Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым

410
Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым - e-history.kz

Мағрипа Жылқыбаева (1945-2019) – кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанындағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, 25 том кітап жазған жаратылыстанушы ғалым, адамзаттың 50000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген бірегей зерттеуші.

Биыл қазақ ғылымы мен мәдениетінің жарқын тұлғасы, физика-математика ғылымдарының докторы Мағрипа Жылқыбаеваның туғанына 80 жыл толып отыр. 

Ғалымның мерейтойы қарсаңында еліміздің әр өңірінде және ғалымның бірегей зерттеулері мен өмір жолын кеңінен таныстыруды мақсат еткен көрмелер ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер өткізіліп жатыр. Мәселе Алматыда Мемлекеттік орталық музейде Президент Әкімшілігінің қолдауымен «Алтын адамның мұрасы» атты көрме өткен еді. Енді міне Астанадағы Ұлттық музейде «Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым» атты онлайн-оффлайн форматындағы дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізіліп отыр. 

Іс-шарада ғалымның еңбектерін зерттеп жүрген ғалымдар сөйлеп, баяндама жасады. Сонымен қатар, ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасына арналған бейнематериал ұсынылды.

Дөңгелек үстел барысында жазушы Т. Әбдірайым көрнекті ғалым М.Жылқыбаеваның өмірі мен ғылыми қызметіне арналған «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» атты еңбектерін музейдің ғылыми кітапханасына сыйға тартты.

Шара барысында ғалым мұрағатындағы фотосуреттер мен жеке заттардан көрме ұйымдастырылды.

Талантты ғалымның 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шараны ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Гиззатов ашып берді. Ары қарай Археологиялық материалдарды бастапқы өңдеу зертханасының жетекшісі Дүйсенбай Данияр сөз алып,  Жапония-Евразия ұйымының тұрақты директоры Хориэ Норионың құттықтау жеделхатын оқыды. Құттықтау хатында Норио мырза Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектерінің жапон ғалымдары арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғанын айтқан. 

«Доктор Мағрипа Жылқыбаеваға арналған халықаралық жиын мен көрменің ашылуымен құттықтаймын. Доктор Жылқыбаеваның физик ғалым ретінде атқарған еңбектері, Алтын адам мен ежелгі 26 таңбаның шифрын ашқаны жайында Жапониядағы ғылыми-шығармашылық ортада белгілі екенін айта кету керек. 

Мен де былтыр жазда, ғалымның туған жері Жамбыл ауылында орналасқан мектептегі «Алтын адам» ғылыми кабинетінде болғанымда сондай бір ерекше атмосфераны сезінген едім. Сол сапарымда қазақ мәдениеті тамырланған табиғи ортаның дәмін татып, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың музей үйін көрудің сәті түсті. 

Мен бірнеше жыл бұрын өзім жұмыс істейтін Жапония-Евразия ұйымының айлық басылымы «Жапония және Евразия» деген газетке ежелгі 26 таңбаның шифрын ашқан доктор Мағрипа Жылқыбаеваның мақаласын жапон тілінде жарияладым. Бұл мақала оқырмандар арасында резонанс тудырып, Алтын адам мен қазақтың ежелгі мәдениетіне жұртшылықтың қызығушылығын оятты. 

Соңғы кезде, Жапонияда түркі халықтарының мәдениеті мен жапонның ежелгі мәдениеті арасындағы байланыс және Қазақстанды танып-білуге деген қызығушылық ұлғайып келеді. Осы халықаралық жиын мен көрме, жапондардың қазақты тану тенденциясына да үлес қосады деп үміттенемін. 

Алқалы жиын сәтті өтсін деген тілегімді осы хат арқылы жолдаймын», - делінген құттықтау хатта. 

 

Баяндамашылар әсіресе М.Жылқыбаеваның ең басты жетістіктерінің бірі – оның 50 мың жылдық адамзат тарихына үңіліп, ежелгі өркениеттердің сырларын бүгінгі күнге жеткізген бірегей зерттеуші және  әдебиеттану бойынша да зерттеулер жүргізіп бар өмірін ғылымға арнап,  пәнаралық байланысты да қолға алып, әртүрлі ғылым салалары бойынша кешенді әрі салыстырмалы зерттеу жүргізумен айналысқан ерен еңбегін ерекше атап өтті.

