
Абылайдың тұңғыш ұлы, тақ мұрагері Уәлидің кіші ханымы, Шоқанға білімнің нәрін сепкен әжесі Айғаным мен оның әкесі Сарғалдаққожаның тарихта алар орны ерекше. Сарғалдаққожа Абылай ханның туған балдызы. Ханның төртінші әйелі Зураның туған бауыры. Сарғалдаққожа бірнеше шет тілін білген, мәмілегер (қазіргіше елші, дипломат) ханның жеке хатшысы болған.
Әсіресе, Хиуа, Қоқан, Қашғария, Ауғанстан, Иран және Қытайдың елбасылары, ел басқарған қожаларымен қатынас орнатуда Абылай ханның тапсырмаларын орындап, сеніміне ие болған. Оның діни білімі жоғары, аузы дуалы, ғұлама болғандықтан хан ордасында имам болған. Шығыстың жарық жұлдызы атанған, ғалым Шоқанның әжесі Айғаным – Сарғалдаққожаның қызы. Ұлы хан Абылайдың қарақалпақ Сайман ханымнан туған тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, Орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші ханымы. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін, ханның орнын (1821-1822) басып хан болған. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам және мемлекет қайраткері. Немересі, ұлы ғалым Шоқанға адамгершілік пен, білім, ғылымның жолын ашуда өнеге болған әжесі.
Айғаным ханымның әкесі, әулие Сарғалдаққожа жайында аз-кем тоқталмақпыз. Сарғалдақ қожа Бұхарда оқыған білімді, әулие адам. Сарғалдаққожа – Әзірет Әлінің 43-ұрпағы. Әзірет Әлінің Мұхаммед-Ханафиясынан тараған түркі жұртын бейбіт жолмен ислам дініне кіргізген Ысқақ бабтың /Баба ата/ 17-ші ұрпағы Қожа-Ахмет Яссауидің туған бауыры Садыр шайх, осы Садыр атаның 5-ұрпағы Камаладин шайх. Лақап аты – Бақсайыс. Сайд Камалиддин Шайх Дешті қыпшақтың пірі, бас сардар болған, соғыста жекпе-жекке көп шыққан, әрдайым жеңіске жеткен құдірет иесі болғандықтан басына бақ қонған, бағы сайысатын әулие деген лақап атына сай «Бақ+сайыс» аталған. Бақсайыс Әзірет Әлінің 23-ұрпағы. Камаладин шайх, яғни Бақсайыстан өрбіген қожаларды «Бақсайыстар» дейді. Бақсайыстың 20-ұрпағы – Сарғалдақ қожаның әкесі – Әбдіқожа, оның әкесі – Өтеш.
Сарғалдаққожа Бұхарада оқыған «Ғайыптан болжайтын әулие» атанып елге сыйлы болған адам. Жоғарыда жазғандай хан Абылайдың сенімді серігі, жеке хатшысы, кеңесші- көмекшілерінің бірі болыпты. Діни білімі жеттік болғандықтан хан ордасының имамы болып, дін таратқан ғұлама ұстаз десе болады. Сарғалдақтың әкесі Әбдіқожаны ел жұртқа мәлім болғандықтан «Мәлімқожа» және үнемі түрікпен тақия киетіндіктен «Түрікпен қожа» деп аталыпты. Әбдіқожадан тараған ұрпақтардың тарихта таңбаланғаны Сарғалдақ, Берді деген 2 ұл және оның ұрпақтары. Бұлардан басқада балалары болған. Сарғалдақ пен Бердіқожа ның жас айырмашылығы 30-40 жас аралығында алшақ екенін тариққа жүгіне отыра анықтадық. Мүмкін үлкен, кіші әйелдің балалары шығар. Бердіден Әуез одан Омархан туған. Ал осы Омарханнан қазақты «Абай жолы» романы арқылы әлемге паш еткен ұлы жазушы Мұхтар туған. Әбдінің әкесі Өтеш шайх. Сарғалдақ, Сарғалдаққожа Өтешев деген атпен орыс-қазақ тарихында таңбаланған. 1773-1775 жылдары, яғни Сарғалдақ тарихи деректерде Өтешов болып жазылған. Бердіқожаның ағасы Сарғалдаққожаның 4 әйелінен 10 бала болған. Екінші өзбек әйелінен 3 бала: Бегәлі /Пір-Әлі/, Мырзалы /Мырза-Әлі/ Айғаным туған. Өзбек әйелін ерекшелеп отырғаным осы өзбек анамыздан тарихта белгілі Шоқанның әжесі Айғаным ханша туған. Абақ керейге Әбілпейіздің ұлы Көгедай төре болып барғанда, Сарғалдаққожаның бәйбішесінен туған ұлы Жәмшіні кеңесші молда ретінде жіберген. Оған дәлел: Жәмшінің немересі Сәттібай Марқашұлы атасының елін сағынғанда айтқан өлеңдерінен есінде қалғанын «Құранның» сыртқы мұқабасына араб әрпімен жазып кетіпті. Тарихи жазбаларда Сарғалдаққожа Өтешев деп жазылғанын айттық. Сарғалдақтың Әбдіқожаның баласы деуге дәлеліміз: осы «Құран» кітаптың бетінде айқын жазулы. Өлең шумағы төменде. Құран кітап 1537 жылы басылғаны кітапта айқын жазылған. Бұл «Құран» Қарағанды қаласында тұратын ағамыз Сайполұлы Каримханның үйінде сақтаулы.
