
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында 2018 жылы Ауған соғысына қатысты кітаптар мен деректерді жинақтау, ізденушілердің ғылыми зерттеу жұмыстарын ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры ашылды. Қорға Ауған соғысының ардагері, журналист-ғалым Б.Белғараның жеке құжаттары, қолжазбалары, мақалалары, кітаптары тапсырылды.

Қорда Біржан Белғараның Ауған соғысы тақырыбында жазған: «Бачалар немесе Ауғанстан жерінде әскери борышын абыройлы өтеп қайтқан екі жас туралы», «Ауғанда атам үшін соғысқаным жоқ немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс», «Үзілмеген үміт әні», «Даңққа дақ түсірме, ұлым!», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» атты мақалалары және «Жетпіс тоғызыншы жылғы жесір», «Ақ өлім» әңгімелері бар. Сонымен бірге ардагердің оқу-ағарту, ғылыми-зерттеу және танымдық бағыттағы еңбектері мен өмір белестерінен мағлұмат беретін құжаттары, фотосуреттері мен деректері сақталған.
Жиналған кітаптардың ішінде ауған соғысының ардагері Болат Сайланның «Ауған соғысының ақиқаты: 1979-1989 жж.» (2001) еңбегі кездеседі. Кітапта «Құрметті қарулас дос Біржан Белғараұлы! Осы соғысқа қатысып, бұл соғыстың қасіретін көрген өзіңізге ізгі тілекпен тарту етемін! Автор (Қолы) Алматы, 2001 ж.» - деген қолтаңбасы жазылған. Қолтаңбадан автордың Біржан Белғарамен жақын достық қарым-қатынаста болғанын көруге болады.
Сондай-ақ, қорда Ауған соғысына қатысты жарық көрген кітаптар, 18-19 жастарында қыршыннан қиылған, жат жерде көз жұмған жауынгерлер туралы кітаптар, Ауған соғысы ардагерлерінің еңбектері мен деректері жинақталған.
Ауған соғысы ардагерлері туралы кітаптардан Марат Жүніс-Бектің «Тағдыр» (2012), Бақытбек Смағұлдың «Намыстың құлы, Алаштың ұлы» (2008), «Қазақтың «Қара майоры» (2014), «Мен көрген соғыс» (2007) атты еңбектері бар. Соғыста қаза тапқан жауынгерлер туралы кітаптардан Александр Иванович Барттың «О павших в Афганистане: 1979-1989 гг.» Т. 1. «О павших в Афганистане: 1979-1989» Т.2. «Книга памяти о войнах Алматы и Алматинской области» (1996), «Книга памяти о войнах Акмолинской области (1999) атты кітаптар, «Даңқ: энциклопедиялық анықтамалық» (2009), С.Қазақбаевтың «Ауған ақиқаты: офицер жазбалары» (2006), А. Ермекованың «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» (2017), 3-кітаптан тұратын «Память из племени Афганистана» (2016), тағы басқа Ауған соғысы туралы еңбектер мен мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларды атауға болады.

Атаулы қор Ауған соғысы ардагерлерінің сыйға берген еңбектерімен толықтырылып тұрады. Солардың бірін айта кетсек: ардақты азаматтардың бірі ғалым, ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Оразалиев «Ауғаныстан. Жауынгер – интернационалист ерлігі» (2013), Б.Смағұлдың «Оқ пен Отан» (2014), В.С. Христофоровтың «Афганистан: военно-политическое присутствие СССР 1979-1989 гг.» (2016), Қожабеков Ғ. «Қанды көйлек қарулас» (2019) кітаптарын, Мәжіліс депутаты, ақын Бақытбек Смағұл «Король Пандшера» (2015), «Қолбасшы күнделігі = Дневник полководца» (2016), «Тағдыр тозағы = Ад судбы» (2016) кітаптарын және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан «Ауған соғысының ақиқаты: 1979-1989 ж.ж.» (2001), «Боздақтар мәңгі жадымызда» (2006) атты кітаптарды сыйға тарту еткен.
«Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қорының маңыздылығы Ауған соғысы деректерін бір қорға жинап, қалыптастырудың, соғыс тарихын зерттеп, ақтаңдақтарын ашуға мүмкіндік тудырумен қатар, қазақстандық құндылықтарды құрметтеуге, сақтауға және отандық патриотизмді арттыруға жұмылдыратын танымдық әрі тәрбиелік тағылым. Соғыста Отаны үшін жанын пида қылған өрімдей жас жігіттердің есімдерін мәңгі есте сақтап, ерлігін үлгі-өнеге тұту, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін ояту. Оқ пен оттың ортасынан аман оралып, бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына аянбай еңбек етіп жүрген, ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін бағалау, құрметтеу.

Жыл сайын Ғылыми кітапханада Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қорының ұйымдастырумен Кеңес әсерінің Ауғаныстан жерінен шығарылуына орай дәстүрлі «Отанды қорғау – азаматтық борышың» тақырыбында тәрбие сағатын өткізіп тұрады.
Забира ЖОЛДАСБЕКОВА
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ Ғылыми кітапханасының
Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің бас маманы