытып алпысыншы жылдардың басында осы үш кітапты жазам деген шешімге келдім. Жазылуы, жөнделуі бар, алды үш айда, арты алты айда жазылды. Алғашқы кітабым «Қаһар», содан кейін «Алмас қылыш», «Жанталас». Осы кітаптар бірінен соң бірі шыққанменен, егерде менің ойлаған трилогиямның жөніне қарағанда алдымен «Алмас қылыш», содан «Жанталас», содан «Қаһар» болуға тиісті еді. Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ, жиырмаға таяу жыл өмірімді алды. Бұған себеп болған: біріншіден, өнеге болатындай алдыма ұстай қоятындай тарихи тақырыпта жазылған кітаптардың жоқтығы, екіншіден, осы бір қиын кездер туралы да біздің тарихи сүйегімізде сара жол болып, осыны ұстасам дұрыс дейтұғын ғылыми зерттеулер де аз болатын. Қысқасын айтқан уақытта, тың жерді көтергендей бұл тың тақырыптарды өз бетіммен, өз ойыммен санаса отырып, дұрыстап жазуға тырыстым, - депті.
Одан кейінгі сұхбат барысында С.Оразалин: «Өзіңіздің жүрегіңізге сонша жақын, соншама қымбатты кітаптарыңыздың қайсысын ерекше жақсы көресіз?» деген сұрақ қояды. Оған жауап ретінде жазушы:
– Жалпы сол жазған кітаптарымның ішінде, алғашқы романдарымды өте бағалы санаймын. Олар: «Алмас қылыш», «Қаһар», «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар». Ал менің шыққан шыңым – «Мұхиттан өткен қайық». «Алтын Орда» трилогиясы өзге кітаптарымнан гөрі жеңіл жазылды. Осы алтауын өзім жеке бағалаймын. Оның да себебі бар. «Айқасты» жақсы көретін себебім ондағы уақиғалар: адам опасыздығы, өз еңбегіне берілгендігі, кейіпкерлер өзіме таныс болғандықтан қойылған мақсат үлкен болғандықтан. «Алмас қылышта» тікелей деректі уақиғалардан гөрі, оқуға ыңғайлы болсын, жұрт осыны тартып оқыса екен деген арманмен, көркемдік ой жағына көбірек көңіл бөлдім. Тіл жағына да, ой жағына да. Сондықтан оны майға бауыр қосып асаттырған секілді, кейбір қиын мәселелерге аңыз жалпы сурет жағынан келіп осылай беруге тырыстым. Әрине көркемдік жағынан осы үш кітаптың ішінде «Қаһар» ерекше болуы мүмкін. Оның стилі де, кейіпкер ойынан оқушыға қалай жеткізем деген арманымнан шыққандықтан, оның «Алмас қылыштан» гөрі айырмашылығы осыдан туындаған. «Қаһарды» жақсы көретін себебім оған басқа кітаптардан гөрі көбірек еңбек сіңірдім. Маңдай терімнің қатты шыққаны да осы жолы. Сосын бұл өзі халықтың ондаған жыл қан төгіс, қиналған кезеңі болатын. Кенесарының негізгі жолы дұрыс еді ғой. Сол кезеңді дұрыс суреттедім бе, деп жақсы көремін. Ал «Алтын Орданы» алатын болсақ, бұл қазақтың дастандары: Шора батыр, Ер Тарғын, Едіге... осылардың барлығы өмір сүрген сонау көшпенділерден өткен заман. Ал бұл заманның өзінде де толып жатқан қым-қиғаш қиындықтары бар. Тарихи роман «Көшпенділер» менің кітап жазу ісіндегі мектебім болды. Сондықтан «Алтын Ордаға» өзім бір түрлі жылы қараймын»,-деп жауап беріпті.
Есенберлин туралы естеліктер
Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев:
– Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанымен, алыптың ісін тындырған азамат. Қырқыншы жылдардан бастап қалам ұстаған ол соңғы демі таусылғанша шығармашылық мұратына адал болды. Мен өзім Ілекеңнің «Қаһарын», «Алмас қылышын», «Алтын Ордасын», «Жанталасын» оқыдым. Обалы нешік, көбісін қолжазбадан оқып солардың үлкен өмірге – ең әділ сыншысы халқына жетуіне, оқыған сайын Ілекеңнің өсу үстінде, шығармашылық биік белестерге көтеріліп келе жатқанына сүйсініп, дем бергеніме іштей қанағаттандырарлық сезімге бөлендім.