Өлең шумағында:
Арғы атам таралады Ысқақ бабтан.
Адамның өсіп-өнуі жалғыз хақтан.
Алладан бір мезетте жарлық келсе.
Патшада құлайды, алтын тақтан.
Ұлы атам аталады Әбді қожа.
Әнсалам, мамырлатып, дауыс соза
Артында қалған сөзі тәлім болып
Қазаққа әйгіленіп атанған Мәлім қожа.
Сарғалдақ, Бердіқожа одан тарап,
Ержете ата баба жолын қуған.
Таратып мұсылмандық ел жұртына,
Жаратқан бір Алланың құлы болған
Түркістан, Қарнақ , Шаян естен кетпес,
Айғайым Есіл, Көкше барып жетпес.
Ағайынды арта қалған ойлап кетсем,
Сорғалап көз жасымнан, кеудем кеппес.
Шумақтардың астына Марқаш Сәттібай деп жазылған.
Деректерге сүйене отырып Сарғалдаққожа оңтүстіктен шығысқа, одан шығыстан ханның хатшысы кеңесшісі болғандықтан Абылай ханмен үнемі бірге жүріп, жау жар басылғанда Көкшетауға келіп қоныстанған. Сарғалдаққожа Абылай ханның тапсырмасымен Қытай, Қашғарияда, Ауғанстанда, Орта Азия елдерінде елшілік байланыстарда болған дипломат. Сарғалдақтың азан шақырып қойған аты Сағындықбек екен. Ол сары гүлдей желкілдеген өте реңді сары адам болғандықтан Сарғалдақ атанып кетсе керек. Сырт елдерде келіс сөз, елшілік қызметте көп жүргендіктен Сағындықбек аты көмескіленіп, Сарғалдақ атымен танылады. Тарихшы ғалым Ж.Артықбаев Сарғалдақ қожаның Қарақалпақстаннан келгені жайлы Абылайханның қарақалпақ әйелі Сайман ханыммен байлан ыстырады. Сарғалдаққожаның екінші әйелі, яғни Айғаным ханшаның анасы өзбек әйелі болғанын ескерсек, қарақалпақ Сайман ханыммен байланысы айқындала түседі. Бұл тақырыпты тарқатып өтсек. Абылайдың өмірі жайлы «Сабалақ» қиссасында төмендегі шумақтар Сарғалдаққожаның ханның жеке хатшысы болғаны, аты аталмаса да, анық жазылған. Қисадан үзінді келтірейік:
САБАЛАҚ (хиса)
....Ел болып алды-алдына халық толды.
Тіпті жоқ ол уақытта қожа, молда,
Ер қаруы бес қару тегіс қолда.
Жалаңаяқ Әздер мен Нияз қожа.
Кереметпен көрініп шыққан сонда.
Бұл қазақ тәубасынан жаңылмаған,
Басқа жұртқа бас иіп бағынбаған.
Хат танып, хат жазатын хатшылыққа
Иісі қазақ ұлтынан табылмаған,
...Сарт, Ноғайға сенбеген жүрген шарлап,
Бұралқы бұзады деп жұртты қарлап.
Хатшысы Қарақалпақ Сыр бойынан,
Аттай таңдап, атандай алған арнап...
Сөйтіп Абылай арылтып алапаты,
Қырық сегіз жыл қазаққа хан болыпты... –
деп келіп, осы шумақтарға түсінік беріледі.
Онда: «Сарт, ноғайдан жалдама хатшылар орыс патшасына, шүршіт патшасына жазған хаттарында басқа патшалардан пара алып, солардың пайдасын келтіре берген. Сонан соң оларға сенбейтұғын болып, Сыр бойындағы Қарақалпақтан хатшы таптырып алдырған екен», - деп жазады жыршы. Осы қарақалпақ хатшы деп отырған адам – Сарғалдаққожа екенінде күмән жоқ. Сарғалдаққожа қазаққа да, қарақалпаққа да белгілі тұлға болған. Жырда Сарғалдаққожаның екінші әйелі сыр бойын мекендеген қарақалпақ ішінде өскен өзбектің қызы және Абылай ханның екінші әйелі Сайман да қарақалпақ қызы. Туралап айтқанда Сарғалдаққожамен Сайман ханым және олардың туған туыстар арасында қандай бір өте жақын қарым қатынас болған. Қарақалпақ әйелден туған Уәлидің әулие Сарғалдақтың қызы Айғанымға үйленуініде кездейсоқтық емес. Абылайхан Сарғалдаққожаның әпкесіне үйленген. Бұл некеде өте үлкен сыр, мағына бар. Себебі, Сарғалдақтың әкесі Әбдіқожа білімі асып, ғұламалығымен дүйім жұртқа мәлім болып «Мәлімхожа» атанған. Сарғалдақ та жас кезінен Бұхарда оқыған оқымысты, сауатты жас. Әбдіқожаның әкесі Өтеш шайхта (Өтеген) әулие, ғұлама болған. Өтеш шайхпен бірге туысқан Тікеш (Тілеген) шайх та ғұлама, білім иесі. Осы Тікеш шайхтың баласы Мүсірәлі сопы Әз Тәукенің кезінде үш жүзге пір сайланған білім иесі ғұлама, ғайыпты болжаған әулие болған. Бұл ғұламалардың кереметтерін жазсақ бір төбе. Данышпан Абылай осындай білім иелерінің қызына үйленді. Әулие ғұлама қайын жұрты, туған балдыздары, қайнағаларының әр қия, қысылтаяңда пайдасы тиетінін Абылай хан білгені сөзсіз. Бұлардың түбі – ақырзаман пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с ) аһли бәйіті. Түркі әлемнің ғұламасы Қожа Ахмет Иассауидің туған бауыры ғұлама Садыр шайхтың ұрпақтары. Қай заман болса да білімге сүйенбесе күн қараң. Абылай атанбас бұрын Әбілмансұр атанып бала кезінде хан сарайында, осындай оқымысты, әулиелердің ортасында өсті. Ғұламалардан тәлім тәрбие алды. Осы тәлім тәрбиенің арқасында түйе, жылқы баға жүріп, сабыр салмақ, ақыл парасат қажыр-қайратының арқасында хандық дәрежеге көтерілді. Жәй хан емес үш жүздің басын біріктірген ұлы хан атанды. Қиссада жоғарыда келтірген мысалдарды екшеп көріп, қарақалпақ арасында көп болған Сарғалдақты қарақалпақ атауы да мүмкін. Сарғалдақтың екінші әйелі өзбек делінеді. Бірақ ол кез өзбекпен қарақалпақтың аралас кезі. Мүмкін қарақалпақ шығар. Оған нақты дәлел жоқ.
