Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық кітап күні – ой мен рухтың мейрамы

669
Ұлттық кітап күні – ой мен рухтың мейрамы - e-history.kz

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет Қазақстанда ресми түрде Ұлттық кітап күні аталып өтті. Бұл – кітап пен қаламның қадірін жете түсінетін елге тән қадам. Білімнің бастауы мен руханияттың негізі саналатын кітапқа құрмет көрсету – ұлттың ұлы құндылығын ұлықтау.

Мерекелік іс-шараға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов және депутаттар, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева, зиялы қауым, баспагерлер, жазушылар мен қарапайым оқырман жиналды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет.  Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген болатын.

Президенттің осы бастамасы Үкімет тарапынан қолдау тауып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді. Бұл күн ЮНЕСКО бекіткен Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен үндес.

Кітап – ақылдың қайнары, қоғамның шамшырағы

Басқосуда алғаш болып сөз алған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов кітаптың рухани мәніне, қазіргі заманның талаптарына тоқтала келе, түркі жұртының мақтанышы – Анкарадағы Ұлттық кітапхана үлгісін келтірді. Сол кітапханада 4 млн-нан астам кітап, 200 мың сирек қолжазба бар, ал бес жылда 7 млн оқырман келген. Міне, осындай озық үлгі елімізде де жүзеге асуы керек.

«Біздің де дәл сондай Президент кітапханасын ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Бұл тек кітапхана емес, елдің интеллектілі әлеуетін өсіретін орталық болады», – деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ қазіргі кітап нарығының сыртқы әдебиетке тәуелділігі, қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі 20 пайыздан аспайтыны, мотивациялық, ғылыми еңбектердің тапшылығы айтылды. Депутаттар қосымша құн салығынан босату секілді жеңілдіктерді қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Марапаттау – еңбекке лайық баға

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай ұйымдастырған «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету мақсатында өткізілген байқау  10 номинация бойынша үздіктерді анықтады.

  •  «Үздік комикс» номинациясы бойынша:

1-орын: «Еркетай» кітабы – Khan Comics баспасы;

2-орын: «Саққұлақ» кітабы – Steppe&World баспасы;

3-орын: «Қазақ халқының күй аңыздары» кітабы – Назарбаев Зияткерлік мектебі.

  • «Балаларға арналған үздік кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Тау тұсы» кітабы – ATA Creative Hub баспасы;

2-орын: «Көйлек киген көбелек» кітабы – «Көкжиек-Горизонт» баспасы;

3-орын: «Дарынды бала әлемі. Әлем халықтарының ертегілері» кітабы – Дарынды бала орталығы.

  • «Нон фикшн бағытындағы үздік кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы – «Отбасы хрестоматиясы» баспасы;

2-орын: «Атың шықпаса, подкаст жаса» кітабы – Alqa Publishing баспасы;

3-орын: «Өмірімнің мәні мен сәні» кітабы – AmalBooks баспасы.

  • «Детектив жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Түнде атылған оқ» кітабы – Foliant баспасы;

2-орын: «Дело было в Алматы» кітабы – Zerde Publishing баспасы;

3-орын: «Үйірі жоқ көкжал» кітабы – Arna-B баспасы.

  • «Үздік иллюстрациялық кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Абай даналығы» кітабы – «Золотая Книга» баспасы; 

2-орын: «Марко Полоның шытырманға толы саяхаты» кітабы – Steppe&World баспасы;

3-орын: «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» кітабы – «Алматы кітап» баспасы.

  • «Сатира жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Волшебник» кітабы – «Мереке» баспалар үйі;

2-орын: «Періштелер жоқ жерде» кітабы –  Foliant баспасы;

3-орын: «Қырық мысал» кітабы – «Көкжиек-Горизонт» баспасы.

  • «Үздік аударма кітабы» номинациясы бойынша:

1-орын: «Pop-Up» кітаптары топтамасы – Арман-ПВ баспасы;

2-орын: «Тарих» кітабы – Ғасыр кітапханасы; 

3-орын: «Поллианна» кітабы – Marfu Press баспасы.

  • «Фантастика жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша:

1-орын: «Скандар мен сыңармүйіз ұрлаушы» кітабы – Steppe&World баспасы;

2-орын: «Заман. Кентаврдың басынан кешкендері» кітабы – Foliant баспасы;

3-орын: «Сұйық тәж» кітабы – «Астана кітап» баспасы.

  • «Үздік баспа» номинациясы бойынша:

1-орын: «Атамұра» баспасы;

2-орын: «Алматы кітап» баспасы; 

3-орын: Foliant баспасы.

  • «Жыл кітабы» гран-при иегері:

«Қазақстан тарихи тұлғалары» сериясы – «Алматы кітап» баспасы.

Әр номинация жеңімпаздарына 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін жүлде табысталды. Бұл кітап авторлары мен баспагерлерге үлкен демеу.

Кітап күні әдемі әнмен әдіптеліп, күмбірлі күймен көмкеріліп, жиналған қауым мың бұралған бишілердің өнерін де тамашалады. 

Бұл күн – руханияттың, сөз өнерінің, қалам мен парақтың жеңісі. Бұл күн – Қазақ елінің болашағы – кітаппен егіз екенін еске салған күн. Мейрам бір күндік емес, үрдіске айналуы керек. Ұлттық кітап күні – болашақ оқырманды тәрбиелеудің бастау бұлағы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?