Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Келте ғұмырында ғылым мен шыңның асқар биігін қатар бағындырған ғалым

649
Келте ғұмырында ғылым мен шыңның асқар биігін қатар бағындырған ғалым - e-history.kz

Енді мектеп бітірген түлектер «Болашақ» бағдарламасы арқылы  шетелдің университеттерінде білім ала алады. Ол үшін 11 жыл бойы үздік оқып, халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпазы болу керек. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді. Бұған дейін бакалавр деңгейін бітіргендер ғана мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдалана алатын еді. Енді бағдарлама талаптары өзгеріп, мектеп түлектері үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Дегенмен бағдарламаға бөлінетін бюджет өзгеріссіз қалды.

Бұл жаңалықтан соң Әділет Имамбеков есімді азамат есімізге түсті. Ол білім саласына жасалған талай жеңілдікті тиімді пайдаланып, АҚШ-та ғылыммен айналысты. Әділеттің Гарвард университетінде PhD қорғап, кейін Райс университетінің физика және астрономия факультетінде профессорлық қызмет атқарғаны көпке мәлім. Оның ғылым саласындағы жетістіктері мен халықаралық деңгейде қол жеткізген жетістіктері бүгінгі жас түлектерге үлкен үлгі боларлықтай. Әділеттің ғылымдағы жолы, білімге деген құштарлығы мен табанды еңбегі жастарды жаңа биіктерге ұмтылуға шабыттандырады.

Әділет Имамбеков — қысқа ғана ғұмырында көп белестерді бағындырған физик, ғалым. Атақты Гарвард университетінде PhD дәрежесін қорғаған алғашқы қазақстандық азамат. Ол Райс университетінің физика және астрономия факультетінде доцент қызметін атқарды. Ғылыми қызметі үшін екі беделді сыйлыққа ие болды. Ол — жас ғалымдарға арналған Слоун зерттеу гранты мен National Science Foundation CAREER Award сыйлығы. 

Оның зерттеулері атомдық бөлшектердің кеңістіктегі қозғалыстарын геометриямен шектелген кеңістікте анықтауға көмектесетін аналитикалық құралдарды жасауға бағытталған. Ол өзінің мақсаттары жайлы былай деген еді: «Менің мақсатым — субатомдық масштабта, әсіресе құрылымдардың тепе-теңдіктен шығатын процестерін талдауға арналған теңдеулер жазу».

«Ол өте талантты маманы болды. Әділет кванттық жүйелер саласында, атом физикасы саласында жұмыс істейтін жетекші мамандардың бірі ретінде танылды. Бұл сала біздің магнетизмді түсінуіміз үшін маңызды теориялық және практикалық мәнге ие», — деп жазды Джордж МакЛендон 18 шілде күні Rice университетінің қауымдастығына арналған хатында.

Алматыдағы арнайы мамандандырылған физика-математика мектебінде оқып жүргенінде республикалық олимпиадалардан жүлдесіз оралмаған. Ғылымға деген қызығушылығы оны Ресейге оқуға аттандырды. Бала күнінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, батасын алып үлгерген. Ол МГУ жанындағы арнайы мектепті алтын медальмен бітірді. 1998 жылы Рейкьявик қаласында өткен Халықаралық физика олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Мәскеу физика-техникалық институтын «қызыл» дипломмен тәмамдады.

Ғылыми қызметпен қатар, Әділет альпинизм, триатлонмен де шұғылданды, марафондарға қатысты. Ол Қытайдағы Тибет үстіртінің екінші биік тауы — Мұзтағ-Ата шыңына (7549 м) шықты. Сонымен қатар Ironman триатлонының толық қашықтықтарында бірінші орындарға ие болды.

2012 жылы Хан Тәңірі шыңында Әділет мерт болған күйде табылды. Ол кезде Әділет небәрі отыз жаста болған еді. Бұл оқиға оның отбасына, достарына және ғылыми қауымдастыққа үлкен қайғы әкелді. Әділеттің жарқын болашағы мен ғылымға қосқан үлесі әлі күнге дейін еске алынып, оның есімі ұрпақтар жадында сақталып келеді. Ол өзінің қысқа ғана ғұмырында ғалым ретінде ғана емес, спортшы және азамат ретінде де жоғары жетістіктерге жетіп, көптеген адамдарға үлгі болды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?