Жырдағы: «Жалаңаяқ Әздер мен Нияз қожа, Кереметпен көрініп шыққан сонда», - делінген Жалаң аяқ әздер мен Нияз қожа Сарғалдаққожамен бірге жүрген, тегі бір қожалар. Осыған сай Сарғалдаққожа Абылай ханның жанында жеке хатшысы, кейінен кеңесшісі, ордасында имам болғаны тарихи шындық. Әрі туған балдызы, сенімді адамы болса, сауатты Сарғалдаққожаның ханның хатшысы болғаны жырда жазылғандай ақиқат. Тарихи деректерде Жалаң аяқ әздер мен Сарғалдақтың аты бірге аталады. Текті жерден қыз алу, ұрпақ өрбіту – қазақтың ежелгі сал дәстүрі екені баршаға мәлім. Осыған орай хандар, ел басқарушылар билігін нығайту мақсатында және көршілерімен тату қарым-қатынас орнату үшін іргелес мемлекеттердің хан, сұлтандары және Мұхаммед с.ғ.с пайғамбардың аһли бәйіті қожалармен әулеттік некеге тұрғаны тарихта белгілі. Бұл туралы ханның шөбересі қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Ханның 12 әйелінен, 40 қызы мен 30 ұлы болған. Бірінші әйелі – Әбілхайырдың қызы Қарашаш ханымнан туған екі қыздың біреуі Барақтың ұлы Дайыр ханға, екіншісі Құдайменде сұлтанға тұрмысқа шыққан. Екіншісі қарақалпақтың бегі Сағындық Шуақбайдың қызы – Сайман ханым, Уәли ханның анасы. Үшіншісі – қашқар бегі Кенже-Сарттың қызы Бабақ ханым. Төртіншісі – қожа атақты, қасиетті қырғыз Сарғалдақтың әпкесі…… Бесіншісі – қалмақ нояны Хошу мергеннің қызы Топшай немесе Топыш, Қалдан-Сереннің туысы. Алтыншысы – да қалмақ ноянының қызы Тоқта ханым. Жетіншісі – қырғыз қызы Тәтіш ханым одан екі қызы болды оның біреуі Тәукенің баласы Тұрсынға тұрмысқа шыққан...»
Төрелер шежіресін зерттеуші Татухан Абылайханов: «Әйгілі Бұхар жырау, ел анасы атанған тілді, кескін келбетті қайырымды бәйбішелерге арнаған жырында «Қадиядағы жұртына, өрнекті екен бәйбіше, Зура мен Ботпадай екі бетті екен бәйбіше», - деп, атап көрсеткен. «Зура – Жеті Момынның бас имамы Қожа Сарғалдақтың әпкесі. Абылайханның төртінші әйелі», - деп жазады. Осы Зурадан туған Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлдың аты белгілі. Тоқ 1777 жылы қазақ елшілеріне бас болып Петербургке барғаны туралы дерек бар. Арықтың өзі және ұрпақтары Арғынның жеті момын тобына сұлтан, би, старшын болған. Осы шығыс өңіріне Сарғалдақ қожа жиендерін әкеліп орналастырды, жеті момынға дін үйреткен имамы болды деген, дерек те бар. Бұл әрине данышпан Абылаймен сұңғыла Сарғалдақтың бір ойлаған мақсат, мүддесі де болуы мүмкін.
Сарғалдақ өте ақылды, мәмілегер, жігер қайратты, айтқанын орындата білетін, мысы басым ер жүрек адам болыпты. Сол үшінде ерліктің символы ретінде танылған сарғалдақ гүлінің атауын алып Сарғалдақ атануы жай емес болса керек. Сарғалдақ гүлі Осман сұлтандары және олардың күш құдіреттерінің символ ретінде қалыптасқаны тарихта аян. II Ахмед пашаның кезінде өжеттіктің символы деп, дәстүрлі және тұрмыстық заттарды сарғалдақ гүлінің өң түсімен нақыштап, ою-өрнек салып безендіру етек алғаны тарихта бар. Сарғалдақ көктемде қар астынан бірінші болып бүр жарып шығатын суыққа өте төзімді қайсар гүл. Сарғалдақ аталуы батыл болжам болса да, тарихпен ұштасып жатуы да бек мүмкін
Сарғалдаққожаның тарих беттерінде таңбаланғаны туралы деректерден бірнеше дәлел келтірген жөн болар.
«TÚRKOLOGIA» журналының 2022 жылғы №2 (110) санында қожалардың мемлекет ісінде атқарған қызметтері жайлы төмендегіше түйіндейді. Ол жайлы қысқаша үзінділер келтірсем:
- ...Қазақ халқы құрамындағы қожа әулеттері қатарынан көптеген қазақ зиялылары шықты. Олардың барлығына тоқталып жату мүмкін емес. Кейбір тұлғаларға тоқталмай кетуге болмайды. Мысалы, Абылай ханның сенімді серігі болған, Абылай ханның діни- идеологиялық саясатын айқындап отырған, ханның пірі-Жалаңаяқ қожа мен Сарғалдақ қожа т.б. болды.
