
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы жеңістің 80 жылдығына ерекше маңыз берілетінін, соған байланысты ел көлемінде екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шара өтетінін мәлімдеді. Сол ауқымды жұмыстардың бірі – ел аумағындағы 500-ден астам көшеге бұрын елеусіз қалған жергілікті майдангерлердің есімін беру бастамасы.
«Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам», – деді Президент.
Мемлекет басшысы айтқандай, бұл тек көше атауын өзгерту емес, ұлттың өткеніне деген құрмет. Бұл тарихтың қатпарынан ұмыт бола жаздаған батырларды халқымен қайта қауыштыру.
Жаңа көше атауларын беру кезінде, ең алдымен, жаңадан ашылған немесе атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі.
«Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық» деген Мемлекет басшысы осы жоспар аясындағы жұмыстарға да тоқталды. Мерекеге орай өтетін 2000-нан астам мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеу іс-шараның тізбегі де осы жоспардың аясында ұйымдастырылмақ.
Осы іс-шаралардың маңызына тоқталған Президент былай деді: «Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады».
Бүгінде елімізде санаулы ғана ардагер қалды. Мемлекет олардың өміріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Президент «ардагерлер әрдайым мемлекет пен қоғамның ерекше қамқорлығында болады» деп атап өтті. Бұл Отан үшін отқа түскендерге деген тағзым ғана емес, кейінгі ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятуды жолы.
Мемлекет басшысы Жеңістің 80 жылдығын атап өтудің ең басты іс-шарасы – әскери парад екенін де атап өтті. Бұл соғыстың бар ауыртпалығын көтерген ата-бабалар рухына тағзым ғана емес, қазіргі күрделі геосаяси ахуалда еліміздің берік рухын, әскери қуатын көрсетуге бағытталған іс.
«Бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.