Жылқыбаеваның мұрасын зерттеуші Асылзат Әлиеваның айтуынша, Мағрипа Жылқыбаева кванттық физика мен философиялық тұжырымдарды үйлестіре білген зерттеуші.

«Әлемдік деңгейдегі өндіріс индустриясынан ойып тұрып орын алуға болатын ресурстармен, сырттың тауарларына тәуелді болу 21 ғасыр ұрпақтарына өте ауыр СЫН. 

Өйткені Алаш ордалық зиялыларымыздың, басқада оның алдында өмір кешкен ғылым-білім қайраткерлері мен ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ірі-ірі тұлғаларында дәл қазіргідегідей мүмкіндіктері болған жоқ, соған қарамастан бізге АЗЫҚ болар керемет жаңалықтар мен ғылыми істер қалдырып, тарих беттерінен ойып тұрып із қалдыра білді. Біз сол тарихымызды тереңнен бойлай отырып ата-бабаларымызды жақынырақ тани отырып қана биіктерді бағындыра аламыз, ертеңгі күнгі ұрпағымызға азық болар дүние қалдыра аламыз. 

Біздің ТАБИҒИ ЕМЕС ресурстарымыздың өзі болашақ ұрпақ үшін руханиятын сақтап тұратын бірден бір құрал, олар біздің салт-дәстүр ғұрып-әдеттеріміз мен өмірлік ұстанымымыз. Сондықтанда АЛТЫН АДАМ мұрағаттарына иелік етіп, бізге аманат еткен дүниелерін жер бетінің игілігіне жарата алу біздің бірден-бір борышымыз. Қалдықсыз өндіріспен ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ЭКОЛООГИЯЛЫҚ катастрофаны болдырмайтын технологиялық жаңалықтарды біз сол ежелгі цивилизациялық қарқынның деңгейінің маңайынан таба алатынымызға Мағрипа Жылқыбаева апайымыз 30 жылдық ЕРЕН ЕҢБЕГІНІҢ арқасында біздің көзімізді жеткізіп кеткен, сондықтанда бұл мүмкіндіктерді пайдаланбай отыру нағыз қараңғылық. Кванттық физика ғылымы мен философиялық тұжырымдарды игере алмайтын деңгейге құлдырауы бұл ғылым саласына өте АУЫР ҚӘСІРЕТ.

Сондықтанда жас-ұрпақты тәрбиелеп ғылымға жетелейтін, аталарымыздай 7-8 саланың ауқымын игере алатын деңгей қажет, себебі бізге қалдырылған мұрағаттың ауқымы сондай деңгейде, оны игеру сондай жүйелі білімді талап етеді. Осымен сөзімнің түйіні, ол біздің болашаққа барар локациямызға қозғалу нүктемізді зерттеуге үлкен КЕҢЕС берер едім, сонда ғана бізде әрбір салада нақтылық айқындала түседі және ары қарай үлкен-үлкен жеңістерді биіктерді бағындыра алар едік», - дейді Асылзат Әлиева. 

Ал  «Каспий Қоғамдық университеті» колледжінің кітапхана меңгерушісі Нұргүл Ошақбаева Мағрипа Жылқыбаеваның Сақ қорғандары  мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты екенін айтады. Оған дейін ешбір ғалым көне жәдігерлердің планеталық деңгейдегі ерекшелігін зерттеп көрмеген. 

«Мағрипа Шөжеғұлқызы - кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғандағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, 25 том кітап жазған, адамзаттың    50 000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген бірегей зерттеуші. 

Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшелігін зерттеу арқылы Сақ қорғандары  мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазуларын оптикалық әдістер арқылы зерттеумен айналысқан. Қазақстандағы  және шет  елдердегі 1000- нан астам  жартас жазулары  мен көне  каллиграфиялық суреттердің  шифрын шешті. Ол петроглифтер мен  көне жәдігерлердегі жазуларды  кванттық оптика әдісімен  оқудың бірегей әдісін жасап шығарды», - дейді ол. 

Айтуынша, бұл әдіс  қазір  ғалымның яғни Мағрипа Жылқыбаеваның есімімен аталады. Сол секілді 2009 жылы «Түркі әлемінің қазіргі өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Ұмай ананың құпиясы» деген тақырыптағы баяндамасы ғалымдардың назарына ұсынылып, ғылыми жинаққа енгізіліпті.