....Қасіретті кезең келгенде, Әбілхайыр хан мен Абылай ханның халықтың рухани тұтастығын қалыптастыру мақсатында қожаларды қайтадан саяси билік жүйесіне араластырғанын көруімізге болады. Ол туралы Қазақ хандары мен қожаларының шежіресін жазған И.В. Ерофеева архив деректеріне сүйене отырып былай деп жазады: «Так, при специальном обследовании ряда письменных источников XVIII – первой половины XIX в., и прежде всего подробных описании родоплеменного состава трех жузов, мне удалось выявить среди большой совокупности имен родоправителей-старшин, возглавлявших разные патрономические объединения кочевников-казахов, только несколько поименованных лиц, принадлежащих к сословию кожа. Это – переселенец из г. Туркестана в северо-западную часть региона старшина Младшего жуза вышеупомянутый Мухаммад-кожа, приходившиеся в 50–60-х гг. XVIII в. сватом сыновьям хана Абулхайра Нурали хану и Ерали султану; старшина одного из родов племени Айит-кожа (1742); «пир всего киргиз-казахского йурта» старшина Младшего жуза Абу-л-Джалил «Абу-Желил, Абжелил)-кожа б. Фар (Пир)-Мухаммад-кожа (1785–1789), старшина рода ергенекты-уак Среднего жуза шурин Аблай-хана Сары-Галдак-кожа б. Утеш-кожа (1785–1795); старшина рода шомекей Младшего жуза приблеженный хана Арынгазы Шукур-Али-кожа. Султан-Мухаммад-кожа (1816–1822); старшина группы родов поколоние жетыру Младшего жуза надворный советник депутат от казахов в Оренбургской погрпничной комиссии Нур-Мухаммад-кожа б. Абу-л-Джалил-кожа (1793–1819), являвшийеся зятем Нурали-хана; старшина Среднего жуза Тамык-кожа б. Чакатай-кожа и др» [42, 32-б.]. Демек, деректер қожалардың «Жеті жарғы» заңынан кейін қазақ қоғамынан шығарылып тасталғанымен, олардың қоғамдағы рөлінің маңызын түсінген Әбілхайыр, Абылай сияқты хандар қожаларды халықтың рухани тұтастығын қалыптастыру мақсатында қайтадан саяси билік жүйесіне араластыра бастағанын көрсетеді. Абылай ханның өзінің қасында Жалаңаяқ қожаны пірі ретінде танып, ұстауы – оның Қазақ хандығында қайтадан бұрынғы мемлекетті басқару жүйесін қалпына келтіру мақсаты болғандығынан хабар береді. Абылай ханның ондай мақсаты барлығын сезген ру-тайпалардың өз іштерінен шыққан билері ханға қарсы шығып, Абылай ханның мезгілсіз дүниеден өтуіне ықпал етті.
«Абылай хан қайтыс болғаннан кейін қазақ мемлекеттігінің ыдырап, Сол түстігі Ресей қол астына, Батысы Хиуа хандығына бодан болды.» Túrkologıa, №2(110), 2022 жыл.
Сарғалдақ Абылай хан ерлігін жоғары бағалап «Жаралы жолбарыс» атаған Жауғаш, Құлеке сияқты белгілі батыр, билер сырт елге елшілікке барарда ақыл кеңес беріп, ой пікір ұсыныстарын тыңдайтын ақылшысы, елшілер келгенде мәліметтерді жинап, зерделеп, елеп екшеп қортынды жасап ханға таныстырып, ұсыныстарын айтатын сенімді кеңесшісі болған. Атап айтсақ Жауғаш батырмен жақын сырлас болыпты. Олардың шығу тегі де бір. Олар Абылайханға қандай жағдай болсын адал қызмет еткен. Ханның сеніміне кірген адал, уәдеге берік, сенімді адамдары, әрі балдыздары еді. Ол жайында сөз етсек, заман ағымына орай хан ордасын Түркістанға көшіретін болғанда оңтүстіктен Жауғаш батыр шақыртумен келеді. Хан ордасын ханның сенімді серігі Жауғаш батырлар қорғауына алып Түркістанға көшіп, Сарғалдаққожа өзі Есіл бойында қалады. Бұл 1770 жылдардың аяғы дейді тарихшылар. Жауғаш батырмен бірге кезінде аманатқа келген қырғыздың Тілеуберді, Бүрге батырлары да оңтүстікке көшеді.
