
Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ежелгі атауы Шауғар болып, ол туралы алғашқы мәліметтер ІV–ІХ ғасырлар аралығындағы араб жазбаларында кездеседі. ХІ ғасырдан бастап қала «Ясы» деген атаумен белгілі болады
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Түркістан біздің дәуірімізге дейінгі ІІ–ІІІ ғасырларда-ақ өмір сүрген, сол кезеңнен бастап-ақ ірі мәдени әрі рухани орталық ретінде қалыптасқан.
Ежелгі Шауғар – Иасының бастауы
Шауғар атауы: Түркістан ежелгі заманда Шауғар деп аталған, кейін мұсылман діні орныққаннан кейін Иасы деген атауға ие болды. Бұл – түркі ойшылы, сопылық поэзияның негізін салушы Қожа Ахмет Ясауидің өмірімен тікелей байланысты кезең. Қала Қаратау жотасы мен Сырдария өзенінің ортасында, Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен. Көне замандағы керуен жолдарының маңызды тораптарының бірі саналады.
Қала тарихының жарқын парақтары ХІV ғасырдан бастау алады, дәл осы кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұрғызылды. Бұл Түркістанды күллі түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналдырып, «Қасиетті Түркістан» немесе «Кіші Мекке» деген атауды бекітті. Орта ғасырларда Түркістанның ірі білім ордасы болғаны да белгілі, оның мәдени өмірінде Ахмет Ясауи, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгүнеки, Жүсіп Баласағұн сынды ойшылдар мен ақындардың мұрасы ерекше орын алған.

ХV ғасырда қала Сырдария өңірінің саяси-экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы Қазақ хандығының астанасы дәрежесіне көтерілді. Мұны дәлелдейтін жайттың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі. Мың жарым жылдан аса тарихында моңғол және жоңғар шапқыншылығы сияқты зобалаң кезеңдерді бастан өткерген Түркістан – Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Сунақ секілді шаһарлардың арасынан бүгінге дейін толыққанды жеткен бірегей қала.
Түркістан – қазақ хандығының астанасы
ХVІІ ғасырдың басынан бастап Түркістан қазақ хандығының, яғни қазақ мемлекетінің астанасы болды. Бұл кезеңдерде Ресеймен қарым-қатынас орнату үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп тұрды. Қазақтың ұлы хандары мен тарихи тұлғалары қасиетті Түркістанда мәңгілік тыныс тапты. Олардың қатарында - Шығай хан, Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Әбілмәмбет хан, Абылай хан сияқты қазақ хандары, Қазыбек би, Әйтеке би, Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат секілді тұлғалар бар.
Қазіргі таңда Түркістан – Қазақстанның ірі туристік және рухани орталықтарының бірі, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасындағы тарихи-мәдени кешендер шетелдік және отандық саяхатшыларды ерекше көз тартады. Сан ғасырлық тарихы мен бай мәдени мұрасын сақтай отырып, қала Қазақстанның мәдениеті мен туризмінің дамуына үлесін қосып келеді. Осылайша, Түркістан көне және бүгінгі заманның сабақтастығын паш еткен, ұлттық рухтың және бірлік пен тұтастықтың символына айналған қала.
Түркістан – ғасырлар бойғы тарихы мен рухани құндылықтарды бойына сіңірген, қазақ хандығының алтын бесігіне айналған қасиетті шаһар. Орта ғасырдан бері саяси, мәдени және экономикалық маңызы жоғары, қазіргі кезде де қарқынды дамып келе жатқан қала. Ауқымды туристік әлеуеті, тарихи-мәдени ескерткіштері және білім ордалары арқасында Түркістан түркі жұртының басты рухани орталықтарының біріне айналды.
Түркістанның киелі орындары
Түркістан қаласындағы қасиетті орындардың бірі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Бұл тарихи кешен қазақтың ғана емес күллі Орта Азия халықтарының рухани орталығы. Кесене құрылысы Әмір Темірдің бастамасымен салынған. Бұл тарихи ескерткіш мұсылман әлемі үшін қасиетті орынға айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілген алғашқы нысан (2003 жылдан бастап). Кесене төңірегінде қазақтың ұлы хандарының бірі - Есім хан кесенесі орналасқан. Есім хан - Шығай ханның баласы. 1598–1628 жылдары Қазақ хандығын билеген. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қасында тағы бір тарихи ескерткіш бой көтерген. Ол – Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі. Рәбия Бегім – Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы. Әбілқайыр ханның әйелі, Көкенші мен Сүйеніш сұлтандардың анасы. Осынау ескерткіштер Түркістан облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген байырғы сәулет өнері ескерткіштері болып табылады.
Білім мен мәдениеттің көне ошағы
Түркістан ежелден діни білім мен ғылымның орталығы саналған. Орта ғасырларда көптеген медресе жұмыс істеп, сопылық ілім дамыды. Ортағасырлық мектеп-медреселердің орны бүгінгі күні қаз-қалпында сақталған. Көне Отырар, Сауран, Сығанақ, Түркістан қаласының ескі орнында көне білім ошақтарының орны бар. 1992 жылы Түркістан шаһарында Халықаралық Қазақ-Түрік университеті құрылды. Ол – Қазақстандағы ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны. Түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған, түркі әлемі жастарының басын біріктіретін алғашқы білім және ғылым ордасы. Ахмет Иассауи атын иеленген халықаралық университет – түркі әлеміндегі бірегей білім ордаларының бірі. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам студент білім алуда. Жоғарғы оқу орнында әлемнің 20-ға жуық елінің жастары білім алады. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде – Ахмет Иассауи университетінің идеологиялық маңызы зор.
Туризм және мәдениет
Түркістан туристер қаласы. Бұл тарихи-мәдени шаһарда туристер баратын орындар жетерлік. Жылына жарты миллионға жуық турист келетін Түркістанда тарихи-мәдени этнографиялық орталық пен музейлер жұмыс істейді. Музей қорында 6000-ға жуық құнды жәдігер сақталған. 2017 жылы «ТҮРКСОЙ» тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркістан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жарияланды. Бұл – қаланың халықаралық деңгейдегі мәртебесін арттыра түсті. Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытындағы саяхаттың ендігі мақсаты музейлер мен мәдени орталықтарда жалғаспақ. Мұндай нысан қатарына алдымен осыдан 5 жыл бұрын ашылған «Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығын» айтуымызға болады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталықта ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер қоры туристерге көрсетіледі.

Түркістан тарихи музейі. Қаладағы ХІХ ғасырда әскери казарма болған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи музейге айналдырды. Түркістан тарихи музейінің экспозициясы 8 бөлімнен тұрады: Тас, қола және ерте темір ескерткіштері, түркі кезеңіндегі Түркістан оазисі, Шауғар қаласы, Ясы қаласы, Қожа Ахмет Иасауи – «Түркістан пірі», Ескі Түркістан қаласы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.
Қазақтыңөршіл рухты ақыны, алаш арысы МағжанЖұмабаевтың:
«Түркістан – екідүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігіғой
ТамашаТүркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен», - деген өлең жолдары – қаланың рухани, тарихи һәм ұлттық маңызын айшықтайтын асыл сөз. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталмыш құжатта еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Ендеше руһы биік Түркістанның жаңа деңгейде көтерілетін сәті туды.
Қыран Алтай