
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында әлі де ашылмаған дүниелер көп. Ол заңды. Өйткені, ұлан-ғайыр фронтқа созылып шайқасқан қан майданның қай бұрышында не болып жатқаны ол тұста тек бір тәңірге ғана аян. Осыдай ашылмай жатқан аралдың бірі – соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы.
Соғысқа қатысқан қазақ қыздары хақында айтар болсақ, ең әуелі Совет Одағының Батыры Әлия мен Мәншүк еске түседі. Онымен қоймай Орта Азияда батыр атанған бұл екеуінен басқа төмен етекті жоқ деп мақтанамыз. Бұл әрине орынды. Десек те біз білмейтін қан майданда қан төккен арулар қаншама.
Айталық, соғыс жылдары «Социалистік Қазақстан» газетіне «Майдандағы қазақ қыздары» атты мақала жарық көріпті. Оның авторы академик-ғалым әдебиетші Қажым Жұмалиев. Осы жазбада: «Қазақтың ару қыздары Рауза Шамшатова, Әдия Молдағұлова (Әлия шығар), Ерке Оразбаева, Баян Байғожина, Балшекер Ахметова т.б. қарындастарымыз майдан даласында өлшеусіз ерлік көрсетті» дей отырып, әсіресе Балшекер деген жас ару ағасы қаза тапқаны туралы қара қағаз келген сәтте, қайғыдан қан жұтып, тұлымшағы желбіреген қыз кезінде маңдайынан иіскеп өсірген жан ағасының кегін қайтару үшін өзі сұранып соғысқа аттанғаны туралы жазыпты.
Осы Балшекер ІІІ Украина майданында қан кешіп, ағасының кегін қайтарумен қатар, жаудың да талайын жер жастандарыпты. Нәтижесінде, бұл қызды жоғары командование «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттаған екен. Осы қазақтың батыр қызы Балшекер Ахметова туралы болашақта зерттеуді қажет етеді.
Сол сияқты «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 13 маусым күнгі санында старшина Б.Сағындықовтың «Санитарка Әсия» атты мақаласы жарық көріпті. Бұнда қан майданда ерлік көрсетіп, оқ тиген солдаттардың жарасын таңып, оқ пен оттың астында шырқырай жортқан батысқазақстандық батыр қыз Әсия Бекетова жайлы тебіреніске толы толғаныс айтылған екен.
Міне, осылай айта берсек, қазақтың қаһарман қыздары көп. Соның бірі шығыстаулық Баян Байғожина туралы «Комсомольская правда» газетінің 1945 жылғы 8 наурыз күнгі №57 (9828) санына газеттің әскери тілшісі П.Кузнецовтың «Девушка из Чингиз-тау» атты очеркі жарияланса, автор соғыстан кейін жарық көрген «Алматыдан Берлинге дейін» атты туындысында қазақтың батыр қызы Баян хақында төгілте баяндапты. Осы деректі оқып отырып біз Баянның «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғаны жайлы мәліметті білдік.
****
Келесі кезекте біздің жазбамызға тиек болып отырған оқиға – қан майданда танк тізгіндеген қазақ қыздары хақында. Бұл арулар туралы елорда төрінде орналасқан Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарих музей залында аздаған дерек бар екен.
Осындағы мәліметке үңілсек, бір танктің толық экипажы болған қара көз қыздар туралы тұңғыш рет Қарағанды облыстық обкомының, горкомының және еңбекшілер депутаттары мен кеңестің үні «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыз күнгі №106 (2356) санына «Танкшы қазақ қыздары» атты жазба жарияланыпты. Мақала авторы медальді сержант – Топатай Жүнісов. Хат газетке 28054 – О дала поштасы арқылы келген.
Яғни, ол кезде кеңестік газеттерге жалған оқиға жайлы жазылмайды. Оның сыртында бұл хат арнайы әскери құпияландырылған дала поштасы ақылы келіп тұр. Демек бұл дерекке күдік келтіруге болмайды.
Ал газетке жарияланған мақалаға тоқталар болсақ әскери тілші: «Ұлы Отан үшін ұрыстарда қазақ қыздары да мәңгі өшпес даңққа бөленуде. Олар өздерінің жастарына қарамастан соғыс техникасын меңгеріп танкші, ұшқыш, атқыш және даңқты барлаушы болып алды. Солардың бірі – кеудесінде «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған командир, кіші сержант Жамал Байтасова. Жамалды біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі. Сөзге шешен, іске шебер Жамал зұлым жауға қарсы ұрыстарда ерліктің, табандылықтың және қажырлылықтың үлгілерін көрсетуде.
Танкішілер шабуылға шығып, немістерді қаладан жөңкілте қуды. Литваның сәнді-сәулетті қалаларын жендеттер аяусыз талқандаған екен. Бір кезде Жамалдың танкісі жаудың күтпеген жерінен шығып, немістерді басып-жаншып, жаудың оқ ататын ұяларының үнін өшірді.
Орта бойлы, күлім көз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашып, «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыстарында командавениенің тапырмаларын батырлықпен орындағаны үшін үш рет наградталған болатын.