...Абылай заманынан кейін, Сарғалдақ Ергенекті уақтың болостной старшыны қызметін атқарған. 1773-1775 жылдары, яғни Е.Пугачев көтерілісіне қазақтар қосылып кете ме деп секемденген Ақ патша қазақтардан адалдыққа ант алған. Осы ант берген қазақтың игі жайсаңдарымен бірге Ергенекті уақтар атынан Серкебаймен бірге Сарғалдақ Өтешев антқа қол қойған. Одан кейін 1791 жылы шамасында тағы да Ергенекті Уақ болысының старшыны ретінде «Саргалдакхожа Утьяшев» деп қол қойғаны нақты жазылған. Қол қоюшылар ішінде Есенейдің әкесі Естемес Сейітов, Жылғара Байтоқин, Дәулеткерей сұлтан сияқты көптеген атақтылар болыпты. / Рус-Каз. Отнош. ХҮIII-ХIX./
Сарғалдаққожаның, Сарғалдаққожа Өтешеев атымен тарих беттеріне таңбаланған деректерден, жағдайға байланысты бір екеуін ғана келтірдік.
Тарихшы Н.Бекмаханова зерттеулерінде Сарғалдаққожаның бауырлары Елеусіз, Темірбайлар Е.Пугачев бастаған көтеріліс кезінде орыс шептеріне қарсы жорық жасағанын жазады [2, 124-125 б.]. Ғалым З.Тайшыбай осындай жайлар белгілі болған соң шекарадағы орыс әскерилері Темірбайды дарға асты деп есептейді [3,317б.]. Аталған деректер Өтеш қожа ұлдарының белсенділігін айғақтайды.
Сарғалдаққожаның білім, біліктілігі ғана емес шығу тегінің тектілігі де Абылай ханға зор ықпал еткені анық. Ол жайлы жоғарыда келтірдік. Сарғалдаққожаның туыстары, балалары ел ісіне араласқан. Оның Сейіт, Бораншы, Иманбек, Ерубай деген балалары старшын болғаны тарихи деректерде тұр. Әбілпейіздің ұлы Көгедай керейлерге төре болып барғанда Сарғалдақтың ұлы Жәмшіні кеңесші, молда етіп жіберген. Бұл тағайындаудың да астарында үлкен мән жатыр. Шығысты мекендеп отырған төреге, қаншама алыс солтүстіктегі Есіл бойынан кеңесші жіберілуінің астарында, алысты ойлаған үлкен саясат жатқанын сезген дұрыс. ХанАбылай алыстағы керейлер ортасында өзінің бір сенімді адамы болғанын, ертеден ойластырған да шығар. Жарты өмірі елдің шығысында өтіп, бастарынан нелер кешпеген сұңғылалар Абылай мен Әбілпейіз жоңғар жерін иеленуге ниеттенгенде кімді қалай жіберуді білмеді , ақылдаспады дейсіз бе? Соның ішінде, кезінде жеке хатшысы болған, елшілікте көп жүрген мәмілегер, шығыс елдерінің қыр сырын көп білетін жеке кеңесшісі ордасының имамы, сенімді серігі, туған балдызы Сарғалдаққожаның тәлім-тәрбиелі, оқыған, уәдесіне берік ұлын керейге төре болып кеткен Көгедайға кеңесші ретінде жібергені мүлтіксіз шындық. Керейге Көгедай төре болып барғанда тым жас барған екен. Ол тым жастықтан, бөтен ортада ата-анасын сағынып жерсінбегендіктен 12 жас шамасында қайта келеді. Осыдан кейін Әбілпейіз хан Көгедайды анасы Тұмар және екі інісімен керейге төре болып қайта жібереді. Иә, осы оқиға жайлы аталарымыздың айтқаны бар еді. Бірақ, көп тарихшылар Көгедайды анасы, бауырларымен бірге барғаны жайлы жазады. Көгедайдың жалғыз барып қайтып келіп, анасы бауырымен қайта барғаны жайлы тарихшы Тұрсынхан Зекенұлы: - Көгедай Жоңғарияға өткен керейлерге төре болып барғанымен, әлі де жасы кіші болғандықтан, арт жағын сағынып алаңдай береді. Тағы бір жайт сол кезде керей арасында жаназа шығаратын молла, шешек егіп, бала сүндеттейтін қожа мүлде жоқ екен. Әбілпейіз бұл жайларды ескеріп Көгедайды шешесі Тұмармен қоса керейге көшіріп береді. Тұмар бәйбіше керейге бір