
Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ жауынгерлерінің қаһармандығы – талай зерттеуге арқау болған таусылмас тақырып. Көзсіз ерліктері аңызға айналған қайсар ұлдардың қатарында соңғы сәтіне дейін жау қолына берілмей, танкі ішінде жанып кеткен даңқты батырлар да аз емес. Солардың бірі ел ішінде есімі сирек аталатын, алайда ерлік жолы ерен Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаев туралы сөз қозғаймыз
Қазақ халқы ұлт болып ұйысу жолында жан алысып, жан беріскен небір ұлт азаттық көтерілістер мен соғыстарды бастан өткерді. Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақтың батырлары ар-намысты бәрінен биік ұстап, ұрпақ үшін, ел үшін қан майданға аттанды. Майдан даласында ерлік көрсетіп, қазақтың даңқын жер жаһанға жайды. Орыстың әйгілі жазушысы Илья Эренбург 1942 жылы Совет Одағының басты газеттерінің бірі «Правдадағы» мақаласында: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарай от-жалын да тоқтата алмайтын, қайтпас-қайсар солдаттар қарсы шапты. Кейін мен олардың қазақтар екендігін білдім. Даланың аптап ыстығы мен қақаған суығына шыныққан бұл ержүрек халық Шығыста тұрады. Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», - деп жазды. Шынында екінші дүниежүзілік соғыста қазақ солдаттарының ерлігі әлі айтылып, жазылып хатталатыны ақиқат.

Екінші дүниежүзілік соғыста Қарағанды облысы майданға 45 мыңға жуық адам жіберді, 17 мыңнан астам адам соғыстан оралмады. Қарағандылықтар Москваны, Ленинградты, Сталинградты қорғады, Курск шайқасына қатысты. Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны азат етті. Сұрапыл соғыс жылдары Арқа жерінен Нүркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, Қазыбек Нұржанов, Амантай Дәулетбеков, Қасым Аманжолов, Мүтәш Сүлейменов майдан даласына аттанып, соғыстың кескілескен шайқастарында ерлік пен қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетті. Дәл осы қатарда орыс ормандарында жүріп, көзсіз ерлік көрсеткен Аманжол Бұқарбаевта бар.
Батырдың өмір жолы
Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаев – 1905 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында (бұрынғы Қарқаралы уезі, Ақсары болысының 5-ауылы) дүниеге келген. 1924-1931 жылдары Қарқаралыдағы педагогикалық техникумды бітіріп, жас маман ретінде «Қарағанды пролетариаты» газетіне жолдамамен жұмысқа аттанды. Ол жерде кен өндірісіне қатысты маңызды мақалалар жазып, көкейкесті мәселелерді батыл көтере білді. Баспа саласындағы қызметінде жүріп, 1932 жылы қалалық комсомол комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады. Бұдан кейін жұмысына жауапты, зерек те, жігерлі маманның қызметтік жолы өседі. Алдымен қаладағы №19 мектептің директоры қызметінде болады. Кейін Қу (қазіргі Егіндібұлақ) және Қарқаралы аудандарында оқу бөлімдерін басқарады. 1937 жылдың зобалаңы кезінде туысы, Алаш қайраткерлерінің бірі Имам Әлімбеков «халық жауы» деген жаламен атылуы Аманжолдың жүрегіне өшпес кек салғандай еді. Имам Әлібековте бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің Ақсары болысында дүниеге келген.

Отставкадағы милиция подполковнигі Сәлижан Садықовтың «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жариялаған «Батырларымызды білмейді екенбіз, әйтпесе…» атты мақаласында «А.Бұқарбаев Алаш арысы, «халық жауы» деген жаламен 1937 ату жазасына кесілген Имам Әлімбековке немере болып келеді. Басты себеп, осында. Өйткені, соғыста қанша ерлік көрсетсең де, жеке басың туралы карточкаңда «халық жауының» баласы немесе туысы деп жазылса, орден түгіл медаль алу қиын болған» деп жазады. Сондықтан болар даңқты батырдың ерлігі көп айтылмай, тіпті қайта қайтыс болғаны да ұрпақтарына хабарсыз болған. Ресми құжатта батырдың «неміс тұтқынына берілмес үшін танкімен бірге жанып кеткені» айтылады. 2020 жылы ғана, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Аманжол Бұқарбаевқа І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталып, құжаты ұрпақтарына табысталған болатын.
Майдандағы ерлік және соңғы шайқасы
Аманжол Бұқарбаев екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, броньмен босатылса да, 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанды. Оңтүстік майдандағы шайқастарға алғаш ротаның саяси жетекшісі ретінде кіріскен ол жарақаттан кейін 2-ші Украин майданының №25 танк полкіне ауысады. «Т-34» танк командирі ретінде Ресей жерінен бастап, Еуропаға дейінгі азат ету операцияларына қатысты. 1945 жылдың 5 наурызында Чехословакияның Саса елді мекенінде болған қанды ұрыста Аманжол Бұқарбаев экипажымен бірге жаудың 54 солдаты мен 4 пулеметін жойды. Танк отқа оранған сәтте де соңғы оғын атқанша шайқаста қалды.