– Танкке мініп жауға шабуыл жасадық, немістер күтпеген жерден берілген қатты соққыға табан тіреп қарсылық жасауға шамасы келмеді. Зеңбіректерін тастап қаша жөнелді. Бұл күнгі ұрыста немістердің ондаған солдаттары мен офицерлерінің өліктері жайрап қалды. Көп олжалар қолға түсті. Командавениенің бұйрығын абыройлы орындап, танк бөлімінің алға басуына жол ашылды дейді Күлкен өзінің әңгімесінде.
Бөлімшедегі танкші қазақ қызы Күлжамила Талқанбаеваның ерлік істері көзге түседі. Ол бір күнгі болған ұрыста жаудың 5 атыс ұясын жойып жіберді. Күлжамила атакаға шыққанда сондай шеберлікпен алға ұмтылады. Осылардың ішінде радис, пулеметші Жамила Бейсенбаева да өзінің қызметін жақсы атқарады.
Міне, бұлардың ерлік істері қазақ халқын мақтаныш сезіміне бөлейді. Танкшы қыздар даңқы арта берсін!
Медалді сержант - Топатай Жүнісов. Дала почтасы 28054 – О»

Жоғарыдағы жазбаға сәл тәпсір бере кетейік. Мақала авторы – Топатай Жүнісов Қарағанды облысы Қарқаралының тумасы дейді зерттеушілер. Ал танкші қыздар да осы өңірдің тумалары болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені, мақала авторы танкіші қыздарды «біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі» дейді. Соған қарағанда автор мен қыздар қалайда таныс. Ал сержант Т.Жүнісов майданнан оралды ма, әлде қаза тапты ма, ол туралы мәлімет жоқ.
****
Жоғарыда айтқанымыздай мидай былыққан майдан даласында кімді кім біліп жатыр. Егер де «Советтік Қарағанды» газетіне мына мақала жарияланбаса бұл қыздардың өмірде болғаны туралы білмей өтер едік.
Арада 30 жыл өткен соң бұл қыздарға іздеу салып, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1974 жылғы 13 желтоқсан күнгі №50 (1244) санына «Қайда екен, қайда сол ару қыздар?» деген мақала жазып, іздеу салады.
Газетте жарияланған жазбаның мәтініне жүгінсек, фронтовик жазушы жоғарыдағы Т.Жүнісовтың мақаласына сүйене отырып, «Бұл қыздар кім? Осынау батыр қыздардың соңғы тағдырынан хабар бар ма? Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында осынау бір ержүрек қыздар есімін білетін жандар табылып қалар деген үмітпен газет арқылы іздеу салып отырмыз. Сол себепті, осы мақалада аттары аталған жауынгер қыздардың өздері не болмаса оларды білетін адамдар табыла қалса, газет редакциясына хабарласуын сұраймыз» деп жария шашыпты.

Бірақ жазушының жазбасына жауап болмаған тәрізді. Өйткені, қандай бір дерек айтылса бұл кісі ары қарай індетіп іздер еді.
Десек де, бұл танкист арулар жайлы бірнеше болжам дерек бар. Соның бірі – профессор Ғ.Әбішевтің 1968 жылы жарық көрген «Под знаменем Родины» атта монографиясында танкіші қыздардың ерлігі жайлы азғана мәлімет айтылса, соңғы жылдары танкіші қыздардың ізіне түсіп зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова және майдандағы қазақстандық арулар жайлы зерттеп жүрген маман Дина Игсатовалардың пайымдауынша, қарағандылық танкіші қыздар Литва жерінде ерлікпен қаза тапқан делінуде.
Ал 2019 жылы зерттеуші Қанат Каренов танкист қыздар жайлы «Когда вернутся ласточки» дейтін кітабы да жарық көрді. Бұл кітапта «Танкист қыздар 1944 жылы желтоқсан айының басында қаза тапты» делінсе, тағы деректе олардың хабар-ошарсыз кеткені туралы айтылады.
Тіпті бұлардың туған-туыс, ағайын-жекжаты туралы ешқандай мәлімет кездеспеуіне байланысты кейбір зерттеушілер «бұл қыздардың ата-ана, туыс-туғаны аштық жылдары түгі қалмай қырылып, панасыз қалған төрт қыз жетімдер үйіне тәрбиелеген болуы мүмкін. Сол себепті, бұлардың дерегі табылмайды» деген пайым айтуда.
Жалпы екінші дүниежүзілік соғыста танк тізгіндеген жиырма шақты қыздың есімі аталады. Осылардың кейбірі күйеуінің танк экипаж құрамында байланысшы қызметін атқарғаны жайлы айтылады. Бірақ қан майданда бір танкіні тізгіндеп, бір экипаж құрамында болған қазақтың төрт қызының есімі аталмайды. Бұл әлде ұмыт қалды, әлде әдейі өшірілді. Сталин заманында бір ғана ұлт орыстарға үстемдік берілгендіктен бұлардың аты аталмай, ерлігі өшірілуі әбден мүмкін. Мысалы, мұртты көсем ұлы жеңістің салтанаты үстінде сөйлеген сөзінде «елді жеңіске жеткізген орыс халқына рахмет» деп ашық айтқанын білеміз.