
Бүгін көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Салық Зиманұлы Зимановтың туған күні. Салық Зиманов – Қазақ және Кеңес заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылым қайраткері. Ол Шеркеш руынан, Байұлы тайпасының өкілі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1992–1994), заң ғылымдарының докторы (1961), профессор (1963), академик (1967) Салық Зиманов 1921 жылы 19 ақпанда Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Ол Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін тәмамдады. Оның әкесі Зиман Жарылғасұлы отбасында білім мен ғылымды, өнерді дәріптеп, балаларының болашағына көп көңіл бөлген. Алайда әкесі қайтыс болғаннан кейін Салық жоғары оқу орнына түспей, мұғалімдік курстан өтіп, мектепте мұғалім болып қызмет етеді.
Жалпы Салық Зимановтың балалық шағы ел дамуының ең қамырықты кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның әкесі Зиман Жарылқасынов (азан шақырып қойған есімі – Зиғали) Қазан төңкерісінің қарсаңында – 1917 жылдың 24 тамызында сол кездегі Гурьев қалалық 4 сыныптық ерлер гимназиясын тәмәмдайды. Бұл кезде оның жасы артық-кемі жоқ тұп-тура жиырмада екен.
Зиман әкесінің білімі туралы құжатына көз жүгіртер болсақ, ол бітірген гимназияның бағдарламасы бастауыштан гөрі жалпыға білім беретін орта мектепке жақын екендігін аңғарамыз. Онда жоғары сыныптарда оқытылатын «алгебра», «геометрия», «физика», «география» сияқты күрделі пәндермен қатар орыс, неміс, латын, француз тілдерінің де болғанын байқаймыз. Осыған қарап-ақ Зиман атаның өз заманына сай білім алған және бірнеше шетел тілдерінен хабары бар оқыған азамат болғандығын аңғару қиын емес.
Ол гимназияда оқып жүргенде қым-қуыт оқиғалар басталып, соңы ақ пен қызылдың бір-біріне қанды қырғын ашқан Азамат соғысына ұласты. Ал Ашаршылық басталғанда Салық ата-анасына қолғабыс жасауға жарап қалған естияр ұл еді. Жайықтың бойы, Нарынның құмы мен Үстірттің қырын мыңғырған түлікке толтырып, бақуатты тірлікте отырған халықтың бар малын сыпырып алып, тентіретіп жібергенде бір үзім нан мен бір жапырақ қызылға ұмтылған халық Гурьевке қарай шұбырады.
Салық Зимановтың айтуынша, қалаға жетіп жығылып, қолын созған күйі отырған жерінде үзіліп кеткен жандар базар маңы мен көшелерге, темір жолдың бойына лық толып кеткен. Жергілікті билік күн сайын қас қарая көшеге ұзын арбалар шығарып, үзіліп кеткендердің мүрделеріне қоса шығар-шықпас жаны барларды қоса жинап, қала сыртындағы шұңқырға үсті-үстіне тоғытып отырған. Ондағы әлі жантәсілім ете қоймаған кейбір адамдардың ыңырсып, қыбырлап жатқандарын көрген бала Салықтың жүрегі талай тітіркенген.
Көп ұзамай жаңа биліктің қолдан жасалған мұндай қорлығына төзбеген Маңғыстау адайлары көтеріліске шығады. Олардың алды Ресейден әкелген әскерлердің қарулы тосқауыл, бөгеуілдеріне қарамастан көрші елдерге үдере көшеді. Шевченко түрмелері көтерілісшілерге лық толған соң, қалған бөлігі Гурьевке жөнелтіледі. Абақтыдағы ұрып-соғу, қинау мен азаптанудан әбден әлсіреген тұтқындардың денелерін де қала сыртындағы шұңқырға тастаған. Баланы қойып, үлкеннің жанын сыздататын мұндай айуандықтар бала Салықтың жүрегін аяусыз тілгілеген.
Салық Зиманов өзі тікелей куәгер болған Атырау мен Маңғыстау өңірін жайлаған зұлмат ашаршылық жайлы жазуға тыйым салынған кеңес заманында-ақ баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарында айтып, кейін балалық шағы туралы естеліктерінде жазған.
1939 жылдың желтоқсанында ол Кеңес армиясына шақырылып, Грузияда әскери қызмет атқарды. Бірнеше жылдан кейін Екінші Жүниежүзілік соғыс басталады.
1941–1945 жылдары Зиманов соғыстың ауыр сынақтарынан өтті. Ол Оңтүстік-Батыс, Воронеж және 1-ші Украин майдандарында шайқасты, Буг, Днепр, Одер өзендерін кешіп өтуде, Кеңес Одағы мен Еуропа елдерінің қалалары мен ауылдарын фашистерден азат етуде ерлік көрсетті. Соғыс кезінде жарақат алып, бірнеше рет ауыр жағдайларға тап болды. Тіпті бірде ол жаудың назарын басқа жаққа аудару үшін артиллерияның отын әдейі өзіне бағыттаған. Соғыстың соңында ол механикаландырылған бригаданың артиллериясын басқарды. 1945 жылдың мамыр айында жеңіс күнін Эльба өзенінде одақтас әскерлердің кездесуі кезінде қарсы алды.
