
23 сәуір – биыл Қазақстанда алғаш рет «Ұлттық кітап күні» ретінде аталып өтіп жатыр. Бұл күнді бекіту былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында ұсынылған еді. Президент сол жиында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын. Енді, міне, бұл сөз нақты іс-шараға ұласты. Биылғы Ұлттық кітап күні тек мерекелік сипат қана емес, ұлттық сананы жаңғыртуға, әдебиетке деген құрметті арттыруға бағытталған ауқымды жобалармен басталып отыр.
Соның бірі – «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасының басталуы. Бұл бастама Қазақстан тарихында тұңғыш рет өтіп отыр және ол отандық жазушылардың ең үздік туындыларын көпшіліктің таңдауымен анықтауды көздейді. Шараның басты мақсаты – қазақстандық авторлардың шығармаларын дәріптеу, оқуға деген қызығушылықты арттыру және баспа ісін қолдау.

Сауалнама eGov.kz электронды үкімет порталында және eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Әрбір азамат өзіне ұнайтын он қазақстандық кітапты тізімдеп, сауалнамаға қатыса алады. Бұл – тек жеке талғаммен дауыс беру ғана емес, ұлттың әдеби көзқарасын, рухани сұранысын білдіру деген сөз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин бұл бастаманы «қоғам мен мемлекетті жақындастыратын мәдени көпір» деп бағалады:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады. Президент: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ол.
Сауалнама үш ай бойы жалғасады. Нәтижесі 10 тамыз – Абай күніне орай жарияланады. Бұл – жай ғана есеп беру емес, қазақ әдебиетінің қазіргі бейнесін, оқырманның рухани сұранысын білдіретін нақты айна болмақ.

Жаңа жобаның тұжырымдамалық ұраны – «Кітап – ұлттың жады». Шын мәнінде, кітап – бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұлттың өмірлік тәжірибесін, құндылықтарын, дүниетанымын аманаттайтын алтын сандық. Сол себепті де бұл сауалнама тізімі тек танымал авторлар мен атақты шығармаларды анықтап қана қоймай, әр қазақтың кітап сөресіндегі рухани қазынаны жаңғыртатын тізімге айналмақ.
Жобаға бастамашы болған Ұлттық құрылтай мүшелері кітап оқуға деген ынтаны тек насихат арқылы ғана емес, нақты ынталандыру тетіктері арқылы көтеруді көздеп отыр. Сауалнамаға қатысқан алғашқы 1000 азамат «Meloman-Marwin» дүкендер желісінен сыйлық ретінде кітаптар алады. Бұған қоса, арнайы номинациялар бойынша да жүлделер қарастырылған.

Кітап оқу мәдениетін арттыру үшін басталған бұл сауалнама қоғамда бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселелердің шешімін жүйелеуге де себепші болмақ. Атап айтқанда:
- кітапханаларды цифрландыру,
- оқушыларды ерте жастан кітап оқуға баулу,
- қазақ тіліндегі сапалы контентті арттыру,
- жас авторларға қолдау көрсету,
- оқу мотивациясын арттыратын жобаларды тұрақты жүргізу – бұлардың барлығы кітап оқу мәдениетін кешенді түрде дамытудың тетіктері ретінде ұсынылды.
Осыған дейін қолға алынған «8 минут оқу» сияқты жобалар қоғамда оң әсер қалдырған болатын. Ендігі жерде мұндай жобалар мемлекеттің мәдени саясатының құрамдас бөлігіне айналуы қажет деген пікір айтылды.
«Ұлттық кітап күні» аясында еліміздің барлық аймақтарында түрлі әдеби кештер, көрмелер, кітап алмасу акциялары, танымдық кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Бұл күн – кітап оқуға шақыратын ғана емес, кітап оқитын ел екенімізді көрсететін күн.

Осы орайда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мына бір сөзі ерекше мәнге ие: «Бұл бастама тек кітапты насихаттау емес, әдебиетімізге, авторларымызға, ұрпағымызға деген құрметіміздің белгісі».
Жаңа дәуірде цифрлы ақпарат ағымына жұтылып кетпей, рухани тұғырымызды сақтап қалудың бірден-бір жолы – кітап оқу мәдениетін жаңғырту. Ұлы Абай: «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деген еді. Осы ұранды бүгінгі қоғам да, жас ұрпақ та ұмытпауы керек.
«100 кітап» жобасы – әдебиеттің қазіргі биігін анықтауға ғана емес, болашақтағы ұрпақтың рухани бағытын айқындауға мүмкіндік беретін үлкен қадам. Бұл тек сауалнама емес, ұлттың рухани рефлексиясы.