«Ғалым өз жазбаларында «Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазуын оқып, Мұз дәуіріндегі  алғашқы дүниеден  хабар алғаным бір бөлек, биосферадағы  адам өмірге қарай  лайықтап берген 124 МИҢ АТИМТИ  ПАИГАМБАР-дың әрбіреуі  жайында мәлімет алып, сол замандағы тілдік жүйемен  танысқаным теңдесі жоқ бақыт. Жер бетіндегі биосфералық  өмір бар болғаны  300000 жылға есептелгені  анау жазуда  айтылған. Сол 300 000 жылдың  әрқайсысы 50 000 жылдықтан  тұратын алты кезеңге бөлініпті.  Содан бірінші елу мың жылы  біздің басымыздан өтіп, аяқталуға таялған.  Алдымызда жаңа түрдегі  екінші 50 000 жыл тұр. Онда өмір сүретіндер  шетінен биік саналы, жаңа ұрпақ болмақ. Сөйте-сөйте әр 50000 жыл өткен сайын  мынау биосфераның да  түр-түсі  өзгере бермек...» деп жазатыны бар. Мағрипа Шөжеғұлқызы саналы ғұмырының 30 жылын осы таңбаларды зерттеп, мәнін қағазға түсіруге арнаған.

Осылайша Есік қорғанына табылған күміс тостағандағы 26 таңбадан үш томдық мәтін шығарды. Одан да ары тереңдеп, бұл таңбалардың 49 қабаты бар екенін анықтап, жаратылыстану, гуманитария ғылымдарына керекті орасан мол мәлімет шығарды. Бұл әлемде болмаған сенсация!», - дейді Нұргүл Ошақбаева.

Сондай-ақ ол өз баяндамасында Мағрипа Шөжеғұлқызы – қазақтың атын әлемге танытқан ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім болып келген құпия қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикадағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым екенін атап өтті.

«1993 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» деп аталатын жинаққа ғалымның Жамбылдың ерекше қабілеті жайында жазылған «Құпия күш құдіреті» деп аталатын мақаласы кірді. Онда Жамбыл атамызды «Бір адамның  бойынан көрінетін  ерекшеліктер  біз өмір сүріп  жатқан  мынау кезеңде  санаулы ғана.  Жамбыл Ата қазақта  болған  жыраулардың жаңа заманға  жеткен ең соңғысы ғана  емес, әулие, емші, дарымшы, бақсылардың  да ең соңғысы...» деп суреттейді.

Үш томдық еңбектің «Құпия күштер құдіреті» аталатын 1-кітабы осы жыр алыбы Жамбылдың жалпыға айтылмай, белгісіз болған құпиялары мен қырларын жеткізуге арналған. Шын мәнінде жырау бабаның жалпыға танылмаған қыр-сыры ұшан теңіз еді.

Жамбыл жыраудың өміріне көңіл аударып, 50 жыл бойы зерттеу барысында қоршаған дүниедегі тылсым күштердің осы кезге дейін ашылмай келген сырларын ұғуға мүмкіндік туғанын жеткізген кітап авторы ақын өмірге келген аймақ пен оның жүріп өткен жолдары, үлкен ортасы адамзат өміріндегі дүние тарихымен байланысты екенін түсіндіреді. Бұл салада авторға "Алтын адам" жазуы көмектескен. 

Мұндай жаңалықты өз ісіне адал берілген  белгілі мақсатта өзін де, өзгені де аямайтын азапкер, жанкешті күрескер, қайсар адамдар ғана жасайды», - дейді ол. 

Ол сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми мұрасын  ұрпақ жадында  қалдыру мақсатында «Каспий Қоғамдық университеті» колледж кітапханасында бірқатар шаралар өткізілгенін атап өтті.

Айтуынша, 03 сәуір күні колледжде кітапханашының ұйымдастыруымен «Ғылым- ғұмыр» тақырыбында оқырмандар конференциясы өткен.

«Конференцияның мақсаты – Жаратылыстанушы ғалымның ғылыми мұрасын  ұрпақ жадында қалдыру. Ғалымның қаламынан  туған  туындылары мен ел  жадынан  өшпейтін естеліктерін өскелең ұрпаққа  насихаттау. Студент жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру – болды. 

Конференцияға шақырылған қонақтар арасында М.Ш.Жылқыбаеваның шәкірті, ҚР  метро құрылысына  Еңбегі сіңген қайраткер Базар Самаликов, «Үш қиян» баспасының директоры, ақын Махмуд Қосмамбетов, ғалымның еңбектерін  зерттеуші Болат Шарахымбай, журналист Бекжан Сулейменов болды. 

«Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбетов кітапхана қорына, ғалымның 3 томдық кітабын, сонымен қатар Шарафат Жылқыбаеваның атынан «Жамбылдың жұмбақ әлемі» кітабы сыйға тартылды. ТК-23-2 тобының студенттері конференцияның «Оқырмандар алаңы»  кезеңінде ғалымның «Құпия күштер құдіреті» кітабы бойынша өз ойларын ортаға салып,  шығармаға жан- жақты талдау жасады. 

Қонақтар өз кезегінде  студент жастардың  сұрақтарына жауап берді. Ел бірлігі мен отандық ғылымның дамуы үшін ерекше еңбек сіңірген, 30 жыл ғұмырын осы Алтын адамның құпиясын ашуға жұмсаған ғалымның істері мен армандарын өкшебасар ұрпақ жалғастырады деп сенеміз», - дейді ол. 

Ғалымның еңбектерін зерттеп жүрген қызылордалық педагог Фариза Елеусізова «Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым» деген тақырыптағы баяндамасында Алтын адам жазуын расшифровкалау арқылы шығарған 31 салаға қатысты жобалар қалдырған Мағрипа Жылқыбаеваның мұрасы ұлттық сананы ояныу мен еліміздің іргесі бекем мемлекет болуына қажетті ғылыми негіз екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол өз баяндамасында Мағрипа Жылқыбаева еңбектерінің тарихи-лингвистикалық, этнографиялық және мәдениеттану тұрғысынан ауқымдыжан-жақты талдап, Алтын адам мұрасының мемлекеттің дамуы үшін маңыздылығын атап айтты.

Жетісу университетінің оқытушысы Динара Болатқызы М.Жылқыбаева еңбектеріндегі ұлттық код деген баяндама жасады. Оның айтуынша, Алтын адам қазақ даласындағы көшпелі өркениеттің жоғары деңгейін көрсететін жәдігер.

«Жылқыбаева Алтын адам феноменін ұлттық сананың архетиптік бейнесі ретінде қарастырады. «Алтын адам – көшпелілер өркениетінің символы ретінде қазақтың тарихи кодының негізін құрайды» деп атап көрсетеді ғалым.

Ұлттық код ұлттың ішкі рухани болмысын анықтайтын терең ұғым. Ол тіл, салт-дәстүр, тарихи сана, көркем мұралар арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Әдебиет пен тарихи символдар – сол кодты тасымалдаушы негізгі құралдар. Бұл тұрғыда Мағрипа Жылқыбаева мен «Жамбылдың жұмбақ әлемі» еңбектері ұлттық кодты тануда маңызды ғылыми негіз болып табылады. Олар қазақ халқының рухани мұрасын терең зерттеп, ұлттық бірегейліктің негізгі элементтерін анықтайды. Ұлттық код – халықтың өзіндік ерекшелігін, дүниетанымын және құндылықтарын анықтайтын күрделі жүйе. Ол тарихи жадыда сақталып, мәдени мұралар арқылы көрініс табады. Ұлттық код арқылы халық өзінің бірегейлігін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізеді.

Ұлттық код – халықтың өткені мен болашағын байланыстыратын алтын көпір. Оны сақтау және зертеу ұлттық бірегейлікті арттырады. Бұл салада Мағрипа апайымыздың еңбегі орасан», - дейді ол. 

Алматы облысы Жамбыл атындағы орта мектептің тарих мұғалімі Мөлдір Омарқұлова да келушілер назарына қызықты слайд ұсынды. Слайдта Мағрипа Шөжеғұлқызының еңбектерінен үзінді келтірілген:

«Есіктегі Алтын адам – ХУН. Оның шынайы аты халыққа белгілі Адам. Өз кезінде ол Адам Планеталық бас Би болған. Күміс зереншедегі 26 таңбаның  тексі  ұзақ - сонар ізденістің  арқасында  физика- математиканың күшімен  зорға шешілді.