молда, бір қожа және бурамен қырғыздан үш, жиыны алты үй көшіріп әкеледі. Бұл молла-қожалардың, қырғыздың ұрық-шәрпі бүгінде Шығыс Түркістандағы Жеменей ауданында бір қауым ел болып отыр. Өр Алтайдағы Абақ керей арасында тараған «Төре-қожа түбі бір» деген тәмсіл содан қалған. Бұдан соңғы тарихи кезеңдерде төрелер Жоңғарияға барған қазақтардың билік жүйесін басқарса, қожалар олардың діндік жүйесін басқарып отырды»[4], - деп жазады. Бәлкім, Абылай өмірден озса да әкесінің ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесін көрген Уәли хан Сарғалдаққожамен ақылдасып шешуі де мүмкін. Сарғалдаққожаның үшінші әйелінен туған ұлдары Ерәлі, Серәлі ағасы Жәмшінің артынан барады. Оларда аумалы-төкпелі заманның аңысына сай Уәли хан жіберген десе болады. Себебі, Уәли ханның көп жағдайда Қытайға бүйрегі бұрғаны, Қытайға елшілікке барғаны тарихтан белгілі. Себебі бұл екі ұлдың тағдыры белгісіз болып жүр еді. Жәмшінің Қытайда тұратын Қыстаубайдың ұрпақтары арқылы жуырда белгілі болды. Бүгінгі күні шежірелерімізді нақтылап, өмір тарихтарымызды зерделеп жатырмыз. Қытай асқан балаларына хабарласқалы кетіп оралмағаны жайлы Сарғалдаққожаның екінші әйелінен тарайтын Мырзалының ұрпағы кезінде жауапты қызметтер атқарған жоғары білімді Совет Бекқожаұлының айтқанын өз құлағыммен естіген едім. Көкшетау өңірінде тұратын Сарғалдаққожа ұрпақтарының арабша жазылған кейін кириллшеге түсірген шежіреде бәйбішеден туған Жәмшінің және үшінші әйелден туған екі ұл Ерәлі, Серәлінің аты бар да, ұрпақ өрбімей қалғаны жазылған.
Сарғалдақ атындағы ауыл және өзен..
Сарғалдаққожаның ауылы Шығысқа жоңғарлар қазақ жерінен қуыла сала найманның Байғара және оның ұлы Ақтайлақ биімен бірге барғанға ұқсайды. Бұл барыста да сыр бар. Бұны тарқатуды келесіге қалдырдық. Шыңғыстауға жақын Сарғалдақ атында өзен бар. Өзен бойында Сарғалдақ атанған ауыл бар. Жоғарыда А.Татухановтың жазбасынан келтірген үзіндіде – жеті момынның бас имамы Қожа Сарғалдақ деуі жәй емес сияқты. Осы жайды ескерсек Зурадан туған жиендерімен бірге келген, момын жұртын мұсылманшылыққа тәрбиелеп ауыл қондырған, ол ауыл Сарғалдақ атанды деуге толық негіз бар. Ал осы шығысқа Сарғалдаққожаның әкесі Әбдіқожаның ауылыда осы кезбен қарайлас келген, мүмкін бұдан да ерте баруы мүмкін, Сарғалдақ ауылы тарихқа бай, табиғаты әсем, жері шұрайлы мекен деп жазады деректерде. Ауыл аудандағы /қазіргі Абай ауданы/ ең үлкен Шаған өзенінің Ащысу және Сарғалдақ өзендерінің бойында орналасқан. Ауылды солтүстігінен Шыңғыс, шығысынан Бұғылы, оңтүстігінен Машан, батысынан Көксеңгір тауларының ортасында. Ауылмен өзен Сарғалдақ аталуының тарихын тым ертеде дейді. Ауыл жайына оралсақ. XIX ғасырда Сарғалдақ аталған ауыл XX ғасырдың 1930-33 жылдары «Қызыл-ту» одан, «Бестамақ” 1959 жылы шілде айында қайтадан “Қызыл-ту” совхозы болып болып құрылады. Бірақ, ауыл аты 1998 жылдың 02 шiлдеге дейін «Сарғалдақ» ауыл советі атанғаны деректе тұр. Бұдан кейін Семей облысы қысқартылғанда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 1998 жылғы 02 шiлде күнгі шешімімен Абай ауданының Сарғалдақ селолық округi Тоқтамыс ауылдық округi, ауыл аты Тоқтамыс ауылы болып өзгертіледі. Тоқтамыс – Тобықты руынан жоңғар соғысына қатысқан белді батыры.