Қоғам қайраткері, жазушы – публицист Әнуар Әлімжанов:
– «Қаһар» деген романының қолжазбасын талқылауға қалай ұсынғаны есімде. Мен ақсақалымыз Ғабит Мүсіреповтің талқылауды жүргізуіне келісімін алдым. Жазушылар одағы үйінің фойесі мен бірінші хатшының кабинеті оқырмандар мен жазушыларға лық толды. Бірақ талқылау кезі келгенде, Ғабит Махмұтұлы қолжазба жөнінде бірнеше қатты сөз айтты да, шығып кетті. Сондықтан пікір сайыс жүргізуден тәжірибем жоқ мен бірінші рет талқылауды бастауға мәжбүр болдым. Бір топ әдебиетшілер романның, жариялануына бірден-ақ еш дәлелсіз (олардың қолжазбаны оқымағаны айқын аңғарылды), өршелене қарсы шықты. Басқалары оларға сол жерде тойтарыс беріп жатты. Пікір сайыс ұрыс-керіспен аяқталуға сәл-ақ қалды... Ал роман жарық көрген кезде баспасөз оған ұйымшылдықпен дүрсе қоя берді. Сөйтіп Ілияс ағаның әдебиеттегі тағдыры оңай болған жоқ. Ал бүгінгі таңда өздерін жәбір көріп, жапа шеккендер етіп көрсетіп, өз кітаптарына тыйым салынғанын айтып жүргендер Ілияс ағаның еншісіне тиген моральдық соққының жүзден бірін де бастан кешірген жоқ.
Академик Рахманқұл Бердібаев:
– Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» деп аталатын трилогиясында қазақ халқының XV-XIX ғасыр аралығындағы оқиғалары, дамудың тенденциялары, халықтың басына түскен ауыртпалықтар, қиындықтар, көштер, ықыластар, өштіктер тарихы айтылады. Мұнда небір халық арасынан шыққан батырлардың, жыраулардың, үлкен мемлекет қайраткерлерінің қызғылықты образы бар. Бұл шығарманың қай-қайсысында жазушы философиялық биік дүниетаным тұрғысынан қарай отырып, біздің заманымызға керекті оқиғаларын, осы заманмен үндес келетін қазіргі оқушыларымызға тәрбие бере алатын, халықтың санасын арттыратын оқиғалар мен анталаған жаулардың шабуылынан кейін халқының ақырында ел болып, сақталғанын көрсетеді.
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов:
– Ілияс Есенберлин қазақ прозасында ең өнімді еңбек етіп жатқандардың бірі. Өмірінің соңғы он жыл шамасында оқушы қауымға сегіз роман ұсынды. Бұл былай қарағанда көпте секілді. Әсілі көркем шығарма санмен өлшенбейді. Әсіресе, Есенберлин тарих тақырыпқа «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» романдарын жазу арқылы біздің қазақ тарихына сонау XV ғасырдан бүгінге дейін үлкен алтын желі жасап шыққаны жұртқа аян.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әзілхан Нұршайықов:
– «Көшпенділер» трилогиясы Есенберлиннің ел ішіндегі атағын асырып, аспандатып жіберді. Сонымен бірге ол жазушының әдеби ортадағы дұшпандарын және көбейтті. Олар Есенберлинге тамаша таланты мен ерен еңбеккерлігі үшін жауықты. Жауыққандардың бірі: «Кешегі аяғымыздың астында жүрген Есенберлин аспанға қалай көтеріліп кетті?» деп байбалам салды. Ішін қызғаныш кернеген енді біреулер бұқпантайлап жүріп, әркімнің құлағына бір сыбырлап, жаңа трилогияны жамандады. «Сен жалындап тұрған жас сыншысың ғой, тас-талқанын шығар» деп жастарды азғырды. Олардың кейбіреулері орман патшасы аюдай ақырып, маймандай басатын, жазушылар қауымының ішінде өздерін арыстандай әлді сезінетін айтақшы ағаларының тілдерін алды. Әрине, олардың артынан іштей өкінгендері де болды.
Жазушының ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин:
– Әкем тарихи роман жазу үшін ақпар жинап және өңдеу процесін үзіліссіз жүргізді. Ол түрлі қалалардың көптеген архивтеріне барып, ықыласпен ізденіп, түпдеректермен танысты. 1965 жылы, шығармашылық шабытпен үш ай ішінде әкем, кейіннен қиыншылықпен 1967 жылы жарыққа шыққан, өз әйгілі трилогиясы «Көшпенділердің» бірінші кітабы «Қаһарды» жазады. Тарих, коммунистік идеологияның құрамдас бөлігі болғандықтан, сол кездері, партия ұйымдарының бақылауында болғандығын айта кеткен жөн. Сондықтан кітапты қинаған сияқты, түрлі партия орындарында авторды да «қинай» бастады. Көре алмаушылар мен қарсылық білдіргендер де болды. Бірақ, осыған қарамастан, әкем трилогияның қалған бөлімдерін жазып бітіріп, басында, журналдық нұсқада, кейін «Көшпенділер» деген атпен толық кітап етіп шығарды.