   Соның нәтижесінде  алынғаны 31 сала бойынша  ғылыми- техникалық, философиялық, тарихи, географиялық-топонимдік, елтану  мәселелерімен қоса  өркениеттің  алдыңғы 10000 жылынан  хабары бар...» 

    «Бір адамның  бойынан көрінетін  ерекшеліктер біз өмір сүріп жатқан мынау кезеңде  санаулы ғана. Байырғы қазақта  ондай  қабілет мың түрлі болған. Солардан қалған сарқыттың  ең соңғысы Жамбыл Жабаев. Жамбыл Ата қазақта  болған  жыраулардың жаңа заманға жеткен ең соңғысы ғана емес, әулие, емші,  дарымшы, бақсылардың  да ең соңғысы...»

 «Алтын Адамның күміс  зереншедегі жазуын оқып, Мұз дәуіріндегі алғашқы дүниеден  хабар алғаным  бір бөлек, биосферадағы  тіршілікті адами өмірге  қарай лайықтап берген 124 МИҢ АТИМГИ ПАИГАМБАР-дың әрбіреуі жайында  мәлімет алып,  сол замандағы  тілдік жүйемен  танысқаным теңдесі жоқ бақыт».

Иә, Сақ қорғандардың  барлық сыры  көне тілде айтылады. Жазулары  да  сол тілде. Көне  тілдің  сөздік қоры 7 777 777 таңбалы.  Бұның бәрі де  бүгінгі   бас құрлықтағы халықтарда  сақтаулы. Әрбір   топ кешегі  тұңғыш тыңында  өзінің  жергілікті жеріндегі  ана тілін  осы ПРОТОТИЛ ден  алған. Әлем халықтарының  қазіргі тілдік қоры  жүйелі  түрде қайтадан  топтасса 7 777 777 таңбалы сөз  орнына келмек. Бірақ  Есік қорғандағы 26 таңбаның  тексін ашқан кездегідей  жан т төзгісіз  тозаққа  бұдан былай  ешкім  өз еркімен  бармасы  аян...»

Есік  қорғанынан табылған  Алтын адам  жазуларын 30 жыл зерттеп, құпиясын  физика - математикалық әдіспен  ашқан ғалым Мағрипа  Шөжеғұлқызы Жылқыбаева (13.04.1945-24.02.2019) 1945 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жамбыл ауылындағы мектепті 1964 жылы медальмен бітірген алғашқы үздік түлек. 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдаған. Радиацияның әсерін зерттеу проблемасымен байланысты «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (CaCO3)» деген тақырыптағы диссертациясын 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институтында қорғап, «физика-математика ғылымдарының кандидаты» деген атақ алған. 1991 жылы 29 қарашада Москвада Мағрипа Жылқыбаеваға физикадан «доцент» ғылыми атағы беріледі.

Мағрипа Жылқыбаева — оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында кешенді зерттеу жүргізген әлемдегі тұңғыш ғалым. Осы ғылыми еңбек қорғалған кезден бергі уақыт аралығында В.А. Федоров, Т.Н.Плужникова, Р.А.Кириллов, О.П.Матвеева, И.В.Нефедова, Е.Ф.Полисадова, В.И.Корепанов, т.б. жаратылыстану  салаларындағы ғалымдар Мағрипа Жылқыбаеваның еңбегі негізінде зерттеулер жүргізіп, өздерінің ғылыми жұмыстарына, диссертацияларына ғалым еңбегін арқау еткен. 

Ғалым  1974-1994 жылдар аралығында физика саласына қатысты бүкілодақтық ғылыми жиындарда баяндамалар жасап, конференция жинақтарына мақалалары енгізілген. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында 1995 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарған ғалым техникалық ЖОО-ға арналған «Жалпы физика курсының есептері. Оқу құралы» (Алматы: 1992), «Айналадағы радиация» (Алматы: 1990) сияқты физика саласындағы ғылыми кітаптардың, бірнеше оқу-әдістемелік құралдың авторы. Радиацияның кристалдарға әсері жайындағы жұмыстары бойынша 2 патенттің иесі.                 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?