Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоғалған жазбалар, іздеусіз мұралар

71
Жоғалған жазбалар, іздеусіз мұралар - e-history.kz

Астанада Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындысы бойынша сарапшылар кездесуі болып өтті. Ұлттық академиялық кітапханада өткен маңызды жиын Мемлекет тарихы институты мен Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының мұрындық болуымен өткізіліп отыр. 

Кездесуге Парламент депутаттары, қоғам және ғылым қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары және зерттеуші, сарапшылар қатысты.

Сарапшылардың айтуынша, жиынның маңызы өте зор. Себебі – қазір еліміз тарихи сананы қалыптастыру сатысында тұр.

«Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы тарихи сананы қалыптастыру және қазақтың төл тарихын қайта қарау мәселесіне айрықша назар аудару керек екеніне тоқталды. Әсіресе, ұлы дала өркениеті мен көшпенділер мәдениеті мәселесін сөз етті. Себебі, бүгінгі күнге дейін көшпелі өркениетке тек қана еуропалық көзқараспен қарап келдік. Әлі де солай болып отыр. Кеңестік кезеңде үстем болған марксистік-лениндік парадигма да – Еуропаның өнімі. Сондықтан да, қазіргі таңда ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Ең алдымен, біз өзіміздің тарихи парадигмамызды түсініп алуымыз керек. Көшпелі өркениет деген не? Оның басқа өркениеттерден айырмашылығы қандай? Осы сұрақтарға нақты жауап беруіміз керек», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тарихшылар алдында көшпелі өркениетті тереңірек зерттеп, оны теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу міндеті тұр.

«Біз өз тарихымызға өз көзқарасымызбен қарауымыз керек. Бұл бағытта жеке-жеке еңбектер бар, бірақ әлі де тұтас ғылыми жүйе ретінде қалыптаспаған. Сондықтан алдымен тарихшылар өздері бұл мәселені терең түсінуі қажет. Мәселен «неге біз ХІХ ғасырда дағдарысқа ұшырадық? Неге тәуелсіздіктен айырылып, бодандыққа түстік» деген сауалдарға тарихи тұрғыда жауап ала алған жоқпыз.  Бұл – жекелеген адамдардың қателігі емес, тарихи заңдылық еді. Яғни біз оқып келген тарих – өзгенің көзімен жазылған тарих. 

Біздің үлкен қателігіміз - осы отыз жылдың ішінде біз тарих жөнінде өте жазып, өте көп дауластық. Бірақ бұл пікірлердің дерлігі жеке-жеке, бір-бірімен еш байланысы жоқ фактілер еді. Оқулықты ашып қарасақ та сол – ішінде еш жүйе жоқ, заңдылық жоқ. Тек жеке фактілер ғана бар. Яғни біздің тарих деп оқып жүргеніміз - бұл өткен заман жөніндегі әңгімелер жинағы ғана. Жеке-жеке, бәрі де қызықты, бәрі де өзекті. Бірақ жүйеленбеген, қалыптаспаған. Сол себепті, мектепте тарихты оқыта алмай отырмыз. Мектептен шыққан бала бірден ұмытады. Ішінде еш байланыс жоқ. Яғни заңдылықтарды, қоғамдық даму заңдылықтарын түсінбейді. Осының салдарынан өткеніміз бен ұлттық тарихымызды өзімізге де, өзгеге де оқыта алмай келеміз.

Ұлттық тарихымыздың тұжырымдамасын Президенттің сөзінен байқауға болады. Президентіміз бір сөзінде «Бізге этноцентристік парадигмадан кетіп, өркениетті парадигмаға көшу керек. Өзіміздің ұлттық тарихымызды бейнелеген кезде мына Ұлы дала өркениетін немесе көшпелі өркениет тарихы ретінде көрсетуіміз керек» деген еді.

Біз төл тарихымызды бұған дейін жүйелеп алғанда, қазіргі туыс халықтармен болып жатқан кейбір құбылыстар болмайтын еді. «Шыңғысхан қазақ па?», «Едіге кімдікі», «Жалаңтөс өзбек пе, қазақ па?» деген секілді Шын мәнінде бәріміз де сол үлкен көшпелі Ұлы дала өркениетінен шыққан халықтармыз», - дейді ол. 

Құрылтайда сөз болған мәселенің бірі – зерттеушілер тарапынан тыс қалып жатқан дүниелерді ұлттық мұра ретінде таныту болғаны белгілі. Жиында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов сыртқа кеткен қолжазбалар мен тарихи құжаттар мәселесін сөз етті.

«Біздегі ең өзекті мәселенің бірі – қолжазба мәселесі. Бай тарихы бар ел дейміз ғой өзімізді. Небір ғажайып тұлғалар, билеушілер, ғұламалар шыққаны белгілі қазақ топырағынан. Небір құжаттар, хаттар болды дейміз. Алайда, қолымызда осы тұлғалар мен өткен тарихымызға қатысты бірде бір түпнұсқа құжат жоқ. Орта ғасырларда даламызға келген саяхатшылар мен жиһангездер алып кеткен көптеген кітаптарды. Сатып алған, айырбас болған. Бір ғана Ұлы Жібек жолымен қаншама көне кітаптар мен қолжазбалар сыртқа шығарылды.

Одан кейін жетпісінші, сексенінші-тоқсаныншы жылдары да, қиын жылдарда да көптеген кітаптар өкінішке қарай сыртқа кетті. Яғни төл мұрамыздың біразы Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Франция секілді мемлекеттердің кітапханалары мен мұрағаттарында жатыр. Одан бөлек жекелеген коллекционер әуесқойлардың қолында да бізге қатысты талай мұра жатқаны даусыз. Осы мұраларды қайтару мәселесін қолға алу керек», - дейді ол. 

Айтуынша, оған мүмкіндік көп. «Қазір әлемде қалыптасқан нормалар мен дипломатиялық үрдістер бар. Сый ретінде немесе айырбас жасауға болады. Яғни Сыртқы істер министрлігінің көмегімен сондай мұраларымызды елге қайтаруға болады. Әлі де еш емес, әлі де мүмкіндік бар. Ең бастысы, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау қажет. Ұлттық мұрадан қаржы аяуға болмайды», - дейді Жандос Болдықов. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?