Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыс уақытындағы әлеуметтік жәрдем

109
Соғыс уақытындағы әлеуметтік жәрдем - e-history.kz

Биыл аяқталғанына 80 жыл толып отырған екінші дүниежүзілік соғыстың зерттелмеген тұсы көп. Соның бірі соғыс уақытында майданға аттанған солдаттардың жанұясына жәрдем тағайындау және оны төлеу тәртібі. 

Бүгінгі ұрпақ екінші дүниежүзілік соғысты тек атыс-шабыс, қырғын майдан, қан төгіс ретінде сезінеді. Оған себеп, аталмыш тақырыпта түсірілген кинолар және аталмыш тақырыпта жазылған әдеби туындылар. Ұлы майдан тек қана шабуыл мен қорғаныс, қару-жарық қуатты сияқты факторлардан тұрмайды. Оның ішкі және сыртқы құқықтық шаралары һәм заңдастырылған әлеуметтік негіздері болады. Бұл іс жүйелі жүргізілмесе қоғамдық сананың сенімі сетінейді.

Осы мәселені кеңестік билік білмей қалған жоқ. Қараңыз соғыс басталғанына әлі бір апта болмаған 1941 жылдың 26 маусым күні: ССРС Жоғарғы Советі Президиумының Президенті М.Калинин және ССРС Жоғарғы Советі Президиумының Секретары А.Горкин қол қойған: «Майданға аттанған қатардағы және кіші басшы составтағы әскер қызметшілерінің семьяларына соғыс уақытында жәрдем тағайындау және төлеу тәртібі туралы» қаулы қабылданды. 

Құжатта көрсетілген құқықтық негіз бойынша: Қызыл Армияға, Соғыс Теңіз Флотына, НКВД-ның шекара және ішкі әскерлеріне мобилизация бойынша шақырылған қатардағы және кіші басшы составтағы әскер қызметшілерінің семьялары, мерзімнен артық қызмет етіп жүргендердің семьяларынан басқалары, соғыс уақытында мемлекеттен төменде көрсетілген тәртіп бойынша жәрдем алып тұратыны жайлы шешім қабылданыпты.  

Жоғарыдағы шешімді тарқатып айтар болсақ, егер отбасында жұмысқа жарайтын адам болмаса, ай сайын мынадай мөлшерде жәрдем төленеді.

Қалалық жағдайда: 

а) жұмысқа жарамайтын адам біреу болса – 100 сом; 

б) жұмысқа жарамайтын адам екеу болса – 150 сом;

в) жұмысқа жарамайтын адам үшеу және одан да артық болса – 200 сом. 

Ауылдық (селолық) жағдайда: 

а) жұмысқа жарайтын адам біреу, ал жұмысқа жарамайтын адам үшеу және одан да артық болса ай сайын 150 сом мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

б) жұмысқа жарайтын адам біреу болса, жасы 16-ға жетпеген екі баласы болса, қалалық жағдайда айына 100 сом,  ал селолық жерлерде бұл соманың 50 пайызы беріледі. 

Жәрдемді әскер қызметшісінің отбасы тұрған жерде еңбекшілер депутаттары Советінің аудандық (қалалық) атқару комитеті жанындағы комиссия тағайындайды, оның құрамында: 

  • Комиссияның председателі – аудандық (қалалық) атқару комитеті председателінің орынбасары; 

  • Аудандық (қалалық) соғыс комиссары; 

  • Аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы. 

Жәрдем тағайындау мәселесі қалаларда тұратын әскерилер қызметшісі отбасыларынан арыз түскенінен кейін, ауыл-селолық жерлерде тұратын әскери қызметшілері отбасыларына селолық советтен тізім түскеннен кейін үш күн мерзімнің ішінде шешіледі. 

Әскер қызметшісінің семьясына жәрдем тағайындау туралы мәселені шешкенде оның қарамағындағы жұмысқа жарамайтындар деп төмендегідей адамдар есептеледі:

 а) жасы 16-ға толмаған балалар, ал оқуда болса жасы 18-ге толмағандар; 

б) жасы 16-ға толмаған жана оқушы болса жасы 18-ге толмаған інілерімен қарындастары, егер олардың жұмысқа жарайтын ата-аналары болмаса; 

в) жасы 60-тан асқан әкесі және жасы 55-тен асқан шешесі;

 г) жасы қаншада болса да бірінші, екінші группадағы мүгедек әйелі және ата-аналары барлар. 

Бұл орайда, ескеретін жайттар

1. Жоғарыдағы статьяда көрсетілген адамдар, егер олардың күн көруінің тұрақты, негізгі көзі әскери қызметшісі тарапынан берілген жәрдем ғана болса әскери қызметшісінің қарамағында болып есептеледі. 

2. Әскер қызметшінің отбасы мүшелері, оның отбасынан бөлек басқа жерде (қалада, ауылда) тұрса, оларға тағайындалған жәрдемнің жалпы сомасынан тиісті үлес мөлшерін ғана алып тұрады.