Қыранның қазасы
Жазушының өмірбаяндық хамсасында: «1983 жылдың 5 қазанында жүрек жарылуынан қайтыс болды» делініпті. Жалынды ақын Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз» атты жырында: «Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!» деген жолдар болушы еді. Дәл солай жазушының жүрегі сан жылғы айқас, айқас болғанда отарлаушылардың сойылын соғушы мұнафиқтер мен ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ пенделердің кесірінен жүрегі жарылды.
Жазушы Бекежан Тілегеновтың айтуынша, қаламгердің қазасына себеп – өмірінің соңғы жылдары жазылған «Алтын Орда» трилогиясының сергелдеңі дейді. Қаза болардан бір ай бұрын жазушы Мәскеуге барған екен. Осы сапардан оралғанда аяғын әзер басып, қасындағы серігі Тілегеновқа сүйеніп үйіне зорға жетіпті.
Осы кезде «Алтын Орданың» бірінші кітабы басылып болып, енді қалған екі томы дайындалып жатыпты. Мәскеуден келе осы қауырт жұмысқа кірісіп кетіпті. Жарықтық «үш томның қатар шыққанын қалап, оны тез көруге асықты» дейді замандастары.
Осылайша трилогиясын тиянақтап тастап, екі жұмадан кейін іле-шала тағы да Мәскеуге аттаныпты. Оған себеп, одақ астанасында халықаралық кітап жәрмеңкесі өтетін болады. Қазақ баспалары осы жәрмеңкеге біраз кітап апаратын болыпты. Оның ішінде Есенберлиннің бірде-бір кітабы жоқ. Тек тамыр-таныстардың кітаптары ғана. Осыған ашуланған Ілекең екі-үш кітабын қолтықтап жетіп барады. Мақсаты – мүмкіндік болса шетелдік баспалармен шартқа отыру.
«Ілекең осы сапарынан қатты науқастанып келді. Ол аз болғандай келсе, жығылған үстіне жұдырық дегендей, басылып жатқан кітаптарын («Алтын Орда» трилогиясын) Баспа комитеті тоқтатып тастапты. Тағы да одан «құбыжықтар» тауып, кітапқа кінә тағылыпты. Әбден қажыған жүрек шыдай алмады, қатты ауырып, ауруханаға түсті. Инфаркпен ауырған екен. Реанимация бөліміне салды. Тырп еткізбей жатқызып қойды. Бірақ кітабы үшін көңілі алаң болған жазушы, қатаң тыйым салынса да қайта-қайта ұрланып, дәрігердің бөлмесіне жасырынып барып, комитетке, баспаға телефон соғып, жалынып-жалбарынып, өз дәлелін айтып, кітаптың шығуына бөгет жасамауларын сұрап, тіпті болмаған соң ұрысып, жанын қинап, отқа салып, азапқа түсті. Ақыры осының бәріне шыдай алмай келесі күні түн ортасы ауғанда жүрегі жарылып, мерт болды. «Алтын Орда» трилогиясының, шыққанын ұлы жазушы көзі тірісінде көре алмай кетті»,-депті («Жан сырым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 232-б).
Қыран қазақтың жүрегі осылай тоқтаған екен. Көпшілік біле бермейді, Ілекең қазақ әдебиетіне алғаш ақын ретінде танылған. Оның алғашқы поэзиялық шығармалары 1940 жылдан жарық көре бастайды. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары, «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә.Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэмасы» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) дастандары жарияланған.
Осы орайда, мақала соңын Ілияс Есенберлиннің өзі туралы жазған жырымен аяқтағанды жөн көрдік. Бұл шағын толғауды Ахмет Дүйсебаев деген адам ұсынған екен:
Өмірдің мен де өзіңдей бір қонағы,
Жеріне жеткен ұшып – құс қонады!
Естідім – қастарымның сан жаласын,
Естідім достарымның сын-таласын,
Тілегім сенен жалғыз жас ұрпағым,
Болғайда әділетті көзқарасың!
Тудырған өз тұлғасын әрбір дәуір,
Жазылар бұдан да еңбек әлі тәуір.
Есіңнен шығарма тек болашағым –
Түйенің көш бастаған жүгі ауыр!