Батырдың немересі, журналист Гүлнар Бұхарбаева атасының ерлігін дәлелдейтін архивтік материалдарды тауып, Мәскеу, Еуропа мұрағаттарынан іздеу жұмыстарын жүргізді.
«Ғаламтардағы «Память народа» сайтының мәліметі бойынша А.Бұхарбаев 1942 жылдың күзінде Оңтүстік майдандағы әскер құрамында ұрысқа кірген. Әрі бірінші жеке атқыштар батальоны ротасының саяси жетекшісі болған. Жарақаттанып, госпитальден шыққан соң 2-ші Украин майданының бронетанкілі армиясының №25 танк полкінің Т-34 танк экипажының командирі қызметіне ауысқан. Ресей жерінен бастап, Чехияға дейінгі талай жерді дұшпаннан азат етіп келген атамыздың соңғы ұрыс салған жері – Зволен қаласынан 12 шақырым жердегі Саса деревнясы. Бұл – 1945 жылдың 5-наурызы еді...» дейді батырдың ұрпағы Гүлнар Бұхарбаева.
Ұрпақтарының ізденісі және тарихи әділеттілік
Батырдың ұрпағы Гүлнар Бұқарбаева «Қарағанды пролетариаты» газетінің 1931 жылғы тігінділерінен Аманжолдың кен өндірісі мен қоғамдағы түйткілдерді талдайтын сыни мақалаларында тапқан. Газеттің көп бөлігі Мәскеуде сақталыпты. Газеттегі мақалаларының біразын бізге де көрсетті. Газет қиындыларындағы Аманжол Бұқарбаевтың «Август атындағы өндіріс жоспары үшін большевиктерге күресе алмады», «Мына ерлерден үлгі алыңдар», «Жұмыс күші үшін күрес күшейтілмей отыр», «Жұмысшылардың еңбегін жеді» және тағы да басқа шағын хабар, сын материалдардан автордың қолтаңбасы ғана емес, жігерлі, қайсар, батыл мінезі де көрінгендей.
«Әр мақаласын терең зерттеп, өзіндік пікір, көзқарасын білдірген деректер мен дәлелдер келтіргені, батыл сын, орынды ұсыныс айтқанын байқауға болады» дейді Г. Бұқарбаева.
Аманжол Бұхарбаевтың соғыстағы ерен ерлігіне мына тарихи құжат дәлел:
«Командир танка Т-34 25 ОТП (отдельный танковый полк) лейтенант Бухарбаев А.Х. в бою за д. САСА /Чехословакия/ проявил исключительное мужество, отвагу и стойкость. Поддерживая продвижение нашей пехоты лейтенант Бухарбаев на максимальной скорости ворвался в глубину обороны протвника в д. САСА, где навел панику на оборонявшихся там немцев: Войдя в тыл оборонявшемуся противнику лейтенант Бухарбаев огнем и гусеницами танка уничтожил до 30 солдат противника, 4 пулемета, несколько повозок и подбил самоходное орудие противника. Когда его танк был подбит, лейтенант Бухарбаев отбивал из танка атаки пехоты противника, истребив гранатами и огнем из танка до 24 солдат противника. Когда боеприпасы были на исходе и танк был подожжен лейтенант Бухарбаев продолжал оставаться в танке и предпочев смерть немецкому плену, сгорел в танке. За исключительную дерзость, мужество и стойкость, проявленные в бою с немецкими захватчиками лейтенант Бухарбаев А.Х. достоин награждения правительственной наградой посмертно орденом «Отечественной войны первой степени». Богдан Хмельницкий және Кутозов атындағы танк полкінің 25-ші Уман Қызыл Ту орденінің командирі, подполковник Антонов қол қойған құжат.

Әсима Бұқарбаева, батырдың ұрпағы: «Аманжол Бұқарбаева мен ғана емес, тұтас ел мақтанатын қаһарман! Тек.. әттең.. есімі, ерлігі тарих тасасында қалмағанда... Аманжол атам – Нұркен Әбдіровтің ерлігін қайталаған! Атам қанды шайқаста жау бекінісіне бұзып кіріп, 54 фашисті жер жастандырып, бірнеше пулеметын, ауыр техникаларын жойып жіберген. Танкіні жалын шарпып жатқанына қарамай, соңына дейін шайқасқан. Жауға берілгеннен тірідей жанып кетуді артық көріп, экипажымен бірге танктің ішінде отқа оранған. Майдан даласында танкі ішінде өртеніп кетсе де, еңсесін тіктеп өткен атамыздың батыр рухы – мәңгі өшпес ерліктің символы. Елге аманат болған осы асыл есім ұмытылмас үшін өскелең ұрпақ оны білуі, құрметтеуі шарт».

Сондай-ақ Әсима әріптесіміз Аманжол Бұқарбаевтың ерлігі туралы, өмірі мен өнегесін зерттеп жинақтап жүрген ұрпақтары туралы да сөз қозғады. «Атамның осы ерліктерін дәріптеп, тарихқа таспалап жүрген ұрпағы бар. Гүлнар Бұхарбаева ұзақ ізденістің арқасында тарихи құжаттарды тауып, тіпті Еуропаға арнайы барып, атам жерленген орынды да тапқан еді. Батыр атамыздың ерлігін тарихи фактілермен растап берген тағы бір ағамыз бар – Сәлижан Садықов! Батыр атаның есімін, ерлігін ұрпақтары ғана емес, тұтас ел білуі керек деп ойлаймын», - дейді Ә.Бұқарбаева.
Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаев – елдің азаттығы мен намысын бәрінен биік қойып, қан майданда жалғыз танкімен жау шебін жарып өткен қайсар батыр. Оның ерен ерлігі мен білім саласындағы еңбегі қазақ халқына үлгі-өнеге. Батыр есімі тарих тасасынан қайта түлеп шықты, енді оны ұлықтап, ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу – парыз.
Қыран Алтай