Сарғалдақ өзені. Жанындағы үлкен өзен Шаған. Сарғалдақ өзеннің Шаған өзеніне құйған жері. Интернет желісінен алған фото.

Бұрынғы Сарғалдақ ауылы. Қазіргі Тоқтамыс ауылы болып өзгерген.
Жергілікті ел ағалары Сарғалдақ атауы жайлы не дейді.
Шыңғыс тауының түстік шығысындағы Көксеңгір тауынан басталатын өзенді «Сарғалдақ» өзені дейді. Ол «Қоңыр әулие» түбінде Шаған өзеніне құяды. «Өзеннің аты - осы араны қожа ма, төре ме Сарғалдақ деген кісі мекен еткен екен. Өзі аты шыққан батыр, әулие екен. Соған байланысты аталған» дегенді елге қәдірлі көнекөз қария Әбіш Қарсамбекұлы еліне айтып кетсе керек. Оны Леймен деген ақын да қостаған дейді, деректе. Әбіш Қарсамбекұлы Тоқтамыс батырдың туы мен қару жарағын сақтаған төртінші ұрпағы екен. Дерек дәлелді болу үшін, Әбіш жайлы қысқаша.
Әбіш Қарсамбекұлы 1880-1968 жылдары өмір сүрген, ескіше оқыған діндар адам болыпты.1950-60 жылдары молдалық құрған. Ескі дастан, қиса жаттаған, ауыз әңгімелерді көп білетін, әрі шежіре жазған көкірегі ояу адам екен.
Іздеушісі жоқ Сарғалдақтың атындағы ауыл, сол мекенде өсіп, өнген ұрпағы іздеушісі бар Тоқтамыстың атына, облыстық мәсілихаттың шешімімен ауыстырыла салған. Бұрынғы заманда жер,су аты халықтың айтқанымен кететін заман өзгеріп, жазбаша өзгерте салатын орыс отаршыларының өзім білемдігі, тәуелсіздік басталғанда жер су атын өзгерту оңтайланғаны соншалық, бірнеше адамның өз ыңғайына қарай, шешіп жаза салғаны өкінішті, әрине. Ал, қазағы аз солтүстікте орысшаланып кеткен атауларды қазақшалай алмай отырғанымызға аттай 34 жылдан асты.
Балқаш көлінің маңында Сарғалдақ аталған тау барын анықтадық. Бірақ, бұл тау Сарғалдақтың атында ма, әлде басқаның атында ма, оны зерттеп жатырмыз.
Дахан Жәмшин
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:
1. Журнал. Túrkologıa, №2(110), 2022 жыл.
2. Бекмаханова Н.Е. Көктемір туралы аңыз. – Алматы: Жалын. 1983. -184 б.
3. З.Тайшыбай .Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі:
Ғылыми басылым. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2011. Т.2. – 640 б
4. Тұрсынхан Зекенұлы. « Жоңғария – қазақтың атамекені» мақала.
5. Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIX вв. (история, историография, источники). – Алматы: ЖШС «Print-S», 2003.
6. Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикмет», Алматы, 2007 ж.
7. Сафи-ад-дин Орын Қойлақы «Насабнама», Түркістан, 1992 ж.
8. Б.Исабаев «Ұлылар мекені», Новосибирск, 2001 ж.
9. А.Кәріпбеков «Ислам және қожалар», Алматы, 2009 ж.
10. Т.Жұртбай «Бесігіңді түзе», Алматы, 1997 ж.
11. С.Саттаров «М.Әуезовтің ататегі», Алматы, 2010 ж.
12. Ш.Уәлиханов «Шығармалар жинағы». Алматы, 2010 ж.
13. Қ.Жұмаділов «Прометей алауы», Алматы, 2002 ж.
14. Ы.Дюсенбаев «М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылық шежіресі»,
Алматы, 1997 ж.
15. «М. Әуезов» энциклопедия, Алматы, 2011 ж.
16. Шәкерім Құдайбердіұлы. «Түрік, Қырғыз – қазақ хандар шежіресі». «Қазақстан» баспасы. Алматы, 1991 ж.
17. Әр жылдарда, әр түрлі газет-журналда жарияланған материалдар.
18. Көнекөз қариялар мен, зерделі ағаларымыздың ауызша айтқан әңгі/
19. Рус-Каз. Отнош. ХҮIII-ХIX./мелері.