3. Мобилизацияланған жұмысшы, қызметшілер отбасыларына жәрдем жұмыс істеп жүрген жерінде толық есеп айырысқан күнінен бастап тағайындалады, колхозшылардың және мобилизацияланған басқа да адамдардың семьяларына – әскерге шақырған күнінен бастап тағайындалады. Ал мобилизация кезінде нағыз әскер қызметінде жүрген әскер қызметшілер отбасына – мобилизация жарияланған кезден бастап тағайындалады. 

4. Жәрдем тағайындау жөнінде наразылық болса облыстық (өлкелік) атқару комитетіне және облысқа бөлінбейтін республиканың Совнаркомына шағымдануға болады. Шағымға жауап үш күн мерзім ішінде беріледі. 

 5. Әскери қызметші мүгедектігі себепті әскери қызметтен шеттетілген күнде оның отбасына тағайындалған жәрдем мүгедектігі бойынша пенсия тағайындалғанына дейін ажалынан өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен әскер қызметшілер отбасына өздеріне тағайындалған жәрдемді пенсия тағайындалғанына дейін ала береді. 

6. Егер жәрдем алуға құқығы жоқ әскер қызметшінің отбасы құрамында кейін өзгерістер болып (отбасының басқа мүшелерінің мобилизациялануы, отбасы мүшелеріне жұмысқа жарамайтын жаңа адамдардың қосылуы т.б.) нәтижесінде отбасы жәрдем алуға құқылы болатын болса, онда өзгеріс болған кезден бастап осы Указда көрсетілген тәртіп бойынша жәрдем тағайындалады. 

Егер жәрдем алып тұрған әскер қызметші отбасы құрамында кейін өзгерістер болып, ол жәрдем алу құқынан айрылатын болса (жасы толмаған мүшелерінің жасы толуы, жұмысқа жарайтын адамдардың қосылуы т.б.), отбасы құрамында өзгеріс болған кезден бастап жәрдем алу құқынан айырылады. 

****

Келесі кезекте атап өтетін тағы бір құжат. 1941 жылы 26 маусым күні ССРС Жоғарғы Советі Президиумының Председателі М.Калинин және ССРС Жоғарғы Советі Президиумының Секретары А.Горкиндер қол қойып қабылдаған «Жұмысшылар мен қызметшілердің соғыс жағдайында жұмыс уақытын тәртіптеу туралы» ССРС Жоғарғы Советі Президиумының Указы. 

Осы құқықтық құжатта: соғыс кезіндегі мұқтаждаққа байланысты өндіріс тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ССРС Жоғарғы Советінің Президиумі былай деп қаулы қабылдапты: 

1. Өнеркәсіп, транспорт, ауыл шаруашылығы және сауда кәсіп орындарының директорларына, ССРС Халық Комиссарлары Советінің рұқсаты бойынша, кәсіпорындардың барлық жұмысшылары мен қызметшілері үшін, жеке цехтар, учаскелер және жұмысшылар мен қызметшілер группалары үшін, күніне бір сағаттан үш сағатқа дейін жұмыс уақытынан тыс міндетті жұмыс тағайындауға право берілсін.

2. жасы 16-ға толмаған адамдарды күніне екі сағаттан асырмай жұмыс уақытынан тыс міндетті жұмысқа тартуға болады. 

3. Аяғы ауыр әйелдер екі қабат болғанына 6 ай толған уақыттан бастап, сонымен бірге емшекте баласы бар әйелдер – баланы емшекпен асырайтын уақытының алғашқы 6 айы бойында жұмыс уақытынан тыс міндетті жұмысқа тартылмасын. 

4. Жұмысшылар мен қызметкерлерге жұмыс уақытынан тыс атқарған міндетті жұмысы үшін ақы біржарым есе мөлшерде төленсін. 

5. Кезекті демалыс берілмейтін болсын. Осы пайдаланылмаған демалыстың орнына барлық мемлекеттік, кооперативтік, қоғамдық кәсіпорындары мен мекемелерде ақша төленетін болсын. Демалыс тек ауру болған жағдайларда ғана берілсін. 

6. Әйелдердің жүкті кезінде және босанғанында демалыс ССРС Халық Комиссарлары Советінің БҚ (б) П Орталық Комитетінің және Профсоюздардың Бүкілсоюздық Орталық Советінің 1938 жылы 28 декабрьдегі қаулысының 14 статьясына сәйкес берілетін болсын.

****

Жоғарыда соғыс жағдайында қабылданған қос құжаттан (жәрдем ақы төлеу және жұмыс атқару) нені аңғаруға болады. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының жеңіске жетуіне майдандағы соғыс қимылдарымен қатар, тылдағы бұқара ахуалын реттеуге бағытталған бірінші құжат пен соғыс жағдайында еңбек етудің қатаң тәртібін енгізген екінші құжат шындығында бүгін 80 жыл толып отырған Жеңісті жақындатуға айырықша үлес қосты. 

Жалпы қоғамдық әділдік пен қатаң тәртіп бар жерде әрқашан нәтиже болады. Жоғарыдағы құқықтық құжаттар осының дәлелі іспеттес. 

Осы орайда, екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеу һәм насихаттау кезінде осындай елеусіздеу болғанымен соғыс кезінде қоғамның берік ұстынына айналған дүниелерді бүгінгі ұрпаққа білдірген дұрыс. Өйткені, Ұлы Жеңіс тегін келген жоқ. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?