
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті. «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» деген тақырыппен өткен бұл маңызды жиын ел ішіндегі этносаралық үйлесім мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды кезеңі ретінде айқындалды.
Сессияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент депутаттары, еліміздің әр аймағынан келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, орталық және жергілікті атқарушы билік өкілдері, діни ұйымдардың басшылары, сондай-ақ саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты. Бұған қоса, шараға дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, отандық және шетелдік БАҚ журналистері де қатысты.
Жиын барысында тәуелсіз Қазақстанның соңғы отыз жыл ішіндегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты сақтап, дамыту жолында жеткен жетістіктері мен жинаған тәжірибесі кеңінен сөз болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі бірлікті нығайтудағы маңызына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, Ассамблеяның бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік, мәдени, білім беру және қоғамдық бағыттағы жобалар да кеңінен таныстырылды.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихына да тоқтала кеткен жөн. Бұл бірегей институт 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Ассамблеяның негізгі мақсаты – еліміздегі түрлі этностар арасындағы татулық пен өзара түсіністікті қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту және қоғамдық келісімге негізделген тұрақты мемлекет құру.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы республикадағы ұлттық саясаттың институционализация деңгейіне көтерілгенін білдіреді. Бұл – орасан зор маңызға ие оқиға, себебі дәл осы жерде Қазақстанның этносаралық қатынастардағы тәжірибесінің мәні мен өзегі жатыр.
1995 жылғы 16 ақпанда Президент Н. Назарбаев ұлттық-мәдени орталықтардың басшыларымен кездесті. Бұл кездесуде КСРО ыдырағаннан кейін кейбір посткеңестік мемлекеттерде ұлтаралық және этникалық негіздегі қақтығыстар орын алғаны атап өтілді. Бұл қақтығыстар ондаған мың адамның өмірін қиды, жүздеген мың адамды үй-күйсіз қалдырды, мыңдаған баланы жетім етті. Абырой болғанда, Қазақстан мұндай қайғылы оқиғалардан аман қалды. Бұл ең алдымен, елде жүргізілген ұлтаралық келісім мен бейбітшілік саясатының арқасы. Осы жолда ұлттық-мәдени орталықтардың да еңбегі зор болды, сол үшін мемлекет басшысы олардың өкілдеріне алғыс білдірді.
Одан әрі президент республикада ұлтаралық келісімді сақтау және одан әрі нығайту үшін жаңа қоғамдық институт — Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі Ассамблеясын құру қажеттігі туындағанын атап өтті. Бұл Ассамблея президент жанындағы кеңесші және кеңесетін орган ретінде құрылуға тиіс еді. Оның негізгі міндеттері ретінде: Қазақстанда тұратын барлық этностардың рухани жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз ету; ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру, оны өркениетті, демократиялық қағидаттарға, әртүрлі халықтар мен этностар мүдделерін құрметтеуге негіздеу атап көрсетілді. Сонымен қатар, туындаған қайшылықтар мен мәселелерді шешуде саяси ымыраға келу жолдарын іздеу, ұлттық мүдделерге қатысты заң жобаларын мұқият сараптау басты басымдықтар болуы тиіс екені айтылды.
Осы кездесуден кейін бірден республика облыстарында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясына дайындық жұмыстары басталып кетті. Барлық өңірлерде ассамблеяға қарасты құрылып, солардан сессияға 260 делегат сайланды. Алғашқы сессия 1995 жылғы 24 наурызда Алматы қаласында өтті, оның құрамына 40 ұлттық-мәдени орталықтың өкілдері кірді. Сессияда Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев баяндама жасап, Ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымдары бекітілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды біріктіруші маңызды тетіктердің біріне айналды. Бұл – Қазақстанның этносаралық қатынастар үлгісін жүзеге асыру тетігі. Ассамблеяның маңызын толық түсіну үшін оның ұлтаралық келісімді қамтамасыз ететін институт екенін ұғыну керек, яғни ол ұлттық саясатты іске асырудың, ал ұлттық саясаттың өзі мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асырылуының маңызды құралы болып табылады.
Ассамблея ұлттық саясатты мемлекеттік басқару деңгейінде жетілдіру ісіне белсенді қатысады. Оған Президент жанындағы кеңесші және кеңесетін орган мәртебесі берілген, ал оның облыстық бөлімшелері облыс әкімдерінің жанынан құрылған. Құрылған күнінен бастап Ассамблея ұлттық саясаттың барлық бағыттары бойынша мемлекеттік актілерді қабылдау процесіне тікелей араласып келеді.
Ассамблея этномәдени бірлестіктерді біріктіреді, олардың басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) және кіші ассамблеялардың құрамына кіреді. Бүгінде 46 этнос өз этномәдени орталықтарына ие. 2007 жылы конституциялық реформалар аясында Ассамблеяға Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығы берілді. Осылайша, этностар мүдделерінің еліміздің Парламентінде өкілдік етуінің конституциялық тетігі енгізілді. 2008 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң қабылданды — мұндай заң әлемде баламасы жоқ бірегей құқықтық акт.
1999 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Олардың 35-і «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес 365 ұлттық-мәдени бірлестік құрған. 31 этностың өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның Кеңесінің мүшесі болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты 10 қызықты дерек:
ҚХА 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бұл — посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ институт.
2007 жылғы конституциялық реформа аясында Ассамблеяға Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілді. Бұл этнос өкілдерінің саяси процестерге тікелей қатысуына мүмкіндік жасады.
2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл әлемдегі этносаралық келісімді құқықтық деңгейде реттейтін бірегей заң болып табылады.
Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады, олардың көпшілігі ҚХА арқылы өз мәдениеті мен тіліне қатысты бастамаларды жүзеге асырады.
Қазақстандағы 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні, бұл мереке Ассамблеяның ұлтаралық достықты нығайтудағы рөлін атап өтеді.
Ассамблея жыл сайын түрлі ұлттық мәдениеттер фестивальдерін өткізеді. Бұл шаралар елдегі этностардың өнерін, дәстүрін, салт-санасын паш етеді.
Ел өңірлерінде ҚХА-ның Достық үйлері жұмыс істейді. Бұл — этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіретін және көпшілікке ашық алаң.
ҚХА аясында Бейбітшілік және қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Олар ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, этносаралық қарым-қатынасты реттеуге атсалысады.
ҚХА құрамында тұрақты жұмыс істейтін Ассамблея Кеңесі бар. Ол этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты үйлестіреді.
ҚХА – қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың басты алаңы. Ол барлық этностарды ортақ құндылықтар мен мемлекеттік идеалдар төңірегіне біріктіреді.