Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Торғайдан тағылымды сәлем: Астанада қостанайлық өнерпаздардың мерекелік концерті өтеді

189
Торғайдан тағылымды сәлем: Астанада қостанайлық өнерпаздардың мерекелік концерті өтеді - e-history.kz

1 наурыз – Алғыс айту күні Қостанай облысы Жангелдин ауданының өнерпаздары Астана тұрғындары мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйламақ.

Елордадағы Жастар сарайында «Торғайдан сәлем» атты концерт өтеді.

Концерттік бағдарламада Қонысбай Әбіл атындағы «Ғасырлар пернесі» халық ансамблі, «Еркеназ» «үлгілі» би ансамблі, «Балқадиша» жетігеншілер тобы, бірқатар облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Жоламановтар отбасылық ансамблі өнер көрсетеді.

Концертке ардагер өнерпаздар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Бақытжан Сәуекенов пен әнші Бақыткүл Ахатова қатысады. 

Сонымен бірге көрермендер Фариза Бүркітбай, Байдос Қожасағиев, Жәуке Оңдаған, Дилара Қарекенова, Талғат Сапабеков, Серік Алпысов, Серікболсын Әбікенов, Мирас Әбдікәрім және Асхат пен Дидар, Қанат пен Әсем дуэттерінің өнерін тамашалай алады.

1974 жылы қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің жанашырлығымен құрылған «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлт өнерінің өркендеуіне тың серпін берді. Ансамбль Мозамбик, Сирия, Иордания секілді бірқатар шет мемлекеттерде болып, қазақтың ән-күйін паш етті. Шартарапқа даңқы жайылды. Қазақтың сан ғасырдан жеткен сары алтындай саф өнерін насихаттауда талай белесті бағындырды. Халық ансамблі атағы берілді. Ансамбльдің концерттік бағдарламалары Қазақ телерадиосының алтын қорында сақталған.

2023 жылдан бері өнерлі ұжымға талантты жас Алмас Сейілхан жетекшілік етіп келеді. Бүгінде репертуары бай әрі байсалды ансамбльге айналған.

Былтыр өнер ұжымы 50 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. 

"Сол мерейтойда ансамбльге туған Торғайын ән-жырына қосып өткен белгілі айтыскер, сазгер, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Бұл ұсыныс Торғай жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тауып, жуырда аудан басшылығының шешімімен ансамбльге халық ақынының есімі берілді.

Ал Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің «Еркеназ» би ансамбліне өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «үлгілі» атағы берілгенін де айта кету керек.

Бұдан бөлек DaNas шығармашылық орталығының жанынан құрылған «Балқадиша» жетігеншілер тобы қазірдің өзінде талай биікті бағындырып үлгерді. Өнерлі ұжымға Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің түлегі, талантты жас Перизат Қалабайқызы жетекшілік жасайды. Мектеп оқушыларынан құралған өнерлі ұжым қазақтың халық әндерін заманауи мәнерде жеткізуімен ерекшеленіп жүр. 

Концерттің «Торғайдан сәлем» деп аталуы да бекер емес. 1948 жылы Торғайдың топжарғаны, Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Қостанайда өткен ауылшаруашылығы көрмесінде өзінің атақты «Торғайдан сәлем» толғауын орындаған",- дейді ұйымдастырушылар. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?