Салық Зимановтың естеліктерінен:
«Жаудың қорғаныс жүйесінде бір биіктік бар еді. Ол мықтап бекітіліп, қарсыластың бақылау бекеттерінен жақсы жасырылған болатын. Біздің жаяу әскер бұл биікті бірнеше рет шабуылдағанмен, ала алмады. Мен миномет полкы командирінің орынбасары ретінде жаяу әскер командирімен бақылау бекетінде болдым. Менің міндетім – жаяу әскердің ауыр миномет отының астында алға жылжуын қамтамасыз ету еді. Бірақ екі ай бойы Шығыс Пруссиядағы шабуыл ұрыстарынан әбден шаршаған сарбаздар әрең қозғалатын. Адам күші мен техникадағы үлкен шығындар да сезілді. Соғыстың аяқталуына аз уақыт қалғандықтан, үйлеріне аман-есен оралуды армандайтын сарбаздарға «Тұр! Шабуылға! Алға! Командалық биіктікті ал!» деген бұйрықтар қатты әсер етпейтін.
Сол кезде мен күшімді және қарсыластың жағдайын есептей отырып, осы биіктікті қасымдағы шағын топтың көмегімен алуға шешім қабылдадым. Өзім басқарған 18 минометтен тұратын дивизионның жойқын атысының көмегімен біз батыл жауынгерлер тобымен бірге биіктікке жеттік. Немістер шегінді. Алайда, көп ұзамай біздің аз екенімізді байқап, есін жиған олар миномет атысының бәсеңдегенін пайдаланып, екі жақтан шабуылға шықты. Мен шегінбей, отты өзіме қабылдауға шешім қабылдадым. Немістер тағы да кері шегінді. Осы сәтте, ақыры, біздің жаяу әскер де шабуылға көтерілді. Осы операция үшін мен Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталдым.»
1946 жылы әскери қызметтен босаған соң, Салық Зиманов құқық саласына бет бұруға шешім қабылдады. Оны Гурьев облыстық прокуратурасына стажер-тергеуші етіп қабылдады, кейін Алматыдағы Қазақ КСР Прокуратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі болды. Сонымен қатар, ол заң институтында сырттай білім алып, 1948 жылы оқуын тәмамдады. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының құқық секторына аспирантураға түсті және Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында білімін жалғастырды.
1950 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1952 жылы Алматы заң институтының директоры болып тағайындалды. 1955 жылы бұл институт Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетіне айналды, ал Зиманов оның алғашқы деканы болды.
1958–1969 жылдары ол жаңадан құрылған Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтының алғашқы директоры қызметіне тағайындалды. 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады. 1967 жылы ол Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы заңгер-академигі болып сайланды.
Салық Зиманов құқық ғылымын дамытуда және Қазақстанның заң білім беру жүйесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. 1950 жылдары ол жас ғалымдарды Мәскеуге жіберіп, олардың жоғары дәрежелі заңгер болуына жағдай жасады.
1990 жылдары Қазақстан тәуелсіздік жолына түскенде, Салық Зиманов жаңа мемлекет негізін қалауға белсенді араласты. 1990 жылы Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны дайындаған комиссияны басқарды.
1991 жылы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды әзірлеу комиссиясының мүшесі болды. Ол 1993 жылғы Конституция жобасын әзірлеген сарапшылар тобын басқарды. 1992–1993 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің Ардагерлер және мүгедектер істері жөніндегі комитетінің төрағасы, 1994–1995 жылдары Конституциялық заңнама және адам құқықтары комитетінің төрағасы болды.
1996 жылы ол «Қазақстан Республикасының Конституциясы және Парламент» атты кітабын жариялады, онда тәуелсіз Қазақстан Парламентінің алғашқы жылдардағы жұмысын талдады.
Зиманов қазақ мемлекеттілігі мен құқығының тарихын зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Оның «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылымы» (1958), «XVIII ғасырдың соңы – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның саяси құрылысы» (1960), «Ресей және Бөкей хандығы» (1982), «Қазақ билер соты – ерекше сот жүйесі» (2008) атты еңбектері құқық тарихында классикалық жұмыстар болып саналады.
Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 12 монографияның авторы. Сонымен қатар, «Кеңестік Қазақстан мемлекеті мен құқығы тарихы» атты үш томдық еңбекті даярлап шығарды.
Қоғамдық және мемлекеттік мәселелер
Салық Зиманов құқықтық жүйені нығайту мәселелері бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше рет тікелей жүгінді. Ол мемлекеттің интеллектуалды-саяси басқару жүйесіне көшуі туралы ұсыныстар жасады.
Ол Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының рөлін сақтау, ғылымға мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту, қазақ тілінің мәртебесін көтеру сияқты өзекті мәселелерді үнемі көтеріп отырды.
Академиктің ғылыми және мемлекеттік қызметі жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), «Отан» орденімен (2010) марапатталды, Атырау облысының құрметті азаматы атанды.
Салық Зиманов 2011 жылдың 4 қарашасында 90 жаста дүниеден өтті.
Ол өз есімін Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазып кетті. Оның ғылыми мұрасы мен мемлекетке сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталды.